• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

Сырым ЕСЕН, археолог: Тарихи ескерткіштер мен орындар – халық қазынасы

Қазақстанда 25 000-нан аса тарихи-мәдени мұра ескерткіші бар. Оның ішінде 10 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде, 12 463 ескерткіш республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие. Бірақ бізге ескерткіштердің қалай қорғалатыны, тарихи орындарды сақтау үшін не істеу керегі беймәлім. 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай археолог Сырым Есенмен сұқбаттастық. 

 

Заңды белден басатындар бар

Еліміздегі Археология институты барынша жұмыс істеп жатыр. Жас мамандарды тартып, мәселе көтеретіні көңіл қуантады. Астанадағы Ұлттық музей, Қарағанды мен Көкшетау облыстық музейі де жақсы жұмыс істейді. Ескерткіштерді қорғау мен тарихи орындарды сақтау бо­йынша Павлодарда университет аясындағы зертхана жұмысына сүйсінесің. Дегенмен мәселе жоқ емес, бар. Тарихи ескерткіштер мен орындарды қорғау қай елде болсын, қай уақытта болсын, өзекті мәселе. Мұндай жәдігерлер бірінші кезекте тарих, екінші кезекте құрал есебінде тұр. Құрал деп отырғанымыз, идеологиялық құрал, туристік құрал ретінде жіктеледі. Ал қорғауға келсек,  Қазақстанда қалыптасқан жүйе, заң бар. Осыған қатысты бірнеше министрлік бар. Тарихи ескерткіштер мен орындарға Мәдениет және ақпарат министрлігі жауапты екенін білеміз. Дегенмен қолдану, зерттеу, пайдалану жағына келгенде түрлі министрлікке жіктеліп кетеді. Мысалы,  зерттеу бойынша Жоғары білім және Ғылым министрлігіне, қолдану бойынша Спорт және туризм министрлігіне қарайды. Сондықтан мәселені топ-топқа бөліп тастауға болады. Мысалы, нормативтік құқықтық базаға байланысты, зерттелуі мен қолданылуына шолу жасап, әлеуметтік сипатына қарай талдап көрелік. 
Нормативтік құқықтық базаға келсек, ескерткіштерді қорғау, тарихи орындарды сақтауға қатысты  заң 2019 жылы қабылданды. Онда сипаты жұп-жұмыр сияқты көрінгенімен, ескерткіштерді қорғау жайы толық орындалмай жатыр. Иә, қаладағы ескерткіштер қорғалады. Мысалы, Астана қаласында 30 шақты ескерткіш бар. «Бәйтерек», «Мәңгілік ел» қақпасы  немесе қала сыртындағы «Бозоқ» кешені де ескерткіш санатына кіреді. Сол сияқты ескерткіштер республикалық маңызы бар, жергілікті маңызы бар деп бөлінеді. Тізімде тұрған ескерткіштерді заң шеңберінде қорғауға болады. Бірақ мынаған назар аударып көрелік. Қазір көпшілік ескерткіштер мен тарихи орындарды туризм шеңберінде қарастырады. Мысалы, «Тәуелсіздік сарайы» алдындағы «Қазақ елі» монументі алдында жыл сайын жөндеу жұмысы жүреді. 2024 жылға дейін мұндай жөндеу жұмысын құрылысшылар жүргізді. Биыл ғана мамандарды жұмылдырды. Ал заң бойынша реставрация жүргізу үшін, жалпы ескерткішті зерттеу үшін арнайы лицензиясы бар мекеме іске кірісуі керек. Мұндай мекеме – салаға бейім­делген, ішінде тарихи ескерткішті қалпына келтіретін маманы бар, археологтері бар, тәжірибесі бар топ. Олар ескерткіштің сыртқы эстетикалық образын бұзып алмай, қайта қалпына келтіруді біледі. Бұл – бір ғана елорда емес, әр облыс орталығы, аудан орталығы мен ауылда бар мәселе. Жөндеу жұмысы, қайта қалпына келтіру, тіпті сырлау мен әктеуге келгенде кім тендерді ұтып алады, – сол іске кіріседі. Тендер жайын білеміз. Акт бойынша жұмысты орындап, берілген шаршы метрдегі жұмысы бітсе болды, басқасына бас қатырмайды. Бұл жерде заң күшіне енбеді. «Реставрация жұмысына лицензиясы бар тұлғалар тартылуы керек» дейтін тұсы  ақсап тұр. Одан кейін осы реставрация мен қалпына келтіру жағын тендерге тіреп қоятынына қынжыламын. Себебі тендерде баға саясаты жүреді. Бағаны құлатады – білгенін істейді. Содан кейін кез келген ұсақ-түйек мекеменің тендер ұтып алуға бейім екені таңдандырады. Мүйізі қарағайдай университеттер лицензия ұтып алады да, артынша маман таппай қиналады. Бізде тізімде тұрған ескерткіштерден бөлек, тізімге әлі енбеген, бірақ алдын ала тізімделген ескерткіштер жеткілікті. Оның ішінде де маңызды ескерткіштер тағы бар. Мұндайда көбінесе жазық жерде орналасқан ескерткіштер жапа шегеді. Біреу егін егеді, біреу құрылыс жүргізеді. Олар жанында жатқан обаларға мән бермейді. Мыңнан біреуі ғана оба тауып алғанын айтып, хабарласады. Қалғаны  жерді жыртып, әрі қарай өте береді. Басына артық пәле тілемес үшін ескерткіш тауып алса да, айналып өтуге тырысады. Одан кейін «қылмыс жасап, сотталыпты» дегенді естиміз, бірақ «ескерткішті тонап, қиратқаны үшін немесе залал келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты» дейтінді есту мұң. Мысалы, ауылды жерде бір оба бұзылса, оны учаскелік полиция қызметкері өздіген көріп тұрса да, қылмыстық іс қозғамайды. Себебі оған арыз түсуі керек. Ал ешкім арыз жазбаса, құқық қорғаушылар өздігінен қозғалмайды. Тиісінше, бірде-біреуі айдаладағы обаның бұзылғанына бас қатырмайды. Айналып келгенде, ескерткіштер археологке ғана керек дүние сияқты. Өкініштісі, ауылдағы адамдар да, органдағылар да сондай ойда.

Басқару жүйесіндегі былық

 

Елімізде қаншама ғылыми грант бөлінеді. Соның ішінде ескерткіштерге байланысты түрлі министрлік гранты да жетерлік. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Семей қаласынан бір ҮЕҰ мүшелері хабарласты. Олар ескерткіштерге QR орнату бойынша үш жылға бәленбай миллион теңгелік жоба ұтып алған. Осылайша, Қазақстанның негізгі-негізгі ескерткіштеріне QR орната бастады. Негізі, жақсы жоба. Бі­рақ олар өздігінен QR жасайды да, ескерткішке баттитып жабыстырып кете барады. Кей облыс олардан жөн сұрап неге келгенін біледі, ал кейбірі назар да аудармайды. Сөйтеді де, «қырдым, жойдым» деп есеп тапсырады. Бір жағынан, заң білмегеннен, екіншіден, қорғалуға тиіс аймақтың бос жатқанын көрсетеді. Сол сияқты Жоғары білім және ғылым министрлігі де қаншама грант жариялайды. Сондағы кілтипан – министрліктердің  қырғи қабақ соғыс жүргізетінінде. Мысалы, Жоғары білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған байқаудан грант алған тұлғалар Мәдениет министрлігінен рұқсат алмай-ақ, ескерткіш орнын қазуға кіріседі. Ал қазба жұмысына рұқсат беру – Мәдениет және Ақпарат министрлігінің құзыреті. Зерттеуге ақша бөлетін – жоғарыда аталған министрлік. Бұл жерде мемлекетті басқару жүйесінде жүйесіздік айқын көрініп тұр. 
Мысалы, осыған қатысты тағы бір мәселе. Жыл сайын ескерткіштермен жұмыс істеу туралы жоспар бекітілуі керек. Сол сияқты 2023 жылдың аяғында келер жылы істелуі керек жұмыстың жоспары бекиді. Археологтер, ғалымдар, университет, жеке ЖК мен ЖШС жоспар ұсынады. Жергілікті басқару органдары да, облыс та өткізеді. Иерархиялық жүйе барын ескерсек, жоспар сол жерде қалады. Ешкім тексеріп, бас қатырмайды. Жоспар бойынша әрекет ету үшін ақша керегін білеміз. Ал елдегі жүйе «кешігіп» жұмыс істегенді жақсы көреді. Ғалымдар жыл аяғында грантқа өті­нім береді, ал жеңімпаздарға қаржы жыл ортасында аударылады. Ғылыми гранттарды қаржыландыру біржақты болғанша, жоспар өзгеріп сала береді. Бюрократиялық жүйе­нің кесірінен бәрі өзгеріп кетеді. Жоспар өзгерген соң бәрі бекер. Бір жылда орындау керек жоспарды жарты жыл ішінде қалай істейсің? Содан-ақ жүрдім-бардым іс көбейеді. Қызығы сол, министрлік жоспар сұрағанымен, нәтижесін сұрамайды.
Бірінші кезекте мемлекеттік басқару құрылымында нақты жұмыс жүргізілуі керек. Қазақстанда жылына қанша ескерткіш қазылады, қайта қаралады, зерттеледі, табылады, жөндеу жұмысы туралы мәлімет жоқ. Мәдениет комитетінің жұмысын жандандыру керек. Жергілікті басқару органдары жұмыс істеуге тиіс. 17 облыс, 3 қалада ескерткіштерді қорғау мекемесі әртүрлі аталады. Бәрін біріздендіру керек, құрылымдары бірдей болса деймін. Тіпті кейбір облыста мұндай мекеме де таппайсыз. Мысалы, Павлодар облысында жоқ. Аудандарда тіпті жоқ. Ал Қарағанды, Тараз, Жамбыл облысы, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстаудағы инспекциялар жақсы жұмыс істейді. Осының үлгісін алып, басқа облыстарды міндеттеу керек пе деймін. Оларға тек штат беру аз, көлік беріп, ескерткіштерді аралап, жайын біліп тұруға жағдай жасаса игі. Жергілікті халықпен, құқық қорғау органдарымен жұмыс жүргізу жолға қойылса. Ауылдарға, аудандарға қазба жұмысы бойынша жол түседі. Сонда ескерткіштерді қорғау инспекциясы маманын іздесек, ауылдың асабасы, бишісі не әншісі келіп тұрады. Себебі көп жерде бұл штатқа «көз қылып» біреуді сайлап қояды. Солай жұмыс жүрмейді. Біреу келгенде күтіп алатын, арнау айтатын домбырашылар жүреді. Осындай олқылыққа көз жұмбау керек. 

Қара археологтер көбейді

 

Екінші бір мәселе – тонау. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысында осы мәселе ушығып тұр. Жер иеленушілерге қатысты «Жер байлығын игеру туралы» заңда арнайы пункттер бар. Сипатына тоқталсақ, адам жерден қандай да бір қазба байлық тауып алса, өзінікі болып табылады, мемлекет қазынасына өткізіп, толық құнын алуға болатыны айтылады. Әсіресе солтүстік-шығыс өңірде, Алматы маңында алтын іздеушілер көбейді. Бұл мәселе әлеуметтік желіге де шықты. Жерді қазып, қопарып тастайды. Алтын іздейміз деп обаларды қопарып жатыр. Бұл – өте ауқымды мәселе. Алтынға қол жеткіземін деп тарихи ескерткіштер бұзылып жатыр. Көбінесе жергілікті құқық қорғаушылар солармен сыбайласып, қылмыстық істер ашылмай қалады. Меніңше, қара археологтер жазаланып, қылмыстық іс қозғалуы керек. Тарихи ескерткіштер мен тарихи орындар заң жүзінде шынайы қорғалса деймін.  Ал петроглиф мәселесіне келсек, сақ болу керек. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Шонжы жақта таудан тас алғанда петроглифтер болған. Екінші жағдай Жетісуда, кейінгісі Алматы облысында тіркелді. Иә, петроглифтер бұзылып жатыр. Жай-жапсарын айтқанда, үлкен компания жер игеремін деп әкімшіліктен рұқсатын алады. Ал сол жерге эксперттік қорытынды жасаған ЖШС ескерткіш жоғын айтып, шаруашылық жұмысын жүргізе беруге құқық берген. Эспертиза жасау жағын жеке секторларға бере салған. Ескерер тұсы, заңда бар – бір жер игерілмес бұрын алдымен археологтер зерттеу жүргізуі керек. Олар жердің бетінде ескерткіш бар ма, жоқ па – қорытынды береді. Ал жұмысты жеке сектор жүргізіп, қомақты ақша алып тұрған соң, көп жағдайда көз жұмады. Кейде спутник картадан қарай салып, ескерткіш бар-жоғын жазып беретіндер бар. Жол салғанда да осыны ескеру керек. Заң бойынша археолог бір ескерткішке қорытынды беру үшін кемінде 200 метрге дейін зерттеу жүргізеді. Кез келген ескерткіштің  30, 50, 200 метрге дейін шолу аймағы бар. Қорғау, құрылысты реттеу, ескерткіштің көру аймағы зерделенеді.  Мысалы, петроглиф жағдайында салы­на­йын деп жатқан жолдың екі жағын қарайсың немесе айналдыра шолу жасайсың. Бірақ олар жерді қатты техникамен ұрады. Соны ескерсек, жердің импульсі бір шақырымға созылады. Сонда тау жаңғырып, тас құлауы мүмкін. Яғни заңда айтылмаған, бірақ логикаға сыймайтын жағдайлар бар. Осындай жағдайда ескерткіш бұзылуы мүмкін.  

Маман тарту мұң

Ал елімізде ескерткіштерге турист тарту мәселесі  кенже қалғаны рас. Тіпті жүргізілмейді деуге болады. Туризм бойынша «ақша табатын» ескерткіштер деп Түркістандағы «Ясауи» кесенесі, «Арыстан баб» кесенесі, Отырар қаласы орнын, Тараз маңындағы «Айша бибі» кесенесі деп саусақпен санауға болады. Оның өзінде билетінен гөрі Тайқазан мен садақа жәшігіне көп ақша түседі. Бұл – қазақтың наным-сенімінен келіп жатқан пайда. Туристік нысан ретінде қарастыратын ескерткіш жоқ. Мысалы, көрші елдермен салыстыр­ғанда әлдеқайда артта қалдық. Біріншіден, ескерткіштерде инфрақұрылым жоқ. Көшеге жарық тарта алмай отырған қаншама ауыл барын ескерсек, ескерткіш аймағына инфрақұрылым жасау жағы жайына қалатыны белгілі. Одан кейін жүйелі жұмыс жоқ. Туризм бойынша мемлекеттен стратегиялық саясат жүруі керек. Мысалы, Түркияда мынадай стратегия бар. Ол елге турист келді ме – ақшасын сонда қалдырып кетуі керек. Мейлі, ол туризмге, қонақүйге, тамаққа, базарға қалдырсын, бәрібір. Бүкіл идеология соған жұмыс істейді. Мысалы, Анталияда бір қонақүйге тоқтадыңыз. Ал мемлекет сол қонақүйді міндеттеп қойған. Қалайша? Мәселен, қонақүйде айналасындағы тарихи ескерткіштер бейнеленген баннер не брошюра болады. Әрі қонақүйдің сол жерлерге таситын тегін автобусы болады. Логика бойынша, тегін автобусты ести қалған туристер «Соншама жерден келгенде, неге барып көрмеске» режімін қосады. Тарихи орындарға кіру ақысын төлейді, түрлі кәдесый алады. Осылайша, 10–15 мың теңгесін тастап кетеді. Түріктер туризмді музей арқылы басқарады, жұмыс істетеді. Музей қызметкерлері қаланың ішіндегі де, сыртындағы да ескерткішке жауапты. Жарнамасы да, басқасы да соның мойнында. Ал ғалымдар университетте ғылыммен айналысады, жол сілтейді. 
 Ал бізде бәрін грантқа тіреп тастаған. Тендер бір жыл бар болса, келесі жылы жоқ. Жергілікті билікке байланысты жұмыстар да жеткілікті. Меніңше, ескерткіштерге турист тарту жұмысы екінші кезекке ысырылып кеткен. Ескерткіштерді туристік нысан ретінде таныту үшін кешенді зерттеу керек. Кешенді қалпына келтіру жұмысы жүйелі жүрмейді. Кадр даярлау мәселесі де ақсап тұр. Археология мамандығына оқытады, Музей ісі мамандығы бар дейміз, бірақ бұған көбі бара бермейді. Себебі жалақы аз. Екіншіден, стимул жоқ, мансап баспалдағынан өтпейсіз. Техника мамандықтарына ден қоямыз дейміз, бірақ көбінесе гранттар бос қалатын жағдай бар. Ал тарих мамандығына тапсырғандар грант жоқ, құлап қалады. «Ескерткіштану», «Музей ісі» мамандықтарына басымдық берсе, шіркін! Имиджін, мәртебесін көтерсек игі. Ескерткіштерді қорғау мекемесі маманын музей штатына кіргізіп қояды да, олар сондай жалақы алатыны тағы бар. Бұдан кейін мамандар аудан мен ауылға қайдан барсын... 
Біраз мәселенің басын қайырдық. Ескерткіштерді қорғау, тарихи орындарды сақтау жағы мемлекеттік сатып алу жүйе­сінен түбегейлі ажырамаса да, басымдық берілсе деймін. Мемлекеттің стратегиялық қаржыландыру жүйесі реттелсе екен. Бір ғана Бозоқ қаласы орнын керемет туристік нысан ретінде қалыптастырамыз деп жұмыс бастады, бірақ аяқсыз қалды. Бір адамның мүддесі ретінде қарастырмай, мемлекеттік механизм жұмыс істесе, ескерткіштер мен тарихи орындар жанданары хақ. 

Жазып алған 
Айзат Айдарқызы

91 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5646

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5384

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3124

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2513

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2472

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2450

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2183

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2168

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы