- Ақпарат
- 18 Сәуір, 2024
«Туған тілім – тірлігімнің айғағы»
Отаншыл болу мемлекеттік тілді құрметтеуге бастайды. Осы орайда тіл жөніндегі өз ой-пікірімді ортаға салсам деймін. Қоғамда тілдік орта болмайынша, тілдің өз деңгейінде дамуы екіталай. Сондықтан қазір іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілуі маңызды. Қазақ тілінде жарық көретін ақпарат құралдары да жеткілікті, балабақшаларда қазақ топтары, мектептерде қазақ тілінде оқытатын сыныптар көбейді. Демек, елімізде тілдік орта жоқ дей алмаймыз.
Мемлекетіміз өзінің тұғырында нық тұруы үшін ол халықтың тілі сақталып, Әнұраны шырқалып, Туы желбіреп, Елтаңбасы айбарлы болуы шарт. Менің түсінігімде адамның Отаны – оның бесігі тербетілген жері. Ендеше, біздің Отан – Қазақстан. Ал Отанның тілін білу әр азаматтың парызы.
«Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы
Өссе тілім, менде бірге өсемін,
Өшсе тілім, менде бірге өшемін», –
деп ақын Ә.Тәжібаев жырлағандай, тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл – жай ғана сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асылымыз. Ендеше, тілді құрметтеу, оның нәрін, терең иірімдерін ұрпақтың құлағына сіңісті қылу – бәрімізге ортақ міндет. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде мен де ана тіліміздің барлық қадір-қасиетін жас ұрпақтың бойына сіңісті қылсам деймін. Ол үшін мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқу жоспарына, қосымша сабақтарға да ерекше көңіл бөлуге тырысамын. Әрбір азамат ана тілдің қасиетін ұрпаққа жеткізуде қолынан келген ісінен аянбаса, мемлекеттік тіліміздің аясы кеңи беретініне сенемін.
Гүлзира ҚЫЛЫШБАЕВА,
Жарқамыс орта мектебінің
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Ақтөбе облысы,
Байғанин ауданы,
Жарқамыс ауылы
93 рет
көрсетілді0
пікір