• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

«Тәңірдің таңдап алған адамы...»

Ғылыми ізденістері мен жазушылық дарынын шебер үйлестірген Зейнолла Сәнік көне заманғы бақсы типін, соның ішінде Көкше бақсы тұлғасын көлемді көркем туындысының да кейіпкеріне айналдыруда өзіндік өрнегін танытқан. 
Қашан да аңыздың ақиқатпен тамырластығын анықтау үшін тынымсыз ізденетін жазушының «...Дегенмен мың жылдың алдында болған тарих қойнауындағы сұрапыл тартыстардың бізге табы басылып, танабы тарылып келіп, тәлтіректеп әрең жеткен жайы бар. Сонымен бірге тарихтағы Керейт хандығының күйреуі сол хандықтың ірі тұлғалары Тұғырыл мен Көкше әулиенің ақырғы тағдыры монғол хандығының көркеюімен тығыз қабысып, сабақтасып жатқаны себепті бұл хикаяларымызда Керейт хандығы мен Тұғырыл хан өмірінің ішкі қойнауына сол сабақтастықты сақтай отырып, үңілуді жөн көрдік» деп атап көрсеткеніндей, «Арпалыспен өткен андалық өмір» атты туындысында Көкше бақсы бейнесін ел билеуші хан тұлғасымен тығыз сабақтастыра отырып, көне ұғымдарды жаңа заман оқырманының жадында қайта бір жаңғыртудың көркемдік жолын тапқан. Бұл – шынайы қаламгерлерге ғана тән шеберлік. 

 

Академик С.Қасқабасовтың тұжырымынша: «Жалпы, жазба әдебиет өзінің даму барысында, тіпті, әбден жетілген тұсында да фольклорды жатсынбайды, оны көркемдікпен жаңғырта отырып, өз кәдесіне жаратады. Бұл біздің бүгінгі әдебиетке де тән».  Ежелгі шамандық наным бойынша, жер-дүниені, адамды, жан-жануарды жаратқан – Көк тәңірі. Көк тәңірі мен адамның арасында дәнекер болып жүретін – бақсы. Бақсы – аспанды да, жердің астында да шарлай алатын, Тәңірдің таңдап алған адамы. Ол жер бетінде зұлымдықпен күресіп, адамдарды аурудан жазып, алдағыны болжайтын қасиетке ие және басқа да істерді атқара алады. З.Сәнік бақсы жа­йын­дағы ізденістерінен туған ой-пікірлерін көркем шығарма өзегіне сіңдіріп жіберген деуге болады. Осы туындысындағы «Аса мәртебелі хан ием, – деді Көкше әулие шүңіректелген өткір көздерімен қағанға тігіле қарап, – Көк тәңірінің әмірімен келіп, отырмын, – деп бір кідірді, сосын қолындағы ақ меруерт тасбиығын бірден өткермелеп санап, аузын жыбырлатты да, көзін жұмып, шалқалап барып отырды. «Айтқаны хақ, дегені нақ келіп отыратын ұлы бақсыға жұрттың бәрі айрандай ұйып, сілтідей тынып тұр. Бұл жұрттың ұғымында бақсы – Тәңірдің елшісі, әрі ұстаз, әрі жырау, әрі күйші, әрі дәрігер. Тәңірдің нағыз сүйетін, жарылқайтын адамы, оның қолынан келмейтіні, білмейтіні жоқ. Ал мына Көкше әулие болса даналардың данасы, бақсылардың атасы, қағанның қадір тұтып сиынатын пірі. Сол себепті жұрт оны «Төбе тәңірі», «Боғда» деп атайды» дейтін суреттеулерде авторлық тілмен көне бақсылықтың болмысын жасап береді. Тәңір тауында тұрып, «Тәңір жаратқан жан» (Боғда) аталуының өзі де әулиенің мәртебесін аспандатып, асқар таудың алып шыңдарымен теңестіріп тұрғандай сезіледі елге. Шығарма мәтініне әрі қарай зер салсақ: «Қолына қобызын алып, неше түрлі кұйқылжыған әсем әуенге басқанда оны қобызшы деп қалсаң, дуалы аузынан аталы сөзді ағытқанда айтулы жыраудың өзі болып шыға келетін, бір сырлы, сегіз қырлы пірім бүгін де төгілгелі отырған тәрізді,тaсбиғын тастап, енді қолына қобызын алды. Сақал-мұрты өскіндеп, бет-аузын жүн басқан сұсты бақсының киген киімі мен тұтынған бұйымдары елден ерек. Бұрынғыға қарағанда жасамыс тартқан тәрізденгенімен, қимыл-қарекеті ширақ, жұртқа отты көзімен жалт қарағанда оның қарашығы найзағайдың отындай жиылған жұрттың өңменінен өтіп кете жаздады». Осы суреттеулерден байқалатыны, шығармадағы әулие бойында бақсылық пен мұсылмандық қасиетті қатар ұстаған тұлға болып танылады. Кей тұста ол хан қасындағы жырау, жыршы типінің де болмысын көз алдыңызға әкеледі. Айтпағымыз – автор Көкше әулие бейнесіне халқымыздың бұрынғы-соңғы тарихындағы бақсы, әулие, жырау жайындағы қадірлі, қасиетті ұғымдарын көркем жинақтап, жаңаша бір образ жасаған. Яғни бұл жерде тарихи принциптерден гөрі фольклорлық сана көркемдік мән иеленген деп айтар едік. Шығармадағы хан мен оны айнала қаумалаған қауымды аузына қаратқан әулиенің сөздеріне де автор ерекше мән берген. Фольклорлық санада ежелден келе жатқан «хан мен жаратушыны» бір қарайтын ұғым бар».
Зейнолла Сәнік романындағы Көкше де Шыңғыс ханның құдіретін оны тудырған табиғаттың тылсымымен тамырлас қарайды. «Әуен атаулының туған топырағы – анасы табиғат қой, сол табиғаттың шұрайлы ортасынан – сонау Боғданың биік-биік шыңдарының тұнық табиғатынан сусындап, әуеннің асыл нәрін бойына сіңіріп, көкірек домнасында қорытып, күй өресіне көтерген Көкше әулие небір керемет әуендерді тартып, жұртты асыл әуен теңізіне бір тоғытып алғандай болған соң барып, өзінің уағыз айтатын сарынына түсіп, «Тәңірден суат алдың, Тұғырыл ханнан қуат алдың, Найманнан хатшы алдың, Керейден бақсы алдың, Қоңыраттан ақыл алдың, Жалайырдан батыр алдың, Меркіттен қатын алдың» дейтін өткір ойы арқылы ханның өзінен қаймықпай, ешбір бүркемесіз шындыққа жүгінетінін дәріптейді. Ханның өзіне қарата бағытталған бақсының көмейінен төгіліп жатқан сөз саптауында халықтың, көптің қазіргі қамы мен болашақ тағдыры қатар өріліп жатады. «Осы елдердің киесі басыңа бақ, астыңа тақ болып орнады, балық болып суға сүңгігенде басыңа пана болған да осылар. Бастаусыз су, тамырсыз ағаш болмайды ғой, су ішкен кұдығымызды қадір тұтайық, басып келген жолыңды, өрмелеп келген өріңді ұмытпағайсыңдар... Тәңірдің бір тапсырығы – осы, – деп сөзін бір тоқтатты да, аяғын тақпақтай жөнелді: «Зеңгір, зеңгір, зеңгір көк, Зеңгір көкте тәңір көп, Тәңір өзі тапсырды, Сартауылға сапар шек, Көкте жүрген әулие, Шөлде жүрген әулие, Тауда жүрген әулие, Таста жүрген әулие, Сапарыңды оңдайды, Бәрі сені қолдайды». 
Бұл тұстағы бақсының әрекеті – көне бақсы сарындарындағыдай дерттің иелерімен тілдесу емес, жыраулық поэзиядағыдай ханның өзімен тікелей тілдесу. Яғни бір қарағанда қаламгер бақсылықтың заман талабына сай өзгерісін ұтымды пайдаланған деумен шектелуге болар еді, бірақ Көкше әулие Ұлы ханды мадақтап, оның ұлы міндеті – елді сақтау, жерді сақтау екенін есіне салып, батасын берумен ғана шектелмейді. Жазушы бақсы ойыны көне сарындарының біріне қайта оралған әулиенің қимыл-әрекетін оқыс суреттеу арқылы оқырманының да көңілін селт еткізіп, бір сергітіп алады. «Әулие алдымен бір сілкініп, жұртқа долданған айбын көрсеткендей, сүркейлі әрекет жасады да, бақсылық сарынға көшіп, бұрқырап шыға келді: «Желдеп кеткен жеті атан, Желкілдетіп келсеңші! Сылдыр моншақ сылқымым, Сылдырлатып жетсеңші! Бұқа жындар бұрқырап, Кұлын жындар шұрқырап, Азулы жын сақылдап, Теке жындар бақылдап, Бура жындар зіркілдеп, Айдаһар жын ақырып, Арыстан жын шақырып, Өгіз жындар өкіріп, Ордалы жын сабалап, Төбет жындар абалап, Кел, келіңдер жорыққа, Бұл сапардан торықпа, Перілерім ұстасып, Диюларым тістесіп, Сая болсын жаныңа, Медет берсін ханыма...»
Бұл тұста  жазушы бұған дейінгі бақсыға қатысты жинақтаған мол материалдарын ұтымды пайдаланып, бақсы сарынындағы жын шақыру сарынын осы тұста рух шақырудың жаңа бір формасына айналдырып жібергендей. Күллі әлемнің жанды-жансызының тілін тауып, бір ғана Ұлы Қағанының маңына жинап, ұлы жорыққа аттандырып жатқандай әсер қалдырады. Бұл жайында тағы да авторлық баяндаудан асып айту қиын: «Киелі бақсы дүниежүзіндегі мақұлықтың азулы жыртқыштарын, алып қайраттыларын, дүлей күштің, ақсиған тістің атын атап, түсін түстеп шақырғанда, отырған жұрт үрпиісіп, тұла бойын қорқыныш билегендей сезінді. Жұрт ішінен: «Иә, Жасаған, иә, Тәңір, жарылқай гөр өзің! Иә, әулием, ақ сөйле, сапарға сәт, жорыққа оң жол бере гөр!» деген үн көтеріліп, бақсының сұрапыл қимылына таңырқай қарап, тұрып қалды. Сонан соң бақсының басынан мұнартқан тұман көтеріліп, алты қанат ақ орда шайқалғандай білінді, әлдеқайдан әлгі мақұлықтардың шабынған айғайы, ашынған даусы естілгендей, айналаны қым-қуыт, у-шу дүние торлап алғандай болды. Бақсының сан алуан жыны түгел жиылып, көріп келділер көп бұрыштан тұлымын көрсетіп, әлденені әулиенің кұлағына сыбырлап жатқан тәрізді, ол іштегі қара қошқыл жалынын «үһ» деп сыртқа шығарған соң барып, жаны терезе тапқандай болды». 
Осынау көркем суретті авторлық баяндаудан Зейнолла ақсақалдың бұған дейінгі бақсылық ойынның табиғатын терең танып зерделеген білімінің қаламгерлік қабілетімен қию­ласа қабысып жатқан шеберлігін тануға болады. Демек, халық мұрасын зерттеу­ші ретінде З.Сәнік ақсақал бақсылықты көненің көзі, өткендердің сөзі ретінде тарихтың еншісінде қалдырып қана қоймай, жазушы ретінде оны көркем шығармасында да жаңғыр­та, түлете пайдаланып, көне наным-сенімнің жаңа тынысын ашады. Қаламгердің халық қазынасын терең меңгеріп, шығармашылықпен көркем дүниелерінде де қатар өріп отыратынына Көкше әулие­ні Шыңғыс ханның алдын болжап жолын ашушы ғана емес, ол үшін әулие-әнбиелерден дұға-тілек тілеп, жолын ашушы дәнекер тұлға дәрежесінде суреттейтін мысал мол. «Қағанға күлімсірей қарап: – Жолың болады, қадірлі қағаным! Барлық әулие алдыңда кұрша жорғалап, қызметіңді тындыруға дайын, – деді. – Иә, сәт, Tәңір хақ! Ақ сөйле, әулием, ақ сөйле, – деген үндер жұрт арасынан тағы көтерілді. Шығармадағы әулие атынан ханға берілетін бата үлгісі де көңіл аударарлық: «Әулие де өз сабасына түсіп, айтар сөзін қорытқан тәрізді, түк басқан жуан салалы саусақтарын жайып, күректей алақанын жоғары көтеріп тұрып: «Көктен түскен көк бөрі Сарбазыңды бастасын. Пәле-жала жоламай, Айналаңды баспасын! Мұң басыңа қонбасын, Мұңлық ата қолдасын, Алдыңдағы жаулардың Тең келері болмасын, Бұл әлемнің билігі Алақаныңа орнасын, – деп Көкше әулие бетін сипады».
 Қаламгердің көркем туындысындағы Көкше әулиенің дәл осы көріністегідей ханның қасында болу-болмауы туралы таласты пікірлер болуы әбден мүмкін. Біз үшін бұл эпизод бақсылықтың ғылыми мәнін жетік талдаған Зейнолла Сәніктің көне заманғы бақсы типін қайта жаңғыртып, оны кейінгі дәуірдегі хан тұлғасымен сабақтас алып, екі тұлғаның да адамға игілік сыйлаушы қызметінің мәнін тоғыстырып, көркем шығарма өзегіне келістіре өрнектегенімен бағалы. Осындағы Көкше әулиенің болашақты болжауы, бақсы ойынын ойнауы, сондай-ақ Сәмен батырдың тағдыры, оның атына қатысты болжамдары да шығарма мазмұнымен шебер жымдасып, оқырман санасында сол жоғарыда аталған бақсы типінің ғасырлар тоғысындағы түрлі өзгерістерінен өзгеше сыр аңғартады. Бақсылық жайында пікір айтқан өзге де ғалымдар секілді, З.Сәнік те, бақсы бойындағы емшілік, тәуіптік қасиеттер жөнінде ой қозғап, нақты мысалмен дәлелдеуге тырысқан. Зерттеушінің «Қазақ бақсылары әрі балгер, әрі тамыршы, әрі есепші, әрі арбаушы, жылан шаққан, бүйі шаққан, тіс ауырғандарды емдеуші, дұғамен ұшық қайтарушы т.б. көп жақтылы жұмыс тындырған. Жылдар өте келе бақсылық дәстүр жалғасып, емшілік тәжірибе молығып барып, қазақтың халықтық емшілігін дүниеге әкелді. Соның нәтижесінде халқымыздан аты тарихқа мәлім әйгілі тәуіптер, жарықшылар (оташылар), балгерлер, тамыршылар, ауа райын болжаушы есепшілер, жер жадысының жетік мамандары, мал дәрігерлері жетіліп шыққан» дейтін пікірі ұзақ ізденіс пен жүйелі жүргізілген жұмыстың жемісті қорытынды нәтижесі деуге болады.
Тіршілігінде халық қазынасының қатпарларына терең бойлап, бүкіл шығар­ма­шылығының өн бойында мәдени құнды­лықтарды жаңаша жарату, жаңғыртуды мұрат еткен Зейнолла Сәніктің көркем туындыларындағы фольклоризм мәселелері – өз алдына талданарлық іргелі тақырып. Біз бұл мақалада соның бір мысалын ғана тілге тиек еттік.

Дүйсенгүл ЖАҚАН,
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, фольклортану бөлімінің аға ғылыми қызметкері

596 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5671

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5396

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3137

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2525

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2484

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2462

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2195

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2180

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы