• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

Баян сал

(Эссе)

 

«Қазақтың ақ көңіл баласымын...»

«Аңсаған адамдардың жарасымын,
Арнаған туған елге бар асылын,
Қиялы көп болғанмен, зияны жоқ
Қазақтың мен де ақ көңіл баласымын!»
(Баянғали Әлімжанов)

Тауы мен тасы, көлі мен өзені шалқар шабыт беретін киелі Көкше өңірі дүлдүл мен бұлбұлдарға қашанда кенде болмаған. Кешегі Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Ақан сері сынды жампоздар әсем әні, жасампаз жырымен сайын даланы сахнаға айналдырған. Олардың асқақ үні қазақтың аспанында әлі де қалықтап тұр. Ұлылардың ұлағаты өнерге ғашық өскелең ұрпақты адалдықтан аттамауға, ақиқаттан айнымауға үндеді. Ел-жұртының көңілін кірлетпей, ән-жырмен әлдилеуге шақырды. Өнерін өмірім деп ұғынған сақа саңлақтарын халық та әрдайым құрмет тұтады. Оларды ұлықтап, есімін елді мекендерге, көшелерге, түрлі нысандарға береді.
Ынтымағы жарасып, ажары келіскен арқаның төсінде Біржан салдың атын иемденген аудан бар. Бұрын Еңбекшілдер деп аталған. Бірақ аты өзгергенімен, заты өзгермеген. Ескі атауы да, жаңа атауы да бұл аймақтың сөзге шешен, іске шебер жандардың мекені екенін әйгілеп тұр. Көген мен өлең қатар қонған осы өлкеде талай тарланның тұсауы кесілген. Соның бірі – Баянғали Әлімжанов.
Баянғали – бойына бір емес, бірнеше өнер дарыған азамат. Жұртшылық оны белгілі қаламгер, айтыскер ақын, жыршы-жырау, драматург, актер, режиссер, сыншы, сатирик ретінде жақсы біледі. «Сегіз қырлы, бір сырлы» кейіпкерімізді өнерге баулыған ата-анасы деуге болады. Әкесі Тақан ақсақал – соғыс және еңбек майданында шыңдалған батыр. Ол туралы: «Менің әкем Тақан шал, Фашиске ойран салыпты, Берлинге дейін барыпты. Қиратушы еді оны да, Қырық шақырым қалғанда, Соғыс бітіп қалыпты. Гитлер мен Геббельс: «Тақан келсе – болмайды», – деп, «Енді жағдай оңбайды», – деп, Атылып өліп қалыпты. Менің әкем секілді, Қара шалдар жасасын, Халық қылған халықты», – деп толғайды. Осы толғаудың авторының авторы «Қазақ эпосын» қолынан тастамады. Малын жайғап, көңілін жайлап алған ширақ шал кешкісін асықпай отырып жыр оқиды. Содан соң «киелі кітап» үйдің үлкендеріне көшеді. Тек әбден қас қарайып, бәрі ұйқыға кеткенде ғана кітап бала Баянға бұйырады. Ол шамның да, көздің де майын тауысып, түннің бір уағына дейін «Қазақ эпосының» қызығына батады. Қиссаның кейіпкерлеріндей болсам деп қиялдайды. Қобыландыдай елге қорған болсам, Алпамыстай әділдіктің қара қылын қақ жарсам деп армандайды. Анасы Бәтиманың «Қалқаман–Мамырды» жатқа айтуы да құймақұлақ баланың қиялына қанат бітіргендей еді. Кейіпкеріміз жырдан бөлек, қазақ жазушыларының шығармаларын жата-жастана оқыды. Әлем әдебиеті алыптарының да туындыларымен танысты. Бір сөзбен айтқанда, бала Баянғали үшін қаламнан артық құндылық, қаламгерден артық адам жоқ секілді көрінетін. Осылайша, оның көкірегінде жазушы болам деген асыл арман пайда болды. Аяқдоп десе ішкен асын жерге қоятын кейіпкеріміз футболшы болуды да теріс көрмейтін. Тіпті доп қуған топты көрсе, делебесі қозып, бар дүниені ұмытатын. Бірақ ол ұлының «ботбөлшік» болғанын қаламаған анасына берген антынан аттай алмады. Сөйтіп, қаламгер болам деген арманын ақиқатқа айналдыруға бел буды. 
Ол мектепті үздік бітіріп, Казақ Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Білім мен ғылымның қағбасы саналатын оқу орнын ойдағыдай тамамдап, Сәбит Мұқанов музейінде, «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Кітап жаршысы», «Қазақ әдебиеті», «Балдырған», «Жұлдыз» басылымдарында, «Қазақфильм» киностудиясында жауапты қызмет атқарды. Алматыда тұрған он жылды босқа өткізбей, Жаратқан берген дарыны мен қабілет-қарымын жетілдіруге жіті көңіл бөлді. «Қиқыматтың хикаялары» сынды тырнақалды туындысын жазды. Сол шығармадағы «Кенет батыр атам есіме түсіп кетті де, бейуақытта еңіреп тұрып жыладым» деген бірауыз сөзге классик жазушы Мұхтар Мағауин «Бір сөйлемінде талай дүниенің жүгі жатыр» деп тамсанды. Белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев мақала жазып, болам деген жігіттің белін буғандай болды. 
Баянғали Әлімжанов Алатаудың бау­райындағы әсем қалада он жыл тұрып, егемендіктің елең-алаңында туған елге қоныс аударды. Әрине, талай жанға арман болған Алматыдай шаһарды, әдеби ортаны қиып кету оңай емес. Алайда аяулы анасы науқасқа шалдыққанын естігенде, ойланбастан Көкшесіне көшіп кетті. Сонда қазақтың дарабоз ақыны Ғафу Қайырбеков кішіпейіл інісіне: «Рақмет «Жұлдызға» еткен еңбегіңе, Жұлдыздай шыға бер сен ел көгіне. Оранып мауқыңды бас, бала қыран, Көк майса Көкшетаудың жөргегіне... ...Әрине, сендей жанды көз қия ма, Ұқсаған бойы биік боз қияға. Махаббат, шапағатты қатар жинап, Қайтарсың аман-есен өз ұяңа», – деп батасын беріпті. Ал «Жұлдыз­дағы» қыз-жігіттердің атынан белгілі ақын Серік Тұрғынбеков жылы лебізін өлеңмен өрнек­теп: «Тілектес іні, жақсы аға, Жемісін жырдың терерсің. Сағынтқан кезде астана, Өзің де жетіп келерсің», – деп түйіндепті. Алайда ардақты ағалары, қимас достары қанша күтсе де, Баянғали Алматыға асыға қоймады. Кеңащыдағы қара шаңырақта он бір жыл тұрып, перзенттік парызын өтеді. Ата-анасы келместің кемесіне мініп, жалған дүниемен қош айтысқан соң, Көкшетауға қоныс аударды. Кейіпкеріміз орталықтан жырақта жүрсе де, іргелі істерден ешқашан тартынып қалмады. Елдің ордасында тұрмады демесеңіз, жұртының ортасында болды. Ең бастысы, шабытына қамшы басып, шығармашылыққа шындап ден қойды. Өнер адамы ретінде халыққа қалтқысыз қызмет ету үшін астанада тұру шарт емес екенін дәлелдеді. Ауылда жүріп-ақ алты Алашқа танылды. Бірақ қанша биікке көтерілсе де, қазақтың ақ көңіл баласы екенін ұмытпады. 

«Өзімнің жолым жатыр тарау-тарау...»

«Кейде тоқ, кейде болдым жүдеу­-жадау,
Керек пе сөз көбейтіп, бәрін санау?
Апырмай, мен де осындай болсам дейтін
Тұлға көп адамзатта қадау­-қадау.
Ешкімнің биігіне таласпаймын,
Өзімнің жолым жатыр тарау­-тарау!»
 (Баянғали Әлімжанов)

«Адамды досына қарап таны» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Аса бір жұмбақ жан болмаса, әлдекім туралы оның ортасына, яғни жора-жолдастарына қарап та ой қорытып жатады. Абзал азамат болса, «достары жақсы» деп бағасын беріп, ал жұқсыздау біреу болса «қосылған қойы жаман» деп отырады. Сол сияқты қаламгердің бітім-болмысын, азаматтық ұстанымын оның шығармасына қарап аңғаруға болады. Себебі кейде отыз тістен шықпаған сөз қаламнан шығады. Қызыл тіл айтпаған сыр қағазға түседі. Қара қалам мен ақ парақ ақиқатты астарлап болса да айтады. Ұлы Абай «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» деп тегін жырламаса керек. Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі «Ақындық шығар айыпты, Әлі де білмен себебін. Өлеңге айтып қойыппын, Өмірдің айтпа дегенін» деп тауып айтқан. Сондықтан әлдебір ақын-жазушымен жақынырақ таныссам десеңіз, оның жазғандарына көкірек көзімен ден қойыңыз. Осы орайда біз де кейіпкеріміздің бір қыры – қаламгерлік қасиетін ұғыну үшін Әлімжановтың әдеби әлеміне аз-кем саяхат жасауды жөн көрдік. 
Баянғали Әлімжанов – сөздің сарасына да, қарасына да таласы бар азамат. Ол Абай айтқандай, өлеңді ермек үшін жазбады. «Халқым үшін қызмет қылам қалтқысыз, Мақтамаса мақтамасын бізді ешкім!» деп елге сіңірген еңбегін бұлдамады. Биыл жетпіске келетін кейіпкеріміз «Таксидегі тағдырлар», «Қиянатқа қарсылық», «Олжабай батырдың өркені», «Өткеннің өнегесі» сияқты елуге жуық поэма жазды. Ал өлеңдердің санынан өзге түгіл өзі де жаңылатын шығар. Көп әрі дөп жазғанына қарап, Баянғали ағамызды жастайынан жыр қуған жан деп ойласаңыз, қателесесіз. Ол сын мақалалар жазып, бірнеше кітаптың авторы атанып, Жазушылар одағына қабылданып, әбден кемелденген шағы – ордабұзар жаста ғана поэзияға бет бұрды. 
Баянғали елдікті, ерлікті, бірлікті, жанашырлықты, жақсылықты, жасампаздықты жырлады. Ақын Әлімжановтың шығармаларының өн бойынан жаныңды жадырататын самал есіп тұрады. Өмірден баз кешу, түңілу, жалығу, жирену сарыны оның табиғатына мүлде жат. Бір сөзбен айтқанда, кейіпкеріміз – оқырманның кеудесіне үміт отын жағатын позитив ақын, ширақ шайыр. Баянғалидың қазақтың парасатты перзенттерін ұлықтауға арналған «Кедейден шыққан кемеңгер» (Сәбит Мұқанов), «Зерлі сөздің зергері» (Ғабит Мүсірепов), «Мәліктің мейірімі» (Мәлік Ғабдуллин), «Жұмабек батырдың жұлдызы», (Жұмабек Тәшенов), «Жарықтық Ғафекең» (Ғафу Қайырбеков), «Ғарыш қазағы» (Тоқтар Әубәкіров), «Мұстафаның мұңы» (Мұстафа Өзтүрік) және басқа да шоқтығы биік шығармаларын айрықша атап өткен жөн. Осы еңбектері арқылы жалпы мүддені жалқы мүддеден жоғары қойған отаншыл азаматтардың өнегелі өмірін өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртуға себепкер болды. 
Өскелең ұрпақ дегеннен шығады, Баян­ғалидың өлең-жырларын тұшынып әрі түсініп оқып, рухани нәр алған жастар көп. Соның бірі – Кенжегүл Дүкен. Ол 9-сыныпта оқып жүргенде ұстазы Алуа Долдинаның жетекшілігімен ғылыми еңбек жазып, Әлімжановтың шайырлық шеберлігіне талдау жасады. Ақынын ардақтаған Кенжегүлм ен Алуаға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 
Кейіпкеріміз өлең-жырдан бөлек, оқыр­манға ой салатын прозалық шығармалар жазды. Оның «Жүзжылдық толғау», «Қиқыматтың хикаялары», «Жынды Қаратайдың қасіреті» сынды көркем дүниелерін жұртшылық жақсы біледі. Оның бірқатар шығармасы Ресейдің беделді басылымдарында жарияланды. Қазақ жазушысының қаламынан шыққан дүниелерді Мәскеу күнде басып жатқан жоқ. Сондықтан осы мәселенің түп-төркініне аз-кем тоқтала кетейік.
Кейіпкеріміздің «Сказ столетнего Степняка» романы тұңғыш рет 2018 жылы елімізде жарық көрді. Осы оқиғадан соң көп ұзамай Астанада халықаралық деңгейдегі алқалы жиын өтті. Іс-шара барысында Баянғали «Манас» жырын айтты. Басқосуға құрметті қонақ ретінде шақырылған шетел жазушылары қазақ манасшысының өнеріне тәнті болды. Әсіресе кезінде адамзаттың Айтматовынан бата алған, «Манасқа» бір бүйрегі бұрып тұратын орыстың белгілі жазушысы Георгий Пряхин кейіпкерімізге дән риза болды. Сол жолы ол Пряхинге жаңа романын сыйға тартты. Қазіргі орыс әдебиетінің көрнекті өкілі ретінде танылған Гриша қазақ жазушысының шығармасын ықыласпен оқып шығып, тамаша туындымен өзге елдің оқырманы да танысуы қажет деп шешті. Сөйтіп, 2019 жылы «Сказ столетнего Степняка» романы, «Разрешите жить» қиял-ғажайып хикаяты және «Абылай хан и его батыры» повесі Максим Горький негізін қалаған Ресейдің ең беделді баспасы – «Художественная литературадан» кітап болып басылып шықты. Бұл еңбектің алғы сөзін Пряхиннің өзі жазды. Сондай-ақ аталған шығармалар көрші елдің ең белді әдеби басылымы – «Роман-газетада» жарық көрді. Бұдан бөлек, кейіпкеріміздің «Доброжелательный Аскар» атты ертегісі «Детская роман-газетада» жарияланды. Әрине, бұл жерде Григорий Пряхиннің азаматтығын айта кету керек. Алайда өз беделіне баса мән беретін «Роман-газета» ортаңқол шығарманы Пряхин емес, Толстой тіріліп келіп ұсынса да, ешқашан баспас еді.  
Қазақ және орыс тілдерінде көркем дүниелер жазған Баянғалиды оқырман қауым ғана емес, әдеби орта да мойындады. Алыптардың алдын көрген, Ғафу Қайырбеков «Баяшка» деп бауырына басып, Шерхан Мұртаза «Балуан» деп еркелеткен кейіпкерімізді қазақ әдебиетіндегі өз кетігін тауып, кірпіш боп қаланған қаламгер деп айтуға әбден болады.

«Алла деп ақ сөйлегем домбыра алсам...»

«Жалғанда жаманшылық қуыспаған
Адамдар ақ пейілді туыс маған.
Алла деп ақ сөйлегем домбыра алсам,
Жалтақтап және ешкімнен ығыспағам.
Түсіме кіріп ұлы бабаларым,
Жолбарыс жон арқамнан уыстаған!»
(Баянғали Әлімжанов)

Сахна – еріккеннің ермегі емес. Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлейтін орын да емес. Өнердің отымен кіріп, күлімен шыққан, ұлт мәдениетіне зор еңбегі сіңген небір сақа саңлақтардың өзі сахнаға имене шығады. «Мен бұл жерді талай таптағанмын» деп тақылдаған өнерпазды көрмеппіз. Сахнаның иесі жоқ болғанымен, киесі бар. Кейде мінберден айтылмаған ақиқат сонда сөз болады. Нағыз өнерпаз сахнаға зор құрметпен, асқан жауапкершілікпен қарайды. 
Баянғали Әлімжановтың саналы ғұмыры сахнамен тығыз байланысты екенін көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Өнер ордасының төріне кейіпкеріміздің өзі де, сөзі де озды. Сахналық ғұмырына қатыс­ты әңгіменің әлқиссасын төл өнерімізден бастағанды жөн көрдік. Себебі жырсүйер қауым әлі күнге дейін Әлімжанов десе, елең ете қалады. Айтыстан кетіп, қай тұста жүр екен деп алаңдайды. «Айтыстан Баян кеткенмен, Баяннан айтыс кетпейді» деп өздерін жұбатады.
Әу баста аламан айтысқа түсем деген ой кейіпкеріміздің өңі түгілі, түсіне де кірмеген еді. Бәрі аяқастынан болды. Баянғали ол кезде КазГУ-дың «жыр қуған филфагын» бітіріп, жас жазушы, сұрапыл сыншы ретінде таныла бастаған. Жиын-тойда өлең оқып, суырып салмалық қасиетін көрсетіп жүрген. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай республикалық ақындар айтысы өтетін болды. Әр өңір өз өкілін үкілеп қосты. Белгілі жыршы Шәрібек Алдашев Баянғалиға Алматының атынан айтысқа түс деп өтініш айтты. Кейіпкеріміз басында келісім бергенімен, артынан ойланып қалды. Тәжірибем жоқ деп бас тартпақ болады. Алайда Шәрібек ағасы ұйымдастыру комитетіне құжаттарды өткізіп қойдым деп бой бермейді. Енді шегінерге жер жоқ. Артында – Алдашев, алдында – Әселхан. Иә, кәдімгі аты аңызға айналған айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова. Сөйтіп, тұңғыш рет дүбірлі додаға қатысып, аузы дуалы ақындардың өзі жұптасуға жүрегі даулай бермейтін Әселханмен сөз сайыстырды. Бұл бір жыр қылып айтып жүрер керемет айтыс болды. Жарты сағатта тізгінді тартуға тиіс ақындар бір сағатқа жуық қара өлеңнен құйын тұрғызды. Тіпті ұйым­дастырушылар сахнаның шымылдығын жауып, қос дүлдүлді әзер тоқтатты. Кейіп­керіміз кейінірек Әселханмен тағы бір айтысқанда: «Айтайын ағайынға аздап аңыз, Екеуміз қол ұстасып самғағанбыз. Тойында Кенекеңнің айтысқанда, Екеуміз төбе­лесе жаздағанбыз!» – деп қалжыңдағаны бар. 
Әселхан «тұсауын кескен» Баянғали қазақ-қырғыздың мықты ақындарымен сайысқа түсті. Халықтың сөзін сөйлеп, елдің мұңын жырлады. 1991 жылы Қожабай ақынның 150 жылдығына арналған респуб­ликалық айтыста: «Ойлаймыз, ағайындар, даланы біз, Даламен бәріміз де жаралымыз, Қуарып бара жатыр бай дүниең, Тартылып Балқашың мен Аралымыз. Даланы тазалаймын десең халқым, Алдымен тазалайық сананы біз», – деп қалың елді ұлт болашағына бейжай қарамауға үндеді. Сол алқалы жиында: «Аяққа таптап тұрып ана тілін, Сыйлаймыз деп айтамыз Ананы біз», – деп тіл тағдырына алаңдаушылық білдірді. 
Баянғали Әлімжанов жиырма бір жыл айтысып, сахнаға екі жүз он алты рет көтерілді. Шамамен алғанда, жылына он рет додаға түсті. Жиырма екі рет бас жүлдеге ие болды. Жеңгенде тасымады, жеңілгенде жасымады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сүйегіне сіңіп кеткен ол айтыста да сол жүрісінен жаңылмады. Арзан атаққа бола әдептен аттамайтын азамат ақын ретінде ел есінде қалды. 
Кейіпкеріміздің тағы бір өнері өрге жүзіп, сахнаның төрінен түспеді. Бұл – Әлімжановтың драматургиясы. Баянғали осы бір маңызды салаға саналы түрде келді. Ол студент кезінде Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов театрларына жиі бас сұғатын. Небір сұрапыл спектакльді тамашалап, ғажайып күй кешетін. Құрбы-құрдастары әртістердің шеберлігін талқылап жатқанда, ол жалпы қойылым жайлы ойға шоматын. «Неге мынадай мәселені көтеріп, пьеса жазбасқа» деп өзіне сауал қоятын. Қиялымен болашақ қойылымның сюжетін сызып тастайтын. Бірақ бұл жұмыстың жауапкершілігін сезінген студент Баянғали драматургияға бара қоймады. Тек араға жиырма жыл салып, қырықтың қырқасына шыққанда ғана сахнаға арналған алғашқы шығармасын жазды. «Құдалық» деп аталатын бұл тырнақалды туындысы 1998 жылы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық драма театрында сахналанды. Қойы­лымның режиссері әрі театрдың басшысы Мұратбек Оспанов пен шығарма­шы­лық ұжым «Құдалықтың» ойдағыдай өтуіне барын салды. Спектакль он жыл бойы репертуардан түспей, көрерменнің көзайымына айналды. Кейіпкеріміз сахналық туындыларды сол жазғаннан мол жазды. Көркемдік қуаты прозалық шығармаларынан бір мысқал кем емес жиырмадан астам пьесаның авторы атанды. «Қожанасыр», «Қайран, кемпір-шалдар-ай!» («Отыз тістен шыққан сөз»), «Қарыз бен қаспақ», «Қаптан шыққан қара қыз» сынды комедиялар арқылы күнделікті тіршіліктегі келеңсіз жайттарды әзілмен әдемі әшкереледі. Бүтін дүниені бүлдіріп жүретін кейіпкерлерді өмірден алып, юмормен тамаша тұздықтай білді. Арзан күлкіден аулақ болып, «әзіл айтсаң да, әділ айт» деген ұстанымнан айнымады. 
Сахналық туынды жазғанда, Байағаң атағым шығып, абыройым артсын деп ойламады. Керісінше, қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға хал-қадерінше үлес қоссам деген ниеті болды. Жүйрік қаламынан шыққан туындыларды тамашалаған көрермен қауымның «браво» деп аямай қол соққанын көргенде, оның осы ақ ниеті қабыл болғандай көрінеді.

«Мен де барғам «Манасқа...»

«Шоқан барған Манасқа,
Мұхаң барған Манасқа,
Әлкей барған Манасқа,
Жолын жалғап солардың,
Мен де барғам Манасқа.
Ынтымақпен жасай бер,
Қазақ-қырғыз жарас та!»
(Баянғали Әлімжанов)

Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасын ен жайлаған ата-бабамыз осынау атырапқа көзі түсіп, көңілі бұзылғандарға найзаның ұшымен, білектің күшімен, ақылдың ісімен батыл тойтарыс берген. Даналық пен батырлықтың арқасында сыртқы жаудың аптығын басып, ішкі дауды шебер шеше білген. Ел басына күн туғанда әр қазақ аянып қалмаған. Себебі халқымыз ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге көп көңіл бөлген. Бесіктегі бөбегіне жыр айтып, батылдық, жанашырлық, парасаттылық сияқты асыл қасиеттерді жастайынан санасына сіңіре берген. Еңкейген қария еңбектеген балаға ертегі оқып, «ел ертеңін ойлайтын азамат бол» деген баталы сөзді құлағына құйған. Есі кіріп, етегін жиған балалар жыр-дастан жаттап, мол рухани азық алған. Осылайша, халық жыры елдік пен ерліктің сыры болған.
Қазақта ауыз әдебиетіміздің жауһары саналатын көркемдік қуаты мол дастандар аз емес. Бұдан бөлек, түбі бір түркі жұртының құнды қазынасына айналған эпостар да бар. Соның бірі әрі бірегейі – «Манас» жыры.
«Манас» – бауырлас қырғыз жұртының ғана емес, барша адамзаттың баға жетпес мәдени мұрасы. Бұл дастан әлемдегі ең көлемді жыр ретінде мойындалып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Тасқа басылмаса да, айтыла-айтыла атадан балаға жеткен ұлы эпосқа қазақтың да таласы бар. Таласы бар дегенге бір туғандар тағатты талақ етіп, өре түрегелмесін. Айтпағымыз, дастанды дәріптеуге Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов және Әлкей Марғұлан сынды қазақтың біртуар перзенттері өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі таңда олардың өнегелі ісін Баянғали Әлімжанов жалғастырып келеді. 
Қырғыз манасшылары «Аян болбой, баян болбойт» деген сөзді жиі айтады. Себебі «Манас» сынды киеcі де, иесі де бар көне жыр көлденең көк аттыға қона бермейді деседі. Баянғали ағамыз әу баста бұл сөзге аса мән бермеді. Түрлі басылымдарда жарық көрген эпостың үзінділерін аздап айтып жүрді. Бірде қалың ұйқының құшағында жатқанда Манас батыр түсіне кіріп, жырды нақышына келтіріп айт дегендей әмір етті. Сонда жас Баян өзіне аян берілгенін анық түсінді. Содан бастап «Манасты» мәнерлеп айтудың қыр-сырын меңгере бастады. Бірақ жалпақ жұртқа өнерін көрсетуге асықпады. Ордабұзар отыз жаста ғана көпшіліктің алдына шықты. Онда да бәрі аяқастынан болды. «Халық қазынасы» телебағдарламасына қатысуға тиіс бір жыр­шы әлдебір себептермен түсірілімге келе алмады. Оны алмастыра қоятын адамды іздеуге уақыт тапшы болғандықтан, редактор хабардың тізгінін ұстайтын Баянғалиға қолқа салды. Бұрын-соңды үлкен сахнада жыр айтпаған кейіпкеріміз басында аздап жүрексінді. Алайда түсірілім тобының тығырыққа тірелгенін байқап, келісім берді. Сөйтіп, «Манас – қазақ жерінде» атты арнайы тележобаға түсіп, жыр айтты. Хабарды теледидар арқылы тамашалаған қалың көрермен жас жігіттің өнеріне дән риза болды. Сол уақытта Қырғыз мемлекеттік академиялық драма театры гастрольдік сапармен Алматыға келген еді. Бұл өнер ордасының белді қызметкері Асанбек Қыдырназаров «Социалистік Қазақстан» газетіне мақала жариялап, күллі қырғыз елінің атынан жас өнерпазға ризашылық білдірді. 
Баянғали Әлімжанов Қырғыз елінде «Манасты» алғаш жырлағанына отыз жылдың жүзі болыпты. 1993 жылы Қырғызстанда аламан айтыс өткен еді. Бауырлас екі елдің ақындары Бішкекті ән-жырмен әлдиледі. Сол сөз жарысында қазақ жігіттерінің бірі кеш тізгінін ұстаған азаматқа базына айтып, Баянғалидың «Манасты» жырлауына мұрсат беруін өтінді. Жүргізуші қонақтың өтінішіне құлақ асып, көп кешікпей кейіпкерімізді сахнаға шақырды. Бастапқыда қазақ жыр айтады дегенге жергілікті жұрт аса илана қоймаған сияқты. Үш-төрт шумақты жатқа айтатын көп ақынның бірі шығар деп ойлаған сыңайлы. Бірақ Баянғали «Манас­ты» қырғызша мәнерлеп айтып шыққанда, қол соқпаған көрермен қалмады. Сөз қадірін білетін бір туғандар ерекше қошемет көрсетіп, түйе мінгізді. Кеш соңында қырғыз елінің біртуар перзенті, Мәдениет министрінің орынбасары қызметін атқарған Шерімбек Шаршеев Баянғалидың қолын алып, «Манастың» мыңжылдығына арналған мерекелік іс-шараға шақырды. Кейіпкеріміз шақыруды қабыл алып, манасшылардың халықаралық байқауына қатысты. Жыр жампоздарымен иық тіресіп, өнер көрсетті. Жүлдегер атанып, қанжығасы майланды. 
Айыр қалпақты ағайындар Баянғали Әлімжановты «Манасты» мақамын бұзбай, шебер айтады деп ерекше құрметтейді. Бұл туралы кезінде көрнекті ақын Жарасқан Әбдіраш: «Орыспен де санасты, Қазақпен де санасты, Қырғыз ба деп қаласың, Орындаса «Манасты», – деп жақсы айтқан. 2006 жылы Бішкекте өткен Әлем ха­лық­тары эпостарының Бірінші дүниежүзілік фестивалінде әйгілі Шыңғыс Айтматов та Баянғалидың эпосты орындауына тәнті болып, академик Сейіт Қасқабасовтан: «Мына бала қазақ па, қырғыз ба?», – деп сұраған екен. Сондай-ақ «Манасты» жүз жиырма төрт сағат жырлап, Гиннестің рекордтар кітабына енген белгілі жыршы Рысбай Исақов «Қырғыздан басқа жер бетіндегі алты миллиард адамзаттан шыққан жалғыз манасшы» деп Баянғалидың өнеріне бағасын беріпті.
Кейіпкеріміз «Манасты» нақты іспен барынша насихаттап келеді. Ол бар болғаны алпыс жеті күнде эпостың қазақ тіліндегі нұсқасын әзірледі. Бұл еңбек ұлт жанашыры, Түркі академиясының президенті қызметін атқарған Дархан Қыдырәлінің қолдауымен кітап болып басылып шықты. Осылайша, Мұхтар Әуезов бастаған бір топ қазақ қаламгері әзірлеген төрттомдық жарық көргеннен кейін араға алпыс жыл салып «Манас» қазақпен қайта қауышты. 
Баянғали Әлімжановтың дастанды дәріптеу жолындағы еселі еңбегі еленіп, көптеген мәртебелі марапатқа ие болды. Қырғыз елінің басшысы Садыр Жапаров «Достық» орденін өз қолымен табыстады. Ең бастысы, айыр қалпақты ағайындар «Баян­галы ага» деп құрмет көрсетіп, алғысын аямады. Бір туғандардың көлдей көңіліне риза болған ол: «Қазақтың өлең-жырын жырлай берем, Манасты өле-өлгенше толғай берем. Жол тартып жүректерге өлеңіммен, Арасын қырғыз-қазақ жалғай берем!», – деп ағынан жарылды.
Түсіне білгенге, халықтың алғысынан артық марапат жоқ. Ал бауырлас екі елдің ризашылығын алу – кез келгенге бұйыра бермейтін бақ. Қарт Алатаудың күнгейі мен теріскейіне бірдей Баян салдың басына қонған баянды бақ өміршең болғай... 
 
 

Руслан ЖҰМАН

993 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5661

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5391

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3132

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2520

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2479

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2457

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2190

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2175

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы