• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

ӨҢІРЛІК БАСЫЛЫМНЫҢ ӨРІСІ КЕҢ

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» тақырыбында өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының ІІ республикалық форумы өтті. Екі күндік форумға аймақта ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген 100-ге жуық медиа маман қатысты. Форумның бірінші отырысында сараптамалық материал жазудың стилі, қолданыстағы бұрмаланған сөздер мен қате тіркестер, журналистік зерттеу тәсілдері, мерзімді басылымдардың беттелуі мен дизайны, суретке түсіру өнері талқыланды. Екінші күні «Баспа басылымдарын жетілдіру: жаңа тәсілдер», «Басылымдардың балалар контентін қалыптастырудың идеологиялық шарттары мен тетіктері» тақырыптары талқыланды.
 

«Басылымдарда сапалы контентті қалыптастыру» тақырыбында өткен 1-панельдік отырысқа «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары  Қамбар Ахметов модераторлық етті. Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов: «БАҚ – қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпір. Өңірдегі халықтың көңіл күйін тап басатын да журналистер. Әлеуметтік желінің дамуына, интернет ресурстар арқылы ақпарат таратудың ұтқыр тәсілдері пайда болуына байланысты келешекте баспасөз қандай бағытта дамуы керек деген мәселе жиі айтылып жүр. Сараптамаға, зерделі зерттеулерге сүйенген газет-журналдың бәсі артық», – деді. Қамбар Ахметов: «Өңірлік басылымдардың мәселелері: басылымдардың тиражын арттыру, аудиторияны кеңейту, баспасөзді нығайтуда әлеуметтік желіні пайдалану, сонымен қатар баспасөз кабинетін нығайту мәселелері талқыланады», – деген пікір білдірді. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп: «Интернеттің пайда болуымен өңірдегі, республикадағы тілшілердің жұмысы теңесті деуге келеді. Сіздерге сол себепті сараптамалық материалдың жазу тәсілін түсіндіру ыңғайсыздау. Редактор ретінде сараптамалық мақалаға қоятын басты талабым – бейтараптық. Газет – кез болып отырған қиындықты шешу, сөз еркіндігінің дамуымен қатар жүретін майдан. Қазір министрлік тендердің орнына грант бөлсек деген ұсыныстың бастамашысы болып отыр. Меніңше, бұл – нағыз қолдайтын, құптайтын іс. Грант мәселесі жолға қойылса, газет таралымы да автоматты түрде арта бастайды деп үміттенемін», – деді. Мерзімді баспа басылымдарының заманауи дизайны туралы тәжірибесінен баяндап берген «Курсивъ» газетінің шеф-редакторы Татьяна Николаева: «Баспасөз – күнделікті ақпарат ағынына тәуелді емес мазмұнға толы. Кез келген баспа басылымына тартымды дизайн қажет. Арнайы тақырыптағы мақалаға сурет табу оңай емес. Газеттің бірінші беті жаңалықтар арнасынан ерекшеленетін басқа тақырыптар бар екені туралы белгі беруге тиіс», – деп пікір білдірді. «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбаев «Баспасөздегі сараптама: сыни ойлау» тақырыбында баяндама жасады. «Сыни тұрғыдан ойлау – мәселені жан-жақты талдап, дәлелді қорытынды жасай білу. Бұл – сараптамалық мақала дайындау барысында журналистің бойында болуы керек ептілік пен дағдының тұтас жүйесі. Ақпарат әлемінде сараптамалық мақала қоғамдық пікірге әсер ету құралына айналды. Ал бұл қоғамды қызықтыратын тақырып болса, қозғалған мәселе, айтылған ой, ұсыныс елдегі немесе қаладағы күнделікті өмірге әсер етеді. Журналистердің жеке батылдығы да маңызды», – дейді ол. «Дат» газетінің бас редакторы Құтмағамбет Қонысбаев «Журналистік зерттеу тәсілдері» тақырыбында сөз сөйледі. 
Филология ғылымының докторы, «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігін» құрастырушы Орынай Жұбанова «Қате қолданыс­тағы сөздер мен тіркестер» тақырыбында баяндама жасады. «Ақылға сыймайтын бұрыс тіркестер көбейіп бара жатыр. Мәселен, «Жеке куәлік» деп жүрген ресми төлқұжатымыз да дұрыс аударылмаған. Бұл – «азамат куәлігі». Оған қоса көптік жалғауды да бейберекет жалғай беретін болдық: жеміс-жидектер, көкөністер емес: жеміс-жидек, көкөніс. «Әр күн сайын», «әр жыл сайын» емес: әр күні, әр жылы, әр айда деген нұсқа дұрыс болады. Кез келген жерге «және» шылауын тіркестіре беретін болдық. Мектепте грамматика жүйелі оқытылмайды. Тіл нормасын бірізділікке түсіруіміз керек», – деді ол. 


 «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккер суретке түсіру өнерінің ерекшелігін сөз етіп, «фототілші мен журналист үндестікте жұмыс істегенде ғана оқырманға пайдалы, түсінікті әрі толық дүние шығатынын, фотожурналистің шеберлігінде шек жоқ екенін айтып берді. 
«Баспа басылымдарын танымал ету және тарату: аймақтық аспект» тақырыбындағы отырысқа «Халық үні» медиа-холдингінің директоры Ринат Кертаев модераторлық етті. Форумға Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса мен Ермұрат Бәпи, Президенттің Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов қатысты.
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп өңірлік басылымдар арасында кадр тапшылығы барын тілге тиек етті: «Елдегі тасқын су, батыс аймақтарды, орталықты су басу мәселесі, халықтың мал-мүлкінен айырылуы қабырғамызды қайыстырып отыр. Осындай ел басына түскен қиын сынақты сәттерде ұлттың шыңдалуы, бірігуі, ұлттың жұмыла жүкті көтере білуі маңызды. Ел тағдырында БАҚ-тың қандай рөл атқаратынын жақсы білесіздер. Мылтықсыз майдан, бірақ ел мен мемлекеттің ертеңі бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстарға тікелей байланысты. Өңірлік басылымның өрісі кең. Жердің қай түкпірінде жүрсеңіз де ақпарат ашық. Әлеуметтік желідегі журналистің әмбебаптығы деген мәселе өзекті. Өзі қаламгер, оператор, монтажер бола алатын журналистер көбейді. Қазақстандық журналистердің бірнеше тілді еркін меңгеруі де қалыпты құбылысқа айналды. Бұл да журналиске қажет дағды». 
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қазақ баспасөзінің болашағын қорғау ұлттық мүддені қорғаумен тең деп санайды: «30 жылдың ішінде қазақ газеттері ұлттық партияның рөлін атқарды және атқарып та келеді. «Масс-медиа» жобасында қазақ газеттерін қолдау бағытында арнайы ұсыныстар бар және біз бұл қатарды толықтырып та жатырмыз. Өңірлік газеттердің жағдайы қазір қиындау. Жекеге сатылып кеткендері де бар. Ал оны сатып алған маман ба әлде жай қалталы азамат па? Пандемия кезі жазылымға қатты әсер етті. Елімізде 11 000 кітапхана бар. Сол 11 000 кітапхана бір газеттен жазылғанда, бір газеттен 11 000 дана жазылатын еді. Ұлттың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап жүрген газет көп емес. Сондықтан мемлекетке газетті осылай жаздырып беру қиынға соқпас». Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи елімізде газет-журналды тарату мәселесіне аса мән беру керегін айтып өтті: «Сөз бостандығына елдің, ұлттың қауіпсіздігі тұрғысынан қарауымыз керек. Газетті таратудың кемшілігінен ел газет оқу мәдениетінен айырылып бара жатыр. 2015–2017 жылдардан бастап қалалардың көркін келтіреміз деп, газет-журнал сататын дүңгіршектерді жойды. Алматыда 264 киоскі жабылды. Сол жылы «Дат» газеті 14 000 таралымнан айырылды. «Караванның» сату жүйесіне барсаң, қоғамдық-танымдық газеттердің сатылымда болмайтынын естисіз». 
Президент Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес: «Қазақ журналис­тері қашанда мемлекетшіл позицияны ұстанған. Мемлекеттің бірлігі, елдің ынтымағы, халықтың берекетті-барақатты өмірі – басты бағдары болған. Ол – бұрыннан қалыптасқан принцип. Алтын арқау әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Бүгінде өңірлік, республикалық баспасөз деп бөліну ыңғайсыздау. Өйткені қазіргі журналистиканы 2000 жылдардың басындағы журналистикамен салыстыруға мүлде келмейді. Ұлттық журналистиканы заманауи трендтер арқылы дамыту – баршамызға ортақ мәселе. Билік қазақ газеттерін оқымайды дегенге келісу аса қиын. Өйткені Мемлекет басшысы ұлттық журналистикадағы мәселелерге дер кезінде үн қосып, тиісті тапсырмасын беріп отыр», – деді. 
Ринат Кертаев жиын барысында журналистика мен PR салаларындағы 20 жылдан аса жинаған тәжірибесін ортаға салды: «Қазір бізде 5 848 БАҚ бар, оның 3 999-ы мерзімді басылымдар. Өкінішке қарай, саны көп болғанымен, ақпараттық кеңістіктегі мөлшері аз. Көбі тұрақты шықпайды. Сондықтан заманға икемделіп, газет-журналдың әлеуметтік желідегі парақшаларын, ютуб арнасын ашып, белсенді жүргізіп, тілшілерін танымал ету қажет. Сонда ғана басылым аудиториясын жоғалтпайды. Газетке берілетін өзекті материалдарды апта бойы әлеуметтік желі платформаларында жарнамалап, промо жасауды қолға алу керек. Бұл – заман талабы. Мерзімді баспасөзді жеке бренд ретінде насихаттау­дың, таратудың бірден-бір тиімді құралы – маркетинг пен пиардың заманауи құралдарын қолдану. Оқырман бізге қашан келеді деп күтіп отырсақ, ол оқырман келмеуі де мүмкін. Кең аудитория­ға қол жеткізудің құралы – қазіргі әлеу­меттік желінің түрлі платформалары: Facebook, Instagram, Tik-Tok-ты пайдалануымыз керек деген ойдамыз», – деп сөзін қорытындылады. 
2020 жылдан мемлекеттік басқарудан жеке басқаруға өткен, қарамағында 11 газет шоғырланған «Сыр медиа» басшысы Марат Аралбаев жақсы кейс ұсынды. «Мерзімді басылымдар мемлекет қаражатына ғана қарап отырмай, бизнес-құрылымдармен, жеке кәсіпкерлермен байланыс орнатып, PR материалдарын тапсырыс ретінде алу саясатын күшейтуі керек. Ол үшін коммерциялық бөлімнің мамандарын, маркетологтерді оқытып, даярлағаны жөн. Бұл – редакцияның әлеуметтік жағдайын көтеріп, материалдық-техникалық базасын дамытудың бірден-бір жолы. Жас журналистерді арендалық үймен қамтамасыз ету; газетке жазылу мәселесінде ірі компаниялар арасында ықпалдастықты күшейту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нығайту һәм жандандыру; республикалық деңгейдегі журналистерге жасалып жатқан жоғары жалақы т.б. жағдайлардың өңір тілшілеріне де жасалуын назарда ұстау да маңызды», – деп бірқатар ұсынысын айтты. 
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбек журналистердің әлеуметтік мәселесіне назар аударды: «Біз «Алматы жастары» атты тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Оның ішіне 9 категория кіреді. Сол категорияның біріне БАҚ қызметкерлері енген. Соның нәтижесінде соңғы 3 жылда 171 жас журналист баспаналы болды. Бағдарламаның пайыздық мөлшері – 5%, ал бастапқы жарнасы – 10%». «Дала мен қала» ЖШС директоры Нұрлан Жұмахан дәстүрлі БАҚ-тың әлеуметтік желімен интеграциялануы мәселелеріне тоқталса, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ жетекшісі  Нәзия Жоямергенқызы журналистика менеджменті және қазіргі заманғы медиажүйе туралы баяндап берді: «Еліміздегі, оның ішінде аймақтардағы БАҚ-тың табыс көзі мемлекеттік тапсырыс пен жергілікті басқару органдары беретін қаржы көзіне тіреліп отыр. Медиаменедж­менттің дамымай отыруының тағы бір себебі – мемлекеттік тапсырыспен қатар, БАҚ-ты идеология құралы деп есептейді». «Alatay Aqparat» ЖШС бас директоры Ержан Қалымбайұлы өңірлік БАҚ-тарда контент сапасын арттыру тақырыбы туралы айта келе, ақпаратты визуализациялап беру, сурет, инфографика, карикатураны ұтымды пайдалану жайын қозғады. Сонымен қатар журналистикада құқықтық, қаржылық, сая­си, діни сауаттылықты дамыту мәселесін тілге тиек етті.
Үшінші панельдік отырысында сарапшылар «Салалық журналистика» мәселелерін ортаға салды. «Заң-медиа» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев үшінші панельдік отырысқа модераторлық жасады. «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директоры Талғат Қалиев этножурналистика ерекшеліктерін тарқатып айтып берді. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты этносаралық ахуалды мониторингілеу орталығының басшысы Гүлдана Оқасова Бұқаралық коммуникация құралдарының этносаралық қатынастардың байланысына тоқталды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов діни журналистиканың ерекшеліктері туралы ойын ортаға салды. «Бас редакторлар клубы» ҚБ жауапты хатшысы Бибігүл Құламан журналистік этика және стандарттар мәселесі жөнінде сөз тарқатты. «Ақпарат майданында жүріп объективтілікті ұстану, адамның жеке өміріне қол сұқпау, эмоцияға берілмеу, қоғамға ұсынатын ақпараттың шынайылығына жауап беру, өз әріптестерін құрметтеу, жаңалықты тарату, зерттеу, табу барысында заң шеңберінен аспау – бұл нормаларды әр кәсіби журналист сақтауы керек. Өкінішке қарай, бұл нормаларды сақтамай жүрген әріптес те бар. Бас редакторлар клубы, Қазақстан журналистерінің одағы және басқа да тәуелсіз ұйымдар біріге отырып, Этика кодексіне өзгерістер енгізу және қайта бекіту керек деген ұсыныс айтқымыз келеді.  Журналистік кәсіпке бейжай қарамалық. Мәселен, «New York Times» газетінде журналист этика құжатына келіссе ғана, редакция қызметкері бола алады. Өйткені журналист редакция саясаты, қоғамда болып жатқан мәселелерге жеке адам ретінде емес, сол газет атынан пікір береді. Мәселен, ол этикада журналист 25 доллардан асатын сыйлықты алмауы керек екені де айтылады», – дейді ол. «ГИС Әскери медиа» ЖШС директорының орынбасары Тимур Кубеков әскери журналистиканың ерекшеліктеріне тоқталып, елдегі әскери басылымдар тарихына үңіліп, әскери журналистиканың қажеттілігіне тоқталды. 
Форумның екінші күніндегі алғашқы панельдік отырысы «Басылымдарды жетілдіру: жаңа тәсілдер» тақырыбына арналды. Ұлттық дәстүрлі басылымдарды дамытудағы цифрлық технологиялардың рөлі, әлеуметтік платформаларды оқырман тарту мақсатында пайдалану, ЖИ арқылы медиа жұмысын жеңілдету мәселелерін талқылаған жиынды Президенттің Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес жүргізді. «Қазір бір телефонның өзі тұтас телеарнаның, бір гаджет бір редакцияның жұмысын атқарып отыр. Сондықтан жаңа заман талабына сай әрекет ету басылымдардың басты міндетіне айналды. Бүгінгі отырыс­та бәсекелестік артқан кезеңдегі қағаз басылымдардың ғұмырын қалай ұзақ ете аламыз деген мәселелерді талқылаймыз», – деді ол. Басылымдар YouTube арнасын қалай дамытатыны турасында «Сұрауы бар» YouTube жобасының жетекшісі  Ербол Сейілхан айтып берді: «Youtube платформасында қазақ тіліндегі контентті арттыру қажет. Қазақша контенттің аздығынан көрермендеріміз басқа тілдегі видеоларды көруге мәжбүр. Арнада ең алдымен авторлық материалдар түсірілсе және, кем дегенде, аптасына екі рет видео салынып отырса, оның тұрақты көрермені қалыптасар еді. Мақаланы шағындап, видеоға айналдыру арқылы баспасөздің мақаласын жарнамалап, оқырман тарту мүмкіндігі зор», – деді сарапшы. Басылымдарды онлайн форматқа өткізу туралы «Курсивъ» сайтының бас редакторы Мира Халина сөз қозғап, тәжірибесін бөліссе, әлеуметтік медиа, жасанды интеллект туралы коммуникатор, медиа-тренер Ақерке Берлібай тарқатты. 
Форумда талқыланған тақырыптардың бірі – балалар контентін дамыту.  5-панельдік отырысқа «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының басшысы Думан Анаш модератор болды. «Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы оқырман қалыптастыру, балалалар кітапханасын құру, балалардың кітап оқуға құштарлығын арттыру, оқитын ұлт қалыптастыру жөнінде тапсырма берді. Қазақстанда 30-ға жетер-жетпес балалар басылымы бар. Өңірлік мерзімді басылымдар форумына қатысушы әріптестер балалар контентін дамытуға арналған жақсы идея­ларын бөліседі деп сенеміз», – деді ол.
Педагогика ғылымының кандидаты, SDU  оқытушысы Бақытгүл Салықова «Балалар басылымдарының дамуы және олардың балалар мен жасөспірімдердің  медиа құзыреттіліктеріне әсері» деген тақырыпта баяндама жасады. «Елімізде 4 миллионнан аса оқушы бар. Бірақ балалар басылымдарының таралымы неге 3–4 мыңнан аспайды? «Балдырған», «Ұлан», «Айгөлек», «Ақ желкен» секілді балалар басылымдарын оқып өскен бала ойын еркін жеткізер еді, осы мүмкіндікті мектеп мұғалімдері пайдаланып, мектеп кітапханалары баспасөзге жазылса, балаларға үлкен көмек болар еді», – дейді сарапшы. Оқу-ағарту министрлігінің «Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының» директоры Әлия Сайдембаева оқуға құштар ұрпақты қалыптастыру үшін балалар кітапханасын насихаттау, журналистер мен кітапханашылардың бірлесе жұмыс істеуі маңызды екенін, бұл ретте тіпті кейбір өңірде кітапхана жоқ екенін айтты. Отандық комикстер мен оның даму бағыты туралы «Еркетай» журнал-комиксінің бас редакторы Оразхан Жақып талқылады. Балалар қызығатын образдар жасау, оларды экрандау мәселесі, Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама қаржы бөлінсе де, балаларды қызықтыратын кейіпкері бар бірде-бір мультфильм немесе кино түсірілмегенін айтқан О.Жақып комикс жанрында журнал шығарудың шығынын да есептеп берді. «Ұлан» газетінің тілшісі Нұрлыхан Жұмахан «Қызықты контентті қалай жасауға болады?» деген тақырыптағы баяндама жасап, «жастар кітап оқи ма» деген сұрақ төңірегінде пікір алмасты. «Алан&kids»  журналының бас редакторы Әсел Тыныбаева «Бүгінгі балаларға қандай ертегілер қызық?» тақырыбында ой бөлісіп, балалар басылымдарының қауымдастығын құру туралы ұсынысын айтты. Форумға алғаш рет қатысып отырған балаларға арналған ғылыми-танымдық бағыттағы «Әл Жәбірдің атасы»  журналының шығарушы редакторы Оралай Алейдарова жарық көргеніне төрт ай болған басылымның бағыт-бағдарын таныстырды.
«Медиа дамыту қоры» жақын арада БАҚ-қа арналған грант жарияланатынын хабарлады. Шағын медиаға арналған акселораторға қатысу үшін редакция құрамы он адамнан артық болмауы керек, ал грант сомасы 10 миллион теңгеге дейін. 
Екі күнге созылған форум аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов басылым өкілдерінің көтерген мәселелері мен ұсыныстары бойынша хаттама толтырылып, алдағы уақытта жүзеге асырылуын министрлік тарапы бақылауға алатынын хабарлады. Форум соңында өңірлік мерзімді басылым қызметкерлері «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен және министрдің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Әзірлеген 
Бағдат Сұлтанқызы

1558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5746

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5441

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3179

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2567

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2527

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2505

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2238

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2222

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы