• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

СӨЗПОРТРЕТ НЕМЕСЕ ШАРШЫ ТОПТА СӨЗ СӨЙЛЕУ

Жеке сала ретінде таныла бастаған саяси лингвистика саяси тілдік тұлға туралы ізденістер жасауға мүмкіндік береді және лидер және лидерлік, қайраткер, қайраткерлік, мемлекет, көшбасшы сынды ұғымдардың мәнін ғылыми тұрғыда түсіндіруге қызмет етеді, ал бұл мәселе – талдауға тұратын тіл мәселесі. 
 

Ғылыми әдебиеттердегі мәліметтерге қарағанда, қазіргі қоғамтануда саяси лидерді анықтаудың бірнеше параметрі бар болып шықты: 
1. Өзгеге/өзгелерге, ортасына да ықпал етуін анықтайтын параметр. Бұл көшбасшылық немесе лидерлік дегенді басқаларға әсер ете алу, беделі болу, билікте болу және бақылау жүргізу арқылы әсер ету дегенді білдіреді. Алайда кез келген әсер немесе ықпал көшбасшыны тудырмайды, жасамайды немесе көшбасшылықты қамтамасыз ете бермейді. Ол, кем дегенде, үш ерекшелікпен сипатталады: 
а) біріншіден, ықпал ету, әсер ету үнемі немесе тұрақты болуы керек. Ал адам немесе тұлға бір рет, бірақ саяси үдеріске, елдің тарихына үлкен ықпал етсе, ете алса, ондай адамды саяси лидерге жатқызуға болмайтын критерий бар. Ал қазақ тарихында ХХ ғ. басындағы зиялылар, Алаш көсемдері лидерлерге (өйткені белгілі бір уақытта олар үнемі және тоқтаусыз көшбасшылық жасады, яғни тілдік жағынан көшбасшылыққа лайық параметрлері болды) жатады; 
ә) екіншіден, көшбасшының басшылығы және басшылығының бүкіл топқа, ұйымға, қоғамға әсері болуға тиіс. Әрине, ондай көшбасшылар ретінде тағы да Алаш басшыларын, кеңестік кезеңдегі өкімет басшылары мен тә­уелсіздік жылдарындағы биліктегі басшыларды атауға болады. Сан ғасырлық саяси көшбасшылықтың тілдік үлгісі кешенді зерттелмесе де, атап айтуға тұратын тұлғалар бар; 
б) үшіншіден, саяси көшбасшының ықпалы айқын басымдықпен ерекшеленеді. Көшбасшы мен оның жанындағылардың, кейде ізбасарларының қарым-қатынасы тең дәрежеде болмауға тиіс, олардың өзара қарым-қатынасында ықпал ету бағыты көшбасшыдан топ мүшелеріне қарай біржақты бағытталуы керек; 
2. Көшбасшылық немесе лидерлік – басқарушылық мәртебе, билік шешімдерін қабылдауға байланысты әлеуметтік ұстанымды басшылық лауазым. Көшбасшылықтың бұл интерпретациясы қоғамды әлеуметтік позициялар мен рөлдердің күрделі, иерархиялық ұйымдастырылған жүйесі ретінде қарастыруды көздейтін құрылымдық-функционалдық тәсілден туындайды. Көшбасшылық – адамның қоғамдағы позициясы, көшбасшы болған адам ұжымның кейбір немесе барлық мүшесінің ұжымдық мінез-құлқын бағыттаумен және ұйымдастыра алу қабілетімен сипатталады. 
3. Ал саяси көшбасшылық – саяси нарықта жүзеге асырылатын кәсіпкерліктің ерекше түрі, онда бәсекелес саяси кәсіпкерлер өздерінің қоғамдық міндеттерді шешу бағдарламаларын және оларды іске асырудың болжамды тәсілдерін басшылық лауазымдарға ауыстырады.
Саяси көшбасшылық ұғымының екі аспектісі бар: билікке ие болуға байланысты формальды-лауазымдық мәртебе және жүктелген әлеуметтік рөлді орындаудағы субъективті қызмет. Бірінші аспект – жеке тұлғаны саяси көшбасшы ретінде бағалаудың кілті. Екінші аспект адамның жеке қасиеттеріне және лауазымды қызмет атқару кезіндегі мінез-құлқына, негізінен алғанда, тек билікте белгілі бір позицияны алып иемденуіне және оны қалай сақтауына байланысты. 
Саяси көшбасшы атаулық тіркесінің құрамындағы «саяси» сөзінің 2004 жылдардағы сөздіктерде қандай тіркесімдер енгеніне назар аударып көрелік. Саяси сөзінің тіркесімдері: саяси аймақ, саяси арена, саяси ахуал, саяси бағдар, саяси бәсекелестік, саяси бейтараптық, саяси белсенділік, саяси билік, саяси бостандық, саяси бірлестіктер, саяси ғұмыр, саяси дағдарыс, саяси дипломатиялық жол, саяси диалог, саяси ерік-жігер, саяси есеп, саяси жағдай, саяси жауапкершілік, саяси жоба, саяси зардап, саяси қағидаттар, саяси қадам, саяси қарсылас, саяси қателік, саяси қуғын-сүргін, саяси құндылық, саяси құрылым, саяси қызметкерлер, саяси қысым, саяси карьера, саяси келісім, саяси кеңістік, саяси күштер, саяси лидер, саяси мәдениет, саяси мән, саяси мектеп, саяси мүдделілік, саяси оқиға, саяси орта, саяси өмір, саяси ұпай, 
саяси партия, саяси процесс, саяси радикализм, саяси режим, саяси реформа т.б. – барлығы 80 тіркесім берілген. Осы тіркестердің ішінде күрделілігімен ерекшеленіп тұратын сая­си-экономикалық даму стратегиясы, сая­си бас қала және әскери-саяси ынтымақтас­тық, жаңа саяси кеңістік, партиялық-саяси алаң күрделі (компоненттерінің саны үш) атаулық сипаты бар тіркестер. Бұл мысалдар 2000–2004 жылдар аралығында жиі қолданылған. Осы қолданыстардың бәрі бірдей қазір де жиі кездеседі деуге келмейді. Саяси сөзімен келетін тіркесімдер қалай өзгеріске ұшырағанын мына мысалдардан көруге болады: геосаяси тұрақсыздық: з а т. қоғ.-саяси. Себебі қазіргі таңдағы түркі аймақтарындағы геосаяси тұрақсыздықтар мен халықаралық құқық дағдарысы Түркі мемлекеттері одағы ұйымының әрбір ұйым мүшесі үшін ХХ ғасырда Мұстафа Шоқай аңсап кеткен Түркі интеграция­сының мәні мен мазмұнын арттыратыны сөзсіз («Ақиқат» журналы, 2023, №12, 6-б.); саяси қарым-қатынас: з а т. қоғ.-саяси. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан билігі үшін қос алып көрші Қытай және Ресеймен саяси қарым-қатынас қалыптастыру күрмеуі қиын мәселе болды («Ақиқат» журналы, 2023, №12, 4-б.); саяси мәдениет: Осылайша, бәріміз жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға атсалыстық (ЕҚ., 28 желтоқсан, 2023, №249 (30728); саяси формула: Биыл депутаттар Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласын іске асыруға белсенді үлес қосты (ЕҚ., 28 желтоқсан, 2023, №249 (30728). Бұл мысалдар қазіргі қолданыстың бәрі емес, әрине. 
Саяси көшбасшылық «саяси элита» ұғымымен тығыз байланысты. Мысалы: «Элита» сөзінің түсінігі. «Зат. 1. Жаңа сорт өндіру үшін өсімдіктердің, жануарлардың бөлініп алынған таңдаулы нұсқалары (экземплярлары); 2. Таңдаулы, мәртебелі. Сонымен бірге «саяси элита, басқару элитасы, бизнес элита, оппозициялық элита, өрелі элита, рухан-мәдени элита, билік элитасы» болып 2000–2004 жж. әдеби тілде, публицистикалық стильде қалыптаса бастаған. Қазіргі кезде саяси көшбасшылық элитаға сүйенеді дегенімізбен, «саяси элита» тіркесімі публицистикалық стильде жиі қолданылады деу аса дұрыс болмас еді. 
Саяси көшбасшы – шаршытоп адамы. «Шаршытоп адамы деп көпшілік алдында үнемі сөйлеп үйренген, сөйлеу дағдысы мен сөйлеу имиджі арқылы белгілі болып, адам ретінде өзінің танымалдығын және идеясын қалыптастыра алған тілдік тұлға». Нақ осы түсінік біз қарастырып отырған шаршытоптық танымалдыққа сай келеді. 
Шаршы топ алдындағы сөйлеу шеберлігі неден көрінеді? Сөйлеу кезінде: 
а) идеясын өте айқын жеткізе алудан, 
ә) дәйектерінің нақтылығынан; 
б) рационалды және эмоционалды элементтердің барынша бір-біріне, қай тұрғыдан болсын, сәйкес келуінен, яғни бірі артық, екіншісі кем болмауынан; 
в) аудиториямен байланыс (контакт) орната алуынан; 
г) бейнелі, образды және «тірі немесе жанды» сөйлей алуынан байқалып тұрады. 
Шаршы топта танымал адамдарды былайша жіктеп көрсетуге болады: 
1) Түрлі кәсіп иелері, атап айтқанда, кәсіпкерлер, артистер, саясат және қоғам қайраткерлері. Бұл топтағы шаршытоп адамының көпшілік алдында болған кез келген әрекеті оны тыңдаған, үнемі бақылап отыратын адамдардың реакциясын тудыруы – олардың айрықшалығы, ерекшелігі. Ал көпшілікке танымал адамдар туралы ақпаратты БАҚ арқылы, әлеуметтік желілер арқылы білуге болады. Кейде танымал адамдардың кейбір топтары туралы олардың кәсіби біліктілігінен гөрі жеке өміріне ерекше көңіл бөлініп жатады. Дегенмен саясаткерлер туралы айтылғанда, олардың 
саяси қайраткерлігі, олардың көпшілікке танымалдығын білдіретін шаршытоп адамы (тұлға) категория ретінде алдыңғы кезекте тұрады. 
2) Танымал адамдардың, оның ішінде саясатпен айналысатын адамдардың бір тобы митингілерде сөз сөйлеп, оған қатысып, теледидарда сөз сөйлеп, кейбірі телешоуларға қатысып, тик-токқа сөздерін салып, көпшілікпен, қоғаммен үнемі байланыстағы саясаткерлерге ұқсамайды. Олар аппарат саясаткерлері немесе мемлекеттік секторда қызмет ететін адамдар, мемлекеттік қызметкерлер. 
3) Шаршытоп адамдарының келесі бір тобы – демеушілердің, ақшалы адамдардың қолдауымен танымалдыққа қол жеткізетіндер. Яғни олар өз идеяларымен, өз шешендігімен көзге түсіп, өзіндік пікірлерімен танымалдыққа қол жеткізе алмайтындардың қатарында. Бірақ бүгінгі таңда атаудың осы негативті қыры индивидуальды ассоциациялардың қатарында ғана, сондықтан атаудың тілдік мағынасына жатқызылмайды. Бұл танымалдықтың негативті қыры барын көрсетеді. Бұл қыры біздің еңбекте сөз болмайды. Бұл жерде танымалдыққа қол жеткізу амалдары туралы ғана сөз болып отырғанын ескеру керек. Ал танымал болған шаршытоп адамының әрекеті туралы сөз болып отырған жоқ. Өйткені біздің тарапымыздан нысанға алып, қарастырып отырған тұлға нақ осындай негативті мәні бар танымалдыққа ие тұлға емес. Керісінше, өзге жағымды мәндегі танымалдық арқылы іс-әрекеттерін іске асыра алғандар. Өйткені көшбасшы үшін көпшілікке әсер етіп, қоғамда резонанс тудыра алу – көздеген негізгі мақсаттарының бірі. Танымалдыққа қатысты осындай кереғар пікір туындамауы үшін танымалдық дәрежесі деген түсінік қалыптасқан. Оған ашықтық, әлеуметтік белсенділік ұғым-түсініктері енеді. 
4) Қазіргі заманауи технологияның дамыған кезінде әртүрлі сферада қызмет ететін адамдардың бәрінің де танымал бола алу мүмкіндігі бар. Өйткені ол адамдар үшін заманауи технологиялар арқылы әлеуметтік белсенділік көрсетіп, қоғамдық резонанс тудыруға жағдай жасалған деуге болады. Бірақ саяси қайраткерлер мен өзге сфера адамдарының танымалдығы арасында айтарлықтай айырмашылық бар екені түсінікті. Саяси өмірден тысқары адамдардың қоғамдық пікір тудыра алуына байланысты әрі екі шаршы топқа жататын адамдардың арасындағы айырмашылықты көрсету үшін танымалдық дәрежесі түсінігін ұғыну керек. Әрине, ықпал ету күші, билігі болуы – негізгі айырмашылығы. 
5) Келесі топтың адамдары танымалдыққа тек жағымсыз іс-әрекеттері, өзі мен өзгенің жеке кеңістігі болатынын әдейі ескермей, қасақана қауымдастық мүшелері арасында дискомфорт тудыру арқылы танымал болатын адамдар. Олардың танымалдығы, негізінен, негативті болып келеді. Міне, шамамен алғанда, танымал адамдардың категориясын осылайша жіктеп көрсетуге болады.
Сөзтұлғаның таңдалуы жеке тұлғаның коммуникативті, жағдаяттық, психологиялық жайына және рөліне тәуелді. Оның қай тілдік бағытта сөйлегенді ұнататыны, қандай тілдік бірліктерді таңдап, іріктеп қолданатыны, қалай сөйлейтіні сөзінен аңғарылады. Ал сөзтұлғаның сөйлеу әдебін зерделеу оның сөйлеу ерекшеліктерін анықтауға көмектеседі. Ол үшін тұлғаның сөйлеу кезіндегі фонетикалық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік, лингвистикалық-прагматикалық ерекшеліктерін білумен қатар, оларды қалай жұмсайтынын анықтай алу керек. Қарастырып отырған тілдік тұлғаның сөзін тану ол әрекет ететін кәсіби топтың да сөз саптауындағы айырмашылықтарды танып-білуге, түсінуге әсер етеді. Сондықтан, атап тұрып айту керек, тек лидерлер ғана емес, әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің сөз саптауын зерттеудің өзі тіл білімінде маңызды мәселеге айналған. Сондай-ақ лидерлер тілін, сол сияқты елге көшбасшылық жасайтын кәсіби топ өкілдерінің тілін, сөз саптауын зерттеу, осы бағытта ғылыми ізденістер жасау, қазіргі лингвистика ғылымындағы басым яки трендтік бағыттардың біріне жатады. Ал мемлекетті халықаралық аренада және геосаяси кеңістікте танытатын белгілі адамдар, көрнекті өкіл ретіндегі тілдік тұлғалар – лингвистикалық зерттеулердің ерекше феномендері. Дұрысын айтқанда, қарастырып отырған лидер немесе көшбасшы, шаршы топ алдында сөйлейтін кәсіби топтан шыққан адам болғандықтан, қоғам өмірінде айрықша орны бар топтың өкіліне жатады. Ондай топ өкілдеріне ел президенттерінен бастап, сенат, мәжіліс депутаттары, дипломаттар т.б. жатады. Дипломаттардың дипломатиялық іс-шараларды сәтті және сапалы өткізуі елдің тыныштығының кепілі сияқты болады. Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі, мемлекеттің, оның азаматтарының қалыпты әрі бақуатты тіршілік етуі елге белгілі, қолында билігі бар сөзтұлғаның, ел басшыларының сөздеріне, жолдауларына байланысты. 
Соған орай талданатын нысанға ел Президентінің сөйлеген сөзі алынады. Мақсат – ел президентінің сөзтұлғасын қалыптастыруға ықпал ететін лингвистикалық құралдарды табу, сипаттау, талдау, яғни зерттеу, зерттеу барысында қолданатын лингвистикалық құралдардың жүйесін тану, таныту. Ал біздің тарапымыздан талдау жасалатын мәтін – ЕҚ (18 наурыз, 2024 жыл, №54 (30783)) газетінде жарияланған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» жолдауы. Бұл – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы елдік тұжырымдамасы. 
Тұжырымдама мерзімді басылымдардың түгелге жуығында жарияланды. Біз талдау мәтінін «Егемен Қазақстан» газетінен алғанымызды ескертеміз. Себебі – көшбасшылардың сөйлеген сөзі, жазғаны осы басылым бетінде бірден жарияланады және ел тұтқасын ұстап отырған азаматтардың, яғни лингвистикалық тұрғыдан тілдік тұлғалардың, сөйлеген сөзі арқылы байқалатын әдеби тілдегі түрлі өміршең құбылыстар, айталық, атаулану сияқты өміршең құбылыс та жиі байқалады. 
Талдау нысаны ретінде алып отырған Президент Қ.Тоқаевтың сөзі «ЕҚ-ның» «Мемлекетшілдік мінбері» айдарына жеке автордың Жолдаудың ең маңызды тұстарына комментарий ретінде, негізінен, жолдау мәтіні сақтала отырып, орналастырылған. Айдар атауынан-ақ саяси тақырыптағы мәселе сөз болатыны бірден аңғарылады. 
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасының бағдарламалық функциясының зор екені бірден байқалады. Тақырыпта «Адал» сөзінің үш рет қайталануы – осы сөзге түсетін салмақпен бірге тұжырымдамадағы негізгі ойды ұстап тұратын тірек сөз екенін аңғартады. 
Адал – араб тілінен енген сөз, сын есім, тегі діни. 1999 жылы жарық көрген 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі қамтылған «Қазақ тілінің сөздігінің» (Алматы, «Дайк-Пресс».  774 б.») 15-бетінде адал сөзінің пайдалануға, ішіп-жемге жарамды, бағалы, пайдалы; шын берілген, сенімді (адам); кіршіксіз, мінсіз, қалтқысыз; турасы, шыны, ақиқаты деген 4 мағынасы және үш тіркесімі көрсетілген. 
«Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (1-том, А-А, Алматы, «Арыс» баспасы, 2006. 752 б. 
80-б.) осы сөздің мағыналық қыры көбейтіліп, алты мағынасы ашылған. Бірінші мағынасы ислам шарттары толық сақталған, ішіп-жеу­ге жарамды, арам еместігі көрсетіліп, асқа, негізгі мағынасы тамаққа байланысты екені көрсетілген және бұл өте анық байқалып тұр. Екінші мағынасын ашқанда да таза, пайдалануға болатын жарамды мағынасы туралы айтылған. Үшінші мағынасы «ар-ұяты күшті, ақ ниетті, таза (адам)» болса, келесі мағына «шын берілген, сенімді, күмән тудырмайтын», бесінші мағына «кіршіксіз, мінсіз, пәк, қалтқысыз» болуға арналған, осы мағынасы адал жүрек, адал достық, адал күндер сынды тіркесімдер арқылы ашылған. Ал алтыншы мағына «тура, анық, шын ақиқат» деп көрсетілген. Адал сөзінің мағыналық реңктерін ашу үшін 17 тіркесім іріктелген екен, олар: адал ақы (маңдай тер), адал ас (таза, ішіп-жеуге жарамды ас); таза еңбекпен, маңдай термен келген ас деп екіге жіктелген; адалға қарасы жоқ, адалдан бер, ақтан бер, адалдан жиған мал (дүние), адал еңбек етті, адал жар, адал жол, адал жіпсіз, адал итсіз, адал құс, адал мал, адал ниет, адал сүт емген, адалын алдарына салды, адалынан (адал асынан) айырылды, адалынан жолықтыр. 
Ал Тұжырымдамада адал сөзіне ұрлық-қарлық (коррупция) жасамау, заңсыздыққа бармау, елге, мемлекет ісіне, оның мүддесіне адал болу, қалтқысыз қызмет ету деген мағынасы қосылып, біздің байқауымызша, сөздікте тіркелген мағыналарының қатарына тағы бір мағына үстелгені байқалады. Адал адам тіркесіне де сыбайлас жемқорлықтан таза болуға байланысты жаңа мән үстелген.
Адал еңбек – мінсіз, қалтқысыз, тапқан табысын маңдайдан тер шығарып табу, яғни заңсыздыққа (коррупционер болмау) бармау мәнін білдіреді. 
Осы екі шарт орындалса, табыс адал болады деген келесі компонент арқылы жып-жинақы мемлекетшілдіктің, елге адалдықтың схемасы, елдік тұжырымдамасы жасалған. 
Мемлекеттік деңгейдегі кез келген іс-шара, тіпті тойлау, той деп айтылса да, саяси мәні болатыны Президенттің сөздерінен үнемі байқалып тұрады да, сол іс-шаралардың бағыты белгіленеді. Сол сияқты Ұлттық Құрылтай туралы Президенттің: «Құрылтай – той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын емес» деуі осы іс-шараның бағыт-бағдарын көрсетіп тұр. Мәтіндегі «Әңгіме-дүкен құру» оралымы – ауызекі тілде жай ғана оны-мұны сөз қылу, одан-бұдан сөз қозғау мәнін беретіндіктен, ондай жадағайлыққа жол берілмейтіні кесіп айтылады. Басқосу Құрылтай болса, оның үстіне Ұлттық Құрылтай болса, ол күйбең тіршіліктің әңгімесіне арналмау керек. Керісінше, Президент «елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілгенін» айтады. 
Президент Жолдауы, тұтасымен алғанда, перспективалы, алдағыны болжайтын, алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде орындалатын іс-әрекеттің бағдарламасы сынды. Президенттің болашақты сезіне алуы қиялдан тумаған, нақты жайттарды түсіне отырып, тұжырымдау­дан туған. Сол өзі пайымдағанды уәждер келтіре отырып айтады. Енді осы арада сәл шегініс жасап, лидер немесе көшбасшының тілдік тұлғасы қалай қарастырылуы керегіне сәл тоқталған дұрыс.
Лидер ретінде қарастырып отырған тілдік тұлғаның жеке басы туралы айтқанда, оның мінез-құлқы, интеллектісі, қарым-қабілеті, білімі, эмоционалды сәттерінің болатыны ескеріледі. Бірақ лингвистикалық жақтан алғанда, лидердің толық портреті оның сөзі арқылы да жасалады, оны лидердің сөзпортреті деп атайды. Өйткені сөз айтпайтын, шаршы топ алдында өз ойын жүйелі жеткізе алмайтын, үнсіз тұратын, үндемей қалатын, үндемей жүретін адам лидер болмайды. Көшбасшы адам алдымен сөзі арқылы өзгелерге ықпал етеді, өзгелерді соңынан ертеді, бірлесе отырып іс-әрекет жасауға шақырады, сөйтіп, өз билігін жүзеге асырады. Сондай-ақ мемлекет басшысы ретіндегі көшбасшының сөзі оның бар қасиетін көрсететіндей сөз болуға тиіс. 
Көшбасшы атаулыға, оның ішінде мемлекет басшысына тән енді бір ерекшелік – сенімді сөйлеу арқылы тыңдаушысына әсер ету, әсер ете отырып, өз дегеніне жету, өз ойын іске асыруы.
Бұл тұста көшбасшы сөзінің мазмұнға бай болуы, әрине, маңызды. Бірақ сеніммен, өз сөзіне өзі сенетінін білдіре сөйлеуі лидер стилінің негізгі компоненті болуға тиіс. Сөйлеу кезінде өзін-өзі ұстай алуы, өз еркін толық билей алуы аса маңызды. Көшбасшының сөзпортреті Жолдау мәтінін (басқа да мәтіндерді, сөйлеген сөздерін т.б.) талдаудан кейін анықтала түседі. 
Жолдаудың мақсаты тақырыбында тұр. Өз сөзінің жай айтыла салған әңгіме емесі Президенттің «...менің айтқым келгені...», «менің ойымша...» сияқты тыңдаушы я оқырман сәл де болса, секем алып, күмәнданатын тіркестерден басталатын күмілжіңкі мәнді сөйлемдерге орын бермеуінен байқалады. Сөйлем баяндауыштарының өзге, яғни сенім тудыратын модельмен, басқаша құрылғанынан тыңдаушы көкірегінде сенім ұялататын сөздер екенінен байқалады. Мысалы, «Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер» – нақтылық; «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды» – тұжырым, түйіп тастау; «Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі» – тұжырым; «Алдымен ел ағалары арасында ауызбіршілік болуы керек» – нақтылау, шақыру, яғни керек деген модаль сөздің функциясын орынды пайдалану; «Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де болуы қажет» – «қажет» модаль сөзімен тұжырымын бекіту; «Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн» – тұжырым; «Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеология­лық кеңістігіне зиян келтіреді» – нақтылық; «Мемлекеттік саясаттың мәні – осында» – тұжырым; «Мен Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым» – т.б. нақтылау мәнін білдіретін баяндауыштармен аяқталған. Бұл – лидердің сөйлеу әдебі арқылы аудиторияға нені түсіндіргісі келетінін, олар тарапынан нені естігісі келетінін аңғартатын баяндауыштар. Өтініш, сұрау, тілеу мәнінен гөрі, нақтылау, шақыру, тұжырымдау, нықтау мағынасы басым баяндауыштар.
Әрбір бастама, тың іс бірліктен, ауызбірліктен басталатынын еске сала отырып, «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды» деп, Құрылтайдың бірлікке бастайтын ұлы миссиясын анықтап кетеді. 
Сөйте келе, бірлікке бастайтын жолдың тарихи жылнамасын Сарайшықтан бастайды, сөйтіп, бірліктің шежіресін жасағандай тарихи, ғылыми негізді жылнама түзеді. Ол үшін бос сөздерге емес, тарихи деректерге, ғылыми дәйектері бар сөзін Президент былай бастайды: «Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Бір сөзбен айтқанда, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар». Бұл үзіндідегі тарихи прецеденттік атауларға Қазақ хандығы, Ұлы Жібек жолы, төл шежіре жатады. Мәтін үзіндісінде терминдер қолданылған, саяси сөздер бар, олар: геостратегиялық рөл, экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынас т.б. Президент сөзі – ғылыми негізді, құр пафосқа емес, ғылымға сүйенген сөз. 
Президент көтерген маңызды программалық мәселенің бірі – ынтымақ. Ынтымаққа әкелетін топ, Президенттің айтуынша, зиялы қауым. Оның ішінде «Елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек», себебі «олар – ұлттың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Ел тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен, ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі». Бұл үзіндідегі метафоралы тіркес – кесек әңгіме, көрнекті тұлғалар болса, сонымен қатар ұрпаққа өнеге болу, аға буын сынды клишелер орынды, керек тұсында қолданылған. 
Президент «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қалатынын» мәлімдеді. Оны жолға қоюдың төте жолы ағартушылық деп санайды. Ағартушылық сөзінің ескіріп, қолданыстан қалып бара жатқан мағынасын тірілтіп қана қоймай, жаңа мән үстеген. Өйткені ол ағартушылықты кітапхана ісіне байланыстырады. Осы бағыттардың қатарында тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханаларды ашу, қазақ тілін бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айналдыру, бестселлер шығармаларды аудару, іскерлік туындыларды аудару, қазақ тілі эндаумент қорын құру т.б. сынды орындалып жатқан және болашақта орындалуға тиіс жұмыстарды атап өтеді. Осы жерде Ел басшысының бала тәрбиесіне көңіл аударуы «интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатқанын» ескертуінен байқалады. Президент әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке әуестікті тыюды ата-аналардан бастау керегіне назар аудартып, жастарды кітап оқуға баулу керегіне көңіл бөлуі Президент пайымының тағы бір программалық бөлігі және әлеуметтік жағдайды терең түсінетінін байқатады. «Кітап­хана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады». Мемлекет басшысының кітап пен кітапханалар туралы ойының түйіні «ұлттық құндылықтар қоры да осы кітапханада сақталады» деген сөзінде жатыр. «Ұлттық кітапхана күнін белгілеу» керегін атап өтуі – кітапты құрметтеудің айқын көрінісі. 
Ел Президентінің ел тарихын білуді кез келген интеллектуалды адамның өз міндеті санайтыны және маңызды мәселе санайтыны осындай сөздерінен байқалады: «Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанға тікелей байланысты болуы керек». Бұл – әрі тұжырым, әрі Қазақстанның адамзат тарихындағы орнына байланысты жасаған мәлімдемесі, халықаралық қауымдастықтың есіне мемлекеттің өз орны барына назарын аудартуы. Саяси кредосы ретінде осы бағытты халықаралық тиімді ықпалдастыққа ұластыруды мақсат тұтатынын білдіруі. 
Келесі келелі мәселе – Ұлттық құндылықтар. Ұлттық құндылықтар қатарында жер­асты мешіттерін атайды және Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма беруі, петроглифтерді қорғау туралы іс-шаралар кешенін жүйеге келтіру туралы тапсырмасы – оның пайым биіктігін, тарихи шешімдер қабылдайтынын байқатып тұр.
Айталық, жәдігерлерді сақтау үшін: 
а) тарихи жәдігерлерді шетел музейлерінен елге қайтару; 
ә) жәдігерлердің дәлме-дәл көшірмесін жасау; 
б) ол үшін мәжіліс депуттары күш салуын айтып, іс-әрекеттерінің бағыт-бағдарын белгілейді. 
Президенттің бағдарламалық ойлары, нұсқаулары болашақта атқарылатын жұмыс­тардың тізбегін анықтап отырады.
Әрбір ұлттың құндылықтары бар, оның бірі – ұлттық киімдер. Президенттің назарынан бұл мәселе де тысқары қалмайды. Ал ұлттық құндылықтарды дәріптеу үшін «Ұлттық киім күнін» белгілеуі – халықтың көптен күткені деп түсіну керек. Бұл пікірді ел дәстүрін бағалауға шақыруы, ұлттың тұтастығын сақтауға үндеуі деп бағалауға болады. Қазақтың дәстүрлі діні ретінде суниттік бағыттағы ханафи мәзһабын атап көрсетуін де дін туралы мемлекеттік саясатты дұрыс түсінуге шақыруы деп бағалау керек. 
Жалпы, Президенттің Құрылтайдағы сөзі жоғары стильде айтылған/жазылған сөзге жатады. Өйткені оның сөзінде зиялы қауым, ұлт мақтанышы, ауызбіршілік, бірлік, көрнекті тұлғалар, ұлттың ұйысуы, құрмет көрсету, ынтымақ, идеологиялық кеңістік, мемлекеттілік тұғыры, кітап оқу мәдениеті, радикалды неофиттер т.б. сияқты жоғары стильге тән тіл элементтері топтасқан. Бәрінің де семантикасына оң мағына жеткілікті деңгейде сіңген, оң бағалауыштық реңкті сөздер. 
Оның сөзінде төменгі стиль элементтері жоқ. Жолдау мәтінінде әдеби тіл нормасы қатаң сақталған. Ал көшбасшының әдеби тіл нормасын сақтауы – ел алдындағы адамның тілге деген жанашырлығын, әдеби норманы сақтаудың үлгісінің көрсеткіші. Яғни әдеби тілдің кодификациялану үрдісін нақты білетінін дәлелдейтін, тілді ресми стиль арқылы дамытудың үлгісін жариялауы деп түсінген жөн. 

Бағдан МОМЫНОВА, 
филология ғылымының 
докторы, профессор

1303 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5684

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5402

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3143

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2531

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2490

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2468

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2201

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2186

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы