• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

Сағындым мен де әкемді...

Менің әкем Тілеубай Мұстафаұлы 1924 жылы 21 қаңтарда дүниеге келген. Соғысқа бару үшін 1923 жыл деп құжат жасатып, майданға аттанған. Екі рет соғысқа барып, жеті жерден жараланып елге аман-есен оралған. Жастығын алға тартып, берген мүгедектік туралы қағазды жасырын ұстап, әскери комиссариатқа да көрсетпепті. Мұның сыры неде екен? Қарапайымдығы шығар, атақ-даңққа үйір еместігінен болар.

Бар-жоғы 4 кластық білімі бар. Обком, райком қызметінде де істемеген. Соғыстан алған медаль, ордендерін кеудесіне тағып суретке де түспепті. Бала кезімде әкемнің медальдарын кеудеме тағып ойнау­шы едім. Он жаста болсам керек,  көктем айы екені есімде. Әкем төсіме 5–6 медалін тағып берді. Аулада ойнап жүрдім. Тасболат Аманжолов деген көршіміз: «Әй, мына бала соғысқа барып, ерлік жасапты ғой», – деген. Әкем күліп «Тәке, атқан оқ бос кетті ме? Біреуді жаралады ма? Бір Құдайға аян ғой», – деді.  Бұл айтқаны маған қорқыныштылау болып естілді. Содан кейін кеудеме медаль тағып, ойнаған емеспін. Кейін сол сыңғырлаған орден, медаль әжемнің шашбауынан орын алды. Әкемнің құжаттарын ауылдағы №53 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Асқар ағай алып кетті. Бүкіл естелігін жазып алды. 
Кейде әке туралы, ана туралы жазылған мақалалардан оқысам, қызыға қараймын. Ол отбасы құрды, екі ұл, төрт қыз тәрбиеледі, оқытты. Бәрімізді адам қатарына қосты. Әкемнің бір айтқаны өмірімнің арқауына айналды десем де болады. Ол үйдің қасына бау екті. Сол кезеңде Төменарық ауылында бау егу дәстүрі бар еді. Әлі де сол үрдіс жалғасып жатыр. Көктемде осы бауды күту, арығын тазалау, суару сияқ­ты жұмыстар күз түскенше толас таппайды. 10-сыныпта оқитынмын. Көктем, мамыр айы болса керек. Бірде әкем баудың ішінде  бір нүктеге тесіле қарап отыр екен. Анда-санда басын изеп қояды. Бір кезде ішкі ойымен толқып кетті ме, көзін сүрткендей болды. Мен байқатпай жанына отырдым. Келгенімді сезбеді ме –  «шүкір, шүкір» деп қояды. Басқа сөзін естімедім. Мені байқап қалды. Қасына шақырып, баудың ішіндегі жұмысты айтып жатыр. Таңғалып қарап тұрғанымды сезген болуы керек, «Алтынбай, бұл өмірде не қиын екенін білесің бе?» – деді. Мен үнсіз  тұрып, иығымды қозғалтып, «білмеймін» деп ишара таныттым.
«Адам болу қиын ғой. Мен не көрмедім, жоқшылық, ашаршылық, жетімдік, соғыс. Тірі қалдым, сендерді көрдім, өсірдім, соған шүкіршілік айтып отырмын. Адам мәңгілік емес. Мені ұмытсаң да, Құдайды ұмытпа», – деді. Осы күні ойлаймын, әкесін ұмытатын бала бар ма?
Ол өмірінде сақал қоймаған, сәждеге маңдайын да тигізбеген сияқты. Кейде ас қайырғанда Құран оқып қоятын. Әкем дүниеден өткенде қабырғама қатты батты. Көпшілік жерге барсам, қорғансыз адамдай күй кештім. Көпшіліктің ішінен әкемді көріп қалардай елегізіп отыратынмын. Көпке дейін іздеп жүрдім. Әкемнің кейпіне ұқсайтын адам көрсем, көзімді алмай қарап қалушы едім. Әлі де солай. 
«Мені ұмытсаң да, Құдайды ұмытпа!» Әкемнің осы  сөзі өмір бойы бойымды тік ұстауға күш беріп келеді. Бүгінде  алпыстан астым, ал әкем бақилық болды. 
Алайда парсы ақыны Румидің мына бір дана сөзі есімнен кетпейді.
«Мен көп адамды кездестірдім киімі жоқ,
Мен көп киімді көрдім, ішінде адамы жоқ». 
Әлде, әкемнің айтқан сұрақтарының жауабы осы ма? 
«Мен Құдайды іздедім, тек өзімді таптым. 
Мен өзімді іздедім, тек Құдайды таптым». 
Алтыншапақ Хаутай деген жас ақынның өлең топтамасында «Қыры сынбаған киім көрдім, кісі көрмедім ішінен» деген өлең жолдары бар. Ойланып қалдым. Өмірде әке мен ананың орны бөлек қой. Адам есейген сайын әкенің әр сөзі жаныңда жаңғырып тұрады екен. Қазір ақын Ақберен Елгезектің жырындағы мына шумақты ішімнен қайталай беремін: 
«Бір үмітті іздеймін бекер күннен,
Өлең жаздым, ал сонда өтелді нем?
Нәрестенің иісін аңсап жүрмін,
Әлде қатты сағындым Әкемді мен?!»

Алтынбай Мұстафаев

Қызылорда облысы, 
Жаңақорған ауданы, 
Төменарық ауылы

114 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8755

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7058

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4802

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4188

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4150

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4111

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3841

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3841

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы