• Ақпарат
  • 09 Мамыр, 2024

АЛТЫН АДАМНЫҢ ТЫЛСЫМЫ

Алатаудың шатқалында Жетісудың көзмоншағындай болып мөлдіреп жатқан Есік көлі бар. Одан Есік өзені сарқырай ағып, баурайындағы жасыл желекті мейірімімен алқайды. Тау арасындағы ойпатта еркелей келіп жағасын соғып жататын Есік көліне тау бауыры жіпсігенде жапа-тармағай ұмтылатын туристер де аз емес. Алайда олар қазіргі көлдің көлемі осыдан жарты ғасыр бұрынғы ауқымынан, кем қойғанда, 3 есе кішірейген десек сенесіздер ме?  
 

1963 жылдың 7 шілдесіне дейін біз әңгіме етіп отырған көл шалқып-тасып тау шатқалына сұғына еніп жататын. Көлге іңкәр адамдар санында есеп жоқ. Жанындағы Алматыны былай қойғанда, сол кездегі Кеңес одағы мен шетелден келіп, Жаратқанның сыйға берген осы сұлулығына көз суарып кететін адамдар да аз болмайтын. 
Алаштың аяулы перзенті, елу жыл ел ағасы болған Д.А. Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты еңбегінде осы Есік көлінде болған апат туралы айтады. Жоғарыда біз айтқан уақытта сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.А. Қонаев КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіндегі А.Косыгинді бастап Есік көліне дема­луға әкеледі. «Біз көлге түсте келдік... Косыгинге көлдің табиғаты қатты ұнады. Біз арғы жағаға өтпек болдық... Осы кезде бір сұмдықты көзім шалды. Таудан гүрілдеген қызыл тасқын кеп ақтарылды. Бұл маған әбден таныс cел болатын. Селдің екпіні көлді жайпап өтті. Су лайланып, шымырлай тасыды. Сел туғызған үлкен толқындар көлдегі қайықтарды аударып әкете берді. Тасқын пирске келіп соққанда, онда тұрған адамды селдің қалай лақтырып жібергенін көрдім. 
– Өзендегі көпір қирамай тұрып, кету керек, – дедім. 
Косыгин тапжылмай қатып қалған. Мына сұмдық оны арбап тастағандай. Мен әр секундтың қымбат екенін айтып жатырмын. Оның үстіне қажетті құтқару шараларын ұйымдастыру керек. Көпірден өткеніміз сол еді, сел оны да опырып әкетті», – деп жазды Д.А. Қонаев. 
Өкінішке қарай, сол селде көптеген адам да құрбан болып, өзен жағасына жақын орналасқан ғимараттарға да зор зарар келеді. Зарар көрген ғимараттар қатарында сол кездегі Есік автотресінің кеңсесі де бар еді.  
Қазақ «әр жамандықтың бір жақсылығы бар» дейді. Ендігі жерде жаңа автотрестің директоры жаңа ғимарат салуға қолайлы орын іздеп, бүгінгі «Есік медициналық колледжі» орналасқан аумақты таңдайды (Колледж ғимараты – бұрынғы автотрест кеңсесі). Алайда ол аумақта тарих және мәдениет ескерткіштері – 3 бірдей оба бар болып шығады. Заң талаптарына сәйкес, ол орынды зерттеу үшін Алматы қаласындағы ҚазКСР Тарих, археология және этнология институтына 1969 жылдың 16 сәуірінде №305 хат жазылады. Сол жылы арнайы топ жіберілгенімен жұмыстар аяқталмай, обаларды зерттеу 1970 жылға қалады. Тарих, археология  және этнология институты Б.Нұрмұханбетов (кіші ғылыми қызметкер) және А.Амандықов (аға зертханашы) атты қызметкерлерін Есік қаласына іссапарға жіберу туралы 1970 жылдың 1 сәуіріндегі №39 бұйрық шығарады. Артынша әйгілі Алтын адам табылып, 1970 жылдың 15 сәуірінде «Есік қорғанынан табылған олжаның маңызын ескере отырып, Отырар археологиялық экспедициясы есебінен  зерттеу тобын ұйымдастыру» туралы №47 бұйрық шығады. Ол топқа Б.Нұрмұханбетов топ жетекшісі болып тағайындалып, А.Амандықов – аға зертханашы, А.Паршин жүргізуші болып бекітіледі.  
Осылайша, Қазақстанның әлемге әйгілі археологиялық олжасы – Алтын адам табылды. Енді Алтын адамға байланысты бірнеше қызықты фактілерді келтіре кетсек... 
Алтын адамға алғаш қолы тиген Бекен атамызбен (археолог Б.Нұрмұханбетов) «Есік» музей-қорығында 6 жылдай бірге жұмыс істедік. Әрине, әңгіменің көбі Қазақстан археологиясы, оның мәселелері, әсіресе Алтын адам туралы болады ғой. Сонда Бекен ата Алтын адамның қалай табылғанын айтып беретін. «Әлқисса, 1970 жылы қазба жұмыстары аяқталды. Біз әдет бойынша ортасынан бастап түскен обадан ештеңе табылмады. Жол жарақтарымызды жинап, қайтуға жиналып жатқанбыз. Сол сәтте ғайыптан бір дауыс «Мына бір тұсты қазыңдар. Мына жерді қазыңдар» дегендей болды. Осылайша, жанындағы оба үйіндісі астындағы қабірден Алтын адам табылды», – дейтін. Демек, қанша мың жыл бойы сан түрлі тонаудан аман өтіп келген Алтын адам дәл сол кезеңде, қазақ халқының ұнжырғасы түсе бастаған кезде табылуды қалаған. 
Екінші бір қызық тұсы «Есік» музей-қорығы ашылған соң 2011 жылдан бастап біз Алтын адамның қаңқа сүйегін іздей бастадық. Арнайы жоба аясында бірнеше жыл бойы жүрген ізденістер оңай болған жоқ. Көңілде үміттен гөрі күдік басым. 40 жыл бойы ешбір дерегі болмаған қаңқа сүйекті табу шөмеле арасынан ине іздегенмен бірдей тірлік. «Табыла ма, табылмай ма? Сүйегі бар ма, жоқ па?» деген сұрақ көмейде көлденең тұрған сүйектей. Көбіміз үміт үзгендейміз.  Сондай күндердің бірінде Алтын адам музей-қорық директоры Гүлмира Мұхтарованың түсіне кіріп, «Мен бармын!» деп күндей күркірепті. Артынша көп ұзамай қаңқа сүйектен де хабар жетті. Әрине, қаңқа сүйек табылған соң да нақты көз жеткізу үшін отандық және шетелдік антрополог-ғалымдармен біріге отырып, бірнеше рет зерттедік. Нәтижеде «Алтын адамның құпиясы» атты жинақ (орыс тілінде) жарық көрді. Алайда ол – бөлек тақырыптың жүгі. Шамасы, Алтын адам біртіндеп өзінің құпиясын ашып келе жатқан сияқты. 
Жақында тағы бір тылсымына куә болдық. «Есік» музей-қорығы жыл сайынғы дәстүр бойынша 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай биыл да кезекті іс-шарасын өткізді. Сол іс-шараға ойламаған жерден Германияның Мюнхен қаласынан Мит Габриелла есімді турист келді. Габриелла Миттің айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын түсінде жазық далада көптеген жылқылардың арасында екі атты адамды көреді. Басына киген шошақ бөріктерінің алдыңғы бөлігінде орналасқан алтын жапсырмасы күнге шағылысып, ерекше көрініс берген екен. Оған қоса еміс-еміс әлдебір түсініксіз жазуларды да көреді. Алайда ол жазулар бұған дейін өзі көрмеген жазулар екен. Сол түсі маза бермеген Габриелла әлеуметтік желіден алтын жапсырмалары бар, биік бас киім мен әлгі жазу туралы мәліметтер іздей бастайды. Ізденіс нәтижесінде Алтын адамның суреттерін тапқанда түсінде көрген екі атты адамның айна қатесіз ұқсастығына қатты таңғалады. Әрі қарай, зерттеу жұмыстарын жалғастырып, Алтын адамға байланысты деректер жинай бастайды. Алтын адам табылған жер және оған арналған музей-қорық Алматы қаласынан небары бір сағаттық жол екенін анықтап, сапарға шығуды ұйғарады. Өмірінде естімеген, көрмеген жазық дала мен сақ ханзадасы түсіне еніп, ақыры сапарға шығуына себеп болуы кездейсоқтық емес шығар дейді өзі.   
Тылсымын пенде баласы түсініп болмас мына әлемде ештеңе де тектен тек болмайды. Әзірге Алтын адамның текті әулеттен шыққаны белгілі болғанымен, нақты кім екенінен әлі де хабарымыз жоқ. Алайда қажет деп тап­қан адамдардың түсіне кіріп, аян беріп жатқанына қарағанда, ол өзінің тылсым сырын бізге ашқысы келетін 
сияқты және ол күндер де алыс болмау­ға тиіс деп үміттенеміз.  

Досым ЗІКІРИЯ,
«Есік» музей-қорығы 
директорының орынбасары

 

267 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9298

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7369

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5111

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4493

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4457

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4416

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4153

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4145

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы