• Ақпарат
  • 09 Мамыр, 2024

Марғұланның қолжазбасы және Сырым батыр жайында

«Орталық ғылыми кітапхана» қолжазба қорында Әлкей Марғұланға қатысты 33 құжат бар. Құжаттарды ғалымның еңбектері, жинаған, тапсырған қолжазбалары деп бөліп қарастырамыз. 


Еңбегінің бірі – 661-папкада жазылған «Сырым батыр» атты зерттеу мақаласы. 1946 жылы кітапхана қорына түскен, қазақ және орыс тілінде жазылған. «Сырым батыр» зерттеу мақаласы 1783–1797 жылдардағы патша үкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтеріліс жетекшісі Сырым Датұлына арналады. Әдеби шығармаларға арқау болған сондай тарихи тұлғалардың бірі де бірегейі Сырым Датұлы – отандық тарихтағы ұлт-азаттық көтеріліс қолбасшыларының ішіндегі ерекше тұлғалардың бірі. Сырым батырдың өміріне, ол бастаған ұлт-азаттық көтеріліске арналған бірнеше еңбек пен іргелі зерттеу бар. Соның бірі де бірегейі – Әлкей Марғұлан зерттеуі. Академик Ә.Марғұлан зерттеуінде Сырым Датұлы бастаған көтеріліске «Сырымның көтерілісі – Әбілқайыр тұқымы мен патшаға қарсы күресте қазақ тарихынан ең қадірлі орын алатын көрнектісі» деп баға берген. Сырым батыр халық атынан патшаға, оның генералдарына петиция түсіріп, халықтың халінің ауыртпалығын жеткізбек болды. Бұл жайында автор: «Бұл сияқты саяси тілекті ашық айту – ХVІІІ ғасырдағы аз жұмыс  емес-ті» деп жазады. Бірақ Сырым хаттамалар арқылы айтып түсіндірудің аз екенін, одан ештеңе шықпайтынын ұқты. Көтеріліссіз ештеңе шешілмейтінін ойлады. Көтерілістің туу себебін Әлкей Марғұлан еңбегінде: «Бұл кезде хан мен патша халықты екі жақтап сорып, оларға жыл сайын төлейтін рамат, жасақ, салық деген нәрселер халықты мүлде бас көтертпеді. Оның үстіне отаршылдық талаудың өзге түрі халық бұқарасын әбден көк иық қылып, халық енді құлдық бұғаудың астында шіруге айналды. Бұлардың ішінде халықтың еңсесіне батқаны әсіресе олардың атамекен қонысын тартып алып, өздерінің бас еркіндігіне нұқсан келтіргендік еді» деп көрсетеді. Бұған қарап ХVIII ғасырдың аяғына қарай Ресей империясының отаршылдық саясатының күшеюі халықтың әлеуметтік-шаруашылық жағдайының нашарлауына алып келгенін аңғарамыз. 
Ә.Марғұлан зерттеуіне сүйенсек, Сырым бастаған халық көтерілісі ұлы күшке айналып, патша үкіметі оларды күшпен жеңіп бағындыра алмаған. Ол Сырымның қойған шартына еріксіз көніп, кеңшілік беруге келіседі. Патша үкіметі Сырымды ұстауға тоқсан түрлі тор құрса да, Сырым батыр оның бірде-бір тұзағына түспей, қазағын соңынан ертіп, оны патша үкіметіне қарсы ұлы күш қылып жұмсай алды. Ол 20 жыл бойы патша үкіметін есінен қалғысыздай тітіркентіп, қазақ даласында талай рет шаңдатты.
Академиктің келесі еңбегі – 832-папканың №4 дәптерінде жазылған, қорға 1940 жылдары тапсырылған «Батырлар жыры туралы зерттеу» атты өз қолжазбасы. Қолжазба араб қарпінде жазылған. . Қолжазбада Амангелді батыр, Едіге батыр, Орақ мамай, Қобыланды, Наурызбай – Кенесары, Байбөрі, Жанғожа батырлар жайлы қысқаша анықтама берілген. Сонымен қатар «Наурызбай – Ханшайым», «Айман – Шолпан» жырларына да қысқаша тоқталып, анықтама берген.
Сонымен бірге кітапханамыздың қолжазба қорында Әлкей Марғұланның Ақан сері, Қорқыт туралы жазған мақалалары, мәліметтері сақтаулы тұр. 1970 жылы библограф Есім Байболов жинап, қорымызға өткізген. Сондай-ақ академиктің өз еңбектерінен бөлек, экспедицияда болғанда Қазақстанның әр өңірінен жинап әкелген құжаттары бар. Соның ішінде қазақ ертегілеріне, жұмбақ, мақал-мәтелдеріне жіті көңіл бөлген. Қордағы Ә.Марғұлан жинаған ескі қолжазба – «Салсал» діни дастаны. Ғалымның көптеген ғылыми еңбегі кітап қорымызда бар. Солардың бірі – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шыққан 14 томдық шығармалар жинағы. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз Ә.Марғұланның келер ұрпаққа қалдырған сан мұрасы қай ғылым саласында болса да шаш етектен. Соның ішінде біздің кітапхана қорымызға өткізген мұралары баға жетпес. 

Ақжан ДҮЙСЕНБЕК, 
«Ғылым ордасы» 
Орталық ғылыми кітапханасының
Сирек кітаптар, қолжазбалар және 
ұлттық әдебиет бөлімінің
бас кітапханашысы 

243 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9312

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7380

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5122

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4504

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4468

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4427

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4164

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4156

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы