• Ақпарат
  • 09 Мамыр, 2024

СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ БІЛГІРІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алып, мемлекеттің өркендеуіне абыройлы қыз­мет атқарған көрнекті түлектерінің бірі – заң ғылымының докторы, профессор, Парламент Сенатының, Жоғарғы соттың, Конституциялық Кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасының бас прокуроры қызметтерін атқарған Қайрат Әбдіразақұлы Мәми.

Қайрат Әбдіразақұлы – тәуелсіз Қазақстанның сот, құқық қорғау саласында өзіндік орны бар тұлғалы азамат, мемлекет және қоғам қайраткері. 1981 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тамамдағаннан бүгінгі күнге дейін осы саланың дамуына зор үлес қосты. Іскерлік шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында еліміздегі сот жүйесі жаңа бағытта реформаланды. Қазақстандық сот саласының өзін-өзі материалдық тұрғыда қамтамасыз етіп, сот жүйесі қызметкерлерінің еркін жұмыс істеуіне, кәсіби тұрғыда мол тәжірибе жинақтауына жол ашты. 
Қайрат Әбдіразақұлы Атырау облыстық соты мен Алматы қалалық сотының төрағасы қызметтерін үлкен абыроймен атқарды. 1995 жылы Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасын басқарса, 1999–2000 жылдары Әділет министрінің орынбасары болды. 2000 жылдан бастап Жоғарғы сот төрағасы, 2009 жылдан Бас прокурор сынды жоғары лауазымды қызметтердің тізгінін ұстады. 
2011 жылы Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды. Қоғам игілігіне бағытталған жобаларды қолдап, құқықтық реформалардың нәтижелі іске асуына атсалысты.
 Одан кейін 2013 жылы Жоғарғы соттың төрағалығына келіп, еліміздің сот, құқық жүйесінің жүйелі дамуына маңдай терін төкті. Өз саласының білікті маманы атанды. 
Қайрат Әбдіразақұлының жетекшілігімен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңы, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы», «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы», «Аралық соттар туралы», «Прокуратура туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы» заңдары әзірленді. Соттардың құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелер жөніндегі Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары дайындалды. Сондай-ақ Жоғарғы соттың 2009–2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары, Сотты қалыптастыру стратегиясы әзірленгенін білеміз. Бұл – қайраткер тұлғаның сот, құқық саласын жетілдірудегі өлшеусіз еңбегінің бір парасы ғана. 
Мемлекеттік қызметпен қатар, заң ғылымының докторы, профессор ретінде ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, заң-құқық саласында мазмұнды еңбектер жазды. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың дамуына үлес қосып, бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесін және университет түлектерінің қауымдастығын басқарып келеді. Білім ордасындағы барлық игі іс-шара, ауқымды жобалар мен жаңаша бастамаларда оның айқын қолтаңбасы бар. Көптеген ғылым кандидаттары мен докторларға жетекшілік жасады. Бүгінде шәкірттері заң-құқық саласы бойынша Қазақстанмен қатар, шет мемлекеттерде де жемісті еңбек етіп жатыр. Қайрат Әбдіразақұлының іскерлік тәжірибесі, іргелі зерттеулері, тың әдістемелері қазіргі соттардың тәжірибесіне енгізілген.
Қайрат Әбдіразақұлының азаматтық болмыс-бітімі мен адами кескін-келбетіне ерекше тоқталғым келеді. Өйткені Қайрекең – айналасына қамқор, бізге адал дос, жанашыр аға-бауыр бола білген ерекше тұлға. Өмірдің сан тарау қалыптасу жолынан өтті. Десек те, студент кезімізден араластық, әлі күнге сыйластығымыз бен достығымыз, қарым-қатынасымыз бен жанашырлық ниетіміз өзгерген жоқ. Сол баз баяғы жиырма жасымыздағы қалпымыздай әңгімеміз түзу. Жас кезімізде қалай таныстық – сол ақ адал тілектестігіміз жалғасып келе жатыр. 
Қайрекең студент кезінде отбасын құрды. Ол кезеңде әрі білім алу, әрі отбасын асырау оңай болмайтын. Өйткені отау құрған студенттер, қазақ жастары пәтерде тұрды. Шаңырақ көтерген достарымыздың көпшілігі Алматының шет жағын жағалап жүрді. Соған қарамастан, ол сабақты үздік оқыды, әркез қатарының алды болды. Жоғары оқу орнын бітіріп, жолдамамен Атырауға барып, еңбек жолын қарапайым қызметкер болып бастады. Қысқа уақыттың ішінде Атырау облыстық сотының төрағасы лауазымына дейін көтерілді. Еңбекқорлығы, кәсіби біліктілігі арқасында еліміздегі ең жас облыстық сот төрағасы ретінде ерекшеленді. Бұл – қазір айтуға ғана оңай әңгіме. Ал шын мәнінде айрықша қажыр-қайратты талап ететін лауазым еді. Атырауда үлкен бедел жинады. Халық ерекше сыйлады. Кейін ол жақтан оралғанда Атырау халқы айрықша құрметпен қимай шығарып салды. Өйткені өмірлік жолы адал еңбектің арқасында қалыптасты. Елге үлгі-өнеге болды. Әділет жақтаушысы болып, мемлекет мүддесін, елдің мәртебесін қорғауда үлкен еңбек сіңірді. 
Жоғары лауазымды қызметте жүріп, адамгершілікті, адалдықты ту етті. Биік мансаппен бірге ағайын-тумаға қамқорлық танытып, досқа, әріптеске ниеттес болды. Бұл оның жылы жүрек иесі екенін көрсетеді. Өйткені үлкен ортада жүріп, айналасына қарасу, қамқорлық таныту оңай емес. Көпшілігі қызметке баса мән беріп, жан-жағына көңіл бөлуді азайта бастайды. Ал Қайрекең қандай мансапқа ие болса да, достықтан айныған жоқ, ағайын-туысқа, бауырға, тіпті көрші-көлемге қамқор бола білді. Оны жанында жүрген біз көрдік, куәміз. Ағайын-туысқа жолбасшы болды. Өз ататегіне үлкен құрметпен қарады. Тек ағайынға ғана емес, өзі туып-өскен ауылына да көп қамқорлық жасады. Музей ашты. Көзге көрінбейтін жақсылықтар жасады. Бар болып тұрса да, материалдық жағынан қол ұшын беру, желеп-жебеп жіберу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Кеңестік кезеңде жай қызметке тұрудың өзі қиын еді, сондай кезде талай адамға жақсылық жасағанын көз көрді. Қайрекең туған топыраққа барғанда көпшілік аяғынан тік тұрып қарсы алады, ерекше құрмет көрсетеді. 
Анасы ауылда тұрды. Әкесінен ерте айырылған Қайрекең анасына сүйеу болды. Әкесі – Екінші Дүниежүзілік соғыста Брест қамалын жаудан азат етуге қатысқан санаулы қазақтың бірі. Оқ пен оттың арасынан елге аман-есен оралып, бала-шаға өсіріп, тәрбиелеп қатарға қосты. Ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Мектеп директоры қызметіне дейін көтеріліп, елге үлкен еңбек сіңірген тау тұлғалы азамат. Анасы да өмір бойы мектепте мұғалім болды. Көзі ашық, көкірегі ояу, қарапайым адам еді. Күнделікті сол кездері шығатын «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» тағы басқа толып жатқан басылымдарды оқып отыратын. Ол кісі үнемі ұлына «пәленшенің жағдайы болмай жатыр», «түгеншенің көңіл күйі жоқ» дегенді құлаққағыс етіп жүретін еді. Ал Қайрекең сол адамдарға үнемі қол ұшын созады. Анасының сөзін екі етпейді. Осындай әке мен шешенің мықты тәрбиесін алған Қайрекең – дос­қа, ағайынға, елге қарайласатын азамат болып өсіп шықты. Осы қасиетіне барлығымыз қызығамыз. Оның қан арқылы біткен болмыс-бітімі, таным-түсінігі, орасан зор ішкі қуаты кәсіби маман болып қалыптасуына, кейінгі лауазымды қызметтерінде жетістікке жетуіне ерекше ықпал етті. Ол достарына, әріптестеріне, курстастарына да талай жақсылық жасады. 
Құдай адамға сынап бақ бергенде көп адам оны көтере алмай қалады. Ал Қайрекең қай қызметте жүрсе де, азаматтық келбетіне дақ түсірген жоқ. Бір курстасы кемтар болып қалғанда жанын салып көмек берді, оның балаларына қамқор болды. Тағдыр тәлкегімен кейбір курстастарының жары жесір қалғанда да солардың отбасына қарайласып, көмек қолын созып жүрді. Бұл да екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет.  
Тағы бір атап өтерлігі, Қайрекең өзі ақынжанды, аздап өлең шығаратын қабілеті бар-тын. Әңгіме айтқанда да әдеби тілмен жатық, шебер сөйлейді. Ақын-жазушыларды жатқа айтып отырады. Мақал-мәтелге, қанатты сөзге бейім. Жай ғана заң қызметкері емес, салауатты, салиқалы, зиялы ел ағасы. Оның тағы бір жағымды қасиеті – ол магнит сияқты, жанына жақсыларды тартады. Мен Түркия елінде көп жылдар қызмет еттім, біз осы елдің қалыптасқан атау үрдісімен бір-біріміздің атымызды атамай, «Sayın başkanım» деп бауырдай сыйластық. Әлі де солай. Біздің аралас-құраластығымызға қырық жылдай уақыт, тіпті қатар жүргенімізге елу жылға жақындап қалды. Осы жылдар ішінде бір-бірімізге дауыс көтеріп көрген емеспіз. Былайша айтқанда, шай десу болған жоқ. Мен мұны ерекше байлық деп бағалаймын. Бір-біріміздің қас-қабағымызға қараймыз, ішіміздегіні айтпай-ақ сезіп тұрамыз. Бұл –  бір-бірімізге таза ниетпен рух беретін, дем беретін қарым-қатынас. Жақын достардың біреуінің басына әлдеқандай ауыртпашылық түссе, «осылай жасап жіберейік, көмек берейік» деп бәріне телефон соғып, үлгеріп жатуы  – үлкен адамгершіліктің белгісі. Жасыратыны жоқ, көп адам жеке бастың тіршілігінен аса алмайды. Жұмысбасты бола жүріп, айналасындағыларды көзге ілмеген кейбіреулер қызметтен кеткенде жапан далада жалғыз қалғандай өмір кешіп жатқанын көріп жүрміз. Ал Қайрекең қай уақытта да төңірегіндегілерді түгендеп жүрді. Сол қасиетіне біз дән ризамыз. Бұл – оның адамгершілік қасиеті, сөзсіз қарапайымдылығы, көрегендігі. 
Бүгінде Қайрекең отбасына, ­ағайын-туыс, дос-бауырларына көбірек көңіл бөліп жүр. Бос уақытында тау шаңғысын теуіп, гольф ойнап, атқа мінгенді ұнатады. Ол – аяқастынан ерекше отырыс ұйымдастырудың хас шебері. Біз, достары, мұндайда мәре-сәре болып қаламыз. Қайрекеңнің салиқалы әңгімесінен рухани күш аламыз. Содан болар, ертесіне тың жүреміз, жұмысқа шаршамай келеміз. Қандай жағдайда да, қуанышта да, жұбанышта да артымда арқамды сүйейтін, сенетін досым бар деп айта алуыңның өзі бір ғанибет емес пе?! Осындай көркем ой, алғаусыз сыйластық, ерекше құрмет бойымызға күш береді. Алға жетелейді. Қайрекеңнің қанмен сіңген мәдениеттілігі, айналасымен әдепті түрде қарым-қатынас жасауы үйренуге, үлгі алуға тұрарлық қасиет. Ұқыптылығы, тиянақтылығы, кірпияздығы өзіне жарасып тұрады. Мұндай болмыс-бітім азаматтың жеке тұлғасын асқақтата түседі. 
Қайрат Әбдіразақұлы – төккен маңдай тер, жиған ілім-білімі мен адал еңбегінің арқасында жұлдызы жанған азамат. 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, 
әл-Фараби атындағы 
Қазақ Ұлттық университетінің 
Басқарма төрағасы – ректоры 

 

1106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы