• Ақпарат
  • 09 Мамыр, 2024

Елін сүйген ердің еңсесі биік

* А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы Фидел Кастроның  сүйікті кітабына айналған. Одан «Екінші Дүниежүзілік соғысының мықты жауынгері кім?» деп сұрағанда  «Волоколамск  тас жолы» кітабындағы басты кейіпкер Бауыр­жан Момышұлы деп жауап берген. Кейін Бауыржан Момышұлы Кастроның шақыруымен Кубаға арнайы барып қайтқан. 
* Финляндияның курсанттық академиялары «Волоколамск  тас жолы» кітабын оқыған. 
* Қытай Коммунистік партиясының мүшелері үшін де оқуға міндетті кітаптар тізіміне енгізілген.
* 1963 жылы «Волоколамск  тас жолы» кітабы ГДР армиясы офицерлерінің білім беру бағдарламасына енгізілген. 
*Ал латынамерикалық революционер Че Гевара Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» повесін өзінің үстеліне қойып, оны үнемі өзімен бірге командирлік сөмкесінде алып жүреді екен.
Мұның барлығын неге айтып отырмыз? Өйткені бұл ұлттық патриоттық рухты бойына сіңіріп, қазақтың  қайсар мінезін әлемге танытқан  Бауыржан Момышұлыдай болар өскелең ұрпақ көбейсе» деген ниеттен туындап отыр. Ал қазір жастарға отаншылдық тәрбие қалай беріліп жатыр? Ұлттық рух қаншалықты насихатталады? Бұл жөнінде бөлімшеде жас сарбаздардың тәрбиесімен тікелей айналысып жүрген әскери бөлім қызметкерлерінің өзінен сұрап көрдік.

 

Мадияр Дүйсенбек, №3650 әскери бөлімінің атқыштар ротасының рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, аға лейтенант:

 

Әскерге дайындықпен келген дұрыс

 

– Әскери өмірге келудің алдында Қазақстан Республикасының азаматы, әрбір қызметші «Отан алдындағы борышымды өтеймін» деген сезіммен, арнайы дайындықпен келуі керек. Ал әскери салада үздік қызмет атқару әр адамның ата-анасының берген тәрбиесіне байланысты. Отан отбасыдан, тәрбие ананың ақ сүтінен басталады. Өз қызметін абыроймен атқару – әрбір әскери қызметші үшін мәртебе ғой. 
Бізде  әскерге жылына екі рет шақырылым болады. Бірі жазда, екінші сарбаздар легі қыста, желтоқсан айында келеді. 
– Сарбаздарға патриоттық рух жайлы сабақтар жиі өткізіле ме?
– Әрине! Әскерде жүрген әрбір сарбаз мемлекеттік құқықтық дайындық сабағынан өткізіледі. Ол пәнде әр сарбазға Отан алдындағы борышын өтеудегі міндеті, патриоттық сезімін оятатын сабақтар жүргізіледі. Сонымен қатар жеке тәрбие жұмыстары да  күнделікті жүргізіліп отырады. Ең бірінші кезекте, негізінен, Ұлттық Ұланның әскердегі рөлі жайлы айтылады.  «Ұлттық Ұланның заңы» деген кітабымыз бар. Онда әрбір әскери қызметкердің міндеті, парызы, мақсаты айқын көрсетілген. Барлығы сол жарғы  бойынша қызмет атқарады. Ал біздің бөлімнің қызметі – маңызды мемлекеттік нысандарды күзету және  қорғау. 
Біз үшін басты мәселе – ең бірінші әскери тәртіпті сақтау. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының сөзімен сарбаздарды патриоттық рухта тәрбиелейміз. Сондай-ақ партизан жауынгер  Қасым Қайсенов, қазақтың басын қосқан Абылай хан мен ұлттың қайсар батыр­ларының ерлігін үлгі етеміз. Ең бастысы, аты аңызға айналған қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлігін, қанатты сөздері мен нақылын сарбаздарға насихаттап жүрміз. Әсіресе Мәскеу түбіндегі шайқастағы Волоколамск тас жолындағы ерлігін жиі еске түсіреміз. «Соғыс психологиясы», «Волоколамск тас жолы», «Мәскеу үшін шайқас» кітаптарын  оқу құралы ретінде оқытып жүрміз.  
Жалпы, әскердегі сарбаздардың патриоттық  деңгейін олардың өз ісіне деген жауапкершілігі арқылы білеміз. Шүкір, сарбаздарымыз өз ісіне өте мығым. Біз  нұсқаулық сабақтарын тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Жауынгерлік қызметтен бұрын, тәрбие жұмысын үнемі жүргіземіз. Әр әскери қызметкер өзінің Отан алдындағы борышын өтей алатындай жағдайда болуы керек, сарбаздардың рухын көтеруге жұмыс істейміз. Аталған тәрбие жұмысы аптасына екі рет, жауынгерлік қызметтегілерге тәрбие жұмысы күнделікті өткізіліп тұрады. Сонымен бірге тәрбие жұмысынан бөлек, «ақпараттық сағат» деген бар. Бұл сағатта олардың әрбіріне елде, әлемде болып жатқан саяси-ақпараттық  жаңалықтың барлығынан хабардар етеміз.  

 

 

Дәулет Төлегенов, №3650 атқыштар ротасының 1-взвод командирі, лейтенант: 

 

Біз үшін абыройлы міндет
 

 

– Сарбаздардың бір күндік жұмыс кестесі қандай? 
– Сарбаздар таңғы алтыда ұйқыдан тұрады. Қазір әскерде жаңаша, дағды. Сарбаздарымыз ұйқыдан тұрып, дене шынықтыруға шыққанша 10 минуттай беріледі. Таңғы асымыз, дене шынықтыру, өздерінің жеке қажеттіліктеріне бөлінген уақыт, жеке бұйрық алу, таңғы таралым бар. Сосын таңертең сағат 09:00-ден түскі 12:50-ге дейін сабақ өткізіледі. Одан кейін 13:00-ден бастап 13:20-ға дейін  түскі ас, әрі қарай 15:00-ге дейін тағы сабақ болады. Содан соң өздерін қарауға арнайы уақыт беріледі. 19:00-де кешкі ас. Кешкі 22:00-де ұйқыға жатады. Сенбі-жексенбі күндері сабақ болмайды, сарбаздар демалады. Теледидар көру, ата-анаға хабарласу сияқты өз істеріне көңіл бөледі. Кейде оларды театрдағы қойылымдарға, киноға алып барамыз. Ол жерден топ-тобымызбен шығып бара жатқанда көшедегі кішкентай балалар келіп «Ассалаумағалейкум» деп амандасып жатады. Баланың көңілін қалдырып, өтіп кете алмайсың, біз де қол беріп амандасамыз. Балалар «Әке, қараңызшы! Мен де осындай болғым келеді» деп мақтанышпен айтып жатады. Жалпы алғанда, біз де, сарбаздар да ел тыныштығы үшін қызмет етеміз. Бұл – біз үшін абыройлы міндет.
Әскери салада қызмет атқарып жүргеніме жеті жыл болды. Кейінгі жылдары «ел қорғау бағытындағы қызметімізді жалғастырамыз» деушілердің қатары айтарлықтай көбейгені қуантады.

 

 

Ермек Тұрғанбаев,  №3650 атқыштар ротасының взвод сержанты жауынгерлік даяр­лық жөніндегі нұсқаушы, аға сержант:  

 

Отанға қызмет ету – парыз
 

 

– Аптасына алты күн, күніне сегіз сағат сарбаздармен тікелей жұмыс істеймін. Жалпы, он сегіз жасқа толған жас баланың Отан алдындағы борышын атқару тікелей міндеті деп ойлаймын. Өйткені бұл – өз Отанымыз, ата-бабамыздан мұраға қалған еліміз бен жеріміз. Сол сый­ды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Біз Отанға қызмет ету арқылы елімізге, туған-туыс, ағайын, жақындарымызға да қызмет етіп жатырмыз деген ойдамын. 
Айта кетер бір жайт, өскелең ұрпақ қазір ата-ананың тәрбиесінен бөлек, ғаламтор арқылы да қосымша ақпарат алады. Бұл баланың тәрбиесіне өзгеріс әкелуі мүмкін. Сондықтан батыр бабаларымыз­дың ерлігін насихаттайтын кино түсіріліп, балаларға мультфильмдер жасалса, жаһандық жағымсыз ақпараттарға төтеп берер үлкен тосқауыл болатын cияқты. Мұндай құндылықтар сарбаздың Отанына деген сүйіспеншілігін оятады, олардың ойын түзейді. 
Бізде өзіміздің күн тәртібіміз бар. Соған сай тәрбие сағаттары, ақпараттық жұмыстар, әртүрлі бағыт бойынша халық қаһармандарын таныстыру сияқты жұмыстар жүргізіледі. Сарбаздарға өмірде, айналамызда болған нақты мысалдарды келтіреміз.
– Қандай нақты мысал келтірер едіңіз?
– Ол – көпке ерлігімен үлгі болған Ербол Отарбаев. Ол түзету мекемесінен сотталушылар қашқан кезде өз міндетін толық орындап, тойтарыс берді. Тіпті осы оқиғаға қатысты 2018 жылы «Алтыншы бекет» атты кино да түсірілді. Сол сарбаздан «Ұлттық Ұланның ең бірінші қаруы не?» деп сұрағанда «қырағылық» деп жауап берген. Біз көбіне бір өзі талай қарсыласқа төтеп берген батырлар жайлы аңыз, қиял-ғажайыпты ертегілерден оқимыз. Бірақ ондай оқиға өмірімізде де болып жатыр ғой. Нағыз қас батырлар өз ішімізде жүр. Ербол Отарбаев – 21 қашқынды жалғыз тоқтатқан жауынгер. Бүгінгінің батыры жайлы бұл фильмді «Хабар» агенттігі еліміздің Ұлттық Ұлан және «Аю синема» компаниясымен бірігіп түсірді.  Оқиға былай болған. 2010 жылы Отан алдындағы  борышын өтеп жүрген Ербол Отарбаевтың қызметтік бекеті болған Ақтау түрмесінен 21 жазасын өтеуші қашпақ болады. Сол кезде жас сарбаз Ербол жалғыз өзі сол 21 қашқынға қарсы тұрады. Мұндай көзсіз батырлық кез келген адамның қолынан келмесі анық. Одан кейін батыр сарбазымыз Президенттің атынан марапаттар алып, Жоғарғы әскери институтқа түсті. Қазір ол Ұлттық Ұланда офицерлік құрамның қатарында қызметін жалғастырып жатыр.  Батыр сарбаз  туралы бұл фильмді ел біледі. 
Сарбаздарымыз жайлы түсірілген «Қазбат» көркем фильмінде 1995 жылы көктемде тәжік-ауған шекарасында болған оқиға баян­далады. Сол жылы 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында ішкі әскердің 7-ротасы жау тарапының аяқасты жасаған шабуылынан бас бұра алмастай, от пен оқтың ортасында қалады. Шайқаста жау күші басым болып, ұрыста 17 әскер оққа ұшады, 33-і жараланады. Қарсы тараптан шабуылдағандар Тәжікстан шекарасына өтуді жоспарлайды. Осы тұста қазақ сарбаздары жойқын тойтарыс беріп, бес сағаттық ұрыстан  соң, бүлік салушылар артқа шегінуге мәжбүр болады. Бұл кескілескен соғыста сарбаздарды басқарған отставкадағы аға лейтенант Қайратбек Сәтбаев еді.
Жалпы, біздің тарихымыз өте бай. Өмірде қаншама батырларымыз өтті.  Олардың ерлігі аңыз. Міне, солар жайында және қазіргі оқиғалар желісімен отаншыл рухта тәрбиелейтін кинолар көбейсе, керемет болар еді. Батыр рухты ұрпақ тәрбиелесек, нұр үстіне нұр емес пе?! 
Тағы бір орын алған оқиғаны айта кеткім келеді.  Сарбаздар жаттығатын атыс алаңында гранатаны лақтыру барысында бір сарбаз сасқалақтап қалады. Лақтырған гранатасы жақындау қауіп төндіретін аумаққа түседі. Жарылғыш зат сарбаздың өзіне қарай домалап келе жатқан кезде полковник Қанат Үмбетов оны өзінің денесімен жауып қалады. Шүкір, ол кісі қазір аман-есен, қазір Ұлттық Ұланның бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтары жөніндегі орынбасары жұмысын атқарады. Әскери шені – генерал-майор. Ол өз ерлігі арқылы сарбаздың өмірін аман сақтап қалды. Граната жарықтары генералдың денесінің бірнеше жеріне қадалған. Міне, ерлік осылай аяқ астынан, тосын шешім арқылы жасалады. Сардар да, сарбаз да кез келген нәрсеге дайын болуы қажет. 
Қазір әскерде әлімжеттік, бірін-бірі ұрып-соғу сияқты жағымсыз нәрселер жоқ. Кейбір ата-ана баласын әскерге жіберуге уайымдайды. Оларға қазіргі уақытта бәрі бақылауда дегім келеді.

Элеонора Әзіржанова

1003 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10629

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5447

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5098

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4458

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4425

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4240

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3013

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2967

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы