• Ақпарат
  • 09 Мамыр, 2024

ТАСҚЫННАН СОҢ ДА ӨМІР БАР

немесе Төтенше жағдай жарияланған өңірлерге көмек көрсетіле бастады

 

Биылғы көктем табиғаттың тосын мінез көрсетуі оп-оңай екенін тағы бір дәлелдеді. Көктем туа сай-саладан ағылған су елді мекендердің бірқатарын жайпап өтіп, егістік пен мал жайылымдарын, дала жануарының тіршілік аймағын да едәуір бүлдіріп, арықтар қазу мен су қоймаларының жай-жапсарын үнемі қадағалап отыру мәселесін де өзектендіре түсті. 

 

Қазіргі ахуал қандай?

Су ресурстары және ирригация минис­трлігінің хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысының төрт ірі су қоймасы 92% толған. Бұл өңірдегі су қоймасының барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 100% толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Батыс Қазақстан облысында су тасқыны кезеңі қаупі әлі де сейілмесе, Ақмола өңірінде су тасқынының белсенді кезеңі аяқталған. Астананың қорғаныс бөгетінен Есіл өзеніне тәулігіне 4,32 млн текше метр су жіберіліп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы да 100% толы. Есіл өзеніндегі су тасқыны қаупі әлі де бар. Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 96%. Екі нысан да штаттық режімде жұмыс істейді. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтіп кеткен. Қазір жағдай біршама тұрақталған. Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші – 83%. Бұл өңірде де су тасқыны қаупі толық сейілді деп айтуға болмай тұр. Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 99% толған. Аймақта су тасқынының белсенді кезеңі аяқталып, жағдай біршама жақсарған. Қос­танай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 92%. Су қоймаларын «Қазсушар» мамандары тұрақты бақылауға алған және су шаруашылығы жағдайының мониторингі жалғаса бермек. 
Атырау облысында Жайық өзені су деңгейіне мониторинг, су басқан үйлерден су сору жұмыстары тәулік бойы жалғаса береді. Атырау қаласында және Құрманғазы ауданында ұзындығы 345 км бөген салу жұмыстары да тоқтамайды. Сонымен бірге Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында су басқан аумақтардан су сору жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жалғасып, құтқарушылар Қызылжар ауданының Прибрежное ауылының тұрғындарына азық-түлік апарып, тұрғындарды барар жеріне жеткізу жұмыстарын қолға алған. Қостанай облысы ТЖ департаментінің күштері мен құралдары Петропавл қаласының Подгора шағын ауданында су тасқынына қарсы жұмысқа кірісті.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 11 467  адам, 1 291 техника, 328 су сору құралы және 69 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылған.

Жиналған су қайда жіберіледі?

Еліміздің бірқатар аймағын су басқанымен, басқа өңірлердің сусап отырғаны да жасырын емес. Су қоймаларына жиналған тасқын су ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану үшін қажет. Мәселен, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдеріне 839 млн текше метрден аса тасқын суы жіберілді. Кеңгір су қоймасынан жіберілген су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне жеткен.
Кеңгір су қоймасынан 307 млн текше метр су, Жезді су қоймасынан 81 млн текше метр су жіберілді.
Мұны  Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева да растап отыр: «Қазір Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинағаны байқалады. Бұл өңірдің ауыл шаруашылығына жағымды әсер етуге тиіс. Жиналған су одан әрі облыстағы күріш алқаптарына жіберіледі», – деді.

Баспана мәселесі не болмақ?

Тасқын су салдарынан ТЖ жария­ланған аймақ халқының бірқатары үй-жайынан, мал басынан айырылғаны туралы деректі газетімізге осыған дейін де жаздық. Республика бойынша 9 660 тұрғын үй мен 3 213 аула аумағынан су бағыты бұрылып, су сорылды. Соның нәтижесінде 50 670 адам өз үйіне оралып, 5 436 адам уақытша орналасу пункттерін паналап отыр. Үкімет шығынның орнын есептеп, өтемақы да төлеп бастады. Дегенмен үй-жай, баспана мәселесі халықтың айрықша назарында тұрғанын да айта кету парыз. 
Күні кеше ғана вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен су тасқыны салдарын жою бойынша кеңес өткізді. Кеңеске бизнес өкілдері – «Verny Capital» ЖШС бас директоры Айдан Ақанов және «Integra Construction» ЖШС басшылығы Андрей Ким мен Құдрат Шамиев қатысты. Бұл компаниялар басқа демеушілермен бірге, аймақты қалпына келтіруге атсалысады. 
Ақмола облысында барлығы 1 817 үй су астында қалған. Оның 359-ы апатты деп танылған, қалған баспана жөндеуге болатын үй-жай санатына жатады.
«Өңірдегі үйлерді жөндеу мен салуға барлығы 10,5 млрд теңге қажет. Оның 5 млрд теңгесін  Kaspi Bank, 1 млрд теңгесін RG Gold компаниялары бөледі. Алдағы уақытта шамамен 4 млрд теңге табу қажет. Әкімдіктің алдына 15 тамызға дейін су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысының барлық тұрғыны жөнделген және жаңадан салынған немесе сатып алынған үйлерге кіруге тиіс деген міндет қойылды. Жұмыс кестесі бар, мердігерлер анықталып, барлық тиісті қаражат бөлінетін болады», – дейді вице-премьер Қанат Бозымбаев.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды су басқан аймақтардан көшіру үшін Атбасар ауданының Атбасар қаласында 45 пәтерлі екі тұрғын үй салу жоспарланған. Оған қоса Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 жеке үй салынады.
«ТЖ режімі жарияланған өңірлерде: Көкшетауда – 89, Жарқайың ауданында – 27, Есіл ауданында – 22, Астрахан ауданында – 34 және Жақсы ауданында 10 дайын пәтер мен үй сатып аламыз. Қауіпсіз аймақта барлығы 182 үй сатып алу жоспарланған», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Ақмоладағы басқосудан соң вице-премьер Қанат Бозымбаев, BI Group холдингінің акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, «Верный Капитал» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Дәурен Өтемұратов пен «Қазхром» ТҰК» АҚ (ERG компаниялар тобы) бас директоры Сергей Прокопьев Ақтөбе облысына барып, өңірдегі жағдаймен танысты.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, өңірде жағдай тұрақтанған, өзендердегі су деңгейі төмендеп келеді. Ырғыз, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би аудандарында және Ақтөбеде жергілікті деңгейде ТЖ режімі әлі де сақталып отыр. Барлығы 4 600 тұрғын үй тасқын судан зардап шеккен. 1 мыңнан аса үй мен саяжай тексеріліп, оның 641-і жөндеуге жатпайтыны анықталды.
BI Group холдингі Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында 40-қа жуық үй салуға кірісті. Компания Ақтөбе қаласында баспанасыз қалғандарға 34 пәтер де сатып алмақшы. Жұмысты тамыздың ортасында аяқтау жоспарланды. Бұл мақсатқа компания 2 млрд теңге бөлді.
«Су тасқыны кезінде апатқа қарсы күреске барлығы 5 млрд теңге бөлдік, оның 2 млрд Ақтөбе облысына бағытталады», – дейді Айдын Рахымбаев.
Қобда ауданында қосымша 150 тұрғын үй салуға, сондай-ақ Ақтөбе қаласында және облыс аудандарда 269 пәтер мен үй сатып алуға «Верный Капитал» компаниясының негізін қалаушы Болат Өтемұратов­тың жеке қоры демеушілік етеді.
«Ақтөбе облысына 11,5 млрд теңге бөлінеді. Өткен аптада Әйтеке би ауданының Жүргенов ауылында жаңа үйлер сатып алына бастады. Алғашқы бес үй зардап шеккендерге берілді. Осы аптада тағы 15 үйді тапсыру ойда бар», – деді Дәурен Өтемұратов.
ERG компаниялар тобы Ақтөбе өңіріне шамамен 15 млрд теңге бөледі. 
«ERG барлық кәсіпорны су тас­қынының салдарын жою үшін қолдан келгенше көмек көрсетеді. Компаниялар тобының акционерлері қалпына келтіру жұмыстары үшін шамамен 40 млрд теңге бөлді. Ақтөбе облысында біздің компаниялар төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап жергілікті атқарушы органдармен белсенді қызмет етіп жүр. Техника беріп жатырмыз, сонымен қатар еріктілеріміз де белсенді көмектесіп жатыр», – деді Сергей Прокопьев.

Біржолғы көмек те басты назарда

Вице-премьер Қанат Бозымбаев халықпен кездесу барысында Ақтөбе облысындағы жалпы ахуал, залалды өтеу және тұрғын үйлерді қалпына келтіру мәселесін айтып берді. 
Атап айтқанда, жалпы сомасы 877 млн теңге болатын 100 АЕК мөлшеріндегі алғашқы біржолғы көмек 2 700 отбасыға көрсетілді. Жоғалған не бүлінген мүлікті өтеу шеңберінде 344 отбасыға 600 млн теңге төленді. Қалған зардап шеккендерге қаражат жақын арада толық төленеді.
«Су тасқынынан келтірілген залалды жою үшін жергілікті бюджеттен 7,8 млрд теңге қарастырылған. Алайда тұрғын үй қорынан басқа 136 шақырым жолды, 15 көпір мен 23 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруіміз қажет. Елімізге белгілі ірі кәсіпкерлер көмек қолын созды. Ақтөбе облысына үш компанияны бекітеміз. BI Group, «Верный Капитал» және «Қазхром» бірлесіп, өңірге тұрғын үй салуға, сатып алуға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге шамамен 28 млрд теңге бағыттайды. Тұрғын үй салу үшін әкімдік 26 мердігерді анықтады, қазіргі уақытта 63 үйдің құрылысы жүріп жатыр», – деді вице-премьер Қ.Бозымбаев. 
Ырғыз ауданында 54 үй салуға тағы 1,5 млрд теңге «Қазақстан халқына» қорынан бөлінеді.
Сондай-ақ жергілікті билік облыстың жол және инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңғыртуы керек. Бұл мақсаттарға Үкімет резервінен қаражат бөлінеді. Вице-премьердің тапсырмасы бойынша автожолдарды, көпірлер мен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары шілде айында аяқталуға тиіс.

Э.Ыбырайқызы

958 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9312

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7380

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5122

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4504

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4468

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4427

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4164

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4156

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы