• Ақпарат
  • 09 Мамыр, 2024

Кітап рухани айналымда болуы керек

Әлия Бөпежанова,Жазушылар одағының хатшысы, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері білім бұлағы – кітапқа ерекше маңыз беріліп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда айтқандай, «кітап оқитын зиялы ұлтқа айналу» мәселесі мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілген кезге куә болып отырмыз. Бұған көзіқарақты жұртшылық, қаламгерлер қауымы өте қуанышты және өз тарапынан үлес қосып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлағандай, еліміздегі «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы – өте жақсы бастама және кеңінен қолдау табатыны анық. 

 

Біздің буында білімге деген құштарлық ерекше болды. Кітап – үлкен байлық. Біздің үйде әкем жинаған  кітапхана да бай еді. Студент кезімнен мен де кітапты таңдап-талғап жинай бастадым. Кейін қызметке тұрғанда Мәскеуге, Лениград, Балтық, өзге де елдерге жиындар мен фестивальдарға барғанда қыз-келіншектер зергерлік дүкендерді аралап кетеді, мен жігіттермен кітап дүкендерінде жүремін, небір іздеген кітаптарымызды сатып аламыз. Букинистен букинист қоймаймыз.
Бірте-бірте өте үлкен де бай кітап­хана жинадым. Өтежан Нұрғалиев, Сағат Әшімбаев ағалармен қазіргі Гагарин даңғылы мен Жамбыл көшесінің қиылысында жексенбі күндері болатын Кітап базарына саяхаттарымыз да бөлек әңгіме. Кітапханам өзіме ғана емес, бауырларыма, дос-жарандарыма да жақсы қызмет етті. Ал, енді сол бай кітап­ханамнан өзіме аса қажет дегендерін ғана қалдырып, өзім оқыған, уақытында қажетімше пайдаланған кітаптарымды фокус группа-группамен кітапханаларға сыйлап келе жатқаныма көп жылдың жүзі болды. Алғашқы кітап сыйлау акциям 1994 жылдан басталды.  Созақтың Шолаққорғанында Асқар Сүлейменов оқыған мектепке 1994 жылы оның есімі берілді. Алғаш рет сол жылы осы мектепке өз кітапханамнан шағын кітапхана сыйладым, содан кейінгі сапарларымда да мектеп оқушыларына қажет-ау деген кітаптарды жеткізіп жүрдім. 
Осы тұста айта кетейін – Асекеңнің кезінде бай кітапханасы болыпты… Бірақ кейін кітапхана жинамады. Асекең кез келген мықты деген кітапты өзінікі болсын, өзгенікі болсын, оқып болған соң, осыған қажет-ау деген адамға беріп жіберетін. Мысалы, маған оқуға берген алғашқы кітабы – Поль Валеридің «Об искусстве» деген мұқабасы қоңыр сарғыш жұқалтаң кітабы. 1934 жылы Мәскеуден жарық көрген ол жинақты кезінде Асекеңе Ғабит Мүсірепов сыйлапты. Мен «Асеке, өз кітаптарыңызға сөз жоқ, ал өзгелерден алған кітабыңызды иесіне қайтармайтыныңыз ыңғайсыз емес пе?» дегенімде, «оқылған кітап сөреде босқа жиналып тұрғаннан не шығады» деуші еді. Ол кезде, шыны керек, онша түсінбейтінмін. Кейінірек, қанша қисынсыз болса да, осы қарекеті «кітап жансыз тауар болып сөреде тұрғанша, рухани айналымда жүруі, адамға қызмет етуі қажет» деген қағидасы екен ғой деген ойға келдім. Әрине, бұл жұрттың бәрі осылай жасасын деген сөз емес. 
Келесі шағын акциям – қызымыз Әсмә оқыған Алматыдағы мәртебелі №15 гимназияның бастауыш сынып оқушыларына қажет-ау деген кітаптардың үлкен топтамасын беруім. 
Өзімнің ұшқан ұям – Сарысудың Саудакентіндегі бес жасымда кітапханасына жазылып кітап алып оқыған Байқадам мектебіне Қазақ энциклопедиясының жаңа 10 томдығынан бастап басқа да анықтамалықтар, энциклопедиялар, тарихи, көркем, небір мықты, өте көп кітап, әрине, өз жинақтарымды да сыйладым. Мүмкіндігінше «Мәдени мұра», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының кітаптарымен, әлемнің алты тіліне аударылған «Қазақ прозасының антологиясы», «Қазақ поэзиясының антологиясы» тағы басқа да кітаптармен толықтырдым. Кітапхана меңгерушісінің айтуынша, пайдасы тиіп жатыр. Мектеп кітапханасында «Әлия Бөпежанованың кітапханасы» деп арнайы сөрелер қойылыпты. 
Кітапханамның ең үлкен бөлігін Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясына 2012 және 2020 жылдары (Академияда он бес жыл дәріс оқыған едім) сыйға тарттым. Оның ішінде сонау Вазари, Шекспир, Фрэзерлерден, бергі С.Далилерден бастап бейнелеу өнері, театр, кино, философия салаларына қатысты да көп бағалы кітаптар бар. Академияның біраз ұстазы «Сізге рақмет, біз таба алмай жүрген қандай мықты кітаптар сыйлағансыз» деп риза болды. Өзім оқыған тамаша сериялық зерттеулерді, ғылыми-танымдық кітаптарды, 10 томдық Түсіндірме сөздікті, классикалық шығармаларды біраз талантты жастарға бірнеше дүркін қуана-қуана бердім, олар да қуана-қуана алды. 
Жұмысыма қажет болады деп кітаптарды қолда ұстап отыратын ғалымдардың жөні бөлек, ал кей-кейде босқа сіресіп тұрған жеке кітапханаларды көргенде кітаптарға жаным ашиды. (Өкініштісі, сөз инфляциясын бастан кешіп отырмыз. Бүгінде кітап шығару онша қиын емес. Қорегі аз кітаптар тасқынын айтпағанда, мықты қағаз, глянцтармен шығып жатқан небір кітаптар, отбасылық, әулеттік альбомдар тасқыны... Қағазға обал, табиғатқа қаншалықты обал!) Мұның барлығы - мақтан үшін емес, кітаптың рухани айналымда жүруі өте маңызды екеніне ерекше мән беретінімді айтқым келгені. Мүмкіндігінше кітап сыйлауды жалғас­тыра бермекпін. Мұндай қарекеттегі қаламгерлер қатары аз емес. Баспалар да кітапханаларға, жоғарғы оқу орындарына қаншама кітаптар сыйлап келеді.  
Кеңірек аядан қарастырғанда Жазушылар одағы басқармасының ұйымдастыруымен қаланың біраз кітап­ханасына, әсіресе Монғолия, Қытай, Ресейдегі қандастарымызға көптеген кітап жөнелтілгенінен жұртшылық жақсы хабардар. 
Ендігі фокус группа – Ауыл кітапханалары. Қандай жақсы идея! Жазушылар қауымы «Ауыл кітапханасына 100 кітап» акциясын барынша қолдайтыны сөзсіз. Тіпті жер-жерлердегі ауыл кітапханаларына 100 кітаптан апарып, ауылдардың кітапханаларында немесе Мәдениет үйлерінде жалаулататын форматтан тыс қызғылықты да мазмұнды кездесулер, сұқбаттар өткізсе, қандай жарасымды. Бұл да кітап оқу «Степ бай степ» сәнге айналатын заманға жетудің бір тетігі болар еді. 

Алматы

1017 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9298

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7369

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5111

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4493

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4457

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4416

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4153

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4145

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы