- Ақпарат
- 09 Мамыр, 2024
Әскер – елдің қалқаны
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Әскер – елдің қорғаны. Тәуелсіз елдің өз әскері болуы заңдылық. Қауіпсіздігімізді қорғайтын, сенімді, кәсіби армия қашан да біздің елдігіміз үшін қажет. Отан қорғау – әрбір Қазақстан азаматының борышы һәм парызы. Әлемде геосаяси жағдай қазіргідей шиеленіскен сәтте біздің армияның да нығайғаны, әскери қуаттың күшейгені керек.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылғы 7 мамырда Президенттің Қарулы күштерді құру туралы Жарлығы жарияланды. Содан бері тәуелсіз елдің әскері нығайды. Келісімшартпен жұмыс істейтін кәсіби әскер қалыптасты. 7 мамыр күні Қазақстан жұртшылығы Отан қорғаушылар күнін атап өтеді.
Қазір сарбаздар сақадай дайын сапта тұр. Біз ешкімге тұтқиылдан шабуыл жасайтын ел емеспіз. Қазақстан әскері қауіпсіздік үшін, қорғанысымыз үшін қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Әскери доктринаны қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берді. Әскери доктрина бекітілді. Әскер заманауи талапқа сай жұмыс істеуге көшті. Президенттің Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды қайта даярлау туралы берген тапсырмасы қорғаныс қабілетін нығайту, қауіп-қатерлерге ден қоюдың жеделдігін арттыру мақсатынан туындап отыр. Өйткені қазір әлемде қауіпсіздікке әсер ететін әртүрлі геосаси жағдайлар мен факторлар орын алып отыр. Сақтанбасаң болмайды.
Біз бейбітсүйгіш елміз. Мұны еліміздің ұстанып отырған ішкі және сыртқы саясатынан да анық аңғарамыз. Бірақ қазіргі заманғы талаптар, жаңа қатерлер мен тәуекелдер жаңа жағдайға бейімделуге мүмкіндік береді. Сондықтын елдің әскери әлеуетін арттыру маңызды.
Бүгінде Қазақстан әскері ел тыныштығын күзетіп отыр. Бірақ біздің әскери қуатымыз қандай? Техника сапалы ма, сарбаздар сенімді ме, армия қаншалықты деңгейде заманауи техникамен қамтамасыз етілген? Сауалдың тууы заңды. Жақында «Global Firepower» сарапшылары әлем елдерінің әскери қуатының рейтингісін жариялады. Қазақстан әскери әлеуеті бойынша 145 елдің ішінде 58-орынға жайғасты. Мұнда рейтингіні анықтауда 60 мәселе назарға алынған. Атап айтқанда, елдің әскери бюджеті, әскердің саны, қару-жарақ, заманауи әскери технологиямен жарақтандырылуы сияқты критерийлер бар. Бір қуанарлығы, Қазақстан әскерінің рейтингісі жылдан-жылға жақсарып, жоғарылап келеді.
Енді дерекке назар аударсақ, қазіргі кезде елдегі әскери азаматтардың саны шамамен 77 мың. Қазақстан жылына қорғаныс саласына 2,6 миллиард доллардай қаржы жұмсайды.
Қазір Қазақстанда Қорғаныс министрлігінің құрамында 3 құрылымдық әскер бар. Олар: Құрлық әскерлері, Әуе қорғаныс және Әскери-теңіз күштері.
Әр әскери құрылымның өз тарихы бар. Мысалы, Құрлық әскерлері 2009 жылдың 20 сәуірінде, әскери-теңіз күштері 2003 жылдың 7 мамырында, әуе қорғаныс күштері 1998 жылдың 1 маусымында құрылды. Үш әскери құрылым да тікелей Қорғаныс министрлігіне қарайды. Сондай-ақ ел аумағында 20-ға тарта аумақтық қорғаныс бөлімшесі бар. Бұл барлық облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қаласында орналасқан. Міндет ортақ, барлық әскери құрылым да елдің тәуелсіздігін, территориялық тұтастығын қорғайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «айбынды армиямыз – елдегі тұтастық пен тыныштықтың мықты қалқаны» екенін айтты.
– Қуатты әскеріміз бейбітшілік пен берекелі өмірді қас қақпай күзетіп тұр. Олар қай кезде де қастерлі Отанымызды қорғауға дайын. Біздің әскери қызметшілеріміз БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жоғары деңгейдегі жауынгерлік машығын көрсетіп келеді. Жуырда Қазақстан Голан жоталарындағы миссиясын дербес орындау жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мандатына алғаш рет ие болды. Соңғы жылдары әлем елдерінің әскери қуаты туралы рейтингідегі орнымыз едәуір жақсарды. Бұл әскеріміздің дайындығы жоғары екенін әрі үйлесімді әрекет ететінін білдіреді. Қазақстан жер-жаһанға өзін бейбіт ел ретінде танытты. Біз барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнаттық. Кез келген шиеленісті сындарлы диалог арқылы шешу керек деп есептейміз. Бірақ арқаны кеңге салып, қамсыз отыруға болмайды. Қуатты әскеріміз түрлі қатерге сақадай сай тұруға тиіс. Мықты әскер – елдіктің тірегі, – деді Президент.
Әскерилер арасында жиі айтылатын қағида сөз бар: «Жаттығуда қиын болса, шайқаста оңай болады». Біздің жауынгерлер қазір ел ішінде және халықаралық оқу-жаттығуларда жеңімпаз атанып жүр. ТМД елдерінің арасында өтетін әскери ойындарда бірнеше рет көш басынан көрінді. Қазір Қазақстан сарбаздары «Шығыс», «Батыл Тойтарыс», «Айбалта», «Көкжал» республикалық ауқымды оқу-жаттығуларымен қатар, «Бұзылмайтын бауырластық», «Бейбіт миссия», «Іздеу», «Казинд» секілді халықаралық өзара іс-қимыл іс-шараларына белсенді қатысады.
Әскери кадр мәселесінде тапшылық жоқ, бар мамандар өзімізде дайындалады. Қазір Қазақстан Қарулы күштер қатарына мамандар даярлайтын 3 институт және бірнеше колледж бар. Аталған оқу орнын бітірген жас түлектер бірден әскери бөлімшелерге жұмысқа қабылданады. Сондай-ақ шетелдің бірнеше әскери оқу орнымен жасалған халықаралық келісімшарт бар. Мұнда Қазақстанның әскери қызметшілері тәжірибе алмасады, оқиды, армияның заманауи талаптарын көріп, үйреніп қайтады.
Елімізде күштер мен басқа да әскери құрылымдарды қайта қаруландыру үшін әскери өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілген. Қазір армиямыз жыл сайын жаңа техникамен қамтамасыз етіліп, жаңартылып отыр. Қазір Қазақстан Түркияның соққы жасаушы «Anka» дрондарын сынақтан өткізіп жатыр. Демек, жақын уақытта «Anka» дрондары ел әскерінің қуатын арттыратын болады деген сенім бар.
Демек, кез келген мемлекет өзiнiң қалыптасуын ұлттық әскерсiз, қауқарлы армиясыз құра алмайды. Сондықтан армиямыздың айбынды, қуатты болғаны қажет. Ал Отанды қорғау – әр азаматтың борышы, ал әскер – елдің қалқаны.
2432 рет
көрсетілді0
пікір