• Мәдениет
  • 05 Мамыр, 2011

Қамбардың “Ақсақ құланы”

d0bdd0bed0b2d0bed0b5-d0b8d0b7d0bed0b1d180d0b0d0b6d0b5d0bdd0b8d0b5Халықтың рухани қазынасына қыруар үлес қосса да есімі елеусіз кеткен тұлғалар тарихта аз емес. Солардың бірі – кезінде әміршіл һәм әкімшілік жүйенің құрбаны болып, репрессияға ұшыраған, есімі мен еңбегі еленбей келген дүлдүл күйші, қазіргі Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі, атақты музыкалық этнограф, А.Затаевичке бай ән және күй қазынамыздың бірқатар нұсқаларын жаздырушы Қамбар Медетов. Биыл туғанына 110 жыл толған күйшінің ән-күйді, жырды сүюіне ортасы, жақын туыстары, кейіннен үзеңгілес жолдастары елеулі әсер етсе керек. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың жетінші ұрпағы болып келетін Қамбар күйші жайында «оның өскен ортасының өзі қазақ даласының жағдайында кездесе бермейтін, рухани жағынан айналаға үлгі болатындай еді» деп жазады академик А.Жұбанов. Күйшінің немересі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Айжан Бердібайды әңгімеге тарта отырып, Қамбар Медетовтің тағдырлы өнер һәм өмір жолынан бір үзік сыр шертелік. Мұхиттың әнінен – Үсеннің күйіне дейін Әкесі Ерғожа өмірін халық ағарту жұмысында өткізген адам еді. Ән айтып, күй тартып, 30-шы жылдары Алматыда Радио комитеті ашылған кезде оның орындауындағы бірнеше шығарма таспаға жазылып алыныпты. Белгілі музыкатанушы, өнертану ғылымдарының докторы Б.Ерзакович «Антология казахских народных любовных песен» атты кітабында оның орындауында батыс өлкесінің «Әлеуша», «Бәкен», «Жез оймақ», «Қапияда-ай», «Күлдарай», «Мәулен» секілді әндерді жариялап, «Е.Қаратаев кәсіби әнші болмаса да, ол кісінің репертуарындағы әндерді басқа ешкім білмейтін. Даусы қоңырқай, жақсы қойылған табиғи тенор болып шығатын» деген естелік келтірген. Атақты Мұхит Мералыұлының жақын туысы болғандықтан, Қаратаевтар отбасының әндік репертуарының негізін Мұхит шығармалары құрайтын. Қамбар Медетов алғашқыда күйді әкесінен үйреніп, кейін өнерін әйелі Гүлихранның атасы, есімі Батыс Қазақстан, Сыр бойы және Қарақалпақстанға танымал Үсен төреден шыңдаған. Атақты Қазанғаптың ұстазы саналатын Үсен – Қайып ханның ұрпағы, Ақтөбе қаласының ірге тасын қалаған алғашқы қайраткерлердің бірі болғанын тарихи құжаттар дәлелдеп отыр. Қарт жазушы Ғалым Ахмедовтің айтуынша, «Үсен Арынғазиев сері адам, сыпайы кісі болған». Құдайберген және Ахмет Жұбановтардың ойынша, «Ақсақ құлан» күйінің А.Затаевичке берген нұсқасын Қамбар сол үлкен атасы Үсеннен үйренсе керек... Үсеннің тартысы нашарлап, қағатын, басатын қолдары дірілдеп, қарттық жеңіп келгенде, «Ақсақ құланның» басын ғана үлкен атасынан, қалған жағын балдызы Параудан үйренеді. «Ақжелеңді», «Арынғазыны», «8 мартты» да күйші Параудан алған. Эпикалық мұраны меңгеруде Қ.Медетовтің асқан жыршы Ә.Қостановпен, адай Қарасай жыршымен, шүрен Ізтілеу жыршымен, қабақ Пұсырман жыраумен, естек Сабыр жыраулармен таныс болып қана қоймай, оларды өзі үшін ұстаз тұтқаны белгілі. Бұл қатарда, әрине, Әкімгерей Қостановтың алатын орны ерекше. Өзінің «Замана бұлбұлдары» кітабында А.Жұбанов оның Қамбардың әкесімен жақын болғанын, Ерғожа да, Қамбар да Әкімгерей туралы көп әңгіме айтып, оның термелерінің әуенін домбырада тартып бергенін жазады. 1923 жылы А.Затаевичпен кездескенінде жиырма екі жастағы Қамбар белгілі этнографқа 19 ән және 3 күй жеткізіп жаздырады. Кітабының соңында берілген түсініктемелерде зерттеуші Қ.Медетовтің төре тұқымынан екенін, жақсы әнші, тамаша домбырашы, қазақтың халық музыкасынан хабары өте мол екендігін жазады. Қамбардың «Ақсақ құланы» Күйші Қамбар Медетовтің орындауында «Ақсақ құлан», «Боғда», «Жошыхан», «Шалқыма», «Қарасай», «Қос­тайбек», «Ел айырылған», «Қара жорға», «Алтынай», тағы басқа көптеген күйлер болғаны белгілі. Солардың ішінде мамандардың, тыңдаушылардың ерекше көңілінен шығып, жадында сақталғаны – атақты «Ақсақ құлан» күйі. Көрнекті лингвист-ғалым Қ.Жұбанов Қ.Медетовтің орындауындағы «Ақсақ құланды» М.Бөкейханов пен Ермеков нұсқаларымен салыстыра отырып, шығарманың композициялық жүйесіне көбірек мән береді. Ғалым: «...Осы күнде бізде осы күйдің жазылып алынған үш түрлі нұсқасы бар... Бұлардың үшеуі де біріне бірі ұқсамайды десе, теріс болмас еді. Өйткені бірінен-бірі соншама қашық, қашық болғанда, құрылысы, композициясы жағынан қашық. Бұл үшеудің Қамбар тартатын нұсқасы, Махамбет тартатын нұсқасы жазылған. Бәрі де бұрынғы «Ақсақ құлан» мелодиясынан теріп алынған нәрсе болса керек» деп оқушыға ой салып, сөзін жалғастыра: «Ақсақ құлан» күйінде ақсақ құлан әңгімесіндегі құланның ақсаңдаған қозғалысы суреттелген күйді ғана бөліп алып, соны ұлғайтып, соның бір өзін биге айналдырып жіберген симфонияны көреміз. Қамбардың өз нұсқасында «Ақсақ құлан» әңгімесіндегі барлық ұзақ музыкалы моменттердің басын қосып құрастырып, артығын алып тастап, қайталаған жерлерін жоқ қылып, бас-аяғы бүтін, ұзын бір симфония жасап шығарғанын көреміз. Біздің ойымызша, күйдің шығуы осы түрде болса керек...» дейді. Өзінің алғашқы этнографиялық еңбегінде А.Затаевич «Ақсақ құланның» аңызын келтіріп, сонан соң бұл күйдің Қамбардың орындауындағы ерек­шеліктеріне тоқтайды. Осы орайда ол: «...жоғарыдағы күйді жаздырушы Қ.Медетов оркестрге сұранып тұрған... екі ішекке арналған «симфониялық поэманы» керемет жақсы тартады» дей келе, күйшінің шеберлігіне таңғалып, «бір ғажабы, негізгі әуен үшінші рет биік регистрде ойналғанда, домбыра үні адам дауысына немесе үрмелі аспаптың дыбысына ұқсайды, ал екінші дауыс бұл мұңды әуенді үздік-үздік мәнермен сүйемелдеп тұрады» деп ойын аяқтайды. Күйшінің таңдай қақтырарлық виртуозды домбырашылық өнеріне таңданған жазба үлгісіндегі отандық кәсіби музыкамыздың іргетасын қалаушы композитор Е.Брусиловский еді. Бұл тұлға өзінің атақты «Қыз Жібек» операсын жазу барысында «Алты қаз» күйін іздегенде, ол күйді Қ.Медетовтен басқа ешкімнің білмейтінін, күйшіден сонымен қатар оның атақты «Ақсақ құланын» тыңдағанын жазады. А.Затаевичтің бұл күйді Қамбардан композициялық жобада ғана жазған себебін композитор күйшінің нотаға түсіруге қиын орындаушылық шеберлігімен түсіндіреді. Аталған операда маңызды драматургиялық қызмет ат­қаратын, кейін «Сары Арқа» симфониясында пайдаланған бұл күйді композитор өз тарапынан нотаға түсірген, бірақ қанша тырысқанымен, шығарманы өзі түсірген нота бойынша тартқанда, А.Затаевичтің жазуынан аса алмағанын, қайта атақты этнографтың күйді дәл орындаған түрінде жазып алмаса да, оның екпіні мен динамикасын сақтап, композициялық құры­лымына көбірек мән бергендіктен, ұтым­ды жазылғанын өз естеліктерінде айтады. «Қолының қағу күші ерекше еді...» Өткен ғасырдың 30-шы жылдары Алматыда музыкалық драма техникумы ашылып, кейін оның жанынан ұлтымыздың халық музыкасын зерттейтін кабинет және музыка аспаптарын өңдейтін тәжірибе шеберханасы бой көтеріп, бұлардың басшылық жұмысын А.Жұбанов атқарды. Жаңадан ашылып жатқан мекемеге қызметкерлер алғанда, соның алғашқыларының бірі болып Қамбар жұмысқа тұрды. Осы жайында А.Жұбанов естелігінде: «...бұл жұмыста, әсіресе, Махамбет пен Қамбар үлкен рөл атқарды. Аспаптың ағаштық жасаулық сапасын Махамбет көбірек қарайтын да, ал дыбыстың сапасы мен күшін Қамбар ғана тексере алатын. Өйткені Қамбардың қолының қағу күші, штрихтік шеберлігі ешкімде болмайтын. Екінші жағынан, Қамбар сол кабинетте менің орынбасарым есебінде, барлық документтік деректерді реттеп отыратын. Қамбардың тағы бір артықшылығы – ол орыс тіліне жүйрік, сөйлегенде де, жазғанда да қате жібермейтін» деп жазады. Қ.Медетов өзінің зор ұйымдастырушылық қабілетін танытып, Батыс Қазақстан күйшілерін, Оңтүстік Қазақстаннан Жаппас Қаламбаевты, т.б. ел өнерпаздарын Алматыға топтастыруға тікелей атсалысқан. Соның нәтижесінде ол А.Жұбановпен, М.Бөкейхановпен, Л.Мұхитовпен бірге осы күнгі Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің шаңырағын алғаш рет көтеруші болды. 30-шы жылдардағы күйшінің еңбегі екі түрлі бағытта дамыған. Біріншіден, Қ.Медетов дарынды өнер иесі болып бағаланып, оркестрдің жеке орындаушысы болса, екінші жағынан, күйші өзі білетін күйлерді ансамбльдің, кейін оркестрдің мүшелеріне үйреткен. Қ.Медетовтің жасынан алған оқу-білім, еңбекқорлығы мен қайсар мінезі оның филармонияның администраторы, сонан соң директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілуіне септігін тигізді. Филармонияда қызметте болғанда Қамбар жеке орындаушы ретінде 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысып, оның өнері жоғары бағаланғаны туралы аңызға айналған әңгімелер кезінде кең тараған еді. Абақтыға домбырасын сұратқан 1937 жылы қараша айында Қамбар­ды жұмысына бара жатқан жерінен тұтқындап, бір айдан бері «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді» деп он жылға бас бостандығынан айырып, Қиыр Шығысқа айдады. 1940 жылға дейін күйшінің отбасы одан Хабаровск өлкесінен хат алып тұрды. Әкесі Ерғожа және немере інісі Тасболат ісін қуып прокуратураға бірнеше рет шағымданса да, бұл әрекет нәтижесіз болды. Күйші қамалғаннан кейін оның ата-анасы, үш баласы, әйелі және балалы қарындасы үйінен қуылып, 1942 жылға дейін пәтерден пәтерге көшіп өмір сүреді. Жағдай жоқтықтан оның кіші баласы Амангелді шетінейді, ал балабақшада меңгеруші болып жұмыс істеген қарындасы Әсма қызметінен босатылады. Бала кезінен ісмер Қамбардың жұбайы Гүлихран тігін артелінде қызмет істеп, үй ішін жалғыз өзі асырады. Сөйтіп, Медетовтер отбасы репрессияға ұшыраған «Халық жауларының» отбасы санатына ене берді. Кейін күйшінің есейген балалары әкесіне іздеу салып, түрлі мекемелерге хат жазады. Бұл хаттарға әкелерінің өлімі туралы және өлгеннен кейін ақталғаны туралы жауап келеді. Қ.Медетовтің дүние салғаны туралы құжаттарда үш түрлі диагноз қойылып, қайтыс болған жылы, күні де әртүрлі белгіленген. Бұл жағдай сол кездегі мемлекеттік ресми жүйенің саяси тұтқындарға деген өз көзқарасын білдіргендей. Қиыр Шығысқа айдалған күйшінің аты ауызекі әңгімеде де көп айтылма­ғандықтан, жарты ғасырдай оның еңбегі ескерілмей, музыканттардың бірнеше буыны бұл кісінің есімін білмей өсті. Тағы бір өкінтерлік жағдай, күйшінің орындауындағы «Ақсақ құлан» мен «Қара жорға» күйлері жазылған күйтабақ бүгінде табылмай отыр. Отыздан енді асқан шағында Кеңес үкіметінің қатыгез саясатының құрбаны болып кете барған өнер иесі абақтыда жатып «Домбырамды жіберіңдерші!» деп хат жазыпты. Кім біледі, азаттығын аңсаған арда азамат қара домбырасымен соңғы рет қоштасқысы келген шығар... Бет қатталып жатқанда: Қамбар күй­шінің немересі Айжан Бердібай бірер күн бұрын Ақтөбе қаласында және туған жері Мәртөк ауданында өнер иесінің рухына бағышталып ас берілгенін хабарлады. Ақтөбенің А.Жұбанов атындағы музыка колледжінде және облыстық тарихи-өлкетану мұражайында күйшінің ұрпақтарымен кездесу өткен. Кездесуде күйшінің ұлттық мәдениетімізге сіңірген еңбегі туралы әңгімеленіп, Қ.Медетовтің кіші қызы Бибізада облыстық мұражайға сол әулеттің ұрпақтарының атынан анасы Гүлихран Медетовадан қалған мұра – күміс белдікті сыйға тартыпты. Ол белдік Қ.Медетовтің жұбайы Гүлихранның үшінші атасы Мәмбет правительдің белдігі болған. Мәмбет правитель Арал маңайы қазақтарының ханы, Хиуаны билеген Қайып ханның ұрпағы екен. Динара ІЗТІЛЕУ

5178 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9148

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7280

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5020

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4404

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4369

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4329

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4063

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4056

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы