• Ақпарат
  • 08 Маусым, 2011

Шыңғысхан империясын негіздеуші түркілер

Дүниеге әйгілі моңғолдар империясының негізін қалаушы Шыңғыс хан 1155 жылы Онон өзенінің оңтүстігіндегі Дюлюн-Болдак деген жерде уысына қан шеңгелдеген күйінде дүниеге келді. Есугей баһадүр ұлына өзінің ата жауы татарлардың атақты батыры Темучиннің (Теміршінің) есімін берді. Қазақ тарихында күні бүгінге дейін Шыңғысханның шығу тегі туралы қарама-қарсы көзқарастар бар. Кәсіби емес зерттеушілердің бір тобы оны моңғолдан емес, түркіден шығару үшін күресуде. Мәселенің басын ашып алуға үлкен кедергі VІІІ ғасырдың орта шеніне дейін моңғол үстіртін негізінен түркі тайпаларының мекендегені болып отыр. Егер Ертіс өзенінің бастауында бұл тұста байырғы Қаңғайлар (Қаңлылардың бабалары), ал олардан оңтүстікте Құйғырлар (Ұйғырлардың бабалары) мекендеген болса, шығысқа қарай Керуленді бойлап, Тоғыз Ғулар (Тоғыз оғыздар бабалары), Белерлер, Тыбалар, Қанаштар, Сір-Ендалар (Қыпшақтардың бабалары), Қоқсырлар, Сегеттер, Янғырлар, Ғидар, Септер (Керейттердің бабалары), Сепсіндер, Ғұндар (байырғы Ғұндардың ұрпақтары) мекендесе, осы түркітілдестерге оңтүстік-шығыста манчжуртілдес Қытандар (Қидандар) теңізге дейінгі аймақта көрші болды. Бұдан бөлек солтүстікте Онон өзенінің бастауларынан шығысқа қарай Агни, Қыбыт, Телен немесе Төлеңгіт (Жалайырлардың бабаларының бір бөлігі), Бүркіт (Арғындардың бабаларының бір бөлігі), Тоңра, Байырқы (Алшындардың бабаларының бір бөлігі), Едіз, Тоңра, Ғи, Ақсеп (Керейлердің бабаларының бір бөлігі), Үшет, Ағуан, Арағұн (Арғындардың бабалары), Киік, Күтукиік, Тайған, Құтшы, Мүркет (Меркіт­тердің бабалары) мекендеп, бұлар қиыр солтүстік-шығыстағы Шығайларға (Шибей татарлары – кейінгі Моң­ғолдардың бабаларының бір бөлігі) барып тірелді. Ал енді Байкөлден терістік-батысқа қарай Алақшындар (Алшындардың бабаларының бір бөлігі) орналасқан болса, олардың оңтүстік-батысында Кенгундар (Қырғыздардың бабалары) көшіп-қонып жүрді. Аттарынан байқалып тұрғанындай, Моңғол үстіртіндегі құнарлы өзендер аймағы негізінен түркі тайпаларының атамекендері еді. Бұлар о баста ІV-V ғасырларда түркітілдестердің Теле тайпалар одағына кірген болса, кейінірек Сір-Енда қағанатына еніп, ақырында төрт бөлікке – Түркілерге, Телектерге, Сегіз оғыздарға, Тоғыз оғыздарға бөлініп кетті. Осындай бөлшектенуді пайдаланып, шығыстан моңғолтілдес Шығай (Шибей) татарлары және манчжуртілдес Қытандар (Қидандар) батысқа жылжып, түркітілдестер арасына сыналап ене бастады. Оларды басқа да «орман тайпалары» аталған тұңғыстар қолдап, болашақ моңғолтілдестер тобырын көбейте түсті. Арада 300 жылдай уақыт өткенде Онон және Керулен өзенінің айналасындағы түркі тайпаларын ығыстырған олар осында шын мәнінде қожайынға айналды. Мұның өзі түркітілдестер мен моңғолтілдестер шежірелерін шатастыруға алып келді. Рашид ад-Дин келтірген Ергенехоннан шыққан тайпалар шежіресінде олардың түп аталары бір болатыны да сондықтан. Онда Жалайырлар шыққан Нүкіз-Дәрлікендер мен Шыңғысханның бабалары шыққан Қияттың жетінші аталары Оғызхан болса, арғы тоғызыншы атасы Моңғол, ал он бесінші атасы Түрік екендігін көреміз. Бұдан, әрине, моңғолдар мен түріктер бір халық еді деген қорытынды тумаса керек. Керісінше, бірнеше ғасыр бойы Дәрлікен (Төрелекүн), яғни «туыстар» одағына біріккен бұлардың қатарында (Рашид ад-Дин олардың он сегізінің аттарын атап көрсеткен) Жалайыр, Татар, Меркіт, Төлеңгіт тәрізді түркітілдестер Торғауыт, Ойрат, Бұлақшын, Урянхай тәрізді моңғолтілдестермен бірге көшіп-қонып жүрді. Әсіресе, Х ғасырдан бастап бұл аймақта арғы­моң­ғолдарға (протомонғолдарға) жататын Қидан­­дар­дың 200 жылға созылған үстемдігінің орнауы моң­ғол­тілдестердің даңқын арттыра түсті. Енді осын­дағы түр­кілер өздерін моңғолдар деп атаса масаттанатын болды. Міне, Шыңғысхан осындай екі этнос қойындасып жатқан қойыртпақ ортада моңғолтілдес Боржиған (Бөріжеген) тайпасының Қият руына жататын отбасында дүниеге келіп, өсіп жетілді. Алайда ол жоғарыда айтылған себептерге байланысты түркі тіліне де жетік болып, осы тұрғыда тілмаштың көмегіне ешқашанда мұқтаж бола қойған жоқ. Ал енді «Шыңғысхан шығу тегі жағынан кім еді?» деген сауалға жауап іздер болсақ, Шыңғысхан өзін әрқашан да мақтанышпен моңғолдарға жатқызды. Оның үстіне зерттеулер Шыңғыстың өзін ешқашан да Түркі қағанаттарының мұрагері ретінде қарастырмағанын және оның есесіне ол «өзін Ляо атты Қидандар империясының саяси және этномәдени мұраларының заңды ізбасары ретінде қарастырғанын» (Л.Л.Викторованың «Монголы. Происхождение народа и истоки культуры» атты монографиясын қараңыз) көрсетіп берді. Сондықтан да Шыңғысхан бұрынғы қуатты Түркілер қағанатын қалпына келтіруді мақсат етпей, олардың қиранды орнында жаңадан Моңғолдар империясын орнықтырды. Мұндағы Шыңғыстың хан болуына, күшті мемлекет құруына белсенді атсалысқан көптеген түркі тайпалары саяси тәуелсіздіктен біржолата айырылып, моңғолдарға бағынышты күй кешті. Моңғолдарға ең алғаш бағынғандар олардың ата жаулары татарлар еді. Алайда ол заманда «татар» атауы әлі де этноним деңгейіне көтеріле қойған жоқ. Бұл қауымдастық аясында түркітілдестер де, моңғолтілдестер де өмір сүріп жатты. Алайда Л.Гумилев «татар» атауын «моңғол» атауының синонимі ретінде қарастырады. Ол татарларды ақ, қара, тағы татарлар деп үшке бөледі. Сонымен қатар татарлардың Тоғыз татарлар, Отыз татарлар деген атпен қауымдастықтар құрғандары белгілі. Шыңғысхан өзінің ата жаулары болып табылатын татарларды ең қауіпті жорықтарға пайдаланды және 1203 жылы Керейттерді, ал 1206 жылы Наймандарды бағындырып, хан атанды. Алғашқысын жеңген соң ол бүкіл Шығыс Моңғолия билеушісіне айналса, ал соңғылардың қуатты хандығын талқандаған соң Онон өзені бойында бүкіл Моңғол үстіртіне билік жүргізетін дара ханға айналды. Оны осында Шыңғысхан атандырып, ақ киізге отырғызып, көтерген 94 тайпабасылар арасында түркілер де аз емес. Л.Гумилев «Бұл – Шыңғысханның екінші рет хан сайлануы еді» деп атап көрсетеді. Дәстүрлі деректерге жүгінер болсақ, түркілер оны үшінші рет, Наймантауда (қазіргі аты Шыңғыстау) тағы да хан көтерген. ХІV ғасырдағы «Чингизнама дафтари» дерегінде (М.Ахметьзянов татарлардың «Идель журналында» 1991 жылы жариялаған) осы бірнеше рет хан сайлану рәсіміне қатысушы 15 бектер мен билердің есімдері аталады. Бұл деректің нұсқаларының бірін В.А.Панов «Богатырские сказания о Чингис-хане» деген атпен шағатай тілінен аударып, 1934 жылы Мәскеуде жариялаған болатын. Атап айтар болсақ, олар: Буданджарұлы Қият, Тамьян (Тама) би, Қыпшақ би, Джурматы би, Гираят (Керейт) би, Конгырат (Қоңырат) би углы Сенгелай, Уйшан Майки би, Урдадж би, Муйтан би, Берджан би, Боркыт би, Темянджаруглы Катай (Қытай), Калдар би, Салжут би, Тимеркотлы (Темір – Құтлық) би. Аттарынан-ақ көріп отырмыз, бұлардың көбісі – түркі тайпаларының белгілі билері мен бектері. Шың­ғыс хан болып сайланған соң бұларға тайпалық таң­балар мен ұрандар, ағаш және құс үлестірген. Айта кеткен жөн, бұл деректе жауларынан жасырынып жүр­ген Шыңғысты іздеп табуды ұйымдастырған Үйсін Майқы бидің орны мен рөлі ерекше. Рашид ад-Динде ол Хушин руынан шыққан және Жошының әскерінің оң қанатын басқаратын нақты тұлға ретінде «Байқу» есі­мімен көрсетіледі. Оны 2 мың әскерімен аса сенімді қай­раткер ретінде ұлы Жошыға берген – Шыңғыстың өзі. Майқы (Байқу) бидің түркі халықтарының біразы­ның (Татарлардың, Башқұрттардың, Қа­зақтар­дың, Өзбектердің, Қарақалпақтардың, Но­ғайлардың) рулық шежірелерінің баста­уын­да тұрғаны, яғни олардың түп атасы ретінде көр­сетілетіні белгілі. Башқұрт халқының шығу тегі туралы іргелі монография жазған Р.Кузеев Майқы би басқыншы моңғолдарға түркі халқының «бұрынғы артықшылықтарын мойындатқан дала билеушілерінің бірі еді» деген еді. Қысқасы, өзі моңғолтілділер ортасынан шықса да, Шыңғысханның ұлы империяны түркітілділердің қуатты көмегімен ғана құра алғанын әрқашан есте ұстауға тиіспіз. Мұнда Түркі қауымдастығында қалыптаса бастаған арғықазақ (протоқазақ) тайпаларының да үлестері зор. Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор

5986 рет

көрсетілді

134

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8763

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7060

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4804

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4190

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4152

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4113

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3843

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3843

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы