• Тарих
  • 08 Маусым, 2011

қазақты Сәкен Сейфуллин – мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосуды армандаған тұлға

d181d0b0d0bad0b5d0bd-d181d0b5d0b9d184d183d0bbd0bbd0b8d0bdТарих әр қайраткерге өз бағасын беріп, тиісті орнына отырғызады дегенде әр кезеңде айтылған, жазылған ой-пікірлер ескерілетінін естен шығармайық. Әр пенденің көкейінде әрқилы ой-пікір болғанымен, айтылар кезі, сәті және айтар адамы болмақ. Сол менмін деп өрекпу, әрине, дұрыс емес, ал менен басқа біреу болуға тиіс дегенге сеніп қалу орынсыз. Хан айтқанды қара айтады, бірақ аузының дуасы жоқ демей, өтпелі замандағы аумалы-төкпелі көңіл күй тұсында ағыңнан жарылып айтқан ойдың еш әбестігі жоқ. Қазір Сәкеннің басы саудада. Қысыр есебі барлар тарта сөйлеп, тұқырта беруге ұмтылуда. Сәкен көзі тірісінде де, қайтып оралғаннан кейін де оңайлықпен «өмір сүрген» қайраткер емес. Тарих соқпағынан талай қиястықты көріп келеді.

Сонымен Кеңес құлады, партия тарады, коммунистік идеология мансұқталып жатыр. Тарихтағы жаңа бет – Кеңес заманы дегеннің серкесі де, еркесі де, жыршысы да, жаршысы да болған Сәкенді қайтеміз? Оның тарихтағы орны қайсы? Қандай ісін қадірлейміз, қандай әрекетін мансұқтаймыз? Тірісінде аты аңызға айналып, бір халықтың мақтанышы болған Сырбай Мәуленовше айтқанда: Өлімге жан екенсің қия алмайтын, Өлеңнің құшағына сыя алмайтын. Қазақты көргің келсе, міне, осы деп, Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын. Яғни еліміздің елдігінің, ақындығы­ның, ақыл-парасаты мен сұлулығының белгісіндей болған Сәкенді сөзге қалды­рып, ырду-дырду бола береміз бе, әлде белгілі бір тоқтамға келеміз бе? Біз Сәкеннің идеологиялық кредосын бүгінгі таным-білік тұрғысынан емес, қалыптасу барысы деңгейінде көрсетсек қана қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлігін, өнерпаздық дарынын, ақындық жаңашылдығын, азаматтық келбетін тұтас қамти аламыз. Сонда тұлғалы тұтастықты көріп, кезеңдік пікірді айтып, жазып жүргендердікі әншейінгі желді күнгі тозаң екенін ұғамыз. Қазір «эмоцияға, қызбалыққа беріледі, қайдағыны өзі ойлап табады» деген жалтарма сөз шықты, қисындыны елемеудің айласы шықты. Осыншама борасындатып айтқандарымның әншейінгі жел сөз еместігіне дәлел келтірейін. Сәкеннің маркстік, яғни коммунистік көзқарасы, іс-әрекеті жөнінде асыра айтылмаса, кем айтылған жоқ. Оны қазбалап жатпай, бүгінгі ой құбылысына көз салайық. «Қазақ әдебиеті» газеті 1992 жылы «Қазақта ұлттық әдебиет бар ма? Қазақ совет әдебиеті деп жүргеніміз қандай әдебиет?» деген сауалдарға жауап ұйымдастырғанда «Қазақ совет әдебиетінің классиктері қатарында айтылып келген С.Мұқанов, С.Сейфуллин, Ғ.Мұстафин шығармашылығын енді қалай бағалауымыз керек? С.Сейфуллиннің негізгі шығармасы аталып келген «Тар жол, тайғақ кешу» романы таза тарих үшін керек болғанымен, қазақ әдебиетінің игіліктері қатарына қосыла қояр ма?» деген (11.09.92) содырлы ойлар айтылса, 1994 жылы «Жұлдыз» журналындағы мақалада «ұлттық ақын ұғымын айқындап, орнықтыру үшін ұлтсыз ақындар – советшіл, одақшыл, партияшыл батырақтар, көлгір интернационал белсенді ақындар жасаған «қазақ совет әдебиеті» деген қампиған дөкейді қайта сарапқа, тарих таразысына тартуға міндеттіміз». Бүгінге дейін «Алыптар тобын» құрап келген Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Ғабит, Ғабиден қатарлы қаламгерлер ре­тін­де өз үлестерінің шама-шарқына қарай тиіс­ті орнын, бағасын ала береді. Бұрын­ғы­дай әспеттеліп, «негізін қалаушылар» ретінде оқулықтан оқулыққа жөңкіле алмас, өйткені сол құрғыр «негіз дегеннің өзі – негізсіз болып шықты» («Жұлдыз», №5-6, 1994, 187-бет) дегендердің айтары айқын ғой. Әрине, бұл мәселенің жан-жақты шешімін табуға тиістіміз. Қазақстанның жақсы болсын, жаман болсын, социа­лизмнің заманында жасағанын, ойсыраған олқылықтармен қатар тамаша жетістіктер­ге жеткенін ешкім жоққа шығара ал­майтын болса, онда социалистік реа­лизм рухында жасалған әдебиеттен, оның ұлы өкілдерінен, негізін қалаушылардан қашсаң да құтыла алмайтындығымызды қазір анық ұғуға міндеттіміз. Көзі тірісінде де, ақталғаннан кейін де Сәкен Сейфуллин төңірегіндегі әңгіме толастап көрген емес. Бұл – оның бақыты да, соры да. Бақыты болатыны – оның мұрасы, іс-әрекеті архивке тапсырылмай, күні бүгінге дейін мемлекеттік-әлеумет­тік тірлігімізге араласып жатуын­да, әлі күнге дейін оның айтқан ой-пікірінің, тарихи деректерінің дәйектілігі мен пәрменділігінде, бір сөзбен айтқанда, Сәкеннің кеудесінде жаны, қолында қаламы бар парасатты пенде ретінде өзімізбен араласып жүргендігінде. Ал соры болатыны – ылғи қаңқу сөздің ортасында болатындығы. Ол көлденең көк аттының да, азулы арыстанның да, ештеңеден хабары жоқ наданның да, өткендерін ұғатын зиялының да, тұрақсыз кеудемсоқтың да, асқан ғұламаның да аузында бірде мақталып, бірде датталып жатуында. Соған қарағанда, Сәбитпен екеуінің «тұзы жеңілдеу» болды ма екен деп те қалғандайсың. Олай дейін десең, жасап кеткен істері ірі, ауқымды, кесек. Аузын бағып, аяғын санап баспай, елім, халқым үшін қолымнан келгеннің бәрін ар әмірімен адал орындаймын деп талпынған жанның айбатты келбетін көреміз. Осы жолда ол талай қуанды, шаттанды, қастық көрді, сүрініп құлады, қайта тұрып ілгері жүрді, көпшілікке бақыт сыйламаққа талпынды. Жасап жүргенім біреуге обал, біреуге сауап болады деп ойлаған емес. Еңбекші елдің арманы ғана болды көкейінде. «Дүниенің құлдық шынжырын қира­тып, әділдік, теңдік іздеген, еркіндік, кеңдік іздеген сендерге арналды бұл әндер» деп ұрандатқан Сәкен өзінің құрбы-құр­дастарын «Кел, жігіттер, болыңдар ер» деп жігерлендіріп: Азамат, жүнжіме, жүрме бос, Қол ұстас, бірігіп тізе қос, Ту ұстап дұшпанға барайық, Теңдіктің ұранын салайық. Тізесін батырған залымнан, Күн туды – біз теңдік алайық! – деген ұлы мақсатын ашық айтты, жазды. Біз бұл ұрандарды осы уақытқа дейін біржақты ғана түсіндіріп келдік. Сол түсінік әрбір пенденің көкейінен әлі кете қойған жоқ. Оның негізі – бай мен кедейді айтыстыру, шабыстыру, таптық күресті ушықтыру деп қана білдік. Ал осы жолдарға бүгін зер салып, бір қарайықшы. Сәкен десек, ең алдымен, «Жас қазақ марсельезасы» мен «Тар жол, тайғақ кешу» еске түседі. Жүз рет, мың рет, бұл шығармалар – Қазан төңкерісіне арналған, соның жоғын жоқтап, табысына қуанған дүниелер. Бұл төңкеріс қазақты, әсіресе, кедейді жарылқайды деп Сәкеннің имандай сенгені, жанығып еңбек еткені рас. Коммунистік идеология тұсында таптық күреске назарды мықтап аудардық та, ұлттық таным-білікті, ұлттық қажеттікті елей бермедік. Әйтпесе Сәкеннің ерлікке шақырған жігіттеріне, жүнжімеуге үндеген азаматтарына ең алдымен айтқаны, «Қызыл ту – шылауың» деп түсіндіргені: Патшадан әділдік жоқ еді, Ұлықтар парақор тоқ еді, Бұқара халықты кем тұтқан Жек көрген, итімен тең тұтқан, Қоспаған санына адамдық Айламен ұстаған надан ғып, – деген Әнұранның екінші шумағында қандай мән бар деп ойладық па?! «Өңгеден кем халық» деп айтып салғанын түсіндік пе? Мен Сәкенді сол кезде қазақ пен отаршылдық арасына жік салайын, ұлттық намыс­ты ту қылып көтерейін деп отыр деуден аулақпын. Өз елінің езілгенін, қаналғанын, қорлық-зорлық көргенін, тұщы етіне ащы таяқтың тигенін ұмыта алмаған жанның Қазан төңкерісі арқылы әділдік, теңдік, бостандыққа жетуге талаптанғанын енді аңғармасқа болмайды. Бұл тілекті алашордашылдар да айтты, жазды, әрекет жасады, тіпті Ресейдің Советтен басқа әртүрлі үкі­меттермен байланысу арқылы қазақты жақ­сылыққа жеткізбек болғаны өтірік емес. Қазақтың әуелде алашордашыл­дарының да, төңкерісшілерінің де тілегі біреу, бірақ сүйенгендері басқа болды. Ал олар теміржолдың рельсіндей басы қосылмайтын идеологиялар соңында еді. Міне, қазақтың оқығандарының мақсаты бір болса да, жүрер жолдары айырым, басқа болуы осыдан. Академик М.Қозыбаевтың тарихи шындықтарға негізделген мына ойын естен шығаруға болмайды. «Алаш» қозғалысы – қазақ қауымын­дағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогреске ұмтылған жалпы халықтық-демократиялық қозғалыс. Ал «Алаш» партиясының негізін қалаған үркердей топтың, «Алашорданың» басынан аяғына дейін жүргізген саясаты дұрыс еді, Сәкен­дердікі қате еді деп айтуға бола ма? «Алаш» жетекшілерінің 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі позициясын Тұрар, Сәкен, т.б. түсінбеді деп кінәлау қиын. Тұрар, Сәкен, Жүсіпбек, Бейімбет дүркірей көтерілген қалың халықпен болды, оның трагедиясын көзімен көрді. Олар отаршылдыққа қарсы шапқан қалың елмен болды. Ол большевиктік үгіттің нәтижесі емес еді. Ол атадан балаға мұра болған жол еді. Ал Қазан төңкерісінен кейін Ресей қоғамы екіге бөлініп, қарама-қарсы тұрып, екі ұдай атысып, шабысып жатқан уақытта әділдік тек ақтар жағында болды деп айту қиын. Егер Анненков келіп, орыс-қазағын қырып, әйелін қорлап, қызын зорлап, малын талап, қанжығалап жатса, ал «Алаш» осы Қалединмен, Колчакпен бірлесіп жатса, сонда Колчактың ажал вагонында отырған Сәкен «Алашты» қалай аялауы керек? («Е.Қ», 12.08.94) дегендерді мықтап ойластырған абзал. Құр даурыққаннан ештеңе өнбейді, қайта тарихымыз лайланып, бүлінеді. Қазақстанда қуғын-сүргін басталмай тұрған кезде, 1926 жылы 17 сәуірде соңғы нүктесі қойылып, 1927 жылы көктемде жеке кітап болып шыққан «Тар жол, тайғақ кешуде...» талай кісілердің аттары аталды. «Мақсат біреуді көтеру, біреуді жамандау емес. Зор қозғалыстың, зор өзгерістің әр кезінде әртүрлі пікір, әртүрлі әрекет болған. Ол – тіршіліктің, тарихтың ісі. «Бұл кітапта «Алаш» туралы көп әңгімелер айтылды... тарихи мағлұмат ретінде баспа жүзінде шықсын деген оймен айтылды. Кітаптың көп жерлері тарихи мағлұмат болуға жарар деп білдім» дегендерді Сәкен жаймашуақ күйде баяндағанда «Алаш» қозғалысына қатысқандардың Нәзірден басқа бірде-біреуі қарсы шығып дау айтпауы, түзету жасамауы қалай. Қазақтың сорпа бетіне шыққандарының, әсіресе, «Алаш» қозғалысы жетекшілерінің фотосуреттері түгел жарияланғаны, елге таныстырылғаны неліктен? Сәкен соның бәрі кейін сот документі болсын деп күні бүгін әдейі ойлағандықтан ба? «Тар жол, тайғақ кешудің» көркемдігіне көңілі толмағандар кейінгі кезде де табылған, бірақ оны әдебиет әлемінен аластау керек деген ой ешуақытта қаперде болған емес. Қазіргі үкілі білгіштердің қазақшаны дұрыс білмей жатып көркемдік­ті танып, тарихи деректерді оңтайлы түсіне­ді дегенге көпшілікті сендіре қою өте қиын. Өйткені «Тар жол, тайғақ кешу» – өзіндік ерекшелігі бар ғажайып нәрсе. Мемуар, көркем проза жанрлары араласып келген, сөйте тұра, бұл өзі – біртұтас дүние. Екінші бір адам «Тар жол, тайғақ кешуді» қайта жазып шыға алмайды. Бұл – бір дәуірдің таңба басатын жеріне таңба басып, мөр басатын жеріне мөр басқан шығарма» (Ғ.Мүсірепов). Мен Сәкенді құлан-таза ақтаудан аулақпын. Коммунизм идеяларының жаршысы болғандар халыққа қастандық жасаушылар емес. Олардың трагедиясы, соры – сол идеяны насихаттаушылардың қарадүрсін түсіндірмелеріне имандай ұйып, ойланбауы. Сәкеннің табандылығы, құбыла білмейтіндігі, өтірік айтпайтын шыншылдығы, адалдығы сияқты қасиеттері себепші болғандығын айрықша баса айту керек. Кеше ғана Кеңес деп өзеурегендердің бүгінгі сөз әлпетінен шошып, «мұндайлар қай қоғамды болса да оңдырмас» демеске амалың қалмайды. Сонымен Сәкен – өзінің көзқарасы, іс-әрекеті үшін әрқашан да тарих алдында толық жауап бере алатын ұлы тұлға, социалистік деп аталған заманның ардагер азаматы. Осы қасиеттер оның қоғамдық, мемлекеттік, өнерпаздық қайраткерлігінен жарқырап көрінеді, еңбекші елдің рухани көсемі, жаңа заманның жыршысы, жаршысы ретінде халық құрметіне бөленеді. Қоғам қайраткері болу үшін ешқандай қаулы-қарар, бұйрық-жарлық керек емес. Елге деген ақ көңіліңді жарқырата түсетін, халыққа танытатын нақты іс-әрекет, парасатты ақыл-ой ғана керек және олардың бәрі бақай есептегендей адал болуға тиіс. Ақындық, жазушылық, өнерпаздық қоғам қайраткерлігіне бір табан жақын болға­нымен, қолына қалам алып, ән айтқанның бәріне мұндай әлеуметтік бақыт қона бермейді. Оны Сәкендер өресімен өлше­генде ғана мақтан тұтар ұлың болғаны үшін табиғатқа, Құдайға рахмет айтуға тиісті боласың... Ал мемлекет қайраткері болуда кез­дейсоқтық көп болғанымен, саналы­лықтың орны айрықша бөлек. Сәкен Халық Комиссарлары кеңесі төрағасының орын­дығын айрықша қадірлеп, қос қолдап ұстаған жан емес. Оның бар арманы – жаңадан орнап жатқан қоғамның қай тесігін бітесем, қай кетігіне кірпіш болып қалансам, мәдениетті, өркениетті елдің қатарына қазақты қалай қоссам деген мақсат еді. Оның мемлекеттік қайраткерлігі 1922-1925 жылдар аралығында өткенін, оның қандай жылдар екенін естен шығармаған абзал. Сәкенді 1928 жылғы кәмпеске-тәркілеуге, онан кейінгі зорлықшыл колхоздастыруға, отаршылдар үшін жасалған индустриялауға, 1932-33 жылғы аштық-жалаңаштыққа, 1930, 1937, 1938 жылдардағы қазақ зиялыларын құрту науқандарына еш араластыра алмаймыз. Бұл кезеңді көзімен өткеріп, қолымен істеген, белсене араласып жүрген қайраткерлердің қайсыбірі мадақталып, көбі ың-шыңсыз, дау-дамайсыз тыныш жата беруі, социализмнің зорлық-зомбылығына да, табыс-жетістігіне де тек Сәкен мен Сәбит жауап беруге «тиістігі» деу – еш рабайға сыймайтын жай. Сәкен Қазақстан үкіметін басқарған уақытта бірнеше игі істерге мұрындық болды. 1923 жылы «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген айбатты мақала жазып, орыс тарихында, тілінде қырғыз, Киргизия болып келген «елдің 1925 жылы Қазақстан» аталғаны рас болса, онда Сәкен ұлтжандығының үлесі жоқ деп кім айта алады? Тағы сол жылы қолына билік әбден тиіп, оның күшін мықтап сезген кезде Сәкен қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріп, кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу жайында «Еңбекші қазақ» газетіне тоғыз мақала жазғанын, Халком төрағасы ретінде талайларға бұйрық бергенін, тиісті қаражат тапқанын, жалтақтап жан-жаққа үрке қарағандармен жүз шайысқанын, КирЦИК-тің шешуші жиналысында тізеге салып орындатқанын кім жоққа шығарар екен? «Біздің қазақ коммунистерінің кей­біреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге біреу «ұлтшыл» деп айтады деп бой тартады. Бірақ ол – қулық, бұл коммунистік кылық емес, ол – жарамсақтық, жағымпаздық. Кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін «жақсы коммунист екен» деп айтсын деп казақ тілін кеңсеге кіргіземін деп жүрген белсенді адамдарды анау ұлтшыл, мынау ұлтшыл дер, одан сескенбеу керек» дегенді Сәкеннен басқа кім айтыпты, кім жазыпты? Сәкен ой-пікірінің жанды, тірі екендігі осыдан-ақ көрінеді. Қазақты өркениетті елдердің қатарына қосуға талаптанғандар, тілегендер өте көп қой. Бірақ «Енді бір жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіруі керек. Қазаққа оқу бұрын бір мәрте керек болса, енді мың мәрте керек. Оқусыз қазақтың болашақтағы күні қараңғы... Елдің атқа мінген бастықтары оқу ісіне жәрдем қылмасаң – кейінгі жас буынның мың лағынеті айтылады... ісіңмен, күшің­мен, тіліңмен болса да оқу ісіне жәрдем қылмасаң – кейінгі жас буынның қолы жағаңда кетеді» деген жан сөзін айтқан мемлекет қайраткерлері қазақтың арғы-бергі тарихында көп пе? Бар мектептерін жаптырып, елді бөгде тілде мәңгүрттендіргендерді қалай ұмытамыз, сондайларға қалай жүрегіміз жібімек. Сәкеннің тірлігі де осында, ол әлі күрес майданында. Әрине, бұл ұлт қамындағы мемлекеттік қайраткерлік болса, жалпыға бірдей салада да Сәкен бастаған игі істер толып жатыр. Жұмысшылар жасағын құру үшін өндіріс орындарын, әсіресе, Екібастұз сияқты алыптарды көбейту, завод-фабрикаға жақындау жайындағы ойы бір төбе. Қазақтың атакәсібі болып табылатын мал шаруашылығын асылдандыру, кооперациялық негізде дамыту жайындағы ойын бүгін жатсына қоймасақ керек. Сәкеннің қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлігі бір-бірімен астасып, бірін-бірі толықтырып жатқанына, сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмағанына тарих куә. Бұл – Сәкен азаматтығының ең бір ажарлы, жарқын, сирек бітімді келбеті. Сәкен осымен-ақ қазақ тарихында жарқырап көрінері сөзсіз. Бұл тұрғыда, әрідегілерді былай қойғанда, кеңестік заманда жасаған қайраткерлердің қай-қайсысымен болса да иық тірестіріп қатар тұра алатыны, айрықша қадір-құрметке бөлене алатыны даусыз. Сәкеннің өзі теңдес, әсіресе, өзімен құрдас Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтан ерекшелігі – жұрт мойындаған, тарих растаған ұлы ақындығы, өте қуатты реформаторлығы. Өлеңді, қарасөзді, мақаланы дарындымын деген қазақтың көбі жазған, бірақ олардың Сәкендей жарқырап дара көрінгені сирек, аз. Сәкеннің ақындығына, жаңа заманға лайықты жаңашылдығына Тұрар да, Сұлтанбек те, Смағұл да, Ахмет пен Мағжан да шүбә келтірген емес. Олар идеялық жағынан әрқилы ойда болғанымен, бір-біріне артық-кем пікір айтқанымен, ірі талант екендігін жоққа шығарған емес. Ұлы дарындарымызды жан-жақты зерттеген уақытта олардың бойына сыйымды, еңбегіне татыр теңеулерді азаматтық жауапкершілікпен айтқан орынды. Бірақ ұлттық «қасиетіміз» бой салыстырып, ой жарыстырып, бір кебісті бір кебіске сұғып отыруға дағдыланғандықтан, көзді жұмып жіберетін сәттер, әсіресе, соңғы кезде көбейіп, даңғазаны күшейтіп барады. Осыдан сақтанған дұрыс. Сәкеннің ақындығы жөніне келгенде түйіп айтар тұжырым: ұлы ақын, басын тауға, тасқа да ұрған керемет жаңашыл, төңкерісшіл дауылпаз ақын. Қазақтың жаңа жазба әдебиетіне негіз қалаған Абайдың жаңашылдық рухы, әсіресе, Сәкенге жұққан, Сәкенде күшті, сондықтан ол қазақ әдебиеті дамуындағы социалистік реализм деп аталатын кезеңнің, дәуірдің бастаушы серкесі болды. Мұны Сәкен ешкімнен сұрап алған жоқ, өзінің Құдай берген ұлы талантымен тарихтан тартып алды. Тілейік, мейлі, тілемейік, мейлі, Сәкен қазақ совет әдебиеті деп аталатын бағыттың негізін қалаушы болды, соның ұраншысы, жаршысы болды. Ол қате болған күннің өзінде де тарихи құбылыс екенін қысыр тілеулердің өзі жоққа шығара алмайды, диалектика заңдылығын өзгертуге ешкімнің дәрмені жеткен емес, жетпейді де... Сөзіне жауапты, бағаға сараң Ғабит Мүсіреповтің Сәкен «жаңа әдебиет, жаңа мәдениет дегеннің бағытын жапа-жалғыз белгілеген адамымыз деуге болады. Сәкенді біз совет әдебиетінің негізін қалаушы деп айтатын болсақ, ең алдымен, Сәкеннің сол майданды жалғыз басқарып, совет ұранын жалғыз көтергендігін ескеруіміз керек. Сәкен – ұлтшылдық ықпалында жүрген адамдарды оңай тәрбиелеп аламын деп ойламаған кісі. Соңдықтан әдебиеттегі, мәдениеттегі жаңа беталысты тезірек ұғынып, қолға алып кететін жастар болуы керек деп үміт артқан сияқты. Сәкен қазақ совет әдебиетінің туын көтеріп шыққанда, қасында болғаны – әлгі жастар. Сәкеннің өзі үлкен ақын. Әсіресе, жазғанынан гөрі өзінің жаны үлкен ақын адам болатұғын... тұла бойы тұнып тұрған ақындық еді, қара тырнағына шейін ақындық үшін жаратылған жан еді. Мен Сәкеннің өлеңдерінен кейде ырғақ жағынан болсын, ой мен түр жағынан болсын, кемшілік таба аламын осы кезде, бірақ Сәкеннің кісілік жаратылысында бір кемшілік жоқ деп ойлаймын. Сондықтан мен Сәкенді басқалардан ерекше бағалаймын» («Жалын», №5, 1988) дегенін ілтипатқа алу елдіктің де, парасаттылықтың да белгісі болмақ. ...Күні бүгінге шейін шешімін таппай келе жатқан ұлттық проблема – қазақ тілінің қолданысы төңірегіндегі әңгіме. Бұл туралы мен көп жаздым, бәрі де баспасөзде жарияланды, телерадиодан айтылды. Енді езе берудің еш қажеттігі жоқ десек те, Сәкеннің азаматтығына куә болатын бір-екі мәселеге тоқтай кеткен жөн. Сәкеннің тегеурінді тепкісімен 1923 жылы 22 қарашада қазақ тіліне мемлекеттік дәреже беріліп, 1924 жылдың 1 шілдесінен былай қарай бүкіл Қазақстан көлемінде болыстық, уездік, губерниялық және республикалық деңгейдегі мекемелерде кеңсе ісі қазақ тілінде жүргізілетін болды. Декрет солай деді. Бірақ өңгені былай қойғанда, қазақ, оның іс басында отырған өкілдері не деді, нендей әрекет жасады! Міне, осы жерде «жігіт кім, мігіт кім?» деген сауал өзінен-өзі туындайды. Декрет алынды, заң қолда, енді не керек, республиканың 70-75 пайызын құраған қазақ халқына! Үлкенге, төреге, бастыққа бағынып қалған бейбақ басымыз өзінің азат, тәуелсіз екенін түсінбепті. Біреудің нұсқауымен жүретінін тағы да көрсетті. 1924 жылы 6 наурызда Ә.Жангелдин, Н.Нұрмақов, Ж.Сәдуақасов, С.Сейфуллин сынды азаматтар тізе қосады. Мұхтар Саматов сияқты өскісі келетін, өзінің дәрежесін ел мүддесінен биік қоятындар «қазақ тілін тек жергілікті жерлерде ғана қолдану керек» деп өрекпіді. Қарқаралы мен Баянның қазақ қызметкерлері бұрынғыша, яғни орыс тілінде іс жүргізген тиімді, пайдалы, нәтижелі деп жөреукеленді. Әлгі отырыста осылардың, оның сыртында тұрған партия комитеті қарсылығын жоятындай шешім қабылдағанда Сәкен өзінің ең шешуші сөзін айтуға міндеттімін деп есептеді. «Қазақстанда әрбір мекемеде қызмет қылып жүрген адамдар һәм қызметтен тыс адамдар патша замандарынан бері жұмылған ауызда буылып қалған қазақ тілі кеңес мекемесіне кіруі хақ. Жалпы жігер, жалпы ынта керек. Коммунист партиясы һәм Кеңес өкіметі азаматтары осыған шақырып отыр» деп, жалпы жайды түсіндіре келіп, өзі күнде көріп, сезіп, біліп жүрген жай есіне түскендей қайтадан шамырқанды. «Біздің қазақ коммунистерінің кей­біреуі қазақ тілі туралы батыл кірісуге «біреу ұлтшыл деп айтады» деп бой тартады. Бірақ бұл – қулық, бұл – коммунистік қылық емес, ол – жарамсақтық, жағымпаздық. Кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін «жақсы коммунист екен» деп айтсын деп, қазақ тілін кеңсеге кіргіземін деп жүрген белсенді адамдарды «анау ұлтшыл, мынау ұлтшыл» дер. Бірақ ондай сасық коммунистер коммунист партиясының Орталық Коми­теті «ұлтшыл» деп айта алмас. Коммунист партиясынын Орталық Комитеті соқырға таяқ ұстатқандай айдан ашық айтып отыр» деуі әншейінгі ғана «шабыттану» емес еді. Ұлттық мінезіміз бе, әлде мыжылып, езіліп қалған намыс па, әйтеуір қазақ азаматтары тіл мәселесіне келгенде салғырттықтан, қаттырақ айтқанда, ынжықтықтан арыла алмай келеді. Оған еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі қазақ тілінің жай-күйі нақты дәлел бола алады. Болмауға беттеген дүние оңға баспай қоятын болса, онда аруақтарды қозғаудың ешбір қажеттігі жоқ. Дегенмен тарихи тұрғыдан, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе алып берген Сәкен Сейфуллин екенін ұмытпайық. Өйткені қазақтың арғы-бергі тарихында мәселені Сәкендей мемлекеттік деңгейде қойған қазақ қайраткері болған емес. Ұлы Ахмет Байтұрсыновтың көкейінде болғанымен, мәселені 1923 жылдың сәуірінде Халық Комиссарлары Советі кеңесінде бастап, 9 маусымда «Кеңес істерін қазақ тілінде жүргізу керек'» деп жиын-жиналыста сөйлеп, сегіз сұхбат, мақала, ашық хат жазған, 1923 жылы 22 қарашада декрет қабылдату үшін қаншама күш-жігер жұмсап, әрекет-қимыл жасаған – Сәкен ғана. Оған дауыс қосқандар болды, бірақ Сәкендей отқа түскені жоқ. Ана тілі – ары болмағандарды Құдай бетінен жарылқасын. Ал келешек ұлттық таным-білік тек ана тілі арқылы дариды дегендер 25-30 жылдық күреске бел байлауына тура келеді. Өйткені біз патша заманында сырттай иемденгенді намыс көріп жүрсек, совет заманында іштей алынып қалғанымызды, яғни иман мен түсінік мүлде өзгеріп, шоқынарымыз мүлде басқа жаққа ауып кеткенін аңғармай қалыппыз. Ұлт болам десеңіз, Ахмет Байтұрсынов ойымен айтқанда, ең соңғы қамал – ана тіліңе ие бол, ана тіліңде сөйле, ана тіліңде түсін, түсіндір. Бөтен тілдердің жәрдемінен безінбе, өйтпесең жаһандану заманында тіске жұмсақ, кім көрінгенге еліктегіш қазақтың бүктеліп, жұтылып кетуі – оңайдың оңайы. Осы арада Сәкен ұлтжанды азаматты­ғын дәлелдейтін бір дерек келтірейін. Кінә артылар, бас кетер тұста көзсіз батылдыққа әркім бара бермейді. РКП Қырғыз облыстық комитетінің президиумы 1923 жылы 23 қаңтардағы №51 хаттамасында Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығы туралы Қырғыз оқу комиссариатының қаулысын той мезіретіне 5 күн қалғанда жоққа шығарған қаулы алды. «а) считать недопустимым организацию советскими органами данного юбилея; б) против проведения праздноства частными лицами не возражать; в) возложить персональную ответственность за содержание речей выступающих на празднества товарищей от имени советских органов на товарищи Сейфуллина» деген қатерлі де парықсыз партия қаулысына Сәкен пысқырып та қарамады. «Сәкен, ең алдымен, өтірік дегенді білмейтін адам еді. Оның досы да, дұшпаны да көп болды. Солардың ешқайсысы не бұрын, не қазір Сәкеннің жалған сөйлегенін не көрдік, не естідік демеуге тиіс. Сәкен аса уәдешіл болатын, уәделі ісін бұлжытпай дер кезінде орындайтын. Екі сөзді айтпайтын» дегенді өмір бойы қол ұстасып өткен жан досы Сәбит Мұқанов айтып, жазған-ды. Бұны растайтын дәлелдер көп. Азаматтығына ажар бітіріп, алған бағытына дәйектілігін, жалған сөйлемейтіндігін бір ғана мысалмен көрсетсек, 1923 жылы 28 қаңтарда Орынбордың ен үлкен залы – Я.Свердлов атындағы клубта «Алаш» қозғалысының атақты идеологы, қазақ филологиясының атасы Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығы аталып өтті. Сәкен Ахаңа деген құрметін, шын ниетін таныту үшін барды. Ресмисіз-ақ өтейін деп жатқан мереке-тойды өзі басқарып, сөз сөйледі. Ол сөзін 1923 жылы 30 қаңтар күнгі «Еңбекші қазақ» газетінде жариялады. «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл! Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды. Әуелі ол школда қазақ балаларын окытты. «Қазақ» газетін шығарды. Қазақ мектептеріне арнап «Оқу һәм тіл құралдарын» жазып шығарды. Ахаң – ба­йын, кедейін айырмай, қазақты ғана сүйетін адал жүрек, таза ұлтшыл» дегенде Сәкен әуелі Ахаңа деген пенделік құрметінің өлшеусіз екенін оқу-ағарту саласындағы ұлы еңбегі арқылы бағалағанын көреміз. Ел үшін атқарылған еңбекті қадірлеу ол кезде де, бүгінде де есеппен болып жатқанын біле­тін Сәкен шындық үшін күресуге да­­йын екендігін көрсеткен. Ахаңды жақтаға­ны үшін партияның пәрменді тілі – «Степ­ная правда» газетінен, өзінің қарамағын­дағы комиссар Әбдірахман Әйтиевтен, өз үйін­де жатып тәрбиеленуші Сәбит Мұқановтан «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер!» деген ескерту де естіген болатын. Оқу-ағарту мәселесі – Сәкен азаматты­ғының күретамыры. Ол арнайы семинарда мұғалім атағын алып шыққандығынан емес, өзінің табиғаты осыған ыңғайлы болғандығынан-ау, тегі. Қалалық училищеде оқып жүргенде Ғабдолла хазіреттің медресесіндегі қа­зақ-татар шәкірттеріне орыс тілінен сабақ берген. 1916 жылы Бұғылы елінде қазақ-орыс мектебін ашып, 1917 жылдың күзінде Ақмола қаласында дәрісхана, үш айлық мұғалімдер курсын ұйымдастырғаны, 1926 жылы Қызылордадағы Халық ағарту инс­титутында, 1928-29 жылдары Ташкенттегі Казпедвузда басшы және оқытушы болғаны, Орта Азияның коммунистік уни­верситетінде дәріс оқығаны, 1929 жылдан Қазақ университетінде (КазПИ әуелі университет болған – Т.К.), 1934 жылдан Қазақстан Журналистика институтын­да профессор болуы Сәкеннің оқу-ағарту саласынан қол үзбегендігін көрсетеді. Олай болса, оның бұл салада армандаған жоспары болғаны сөзсіз. «Енді жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіруі керек. Қазаққа оқу бұрын бір мәртебе керек болса, енді мың мәртебе керек. Оқусыз – қазақтың болашақтағы күні қараң» деген құнарлы ойды Сәкен Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы болып сайланған күннің ертеңінде, яғни 1922 жылы 21 қарашадағы «Зор міндет» деген мақаласында жазды. Әрине, одақтық көлемде сауатсыздықты жою жөніндегі ұлы науқанның аясында айтылғанымен, қазақ халқы үшін 20 жылды меже етуі әншейінгі публицистік қызыл сөз емес, нақты есептелген, сол шамадағы даму барысын ескерген ой екені – қазір тіпті нақты деректермен дәлелденетін жос­пар. Сәкенге елдің бар салада оқуы, жетілуі, ағаруы керек. Ол үшін мынау таңдаулы, мынау табысты, төрелікке керекті оқу деген түсінік жат. Халық мәдениетін көтеруге, ел қатарына қосуға септігі тиетін оқулардың бәрі де қымбат. Осы тұрғыдан келгенде, Сәкен «Әр қазақтың жадында оқу болсын!» дегенді өз ісінде үлкен мұрат тұтты да, қазақ жастарының әр талпынысын қолдап отырды. Сәкеннің азаматтық келбетін танытатын ой-пікірлері де, іс-әрекеттері де толып жатыр. Азулы да табанды, бірсөзді болу құбылмалы заманда еш уақытта мақсатқа жеткізген емес. Әрі-беріден соң мұндай мінез сол адамның сорына айналып кетуі оп-оңай көрінеді. Сәкеннің бұдан да басқа өнерпаздығы толып жатыр. Халықтық «Көкшетау» әні, жігіт өлең «Тау ішінде», жан тебірентерлік «Ақсақ киік» сынды әндерді шығарған сазгерлігі, Затаевичке тартып берген домбырашылығы, бабына келтіріп ән салатындығы, ешуақытта өтірік айта білмеген шыншылдығы, ешкімнің ала жібін аттамаған адалдығы, айтқан сөзіне берік, табандылығы, «адам ретінде, мемлекет басшысы ретінде, ешкімге жақсылықтан басқа ешнәрсе ойламайтындығы» (Ғ.Мүсірепов), морт мінезі, кең пейілі сияқты қасиеттерді Сәкеннің өн бойынан да, парасатты қайраткерлігінен де көреміз. «Шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын, ашық, жалқы емес, тұтас бітімді жоталы тұлғадан туатын, бүтіндігі бар сезімдер. Оның шыншылдығы қозып-жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша шын сезім, шын жүрек шыншылдығы. Ылдиы бар, өрі бар шын өмір жолы, ыстық қанды Нағыз Ақындығынан» да (М.Әуезов) көреміз. 1937 жылғы қызыл қырғында Сәкен ең соңғы ұсталып, ақталғандардың алды болуы да осы мінез-машығына байланысты ма деп қалам. Себебі Сәкеннің сот ісінде біреуді қаралаған, біреуге тісінің қанын жаққан сәт кездеспейді. Ең ақырғы сотта «мен ақпын, тазамын, сол үшін жан беруге даярмын» дегеннен басқа ештеңе айтпаған. «Г.И.Серебрякова троцкийші­лер мен ұлтшылдар арасында байланыс орнатты» дегенді зорлықпен жаздырға­нын, оны соңғы сөзінде жоққа шығарып, атап көрсетуді талап етуі қандай тазалықты, адалдықты, ерлікті көрсетеді. Сол үшін 20 жыл азап көргеніне қарамастан Г.И.Серебрякова «Сәкен Сейфуллин – жалғыз қазақтың ғана емес, бүкіл совет халқының мақтанышы» деп кеткен еді. Сәкен жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Біз әзірге үш-төрт, яғни оның биік адамгершілігін, тұлғалы табандылығын, азулы азаматтығын айқын танытатын қасиеттерімен ғана таныстырдық, мүмкін болғанша даралық ерекшелікті әлеуметтік таным-түсініктің аясында көрсеттік. Тегінде, ендігі зерттеулерімізде жалаң түйіндеу мен қисындаудан іргені аулағырақ салып, пенделік пен қоғамдықты, жеке бастың ынта-ықыласы мен халықтық арман-тілекті қиюын тауып, жарқырата көрсетсек қана оқушының жүрегіне жол табамыз. Ал оған біздің ұлыларымыз мың сан мысал мен деректі тауып береді. Сонда ғана олардың елге сіңірген еңбегі де, өздері де тарих бетінен жарқырай көрініп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнегеге айналары хақ! Сондықтан Сәкеннің қазақ халқының тарихындағы, әдебиеті мен мәдениетіндегі ерекше биік орнына дақ түсірмей, қараулық жасамай, адамгершілік, азаматтық өреден көрінуге тиістіміз. Мұны саналы да, санасыз да, басшы да, қосшы да мықтап ұғып, асылдарымызды орны-жөнімен ардақтап, құрметтей білейік.

Тұрсынбек Кәкішев, филология ғылымдарының докторы,профессор, академик

10959 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8767

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7062

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4806

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4192

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4154

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4115

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3845

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3845

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы