• Тарих
  • 15 Маусым, 2011

Беғазы-дәндібай мәдениеті

d0b1d0b0d0b3d0b7d18b«АРХЕОЛОГИЯ – тарих ғылымының төресі» деген сөзді өмірлік қағида етіп ұстанған академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның отандық археология ғылымын дамытуға қосқан еңбегіне ешкім күмән келтірмесі анық. Әйгілі Арқаның Бетпақдаласынан бастап, қасиетті Баян жеріне дейінгі аралықты түгелдей шарлап, тамыры тас дәуірінен бастау алатын көнелердің орнын анықтап, ежелден бері Қазақстан аумағы иесіз жатқан жер емес екенін шама-шарқы келгенше дәлелдеген Әлекеңнің ашқан жаңалықтарының бірі – Беғазы қорымы екенін адамдардың бірі білсе, екіншісінің есінен қалыс қалуда. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақ­станда белсенді түрде атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде күллі Еуразия аумағының көне тарих беттері жаңа жаңалықтармен толықтырылып, Әлемге қола дәуірінде Орталық Қазақстан жерінде өркендеп, көршілес аумақтарға ықпал етіп, кеңінен тараған атақты Беғазы-дәндібай мәдениеті жарыққа шығарылды. Беғазы феноменін бүгінгі күні Еуропа ғалымдары түгелдей мойындауда. Сарыарқаның төлтума археологиялық мәдениетінің ашылуына және аталуына себепші болған көрнекті ескерткіштердің бірі Дәндібай қорымын осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын ауыл­шаруашылық жұмыстардың қарқынды түрде атқарылуына байланысты, болашақтағы су қоймасының орнын зерттеуге бағытталған П.С. Рыков жетекшілік еткен Нұра экспедициясы зерттеді. Зерттеу жұмыстарына П.С.Рыковтан басқа, М.П.Грязнов, М.И.Артамонова, И.В.Синицына, Н.К.Арзютова, М.Н.Комарова мен А.Н.Рогачева сынды ғалымдар қатысқан болатын. Экспедиция жұмыстары барысында алынған заттық мәдениет бұйымдары Қазақстан жерінен табылған көптеген басқа да құнды жәдігерлер сынды әлі де Эрмитаж қорында сақталуда. Қазіргі таңда бұл эпонимді ескерткіш Қарағанды қаласының маңындағы Топар су қоймасының астында қалған болатын. Ал «Археологияның атасы» атанған Әлкей Марғұлан бастаған, Есік обасындағы «Алтын сарбаздың» авторы Кемал Ақышев, орыстың белгілі ғалымы Л.Р. Кызласов қатысуға мүмкіндік алып, қазба жұмыстарын жүргізген Беғазы зиратының қазіргі жағдайын кім біледі? Археолог-ғалымдар арасында азды-көпті бұл ескерткіш жайында аракідік сөз болып отырғаны болмаса көпшілік көңілінде тіпті де еске алынбайды. Бұл жердің Әлекеңнің қазба жұмыстарынан кейінгі жағдайы жайында қандай ақпараттар бар? Кімдер, қандай ғалымдар отандық археология ғылымындағы өзекті тақырыпты күн тәртібіне қоюда? Беғазы­ның болашақтағы даму бағыттары қан­дай? Жоғарыда аталған және басқа да мә­селелер бойынша көпшілік оқырман қауым­ды хабардар етуді өзіме міндет санадым. Ең алдымен, сөз басында Беғазыда орналасқан ескерткіштердің көлемінің қомақты болуы себепті бұл нысандар ежелден бері адамдардың назарында болғандығы анық. Ал бұл өлкедегі қорым туралы алғашқы деректер ХХ ғасырдың басынан кездесетінін айта кеткен жөн. Кезінде Семей облыстық статистика комитетінің ұйымдастыруымен 1900 жылы жүргізілген археология­лық ескерткіштер туралы ақпараттар жинау шарасының аясында Н.Коншиннің 1903 жылы жариялаған «О памятниках старины Семипалатинской области» еңбегінде Қарқаралы уезі бойынша төмендегідей мәліметтер келтіріледі: «В Токраунской волости на ур. Бегазы есть 10 курганов круглой формы с насыпью из мелкого камня. Около 3 из них по четырем углам поставлено по камню высотой до 2 ½ арш., 3 обложены у основания крупными камнями в ½ арш. высотой, у остальных же 4 на верхушках поставлено по камню высотой в 3 арш. ...» Сипаттамаға назар аударар болсақ, Н. Коншиннің сөз етіп отырған нысандары қазіргі таңда ғылымда кеңінен танымал Беғазы қорымындағы әйгілі тас кесенелері туралы екенін болжамдап айтуымызға болады. 1946 жылы Қаныш Сәтбаевтың тіке­лей атсалысуының арқасында ашыл­ған ҚазССР Ғылым академиясында Тарих, архео­логия және этнология ин­сти­­туты­ның қар­ама­ғын­да Әлкей Марғұ­лан же­те­кші­­­лік ет­­кен Орталық Қазақстан археология­лық экс­педициясы жұмыс атқара бастай­ды. Ал­ғашқы уақыттағы басым бағыттар­дың бірі ретінде Орталық Қазақстан бойын­ша археологиялық тұрғыда тарихи-мәдени ескерткіштерді іздеу мақсатын­да толыққанды барлау жұмыстарын жүргі­зу таңдап алынып, сол жылдың дала­лық маусымында Әлкей Марғұлан көпте­ген басқа да ескерткіштермен қатар Беғазы қорымы бойынша алғашқы деректерді жинай бастайды. Бұл археологиялық кешеннің маңыздылығын Әлкей Марғұланның сөзімен келтірер болсақ: «... этот комплекс памятников относится к редким археологическим находкам Казахской Республики»,– деген болатын. 1947-1952 жылдары аралығында арасына үзілістер салынып зерттелген қорымнан орта қола дәуірі бойынша мәліметтер қоры толықтырылып, соңғы қола дәуірі бойынша тың деректер жинақталды. Сол жылдары далалық зерттеу жұмыстарының ауқымды жүргізілуінің арқасында отандық археолог ғалымдардың жергілікті мәліметтер негізінде іргелі еңбектерінің жазылуына себеп болды. ХХ ғасырдың ортасына дейінгі уа­қыт аралығында қола дәуірі бойынша шоғырланған деректерді алғашқы болып Кемал Ақышев өзінің кандидаттық диссертациясында талқылаған болатын. Дән­дібай мен Беғазы тас кесенелерінің ерек­шелігіне назар аударған ғалым алын­ған материалдардың бірегейлігіне байла­нысты қола дәуірінің кезеңдемесінде ар­найы Беғазы сатысын бөліп шығарған еді. Әлкей Марғұланның еңбегінің арқасында Орталық Қазақстан бойынша деректік қор жыл өткен сайын кеңейе түсіп, 1979 жылы көптеген қоныстар мен қорымдардан алынған материалдар Әлкей Марғұланға қола дәуірінің айрықша Беғазы-дәндібай мәдениетіне арналған арнайы монографиялық еңбегін шығаруға мүмкіндік берді. Бүгінгі күні Әлкей Марғұланның ат­қарған жұмысының арқасында Беғазы-дән­дібай мәдениетінің көптеген қо­ныс­тық орталықтары мен қорымдық ескерткіштері белгілі. Соның ішінде, әрине, Беғазы зираты айрықша орынға ие. Көпшілік қауыммен Беғазы қорымы ең далада орналасқан, тек қана тас кесенелерден тұратын ескерткіш ретінде қабылданады. Алайда зерттеу жұмыстары барысында бұл қорым құрамында орта қола уақытының... қоршаулары, соңғы қола дәуірінің 6 тас кесенесі, ерте темір дәуірінің... тас және топырақтан үйілген обалары, ХХ ғасырдың бейіттері мен саман мазарлары бар екендігі тіркелді. Демек, мұндай тұрғыдағы ескерткіштердің ансамблі бұл қорым, қорым орналасқан өлке сонау бағзы замандардан бастап, кейінгі кезеңге дейін адамдардың ой-санасында ерекше қастерлі мекен, киелі орын қызметін атқарған. Қорымда әр уақытта атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстарының арқасында біздің эрамызға дейінгі 17-19-ғғ. аралығын қамтитын кезең бойынша кең құлашты ақпарат беретін көптеген мәліметтер шоғыры жиналды. Андронов уақытының ескерткіштерінен алынған заттық деректер қалыптасқан қор көлемін кеңейтсе, соңғы қола дәуірінің тас кесенелерін зерттеу Орталық Қазақстанның айрықша Беғазы-дәндібай мәдениеті бөліп шығаруға негіз болды. Қордаланған ақпараттар кешенінің арқасында ғалымдар сол уақытта өмір сүрген қауым туралы біршама тұжырымдар жасауға мүмкіндік алды. Мәселен, Беғазы-дәндібай мәдениетін ұстанған ру-тайпалардың қоғамдық құрылымы, өркениеттік деңгейі, әлеуметтік жіктелуі жөнінде, адамдардың наным-сенімдері мен діни көзқарастары жайында, сол дәуірдің архитектурасы мен құрылыс салу техникасы жайлы, аталған уақыттағы тауар алмасу ерекшеліктері және т.б. көптеген аспектілері турасында айтуымызға болады. Қазіргі таңда толық жауапкерші­лік­пен Беғазы-дәндібай дәуірінде терең әлеуметтік жіктеліс болғандығы жөнінде айта аламыз. Себебі Беғазы қорымы, сондай-ақ Дәндібай, Айбас-дарасы, Бұғы­лы т.б. қорымдарда орналасқан тас кесенелер әлеуметтік сатыда біршама жоғары тұрған адамдарға арнайы салын­ған зираттар екендігі анықталған. Зәулім құрылыстардан қазба кезінде табылған сан түрлі әшекей мен бағалы заттар, ақтық асқа арналған көптеген қыш құмыралар – бұлардың барлығы сол жерге арулап қойған адамның көзі тірі кезінде ие болған атақ-абыройын, әлеуметтік мәртебесін асқақтату үшін жасалған шаралар. Дүниетанымдық көзқарастары бойын­ша оларда Күншығыс идеясы басым орында болған. Төртбұрышты жерлеу орнынан шығысқа қарай екі қатар тастан салынған жолақтар жерленген адам аруағын өлілер әлеміне жөнелтетін дәліз қызметін атқарған. Бір таңғажайып ұқсастық, дәл осындай ғұрыптық мәнге ие құрылыстар Орталық Қазақстан ерте темір дәуірі Тасмола мәдениетінің «мұртты обалар» деген шартты атаумен белгілі құрылыстардан байқалады. Бәлкім, ертетүркі уақытының төртбұрышты еске алу қоршауларының шығыс беткейіне қойылатын тас мүсін мен бірнеше ондаған метрлерге қойылатын балбал тастар да жоғарыда аталған дәстүрдің сарқыншақтары іспеттес. Әлкей Марғұлан зерттеулерінен кейін түрлі себептерге байланысты Беғазы өлкесінде ғалымдармен ізденіс жұмыста­ры жүргізілген жоқ. Алайда Беғазы тақырыбы мен ескерткіштері жөнінде қалам тартқан ғалымдар саны уақыт өткен сайын арта түсті. Ғылыми еңбектер санының көбейе түсуі, бір жағынан, жанға жайлы жаңалық әкелсе, екінші жағынан, жыл, бірнеше онжылдықтар өткен сайын қорым құрамындағы ескерткіштер зақымданып, өзінің тарихи бет-бейнесін жоғалта бастауына бұл еңбектер ешқандай оң әсерін тигізбеді. Ескерткіштердің бүлінуінің алғашқы себебінің бірі табиғи факторлардан болса, екінші себепке адамдардың іс-әрекеттері жатқызылады. Айта кетер жағдай, қорымның іргесінде орналасқан ауылда ауылшаруашылық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты қорымдағы ескерткіштердің тас материалдарын дайын шикізат көзі ретінде пайдаланғаны жөнінде ақпараттар тіркелген болатын. Сондай адам қолымен жасалынған жұмыстардың салдарынан көптеген ескерткіштер зардап шеккен болатын. Беғазы тақырыбымен жіті таныс емес немесе археологиядан онша-мұнша хабардарсыз ғалым ағаларымызға бұл кешен сол баз-баяғы қаз-қалпында тұрған бойда көрініп жүрген сыңайлы. Бірақ осыдан он жыл бұрын тіркелген ескерткіштердің техникалық жағдайы: тас-талқан болған баға жетпес қоршаулар мен кесенелер, мидай шашылған бейіттер, қорым аумағының күл-қоқыстардан аяқ алып жүргісіз көрінісі Тәуелсіз еліміздің еншісіне жазылған тарихи-мәдени мұраға халқымыздың қалай қарайтынының көрсеткіші сияқты болып көрінеді. Дегенмен «Көш жүре түзеледі» демекші, бүгінгі күні, уақыт озған са­йын атадан балаған мирас болып жеткен мәдени мұрамыз ескірмей, керісінше, өзінің таң-тамаша келбетіне қайтып келуде. Оған себеп, 2003 жылы Қарағанды облыстық мәдениет департаменті тарапынан Мемлекеттік «Жібек жолы» бағдарламасы аясында қабылданған «Беғазы қорымындағы археологиялық зерттеулерді жалғастыру» атты жобаның жүзеге асырылуы болып табылады. Сол жылдары аталған ұйымды басқарған Рымбала Омарбекованың ізденісінің арқасында қазіргі таңда Беғазы қо­рымындағы ескерткіштердің басым бөлігі қайта қалпына келтіріліп, көз қуанарлық, көңіл жұбанарлық жағдайға жетті. Жоба бойынша өткізілген тендерде Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты жеңімпаз атанған болатын. Айта кетерлік жайт, сол жылдары атқарылған жұмыстардың арқасында көпшілік қауым мен ғылыми интелли­генция өкілдерінің Беғазы қорымын­дағы атқарылған жұмыстардың маңыз­дылығына көздері жетіп, аталған қорым­дағы зерттеу жұмыстарын бұдан былай қарай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынысымен қабылданған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға оң сыңай танытқан болатын. «Беғазы-дәндібай және Тасмола мәдениеттерінің ескерткіштері» атты тақырыпта ұсынылған жоба «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүргізілетін жұмыстардың алғашқы сатысына кіргізілмей қалса да, екінші сатысынан бастап, яғни 2007 жылдан бері қарай уақытта тұрақты түрде ізденіс жұмыстары атқарылып келеді. Зерттеу жұмыстарына Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Зияденұлы Бейсенов жетекшілік етуде. А.З. Бейсеновтің пікірінше: «Қазақ­станның археология ғылымындағы аса маңызды орынға ие осынау ескерткіштегі жұмыстарды уақытылы қолға алып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе бастауымыз ХХІ ғасырдың өзінде елімізде белгісіз адамдар тарапынан тарихи-мәдени мұраға жасалынып отырған сан түрлі қиянаттан ескерткішті аман алып қалып отыр. Бірақ ескерткіштерді игеруге «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат көлемінің жыл санап белгіленген мөлшерден әлдеқайда аз деңгейде бөлі­нуі­нің салдарынан, алғашқы уақытта көр­сетілген іс-шаралар кешенінің жоспарына сәйкесінше өзгерістер пен толық­тырулар енгізіп, бастапқы уақытта көздел­ген мақсаттарға жетуге кедергі жасап келуде». Аталмыш бағдарлама бойынша қаражат көлемінің азаюының себеп­терінің байыбына бармай-ақ, Беғазы зиратындағы жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталып қалғанын айта кеткен дұрыс. Ендігі кезекте, қорымдағы абаттандыру жұмыстары, яғни ескерткіштерді көруге арналған тастан салынатын жолдарды төсеу, нысандар жайлы мәлімет беретін ақпарат тақталар ілу, қорым аумағын толығымен қоршау сияқты шаралар атқарылуы тиіс. Беғазы қорымындағы жұмыстар көпшілік археолог ғалымдарға үлкен тәжірибе жинау алаңы болды. Осы қорым негізінде ендігі кезекте басқа да нысандарды қайта жаңғыртып, бейнелі түрде айтар болсақ, екінші рет өмір сүруге құқық беріледі. Қазіргі таңда Беғазы өлкесінде арнайы «Қызыларай-Беғазы тарихи-мәдени табиғи қорық» ашу мәселесі күн тәртібіне қойылған болатын. Қорықты ұйымдастыру жұмыстарының бастапқы ­сатылары атқарылғанмен, бүгінгі күні басқа мәселелері бәсеңдеп қалған сыңайлы. Әсілі, мұндай тұрғыдағы қорық бұл өлкеге әбден керек. Себебі бұл жерде Беғазы зиратынан басқа әр дәуірдің көптеген ескерткіштері тіркелген. Археологиялық ескерткіштерден бөлек, аталмыш ауданда төре тұқымдары жерленген Талдыбейіт қорымы, Әсет Найманбаевтың туып-өскен қыстауларының орны, Қасым қорасы, т.б. нысандар шоғырланған. Жоғарыда көрсетілген жұмыстардың барлығы жүзеге асқан жағдайда өлкеде жергілікті туризмді дамытуға, көпшілік қауым үшін насихат жұмыстарын жүргізуге, ең бастысы, мыңжылдықтар куәларын бұдан былай қарай уақытта бүлінбей, аман сақтап қалуға даңғыл жол ашылатын еді. Бүгінгі күннің өзінде мұндай перспективалы жұмыстар өзінің орындаушыларын асыға күтуде. Сөз соңында болашақ ұрпақ алдын­дағы келелі мақсат, арлы міндет болып саналатын тарихи-мәдени мұраларымызды сақтап, келер толқын ұрпаққа жеткізу тек қана археолог ғалымдардың ғана емес, сонымен қатар елімізде өмір сүретін барлық санаттағы азаматтардың адами парыздары екенін айтамыз. Айбар Касеналин, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің оқытушысы

15837 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8752

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7056

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4800

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4186

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4148

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4109

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3839

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3839

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы