• Тарих
  • 15 Маусым, 2011

Ғибратты ғұмыр

1-112Халық: «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанат жөні бір басқа, жігітте де жігіт бар, азамат жөні бір басқа» демекші, қазанат пен азаматтың жолы ауыр. Әкесі Арын «халық жауы» атанып, Магаданда 1943 жылы 37 жасында қайтыс болған. Шешесі Қанипа 1945 жылы 35 жасында дүниеден өткен. Мұхтар әкесінен айырылғанда бір жарым жаста да, шешесінен 10 жасында жетім қалған. Қанатының астына алған әкесінің туған ағасы Ғали да жалған жаланың құрбаны боп 5 жыл айдауда болған. Атасы Дәуренбек Құйқанов 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалысында қаза тапқан. Ұлы Отан соғысы төс пен балғаның арасынан өткізді. Өмір сынады, басынан сипайтындар аз болды.Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Ә.Қайдаров: «Үлкен білім ордасының білгір де білікті ректоры ретінде ғана емес, ел қамын ойлайтын, ойлап қана қоймай, өзінің барлық күш-қуатын, бойындағы ерекше қасиетін сол өлкенің рухани, мәдени өмірін гүлдендіруге бағыштап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, еткен ерен еңбегін еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін жыр қылып айтады» деп тамсанған. Ол қандай ерен еңбек? Институтта «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін, институттағы бар мамандық бойын­ша қазақ бөлімдерін ашты. Оқулықтарды дереу қазақ тіліне аудартып, жаздырып, жедел бас­тырып, шығартып берді; 1989 ж. Ақтөбеде «Қазақ тілі» қоғамын құрып, соның төрағасы болды; ұлт тілінде оқылатын мектептердің ашылуына күш салды; Ақтөбеде 1500 балалық қазақ мектебін салдыртып, соны оқушылармен толтыртты өзі бастап; облыста 121 қазақ мектебін аштыруға бас-көз болды; «Ақтөбе өңіріндегі білім беру жүйесінің дамуы» мұражайы мен Абай мұражайының ашылуының басы-қасында жүрді; қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың – 90, академик Сақтаған Бәйішевтің – 80, Әлия Молдағұлованың – 70, академик Р.Сыздықованың 70 жылдығына орай республикалық ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастырып, арнайы аудиториялар жабдықтаған; «Жұбанов тағылымы» оқулықтарын жыл са­йын өткізуді дағдыға айналдырды; молалары жермен-жексен болып, жер бетінен өше бастаған тама Көтібар, Есет Көтібарұлы сияқты батырлардың, адам аяғы тимеген Қызылқұмның ортасындағы күйші Қазанғаптың опырайған молаларының орнына тарихи-архитектуралық кешендерінің бой көтеріп, ұлан-асыр ас бергізуге, аруақтарын қайта тірілтуге барын салды; Әйтеке бидің, Кердері Әбубәкірдің өмірі мен шығармашылығын зерттетіп, кітап, альбомдарын шығартты. Ел есінен баяғыда өшкен көрнекті мемлекет қайраткері, сталиндік реп­рессияның құрбаны, жерлестері Ұ.Құлымбетовті, КСРО Халық әртісі Ә.Мәмбетовті, композитор А.Жұбановты, Ғ.Жұбанованы танытуға үлес қосты; институтта Абайтану ғылыми-практикалық ор­та­лығын ашып, оған үш бөлмелі аудиторияны бекітіп беріп, Семейдегі мұражайы мен Жидебайдағы қорығынан жәдігерлер алдырып, жабдықтады; «Абайтану» мұнда барлық мамандыққа пән ретінде оқытылады; облыс көлемінде өмір сүрген, облыста дүниеге келген, бірақ жан-жаққа тарап кеткен ақын-жазушылары Батақтың Сарысы, Кердері Әбубәкір, Нұрпейіс Байғанин, Жиенғали Тілепбергенов, Тобық Жармағанбетов, Сағи Жиен­баев, Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтановтардың мерей­тойын өткізу, туған жерлерінде оқырмандарымен кездесу өткізу кәдімгі қалыпты, міндетті шараға айналған. «Қазақ тілі» қоғамының белсенді қызметінің арқасында ол даңқты жерлестерінің ғана емес, жергілікті ақын-жазушылардың да мерейтойларын өткіздіртіп, шығармашылығын насихаттатып, кітаптарын шығартуға маңдай терін аямаған. Бұрын облыс жұртшылығы тек радиодан естіп, телевизордан көретін республикалық айтысты апталап облыс орталығында өткізетін күнді де туғызды. Міне, күні де, түні де оймен, қайтсем қазақ рухы сөне бастаған облыс халқын ұлтжанды етемін деп дамыл көрмеген үлкен жүректі Мұқаңа ақтөбелік інісі Н.Жиенғалиев еміреніп: Ақыл айтып әкесіндей сол көптің, Анасындай бесік жырын тербеттің. Ақтөбенің бар қазағы ұмытпас, Зор көлемін Сіз сіңірген еңбектің! – деп еді. «Мұхтар қасарысқан жерінде қайтпас қара семсер еді. Пенде болса да пендешіліктен аулақ, жаны жайсаң, бала мінезді жан еді, адамға жақсылық істеуге келгенде алдына жан салмайтын қасиетін тілмен суреттеп жеткізу қиын», – деп еске алады Әбдуәли Қайдаров ағамыз. Азамат бойындағы ұсақтықты ұнатпайтын батыстық бауырларымыз Мұқаңды жатырқамай, төсіне төстерін тигізіп, құшақтарына көміп, балдай батырып, судай сіңіріп жіберуі оның үлкен-кішіні есепсіз сыйлайтын, байыптылық, сөзге тоқтау, қайырымдылық, ұстамдылық, қанағатшылдық, инабаттылық қасиеттері шығар. Сонымен Мұхтардың «мұхтар­лығы» ұсынатын тағылым: Аттан ауып түскен ақырет емес. Тақтан ауып түскен тақсырет емес. Өз басыңнан бақ ауса да, ел басынан бақ аумасын. Халық жолында баяғының батырларындай аттан аударып әкетсе, жаяу жүріп жағалас салатын заман. Ел игілігіне керекке түгел жете алмасаң да, қолыңа түскенге бекем боп, беліңді берік буатын заман. Міне, сол аумалы-төкпелі заманның қаруын асынған батырыңыз. Мұхтар аға Арынов «Ғылыми тереңдікке азаматтық парасаты қосылғанда қандай сананы сарсылтқан талқыға да салиқалық бітіріпті» (Ә.Кекілбаев). Халықтың көшін бастау талайына бұйырған азамат «бақ түгендемейді, тақ түгендемейді, атақ пен ат түгендемейді». Ол Ақтөбеде Абайдың жолын ұстап, Абайдан ұққанын, әлем данышпандарынан тоқығанын төңірегіндегі өзін алқалаған іні-бауырларына сыйлап, осы өлкеде туып-өскен өмірі аңыз батырлар, ақындар, күйші-жыраулардың мұрасымен бүгінгі ұрпақтарын қайта қауыштырды. Ол «Неміс тілінің грамма­тикасы­нан» неміс тілінде диссертация қорғап, ғылым канди­даты (1973) дәрежесін алды. Шығарған оқулықтары, проб­лемалық, әдістемелік материал­дарынан Мәскеу қаласындағы педагогикалық институттың неміс тілі кафедрасында баяндама жасап, профессор атағын (1988) алған. «Неміс тілінің қысқаша грамматикасы» (1971), «Неміс тілі грамматикасы. Морфология» (1986) оқулықтарын шығарды, олар университеттердің неміс тілі бөлімдерінде, мектептердің қазақ сыныптарындағы неміс тілі пәнінде оқулық ретінде пайдаланылып жүр. Ұлттық философия, дидактика, этнография, этнолингвистикаға негізделген «Бес анық» (1996) кітабы оқырманға жол тартты. М.Арынов Германияның Берлин, Австрияның Вена университеттерінің Құрметті профессоры. Стамбул, Каир, Александр (Мысыр) мен Бонн университеттерінің мінберінде неміс тілінде дәріс оқып, баяндамалар жасаған. Неміс ақыны Бертольд Брехттің «Шығанақ» поэмасының жарияланбаған, жоғалған үзіндісін тауып, толық кітап етіп шығарған, алғысөз жазған. Гетенің өлеңдерін жатқа білген, Микеланджело, Конфуций, Данте, Бируни, Рублев, әл-Фараби, Овидийлердің еңбектерін талмай оқып, Абай мұрасымен салыстыра пікірлерін ауызша айтып, жазуды бастаған... «Арыннама» деген шежіресіне енді кірісіп, 8 бетін жазып қалдырыпты. Институттың неміс тілі бөлімінде неміс тілінің грамматикасы, морфология, син­таксисінен теориялық курстарды жүргізген. Немістің классикалық шығармаларын оқытып, үзінді жаттаттырған. Ғалымның басшы­лығымен «Үндестік» атты ұлттық туын­дыларды қатар алып талдайтын, пікірсайыс – көпір іспеттес әдеби-сазды композиция қазақ-орыс-неміс тілінде ұйым­дастырылған. Филология маман­дығында оқып жатқан білімгерлер Грек, Рим, ежелгі араб, түрік, пар­сы әдебиетінің Батысқа тигізген ықпалын сезінуі үшін «Шығыс Ренессансы», «Түріктік Шығыстың классикалық әдебиеті», «Түркі халықтарының эпосы», «Ежелгі Шығыс әдебиеті», «Әлем елдерінің эпосы» курстарын оқу бағдарламасына енгіздірген. Оның «Бес анығының» өзі Абайдың «бес бағу»: «Ел бағу», «Мал бағу», «Ғылым бағу», «Дін бағу», «Бала бағу» – Анығынан бастау алатынын ескерген жөн. Ақтөбелік Н.Беркіұлы: «Ұран салдың Абай деп, Ұйықтадың сен Абай деп, Түс те көрдің Абай деп, Халық аузына ілініп, Өзің де кеттің Абай боп!» деп жоқтауы Абай рухын ала келген ағасының асыл қасиеттерін аңсауынан шығар. Мұхтар Арынды ешнәрсе бейжай қалдырмаған. Халқымыз Наурызымен қайта қауышқанда «Наурыздан наурызға дейін немесе календарь туралы бірер сөз» мақаласын жазып, күнтізбелердің шығу төркінін» ғылыми тұрғыда саралап береді. Шетел тілінің маманы ана тілін білуді – парыз, басқа тілді білуді – өнер санаған. Әйтсе де ол тілдің түйткілдерін қазақ тілі маманынан кем түсінбеген. Айталық, Абайдың белгілі өлеңіндегі: «Хиуадан шауып, Қисынын тауып, Тағыны жетіп қайырған» деген жолындағы «тағыны» деген сөзді түзеткен; отбасы, шаңырақ, түтін сөздері тұрғанда «жанұя» сөзін «семья» сөзінің орнына қолдануға қарсы; Көтібар ұғымын – жалғасы бар (Жалғасы: Есет, Нәби Жақсыбаев, Төлеу Бәсенов) деген ұғымды беретінін мойындаған; көмекшілерінің «сіздіктеп ағу» деп сөйлегеніне ашу шақырған: «Шапибай-ау» әнінің мәтініндегі «бөде үй» («Бөде үйге келдің бе, жар құшаққа ендің бе?») тіркесін «бәдауи» деп ән шырқап жүргендерге салқын қабақ танытқан; «Ақтотының зары» әнінде «Манар таудың басында қайың, арша» деген ән жолындағы «Манар тауды» «мұнар тауға» айналдыруды білімсіздікке жатқызады. «Бас-басыңа би болсаң, Манар тауға сыймассың» (Абай) дегенді ескермегенін ана тіліне олақтыққа санаған. Бір газетте «автомат» сөзін «іш тескіш» деп аударуын сорақылыққа балаған. Оның осы әмбебаптығын ақтөбелік журналист інісі Идош Асқаров: «Мұхаң, басқаны қойғанда, аза­маттығымыздың университеті еді. Мұхаң мұқият істейтін ісіміз, жөні түзу сөзіміз, кеңесті мәжілісіміз, кемелді ойымыз еді. Мынау жалғаны мен алдауы көп кер заманда азаматтық өңін бермеген кісілік келбетіміз еді», – деп қайран қалады, орны толмастығына өкінеді. Ол 1983-1995 жылдар аралы­ғында 13 жыл А.Пушкин атындағы Ақтөбе пединс­ти­тутының ректоры қызметін атқарды. Ғылыми ойлау жүйесінің кеңдігі оған дилетанттық көзқарасты аттап өтіп, студенттерді білім қайнарынан сусындататын жаңа пәндер мен арнайы курстар енгізуге батыл қадам жасатқан: «Түркі халықтарының тарихы», «Көне шығыс әдебиеті», «Әлем халықтарының эпосы», «Гете және Шығыс философиясының тарихы» арнайы курстары оқытыла бастауы – соның айғағы. Пединститутта 8 мамандық бойынша кадрлар әзірленіп жүрсе, ол оның санын 26-ға ұлғайтты. 1989 жылы институтқа ұзақ айтыс-тартыстардан кейін Құдайберген Жұбановтың аты берілді. Институттан университетке айналдыру жолында оның ашпаған есігі қалмаған. Арманы өзі көз жұмған соң жүзеге асты. Ол оқыту мен тәрбие процесінің сабақтастығына баса мән берген. «Адамның бойына ең бірінші адамгершілік қасиетті егіп, сосын кәсіптік шеберлікті меңгерткен абзал» дегенді қайталаудан жа­лықпаған. Білім беру саласында оқытудың батыстық жүйесіне тым құрақ ұшудан сақтануға шақырған (бакалавриат, магистратура, т.б.). Ұлттық тарих, ұлттық менталитет, ұлттық психология-ұлттық топырақтың құнарынан өсіп-өніп, басқалардың үздігімен қосымша қоректендірілуін қалады. Ұлттық мектепте ана тілін бас­тауыш мектепте жүйелі оқыту, онда да 10-12 жасқа дейін баланы бірнеше тілмен қатар жұмыс істеудің тиімсіздігін дәлелдеген (Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский көзқарастарын негізге алған). Институтта барлық мамандық бойынша Абайды оқып, үйре­нуді бірінші орынға қойған. Өз сабақтарында Абай, Шәкәрім, Ілияс Жансүгіров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсыновтардың шығар­маларын жиі пайдаланыпты. Оның ашық сабақтары «Гете – Пушкин – Абай – Лермонтов», «Абай лирикалары» (Әндерімен: «Татьянаның хаты», «Онегиннің сипаты», «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да», «Айттым сәлем, қаламқас», «Сегіз аяқ» т.б.). Үлкен аға буын ақын-жазушыларды насихаттауды солардың шығармаларындағы ұлттық менталитетті болашақ ұстаздардың бойына дарытуды өзекті мәселе етіп қойған. «Үш бәйтерек», «Бес арыс», «Алыптар тобы» шығармалары бойынша сахналы көріністі әдеби-сазды кеш, деректі фильмдермен өткізудің барысын өзі қадағалап отырған. Институттағы кадрлардың сапалық құрамына қатты көңіл бөлген. Ректор болған кездің экономикалық-әлеуметтік қиыншылықтарына қарамай 40-тан астам оқытушының ғылым кандидаты, 8 кандидаттың докторлық диссертация қорғауына тікелей көмек көрсеткен. Пысықай декандар мен кафедра меңгерушілерінің қызметін пайдаланып, жоғары мектепке ағайын-туғанын тығып, оқудың сапасын бұзып, ел арасында артық әңгіме тумауын жіті бақылаған. Студенттерге терең білім беретін беделді ғалымдарды жоғары бағалап, еңбегін елге ерекше танытуға тырысқан. Оқулық, монография, ғылыми кітап жазған ғалымдардың қолжазбасын жедел шығарып берудің бар мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған. Диссертация қорғаған, кітап шығарған ізденімпаз ғалымдарға қосымша төленетін қаражаттың көлемін жалақы деңгейіне дейін көтеріп, сыйақы төлеуді қалыпты тәртіпке айналдырған. Ғылыми жұмыспен үзбей шұғылданатын ғалымдардың жүктемесін азайтып, алаңсыз еңбек етуге жағдай жасауды естен шығармаған. Бар саналы ғұмырын жас­тар тәрбиесіне, ұлтына адал қызмет етуге бағыштаған Мұхтар Арын, Мағжан ақын айтпақшы, «жастарға»– ұлтының болашағына сенген. «Ұлтының болашағына сенбеген адам сол ұлттың жауы десе де болады» деп айтудан тартынбаған ол жүрген жерінде ағасы, ұстазы, абызы танылуы өз алдына, өз үйінде де балаларын қапысыз тәрбиелеп, ағайын-туғанының қамқоры, асқар таудай қалқанына айналған жан. Өздері де әке, ғылымның шыңына шыққан ғалым, елінің елеулісі, халқының қалаулысына айналған, көзінің ағы мен қарасы, егіз ұлы – Ерланы мен Нұрланы әкесі жайлы: «Біздің сізден басқа идеалымыз да, көш бастаушы көсеміміз де жоқ! Біз қашан болмасын Сізге қарап бой тіктеп, сізге қарап өсеміз» деп перзенттік махаббатының қуатынан хабар береді. Мұхтардың отбасындағы тағылымы – әр әкенің қайтсем шаңырағымның тірегіне айналамын деген сұрағына жауап. Руға, жүзге, жікке бөлінетін кеселден бойын таза ұстап, Алла сыйлаған шолақ ғұмырды қайда жүрсе де жатырқамай, ұлтының кетігіне кірпіш боп қаланып, барын риясыз сарқып беру – жұмырбасты пендені қандай биікке жеткізетінін үлкен жазушымыз, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев Мұхтар Арынды сағына отырып, жақсының аты неге өлмейтінін тарқатып беріпті: «Әркім өз жақсысын өзі бағалап алсын, өзіміздікінен басқаға мо­йын бұрмайық десек, Отанды адыра қалдырамыз. Осыны мықтап ұғына білген Мұхтар еді. Ол да бұл жағынан тек жеткіншек буынға емес, бүкіл әлеуметке ұстаз еді. Ол барғасын Ақтөбенің көптен бойкүйез тартып қалған рухани өмірі бірден жанданып, жадырап қоя беріп еді. Тіл қозғалысы, тарихи зерде қозғалысы, дәстүрлі тәрбие қозғалысы кеңінен қанат жа­йып еді». Иә, «сол қозғалыстардың қанат жаюы» Мұхтар Арынға оңайға түскен жоқ, мезгілсіз ажал бұйыртты, бірақ тағылымдарымен «Қайтсе адам қалады адам болып?» деген адамзатты толғандырған сауалға нақты жауабын беріп кетті! Т.СЫДЫҚОВ, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, профессор, филология ғылымдарының докторы

4230 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8769

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7063

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4807

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4193

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4155

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4116

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3846

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3846

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы