• Мәдениет
  • 15 Маусым, 2011

Дастан арқауы – егіз ұлдың тағдыры

Батыстың нелер үздік, заманында топтан озған талай тарлан таланттарының өзін бас идірген Шығыс әлемінің ашылмаған құпиясы, шешілмеген сыры да мол. «Бабалар сөзі» 100 томдық топтамасының 7-томына енген «Әбуғалисина, Әбілхарис» дастанының оқиғалары ойлы оқырмандарымыздың санасына сәуле түсірері хақ. Орта Азиядан шыққан ұлы ойшылдардың бірі Әбу Ғали ибн Сина б.д. 980 жылы Бұхара уәлаятының шағын қыстағында дүниеге келіп, 1037 жылы Хамадан қаласы маңындағы Абад елді мекенінде қайтыс болған. Омар Һаям, Әбу Райхан Бируни, әл-Фараби, әл-Жауһари әс-Самарһанди, әл-Бухари сынды замандастары сияқты Әбу Ғали жастайынан медреседе білім алып, бар өмірін ілім мен ғылым жолына арнайды. Орта ғасыр оқымыстылары діни және дүнияуи ғылымдарды қатар оқи жүріп, оларды бір-бірінен бөле жармаған. Сондай-ақ ғылымның әмбебап, ұзақ-сонар жолына түскен дәруіш кейпіндегі ұлы ойшылдар поэзия, музыка, математика, философия, логика, тіл, астрономия, медицина, саяхат салалары бойын­ша үздік зерттеу еңбектерін жазып қалдырғаны белгілі. Шын мәнінде, дүниенің жаратылысын, хақиқатты танудың жолын ғылым батини (ішкі) және ғылым заһири (сыртқы) сипаттарымен дәлелдеуге ұмтылған Шығыс ойшылдарының соңында таңғажайып жетістіктерге толы маңызды трактат-кітаптары мен өлмес есімдері аңыз болып қалды. Мысалы, Әбу Ғали ибн Синаның ғылыми еңбектерінің Еуропа елдерінде ерекше мәнді болғаны сонша, оның атақты медицина туралы кітабы отыз қайтара баспа бетін көріп, жоғары оқу орындарында оқытылып келген. Ұлы ғалымның: «Мен ойлаймын, демек, бұл – менің тірлігімнің белгісі» деген даналық сөзі Батыс әлемінің мәшһүр философы Декарттан алты жүз жыл бұрын айтылғанын білеміз. Өз заманынан оза туған оқымысты көптеген дінбасылардың қарсы болғанына қарамастан ежелгі дәуірде Платон негізін қалаған атом іліміне ден қояды, алғаш оташылық-хирург амалдарын меңгеріп, сол тәсілмен ауру жандарды емдей бас­тайды. Ол бірқатар шөптердің дәрілік қасиеттерін де танып, арнайы еңбектер жазады. Оның дәрігерлік тәжірибесінде ашқан жаңалықтары Азия шеңберінен шығып, күллі дүниеге аңыз болып тарайды. Әбу Ғали ибн Синаны Еуропа жұрты құрметпен Авиценна деп атаған – яғни ғалым есімінің алғашқы және соңғы бөліктерінен құрап, осылай ныспыласа керек. Ал медицина ұғымы ғылым саласының жеке пәні ретінде Ибн Синаның «әл-Мәдат әс-Сина» немесе «Синаның жәрдемі» атты шипагерлік еңбегінің атауынан келіп шыққандығы мәлім. Әбу Ғали Ибн Сина жайындағы дастандар қазақ арасына кітап түрінде және қолжазба күйінде де кең тараған. Солардың бірі 1886 жылы Қазан қаласындағы «Университет» баспаханасынан татар азаматы Шәмсуддин Хұсайынұлы бастырған «Әбуғалисина» дастанын қазақша жырлаған – Жақып Елшібайұлы нұсқасы. Алыс қырда жатып Шығыс әдебиеті мен фольклорын құныға оқып, кейбір шығармаларды қазақша сөйлеткен Жақыптың кім екендігі, қай өңірдің тумасы екені де әзірге белгісіз. ХІХ ғасырдың екінші жартысында араб, парсы, түркіден тәржімелеп, білгенін – халыққа қажетті тәрбиелі сөзі мен қызықты, қисынды сюжет­терін өлең түрінде қайта жаңғыртып, көрші мемлекеттердің баспа мекемелеріне кіріптар болған қазақ шайырларының шығармашылық жолын, қиын тағдырын көру қиын емес. Сондай-ақ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титуты мен БҒМ Орталық ғылыми кітапханасының сирек қорларында Қазақстанның Жетісу, Сыр бойы, Арқа өңірлерінен жиналған оншақты қолжазба нұсқасы сақталған. Осылардың арасында Араб Әмірұлы, Жүсіп Шорманұлы, Хакім Байысұлы жинаған нұсқалар – көлемді әрі көркем сапалы туындылар. Қуаныш қожа Баймағамбетұлы жырлаған «Әбуғалисина, Әбілхарис» дастанының сюжеттік төркіні Орта Азия Иран халықтарының ертедегі аңыз-хикаялары мен өмірбаяндық әпсаналарына құрылған парсы және шағатай тілдеріндегі прозалық дастан-хикаяттардан бастау алады. Осы дастанның мәтінін әзірлеген құрастырушылар (Б.Әзібаева, М.Ша­фиғов, А.Ақан) Қуаныш қожа нұсқа­сының сюжеттік негізінде 1864 жылы Зиятдин Саиид Яхия түркі тілінде жариялаған «Кәнжина-и хикмат Әбу Әли Ибн Сина» атты қарасөзбен жазылған шығарма жатуы мүмкін дегенді айтады. Шағатай диалектісі сияқты араб, парсы сөздерімен шұбарланған кітап көпшіліктің оқып, түсінуіне ауыр тиеді. Осыны ескерген татар ғалымы Қайым Насыри 1872 жылы әлгі дас­танды өз тіліне аударады. 1881 жылы араб әрпінде татарша басылған осы кітап арада бір ғасыр өтіп, орыс тілінде де жарияланды. Құрастырушылардың Қуанышты жай ғана «көшіруші» ретінде баға­лағанына қарамастан, шайыр­дың Шығыс дастанын татар тілінен құр тәржімелеп қоймай, бұл фоль­клорлық сюжетке айналған туындының ең көркем де көлемді (10 мың жолдай) нұсқасын қалың қазаққа түсінікті жыр тілімен төгілте сөйлеткен-ді. Алғыр ақын ұстазы Тұрмағамбеттің «Шаһнаме» дастанын аударғанындай – сол стильде, қара өлең үлгісін басты уәзін еткенін көреміз. Дастан сюжетіне негіз болған оқиғалар Бұқара, Бағдат, Мысыр, Сафа, Хамадан сияқты Азияның ірі шаһарларында өтеді. Орта ғасырларда аталған қалалардың діни және дүнияуи ғалымдардың орнықты ошақтары ретінде танылғаны тарихтан мәлім. Дастанның бастапқы тарауында Әбілхарис пен Әбуғалисина атты егіз ұлдың кішкентайынан білім мен ғылымға аса құштар, алғыр, ыждихатты болып өскенін баяндайды. Ақылы мен зеректігіне күллі төңірегі тамсанған екі бала он екі жасына жеткенде діни ілімнен өзге түрлі ғылымдарды, грек, араб, парсы, түркі, үнді, қытай тілдерін меңгеріп алады. Ежелгі дәуірдің Платон, Пифагор, Лұқман сынды ғұламаларын өнеге тұтқан екі жас енді ілім іздеуді мұрат тұтып, алыс елдерге сапарға аттанады. Бірде Батыс жұртын аралап жүріп, екеуі бір ғажайыпқа тап болады. Бір таудың үңгірінде атақты Пифагордың ғылыми мұралары тығулы әрі бекітулі жатқан көрінеді. Бұл үңгір жыл сайын белгілі бір мезгілде үш сағатқа ғана ашылады екен. Ілім-білім қуған талапкерлер әлгі уақыт арасында сол жерге кіріп, керекті дүниелерін жазып алуға асығады. Үңгір ашылар сәтте жаршылар төңірегіндегі елді хабарландырып, халықты ескі ілімнен сыбаға алуға шақырады. Әбілхарис пен Әбуғалисина соны естіп, келер жылы осы араға келіп, өнер, білім сарқытынан сусындауға келіседі. Жыл бойы киік пен маралдың жүрек майынан қуырдақ жасап, ұсақ бауырсақ әзірлеп, өздерін аптасына, айына бір ішіп-жеуге үйретеді. Уәделі уақытта, келер жылы үңгір ашылып, егіз туған бауырлар үңгір-мұражайға кіріп, үңгір жабылар сәтте тығылып, ішінде қалады. Бір жылдан соң, екі жігіт ежелгі ғылым мен тылсым өнерінің сан алуан түрлерін меңгеріп, әдеттегідей үңгір аузы ашылғанда сыртқа шыға­ды. Сақал-мұрттары, шаштары әбден өсіп, кескін-келбеттері кісі танымас­тай өзгерген екеуді көрген халық үрейленіп, оларды ұстап алып, патшаларына апарады. Елдің патшасы да бұл екі жігіттің түрінен секем алып, халықты бүлдіріп жүрген біреулерге жорып, дарға асуға бұйырады. Сол сәтте Ғалисина көлшікке секіріп, жоқ болып кетеді де, Ніл дариясынан шығады. Одан әрі өзен бойымен Мысыр патшасының шаһарына барып кіреді. Ал Әбілхарис болса, осы қарбаласта там басына шығып, өзін іздеушілерге таптырмай, бір қиырдағы Бағдат қаласына табан тірейді. Дастан сюжеті осы тұстан екіге жарылып, егіздердің екі елде өтіп жатқан ғажайып ғұмырбаянын хикаялауға көшеді. Дастанда бар-жоғы 700 жол Әбілхаристің өнеріне арналса, қалған 8 мыңнан аса өлең тармақтары түгелдей Әбуғалисинаның өмірінен сыр шертеді. Міне, «Бабалар сөзінің» кезекті 7-томына енген «Әбілхарис, Әбуғалисина» дастанының қысқаша мазмұны осы. Серікбай ҚОСАН

3267 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8752

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7056

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4800

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4186

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4148

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4109

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3839

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3839

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы