• Ақпарат
  • 22 Маусым, 2011

БАҚ – азаматтық институт

1-114

Саяси ғылымдардың докторы, профессор Нәубет Қалиевпен сұхбат

– Нәубет Қалиұлы, сіз Еуразия ұлттық университетінде өткен «БАҚ саяси институттар жүйесінде: теориясы мен практикасы» айдарымен өткен дөңгелек үстелде саяси жүйедегі БАҚ-тың институттану үдерісі жүріп жатыр деген едіңіз, БАҚ қалайша саяси жүйе институты болмақ? d0b1d0b5d0b7d18bd0bcd18fd0bdd0bdd18bd0b91– Ең алдымен, БАҚ саяси жүйелер теориясындағы институт түсінігіне және категориясына қойылатын іргелі талаптар мен сипаттарға жауап береді. Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі саяси үдерістерде БАҚ-тың – көп мазмұнды және кең ауқымды функциялары арасында араласпайтын қоғамдық өмір саласы жоқ. Әр қырынан, әр саладан, әр деңгейден көрінеді. Саяси және әлеуметтік, экономикалық-нарықтық, этносаралық, дінаралық қатынастар, білім, денсаулық, тіл саясаты, төтенше оқиғалар, үлесшілер мүддесі, тағы да сол сияқты дүниелердің ешқайсысы қазақстандық БАҚ назарынан тыс қалған емес. Қазақстандық БАҚ та әлемдегі демократиялық елдердегі осындай институттардың көпсалалы функцияларының барлығын атқаруда. Жалпы, саяси жүйелердегі БАҚ функциялары туралы қалыптасқан, бір жүйеге түскен ортақ пікір жоқ. Оның рөлі туралы әр түрлі талдаулар бар. Біздің есептеуіміз бойынша, ғылыми әдебиетте жалпы оның жиырмаға жуық функциясы көрсетіледі. Олардың ішіндегі ең бастылары – ақпараттық, қоғамдық сананы қалыптастыру және дамыту, әлеуметтендіру, білім беру, әлеуметтік байланыс, сабақтастық және мәдени-көңіл көтерушілік, сыни, бақылау, мүдделерді артикуляциялау, интеграция, инновациялық, қоғамдық пікірді қалыптастыру, жұмылдыру және тағы басқа да функциялар. Осы саладағы ТМД елдеріне танымал ғалым Я.Н.Засурский БАҚ-тың ақпараттық, талдаушылық, көңіл көтерушілік функциясын ерекше бөледі. Біріншіден, функциялар туралы пікірлер мен көзқарастардың өзгеріп, дамып оты­руы себебі – талдау объектісінің өзінің өзгеріп отыратын, динамикалық сипатынан қоғамдық үдерістердің үнемі бел ортасында тұратындығында жатыр. Қазіргі ақпараттық тұрғыдан толысып-тасып тұрған қоғамда БАҚ өткен ғасырдың екінші жартысындағы рөліне қарағанда әлдеқайда өскелең. Бұл құбылыс Қазақстанға да тән. Осыған байланысты оның функцияларының да түрленіп, толысып кеңеюі – табиғи құбылыс.

Жаңару үстіндегі Қазақстанның қоғамдық шындығы. Екіншіден, БАҚ-тың өскелең рөлінен оны теріс түсініп, әсіре бағалап, тікелей билік тармағы, «төртінші билік» деп есептейтін пікірлер бой көрсете бастады. Үшіншіден, саяси жүйенің бір құрамдас бөлігі ретінде БАҚ – ең алдымен азаматтық қоғам институты. Ол билік институты емес, оны тікелей коммерциялық құрылым деп те қарауға болмайды. Оның басты функциялары қоғамды интеграциялау, ұйымдық, ақпараттық-әлеуметтендірушілік қызмет атқару. Саяси жүйенің институты ретінде демократиялық үдерістерде БАҚ қоғамды интеграциялаушы рөлінің ерекше маңыз алып, нығайып келе жатқанын көру маңызды. Азаматтарды қоғамда болып жатқан неғұрлым маңызды үрдістер мен құбылыстардан толық ақпарат беру арқылы БАҚ осы үдерісті ақпараттық қамтамасыз етудің негізгі кепіліне айналды. БАҚ бойындағы демократиялық әлеуеттің екінші бір құрамдасы бизнес немесе билік құрылымдарының, әлеуметтік институттардың іс-әрекеттеріндегі заңдардан, қоғамдық моральдан ауытқудың көріністерінен бүкіл халықтың хабардар болып, мұндай құбылыстар төңірегінде сыни қоғамдық пікір қалыптастыруында жатыр. – Жаңа сөзіңізде БАҚ-ты төртінші билік деп есептейтін пікірлер бой көрсете бастады дедіңіз. Демек, сіздің ойыңызша, БАҚ төртінші билік емес пе? – Саяси партиялардың таны­малдығы, бұқаралылығы, беделі және ықпалдылығы бүгінде олардың өз мақсаттарына БАҚ-ты пайдалана және тарта білу деңгейіне байланысты екендігі даусыз шындық. БАҚ-ты «биліктің төртінші тармағы» деп атау, турасын айтқанда, конституциялық нормаларға сай емес. Себебі еліміздің Конституциясында билік тармақтары анық көрсетілген. Бұқаралық ақпарат құралдары – адамдарды демократия мен өркениет құндылықтарын, өз құқықтары мен міндеттерін білуге және құрметтеуге тәрбиелейтін аса маңызды ақпараттық, тәрбиелік жұмылдырушы, білімдік, сын мен қоғамдық бақылау, инновациялық функцияларды жүзеге асырушы демократиялық институт. Қоғамдық құбылыстар мен адамдарды қамтуы, олардың санасына ықпалының тереңдігі жағынан олар келешекте мемлекеттік басқару субъектілерімен бірдей маңызға ие болуы ықтимал. Алайда БАҚ-қа «төртінші билік деп мәртебе беру – олардың өкілдеріне қате бағдар ұстап, сот ісіне, тергеу барысына, прокуратура мен ішкі істер органдарының қызметіне заңсыз араласуына, тіпті қысым жасауына әкеліп соқтыруы мүмкін қауіпті үрдіс. Ал ақпарат өкілдерінің осы қате бағдарға бой алдырып, заңға, журналистік этикаға қайшы қадамдарға баруы бүгінде әр тұста бой көрсетіп жүр. Ал ақиқатқа жүгінсек – ақпарат құралдары ешқашанда биліктің төртінші, бесінші және одан кейінгі де тармақтары бола алмайды. – Неге осы пікірден айнымай қалдыңыз? – Себебі олар әрқашанда өз құрылтайшыларының немесе меншік иелерінің қолындағы ықпал ету мен насихаттың құралы болды және солай болып қала береді. Ал ресми билік өкілдері тарапынан журналистерге «төртінші билік өкілдері» деп айдар тағып, арқадан қағуының артында, біздің байқауымызша, олардың беделін сыйлап, құрметтеу емес, қайта оларды алдаусыратып, дәмелендіріп, өтірік емексіту пиғылы жатыр. Бұндай амал жоғарғы билік тарапынан да және БАҚ өкілдері тарапынан да қолдау табуға тиіс емес. Бұқаралық ақпарат құралдарының күші биліктің беделінде емес, өз беделінің билігі мен күшінде. – Жақсы делік, еліміздің жан-жақты жаңару кезеңіндегі саяси жүйесіндегі БАҚ-тың орны туралы қандай қорытындылар жасауға болады? – Ең алдымен, БАҚ Қазақстан саяси жүйесінде көпсалалы, көп қырлы функцияларды атқаратын, көпөлшемді саяси үдерістерден өзінің орнын тапқан аса маңызды қоғамдық, демократиялық, азаматтық интитутқа айналды. Демокра­тиялық, азаматтық институттар арасында ол саяси партиялардан кейін, тіпті кей мәселелерде олардан да іргелі, беделді институттардың біріне айналды. Екіншіден, еліміздегі қазіргі кезеңдегі саяси және демократиялық мәдениеттің деңгейіне байланысты БАҚ-тың бұқараны әлеуметтендіру, аналитикалық, бақылау және сын, мүдделерді артикуляциялау және интеграциялау функцияларының маңызы ерекше артуда. Үшіншіден, еліміздің саяси және әлеуметтік тарихындағы өткен кезеңдегі ұлттар мен этностар арасындағы күрделі қатынастарға, сондай-ақ еліміз дамуының бүгінгі терең мүдделерінен туындайтын қоғамдық келісім мен татулық тәрізді түбегейлі құндылықтарды одан әрі бекіту және жаңа сапалық рухани, адамгершілік деңгейлерге байланысты БАҚ-тың еліміздегі этносаралық татулық пен бірлікті, мемлекеттік тілдің топтастырушылық рөлі, оның ұлтаралық қатынастың құралы ретінде терең біліктілікпен, құрметпен жазуы – қоғам үшін ерекше қат дүниелер. Төртіншіден, билік пен БАҚ-тың арақатынасы мәселесі – осы екі институттың да болашақтағы беделі мен қоғамның жария, ашық және өзара байланыстарды дамытып бекемдеудің жемісті бағыты. Бұл мәселедегі ең маңызды және жемісті бағыт – өзара түсіністік пен өзара құрмет формуласы. Билік БАҚ-ты қоғамдық пікірді білдіруші өзінің демократиялық, ақпараттық әріптесі ретінде қабылдаса, БАҚ әр деңгейдегі билік институттарын халық өкілеттік берген, ел мен ұлт мүддесін жүзеге асырушы легитимді жария және түптеп келгенде мемлекет мүддесін білдіретін, соның күзетінде тұрған институт ретінде қабылдап, өзінің мүдделі әріптесі ретінде қарауы керек. Жалпы, БАҚ-пен тіл табысып, сауатты, шындыққа негізделген әрі дер кезінде берілген толық ақпарат арқылы өзіне жұртшылықты қызықтырып, сол арқылы бүкіл қоғаммен үйлесімділікке жету – өнер және ғылым. Оны мамандар «келісімдер архитектурасы» деп те сипаттайды. Бұл іске қойылар басты талаптар: шыншылдық, ашықтық, ақпараттық жаңашылдық, әлеуметтік жауапкершілік және қоғамдық пікірге құрмет. БАҚ-пен байланыста мына бір мәселені де есте ұстаған дұрыс. Қайсыбір мемлекеттік органдардың немесе шенеуніктердің бұқаралық ақпарат құралдарын толық мемлекеттік билік бақылауына алғысы келетіні де, ал бұқаралық ақпарат құралдарының тарапынан, керісінше, толық тәуелсіздікте болуды аңсайтындары да бар. Әділетіне келсек, бұның екеуі де – бүгінгі күнгі қоғамдық ахуалға, үрдіске сай келмейтін мақсаттар. – Оның себебі неде? – Өйткені Қазақстан Республикасының Конституциясында сөз және баспасөз бостандығы паш етілген әрі еліміздегі БАҚ-тың 80 пайызы жекеменшік нысанында болып отырған жағдайда оларды қатаң мемлекеттік бақылауда ұстау мүмкін емес. Еліміздің қолданыстағы заңдары да оған жол бермейді. Масс-медиа өкілдерінің шексіз тәуелсіздік немесе еркіндік туралы пайым-тұжырымдары да, сайып келгенде, негізсіз болып шығады. Себебі кез келген ақпарат құралының құрылтайшысы – иесі бар. Оның экономикалық, әлеуметтік, тіпті саяси мүдде-мақсаты, бағдары бар. Демек, ақпарат құралдарынан, сөз жоқ, сол мүдделерді насихаттап, соларды қорғап, әспеттеуді талап етері – басы ашық мәселе. Елбасымыз Н.Назарбаев журналистермен кездесуінде «Мемлекеттік емес БАҚ-тар қожайындарының қатты қыспағына түсіп отыр... Әлгілер өздерінің талас-тартысына енді журналистерді тартады. Айналып келгенде, журналистер әлгі қалталы байлардың айтқанымен жүріп, солардың сойылын соғатын аманат-адамдарға айналды», – деп айтқан-ды. Жалпы, қай елде де мемлекеттік биліктің тармақтары мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қатынастар қашанда қайшылықты, күрделі және ол әркез бүкіл қоғамның назарында. Турасын айтқанда, масс-медиа еліміздегі бүкіл саяси биліктің, жария, ашық қызмет жасауының басты механизмдерінің біріне айналды және оның бұл мәселедегі ықпалы барған сайын артуда. Бүгінгі кезеңде БАҚ-тың ең маңызды функциясы қоғамды, әсіресе, билікті әлеуметтің көкейтесті мәселесіне аудару деп есептеймін. Соның ішіндегі ең өткірлері: өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуші деп аталатын адамдар категориясы. Олардың жалпы саны – 2,3-2,4 миллион адам немесе экономикалық белсенді халықтың 40 пайызы. Осы адамдардың жай-күйі БАҚ-тың ең өзекті тақырыбы деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет! Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

9785 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8753

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7057

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4801

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4187

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4149

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4110

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3840

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3840

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы