• Ақпарат
  • 07 Шілде, 2011

Барды бар деп бағала

Бүгінде, жасыратын несі бар, қандастарымыз, оның ішінде кейбір аға буын өкілдерінің аузынан «қазақ ел болмайды, қазақ бейшара халық, баяғыдан осындай сорлы едік» дегенді естіп қаламыз. Тіпті өзіміз куә болған бірлі-екілі жиында қазаққа айтылған оғаш сөздерді құлағымыз шалып, шошып қалғанымыз бар. Аттарын атап, түсін түстемей-ақ қойдық. «Ішің білсін, әләулай». Бұған себеп пұшпаққа шыға қоймаған тіл, діл, дініміз дейтін де болар. Өсірейін деп сынағаннан айналасың ғой, байқауымызша, өшірейіні басым сияқты. Ал сондай айтқыштардың денінің бала-шаға, немересі орысша шүлдірлеп жүр. Қазақ деуге келмейді. Әлде Ескелді бидің ізімен «Олақ – міншіл, Сырғақ – сыншыл» дейміз бе? Жалпы, бұл жастарды моральдық тұрғыда қатты шаршатуда. «Үмітсіздік – сайтанның ісі» деуші еді. Сонда бұл не? Мұның атын не десек болғандай? Ел болашағына сенбеу ме? Қазақ әлеуетіне шек келтіру ме? Қайта кейінгі толқынды қайрап, жігерлендірудің орнына кей серкелеріміздің бұл қай алжаса бастағаны? Дос жылатып айтады, әрине. Әйтеуір, шолақ пайымымызбен соған жорығандаймыз. Көненің пәлсапашылары түйін­демекші, бәрі салыстырудан шығады. Рас, халқымыз аюдай орыспен, аждаһадай қытаймен, самұрықтай Сэм ағайдың елімен иықтастырғанда көңілге аласа да шығар. Иә, сол баяғы 300 жылдық тепкіннің салдарынан арыла алмай жатқан да болар. Есеміз белгілі бір жерлерде кетіп, тұғырланатын тұстарымызда жасықтық танытқан да шығармыз. Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте берген де болмайды. Барды да көре білген дұрыс. Қазақы оймен жеткізгенде, жақсылы-жаманды жетістіктер де бар. Бұған ешкім таласа алмайды. Қазақ әлем пікірінің алдына жасампаз ел ретінде өсті, бірақ өз түсінігінде әлі де кішік сезінеді. Бізге өз-өзімізге деген нық сенім керек-ақ. Ал моральдық-психологиялық нәзік негізді шайқалта беру, түбін үңги беру жақсылық емес. Неге көпіршік пікірлерді тоқтатып, оның орнына тұйықтан шығудың жолдары айтылмайды? Неліктен Елбасы ортаға ұран етіп тастаған бәсекеге қабілеттілік ұғымдарын жүрген жерде қоғамдық пікірге сыналап енгізбеске? Неге жетістік категорияларында ой толғамасқа? «Өлесің, өлесің» дей бергеннен ауру жазылып па? «Өртенді, өртенді» деп айғай салғаннан өрт өшіп пе? Дерттіге бар да, дәрі бер. Жалынға бар да, қарлығаштың қанатымен болса да су шаш. Ақылымыздың тасығанынан, нұрымыздың шалқығанынан емес, өзі онсыз да еңсесін тіктей алмай жатқан қазақ жасын енді сөз жүзінде тұқыртқысы келетіндерге ызаланғаннан айтамыз. Отарға қасқыр шауып жатқандай болса, қосыла шапқысы келетіндердің көбейгеніне сескенгеннен. Өз кезегінде ондайлардың уәжі – қазақтың өзіне лайық орнын ала алмай жатқаны-мыс. Ала алмай жатса, Құдай-ау, сол олқыны толтыруға сөз көмекпен болса да жәрдемдесу парыз-дүр. Жараның бетін тырнай бергеннен кім ұтады? Бірде Ақтайлақ би Дулаттың әкесі Бабатайға: «Солтабайдың Барағы әкесінен өте туып, ел билеп аға сұлтан атанды. Айбарынан ешкім аса алмады, алыптығына да жан тең келтірмеді. Батыр атанып, қол бастады. Ал сенің ұлың Дулат қолдағы бар дәулетіне ие бола алмай, ел кезіп, сөз қуғаннан аса алмады. Әкеден кете туды» – дегенде Бабатай атамыз: Жақсы да болса, қарағым, Жаман да болса, қарағым, Солтабай төре бере ме, Жақсы туған Барағын? – деп Ақтайлақты сөзден тосылдырса керек. Сол айтпақшы, «жақсы да болса қазағым». Маңдайға жазғанын осы халықпен көрдік. Бұл қазақты «жаман» дегенде қайсы мемлекет орнына өзінің жақсы туған азаматын берейін деп тұр? Ұстараның жүзіндей аудармалы болса да, бары осы. Өткен дәурен өтті. Иншалла, алты Алаш «Алла» деп тұрғанда ел болады, тірі болады, ірі болады. Ол үшін кеңестік кезеңде қордаланған кембағалдықтың кейінгі ұрпаққа көшпеуіне барынша күш салған лазым. Абылай МАМЫРАЙХАН

3205 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9155

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7284

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5024

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4409

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4373

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4333

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4068

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4060

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы