• Қоғам
  • 21 Шілде, 2011

«Тау самалы» күтеді

d0b0d0bbd0b8d188d0b5d1801 Еліміздегі туризм саласы біртіндеп алға басып келеді. Азаматтардың жағдайы түзелген сайын демалуға да көңіл бөле бастайды. Оларға соған сай толымды жағдай жасай алсақшы. Тек, мұндай ұстанымды мүдделі тараптар басшылыққа алса құба-құп. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте бермеген де абзал. Жақында Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында сондай жағдай жасауға бел шеше кіріскен құрылымдардың бірі – «Тау самалы» атты сауықтыру кешенінің тұсауы кесілді. Ол кешен табиғаты тамаша тау бөктеріне орын теуіпті. Құрылысы 2009 жылдың күзінде басталған орында төрт қабатты қонақүй мен табиғи ағаштан жасалған 30 коттедж бар. Сауықтыру кешені бір мезгілде 250 адам қабылдай алады. Сауықтыру кешені облыс орталығы Шымкент қаласынан 44-48 шақырым қашықтықта орналасқан, яғни қала тұрғындары мен қонақтар үшін де қатынау қиын емес. «Жақсы істің басында» біз, кешеннің иесі, жеке кәсіпкер Әлішер Толыбаевпен дидарласқан едік. Жаңа іске дем берген алымды жан өз кезегінде оңтүстікке тән ақкөңілмен, іс барысы хақында ағынан жарылып қоя берді. Оның айтуынша, негізі шетелге демалуға құмар болмау керек. Өзге емес, ең әуелі өзіміз үшін осындай қиғаш психологиядан тезірек арылған ләзім. Өйткені өзімізде де тамаша демалыс орындары жетеді. Бұл ретте кәсіпкер аталмыш сөзіне бұлтартпас үш дәлел келтіреді. «Шетелге барғанда, біріншіден, діттеген жеріңе жеткенше жол ұрып тастайды» дейді ол біссімілә сөзінде: «Онда барып, демаласың да, қайтар жолда тағы шаршап ораласың. Сонда демалғанымыз қайда қалады? Ал өзіміздегі демалыс орындарға келуден жолда жүріп шаршамайсың әрі сол шетелдегі жағдайдан ешқандай кем емес. Екіншіден, өзіміздегі демалыс орындарының демалу ақысы шетелдікінен әлдеқайда төмен. Үшіншіден, жұмсаған ақшаң өз елімізде қалады, жергілікті бюджетке де үлес қосасың». «Көрейік те үйренейік, жақсысы болса асырайық» деген оң ниетпен біз де одан әрмен қарай сыр суыртпақтай бастадық. Сауықтыру кешенін аралап, демалыс орнының кереметтерімен таныс­тыра бастаған азамат соқырға таяқ ұстатқандай етіп, өз әлқиссасын да айтпай қалмады. – Кешен жұмысы, ең алдымен, жол салудан басталғанын құп көрдік. Үлкен қырды екіге бөліп тұрған жол мұнда келушілер үшін алғашқы қолайлылықтың белгісі іспетті. Автотұрақ үшін де арнайы жер қарастырылды. Жалпы аумағы 15 гектарды алып жатқан кешенге алғаш келген адамның ең бірінші байқайтыны әсемдік пен тазалық екені сөзсіз. Төрт қабатты, 60 орындық қонақүйдің ауласын әсем безендірдік. Ортада су-бұрқақ, оның айналасы әдемі гүлдермен, сәнді ағаштармен көмкерілген. Қонақүйге қарама-қарсы бетте қаздай тізілген, судың екі тамшысындай бір-бірінен айнымайтын ұқсас коттедждер сап түзеді. Сыртқы көрінісі қандай әсем болса, іші де сондай көрікті әрі демалушылар үшін өте ыңғайлы жағдай жасадық. Екі қабатты коттеджді бір отбасы немесе екі отбасы бірігіп жалдаса да болады. Жылы суы, әжетханасы, душы ішінде орналасқан. Жатын бөлмелері де жанға рахат сезім сыйлайтындай жақсы жасақталған. Мұнда қақаған қыста да келіп демалуға болады. Жылу жүйесі толық жүргізілген... «Ас – адамның арқауы» демекші, мұнда тамақтандыру мәселесі тиянақты шешілген бе?» – деді жанымыздағы жолдасымыздың бірі. – Әрине, ас мәзіріне ерекше көңіл бөліп отыр­мыз, – деп таныстырудың жаңа қырын аша түсті кәсіпкер. – Бәрі де – экологиялық, таза өнімдер. Таңертеңгі ас мәзірінде сүт тағамдары ғана, яғни сүт, айран, қаймақ, қымыз, құрт, сарымай, тағы да басқа тағамдар ұсынылады. Бұлардың денсаулық үшін пайдасы өте зор. Мұның барлығы да – өзіміз өсіріп отырған мал шаруашылығының өнімдері. Нан да өзімізде жабылады. Алдағы уақытта бал арасын асырап, одан алынған бал дастарқан мәзірін байытпақ. Төрт гектар жерге жылыжай шаруашылығын дамытып, ондағы өнімдер де дастарқан төріне қойылады. Ол жылыжайларға бірінші кезекте мандарин мен апельсин өсіріп көрсек деген жоспар бар. Коттедждер де Ресейден әкелінген таза ағаштан жасалған. Оның да денсаулыққа пайдасы бар, демалушыларға да әдемі әсер сыйлай алады. Шетелдік туристер қонақүйлерге көбірек көңіл бөледі. Сондықтан да бір сәтке мұндағы жатын орынның жайына шетелдіктердің көзімен де қарап көрдік. Жалпы, мұндағы қонақүй мықты дейтін шетелдік қонақүйлерден кем түспейтін көрінді. Қарапайым бөлмелерден бастап VIP, яғни люкс бөлмелерге дейін қамтылған. 50 орындық баспасөз мәслихатын өткізетін арнайы залы бар. Демалушыларға бильярд ойнап, туған күн секілді кі­шігірім той-томалақтарды да өткізе берулеріне болады екен. Сондай-ақ атпен серуендеп, қайық­пен қыдырып, төрт доңғалақты квадроциклмен жүйіткуге болады. Балаларға да жалықпайтындай түрлі жағдайлар жасалған. Екі жерден үлкен бассейн орын тепкен. Оның суы табиғи түрде тазаланып, жаңарып отырады. Қонақүйден ылдилай төмен түссеңіз, алдыңыздан 165 метрлік жаяу өтетін көпір шығады. Екі қырдың ортасын жалғап тұрған ол көпір арқылы арғы қырға шығып, арнайы жасалған жолдар арқылы тауды бетке алуға болады. Жол-жөнекей әр жерге демалатын орындар. Көпірдің астынан өзен ағып жатыр. Қысқасы, қайсібірін айтайық?! Ғажап! – Осынау өзеннің бір жағасынан аумағы 100х50 метр болатын жасанды көл жасалып, болашақта онда балық шаруашылығын дамыту жоспарда бар. Балық аулаудың өзі бір демалыс емес пе?! Көпірдің жарты беліне барған тұста жазғы, яғни көлемі 8х18 метр болатын көл үстіндегі мейрамхана салып жатырмыз. Одан бөлек коттедждер жағы тұсында сегіз бұрышты, екі қабатты мейрамхананың құрылысы бітуге жақын. Оның бір қабатының өзіне 100 адам еркін сыйып кетеді. Пирамида үлгісіндегі мейрамхана мен бес қабатты қонақүйдің де іргесі қалануда. Болашақта жабық үлгідегі стадион салу да жоспарда бар. Әр жерге қойылған мүсіндер, яғни су перісі, ла­ғын ерткен елік секілді мүсіндер келушілерді қуан­тар дейміз. Бұл да – жүйкені демалдыруға де­ген таптырмас тәсіл, – дейді кәсіпкер және бір толқып. Негізінен, мұның бәрі шетел тәжірибелерін кеңінен тұтқанғандық екен. Кәсіпкердің өз сөзімен айтқанда, алыс-жақын елдерге жасаған сапарлары осындай бастамаға итермелепті. – Мен Еуропа елдеріне іссапармен саяхаттап жиі барып тұрамын. Біздегі қонақүйдің жағдайы сол елдердегі 4-5 жұлдызды қонақүйлерден бірде кем емес. Қайта Еуропа қонақүйлерінде толықтай жиынтық жоқ. Ал Қытайда, керісінше, бәрі бар. Шетелге демалуға шыққанда қолыңызда құжатыңыз мен банктік картаңыз ғана болуы керек. Өзге қажетті заттардың барлығы да, аяққа киетін тәпішкеңізден бастап, тіс жуатын щеткаңызға, қырынатын-себінетін иіссуыңызға, ең ақыры ине-жібіңізге дейін қонақүйден табылуы тиіс. Біз де демалушыларға осындай жағдай жасайтын боламыз. Күнделікті пайдалануға не керек, барлығы болады. Бөлмедегі жиһаздар жиынтығы бес жұлдызды қонақүйлерге арналған... «Сырт көз – сыншы», байқаймыз, сауықтыру кешенінің аумағында түрлі ағаш көшеттері отырғызылыпты. Сирек кездесетін көгілдір шырша, Тянь-Шань шыршаларын да, гүлдің де неше атасын көріп отырмыз. – Көгілдір шыршаның бір көшетінің өзі 25 мың теңге тұрады. Ал сәндік гүлдердің нешемесін ектік. Раушан гүлдердің 5-6 мың түбін қондырдық. Менің «хоббиім» – раушан гүлін өсіру. Оны баптаудың сырын әбден меңгеріп алдым. Гүлдің осы түріне қатты қызығатыным соншалықты, үлкен қызымның есімін де осы гүлмен байланыс­тырып Роза деп қойдым. Қай жерден раушан гүлінің өзгеше түрін көріп қаламын, міндетті түрде оны өз ауламда өсіруге тырысамын... Иә, оңтүстіктің демалыс орындары тағы біреуге толықты. Өңірлерде туристік кластерді дамытамыз деп жатырмыз. «Тау самалы» шетелдіктерге ұялмай көрсететін орын екен. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар үшін таптырмайтын сауықтыру әрі тынығу аймағы. Біз осындай кешен салған жеке кәсіпкер Әлішер Толыбаевтың толағай тірліктеріне тәнті әрі риза болып аттандық. «Жақсыдан шарапат» демекші, осы маңдағы ха­лыққа да мұның игілікті тамшысы жетіп жатыр екен. Кәсіпкер азаматтың өзі бұл турасында былай дейді: – Кешен жұмысын бастамас бұрын ауылдың екі көшесін жарықтандырып, тағы екі-үш көшеге тас төсеп бердік. Биылғы Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында аудандағы ақсақалдардың басын бір дастарқан басына қосып, сый-сияпат жасадық. Оған аудан басшылары да арнайы қатысты. Елдің әлеуметтік мәселелеріне көмектесуден қашпаймын. Қолдан келгенше суы жоқ жерге су апарамыз, телефоны жоқ жерге телефон кіргізіп береміз. Ауыл адамдарына тойхана керек пе, оны да соғып беруге болады. Жұмыс істеймін деген ауыл жастарына жұмыс жетеді. Қазірдің өзінде жергілікті 30-40 адам жұмыс істеп жүр. Жалақылары жаман емес. Ең бастысы, жалақы бір күнге де кешіктірілмейді. Жанар Пірмаханқызы, Оңтүстік Қазақстан облысы

5835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6917

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6063

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3803

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3194

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3150

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3124

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2852

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2840

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы