• Қоғам
  • 21 Шілде, 2011

Автокөлік жыры

d0b4d183d0b1d0b0d0b9 Соңғы уақытта халық арасындағы басқы әңгімеге айналған тақырып – автокөлік мә­селе­сі. Дәлірек айтқанда, шыжыған шілдемен бір­ге «ыстығы» көтеріле келген автокөлік баға­сы тақырыбы. Яғни «2011 жылдың 1 шілдесінен бастап шетелден келген авто­көлікті кедендік рәсімдеу құны қазіргіге қа­ра­ған­да – 7-8, тіпті 10 есеге жуық өседі екен» де­ген әңгіме шыққалы, қалтасында басы ар­тық ақшасы барлар бірнеше автокөлік ала қа­лып, қымбаттаған кезде сатып, пайдаға ке­неле қалуды көздеп, енді біреулері – мініп жүр­ген көлігін жаңартып қалғысы келіп, аяғы жет­кен жерден автокөлік алуға немесе сол жер­лерден әлемдік брендке айналған айтулы мар­калы көліктерді тапсырыспен алдыруға кірісті.  Аттаныс Біз де екінші топтағы тұтынушылар ретінде мініп жүрген көлігімізді жаңартып әрі ел мен жер көріп қайтуды мақсат етіп, елімізге ең көп автокөлік кіргізіліп жатқан діндес мұсылман мемлекеті – Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) аттандық. Барыс жылындағы күздің соңғы күндері болғандығына қарамастан, Әмірліктерде күн ысып, аспан айналып жерге түсіп тұр екен. Автокөліктердегі термометр сырттағы күн райының 36 градус ыстық екендігін көрсетіп тұрды. Ә дегеннен бұрын-соңды автокөлік әкеліп жүрген танысым екеуміздің маңдай тіреген жеріміз БАӘ-нің сауда-саттық әрі өндірістік әмірлігі – Шарджа қаласы болды. Бұл қала әмірліктердегі туризмімен аты шыққан әйгілі Дубай қаласы мен порттық Адж­ман қалаларымен шектеседі. Осы қаладағы ғана емес, әмірліктердегі ең ірі автокөлік базарларының бірі саналатын Әбу Шағара ықшамауданында орналасқан базарға жақын жердегі әл-Бустан қонақүйіне ат басын тіредік. Сондағы мемлекеттік тәуелсіздік мейрамының соңғы күніне тап келгендіктен, келген күні тынығып, демалуға тура келді. Ертеңінде таң қылаң бере қаланы азан-қазан қылып, осынша нығмет пен бақ берген Құдайын еске алып, құлшылық қылуға шақырған азаншылардың дауысынан ерте оянып, «таңғы нәсіп тәңірден» деп, іске кірістік. Базар әлі ашыла қоймаса да, милионнан аса тұрғыны бар Шарджа қаласын аралауға кірістік. Бір-біріне өте тығыз орналасқан ғимараттар мен тұрғын үйлер бұл елде шөлейтті болса да, жердің тапшылығын байқатады. «Қоңырқай түсті зәулім мешіттері сияқты сирек атрибутикасы мен ғимараттардың маңдайшасына ағылшын тілімен қатар араб тілінде жазылған атаулары болмаса, бұл қаланың араб мемлекетіне тиесілі екендігін аңдау қиын болар ма еді» деген ойға қаласың. Өйткені аз ғана уақыт отарласа да, ақсүйек ағылшындардың әлемдік тілі мен мәдениеті, құрылысы өз таңбасын аямай қалдырған. Автобазарда Сонымен, таңғы 10-дарға таман авто­көлік базары толық ашылды. Толық ашылды деуімнің өзіндік себебі бар. Көптеген Еуропа мемлекеттері мен біздің елдегі автокөлік базарынан бұл қаладағы базардың ерекшелігі – қала ішіндегі ықшамауданның территориясына орналасқандығы. Яғни, базарды ықшамаудандағы тұрғын үйлер мен ресми ғимараттардың төменгі қабаттарынан ашылған, өздері «шоу-рум» деп атап кеткен кішігірім автосалондар құрайды. Ішкі аумағына да 5-6, сыртына 5-6 автокөлік сиятын бұл шоу-румдардың қожайындары – негізінен, арабтар, ал сатушы қызметкерлері үндістер мен пәкістандықтар болып келеді. Осындай жүздеген шоу-румдар жинала келгенде Әбу-Шағарадағы автокөлік базарын құрайды. Бұл базарлар жұма күні сағат 16.00-ге дейін демалатындығын қоспағанда, аптаның бар­лық күнінде таңғы 10.00-ден түнгі 23.00-ге дейін қызмет атқара береді. Түскі үзіліс 12.30-дан 16.00-ге дейін созылады. Ә дегеннен жоғарыда таныстырып кеткен базардың бір шетінен кіріп, қаз-қатар тұрған шоу-румдарға таяп, қажетті көліктерімізді іздеуге кірістік. Алдымыздан арсалаңдап жү­гіріп шыққан үндіс жігіті шама-шарқынша ағыл­шынша сөйлеп, қандай автокөліктерді қа­­лай­тындығымызды сұрап, өзінде бар ав­то­­көліктерді жан-тәнімен таныстыруға кі­рісті. Біз өзімізге қажетті автокөлікті таң­дап, саудаласып, темір тұлпардың қай ел­ге экспортталатынын талқылайтын сәтке кел­генде келісім нілдей бұзылды. Біздің қа­зақстандық екенімізді білген әлгі үндіс жа­ңағы автокөліктің бағасын автоматты түр­де 2000 долларға қымбаттатып жіберді. Әрі айтып, бері айтып көндіре алмаған соң, қол­ды бір сілтеп кетіп қалдық. Сөйтсек, жеңілдікпен кедендік рәсімдеу туралы Үкімет басшысы К.Мәсімовтің қаулысы шыққан тұстан бастап, біздің автокөлік тұтынушылар мұнда лап қойып, көп саудаласпастан, бүкіл шығындарымен қоса есептегенде біздің елдегі бағадан біршама арзан болса болды, сатушы қойған бағаға автокөлікті сатып алып, мұндағы сатушыларды әбден «жаман үйретіп» қойыпты. Содан мұндағы сатушылар арасында «Қазақстан мен оның тұрғындары шіріген бай» деген түсінік қалыптасқан. Әйтеуір, әрең дегенде өзімізге қажетті алғашқы автокөлікті таңдап, сатып алдық. Бір қызығарлығы, шоу-румнан алатын болсаң, автокөлік құжаттарын рәсімдеу әрі кеткенде 2-3 сағат уақытты алатын шаруа екен. Төлқұжат көшірмесі мен көлік құнын төлеп кетіп, 2-3 сағаттан соң келсек, көлік экспорт нөмірін алып, дайын тұр екен. Әмірлік жолдарында Әмірліктерде шетелдіктердің көлік жүргізуі де айтарлықтай қиын мәселе емес екен. Бар болғаны төлқұжатыңыз бен біздің елде пайдаланып жүрген жүргізуші куәлігіңіз жаныңызда болса, болғаны. Алайда, тағы бір ескеретіні – көк түсті экспорт нөмірлермен біздегі транзиттік нөмірлер сияқты тек күндізгі уақытта жүруге рұқсат етілген. Осылайша, бір темір тұлпарды тізгіндеп алып Әбу-Шағарадағы ғана емес, жақын орналасқан Аджман қаласындағы автокөлік базарын, Дубайдағы әл-Авир базарларын автокөлікпен аралауға кірістік. Қалалар арасы тұрмақ бір қаланың өзін жатқа білмейтін біздің олай етуіміздің өзіндік себептері бар. Біріншіден, әмірлікте біздегідей аузы-мұрнынан шығарып адам тиеп, бір-бірімен жарысып жүрген автобус, троллейбус сияқты қоғамдық көліктер көзге түспейді. Олардың орнына Арабстан жолдарымен қолданысқа түскеннен бастап, кем дегенде 500 мың шақырым жүріп қызмет етпейінше, арқасынан ері түспейтін жеңіл көлік таксилер жүйткиді. Оның бағасы әудем жерге біздің теңгеге шаққанда 400 теңгеден басталып, одан әрі шарықтай береді. Ал бұл қалтаға ауыр тиеді. Екіншіден, автокөлікпен аралай отырып, саяхат жасап, жергілікті жермен танысу. Осы мақсатпен жолға шыққанымызда біршама жайтқа қанықтық. Ең бірінші үлгі ететін мысалдардан бастасақ. Арабстанда ең бірінші қымбат нәрсе адам өмірі екен. Куә болған жол-көлік апаты соны аңғартты. Алдымызда кетіп бара жатқан көлік өз алдындағы өте қымбат шетелдік көлік кілт тоқтап қалғандықтан, аңдаусызда артынан соғып кетті. Апат орын алысымен, алдыңғы қымбат көліктен атып шыққан жас жігіт жүгіріп келіп өзін соққан көліктің есігін ашып қалды. Осы сәтте өзіміздегідей «қып-қызыл төбелестің куәсі боламыз ба» деген ой бір сәтте жоғалып кетті. Әлгі жігіт жүгіріп келіп өзін соққан автокөлік жүргізушісін жалма-жан аман-саулығын тексеріп, сабырға шақырып, басу айтып, жұбатып, өз көлігіне барып отырды. Артынша іле-шала келген сақтандыру компаниясының өкілдері екі тарапты бітістіріп, жөндеріне кетті. Бүкіл процесс бар-жоғы 15-20 минутқа созылды. Екінші бір үлгі етуге болатын мысал – жолдың дұрыстығы. Тегістігі, сапалылығын былай қойғанда, қаладағы болсын, даладағы болсын, екі жақты көлік қозғалысының бәрінің арасы арнайылап бөлінген. Яғни біздегідей жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, көптеген апаттарға себеп болатын жайлардың бәрінің мәдениетті түрде алдын алған. Қала берді көп жерге бейнекамералар орнатылған. Ал қалааралық автобандар туралы әңгіме – тіпті, бөлек. Бір бағыттың өзінде алты көлік қатар қозғала алатындығын былай қойғанда, қарсы жақ бағыттың ортасын белуардан келетін бордюр, оның үстін кісі бойынан асатын темір тормен бөліп тастаған. Мұндай жағдайда қарсы бетке көлік түгіл, жаяу жүргіншінің кесіп өтуі мүмкін емес жай. Ал жол айырықтарының қиындығы – өз алдына. Егер өзіңе қажетті бұрылыстан аңдаусыз өтіп кетсең, алдыңдағы келесі қаладан барып кері бұрылып келуге тура келеді. Жол бойының тәртібін өзге шетелдер­дегідей полиция патрулі қадағалайды. Пос­ткеңестік мемлекеттердегідей, арнайы жол полициясы деген қызмет жоқ. Жүргізушілер ғана емес, жүргіншілер де полициядан өте қатты қорқады. Себебі, заңы да, қолданатын жазалау шаралары да – қатал, айыппұл мөлшері өте көп. Қарапайым ғана мысал, бізде қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін – 5 АЕК, шамамен 7000 теңге көлемінде айыппұл салынатын болса, мұнда бұл тәртіп бұзушылық үшін 200 АҚШ доллары, яғни 30000 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал полицеймен біздегідей «келісе салу» тіпті де мүмкін емес. Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз. Тағы бір қызығы – әмірлік көшелерінде жаяу жүргіншіге арналған жолды кесіп өтетін өткелдер жоқтың қасы. Сондықтан автокөлігіңізбен ағызып келе жатып аяқ астынан ортадағы бордюрды аттап-пұттап өте шыққысы келіп, жол ортасына аптығып атып шыққан үндісті не болмаса, пәкістандықты қағып кетіп, ажалына себепкер болып қалуыңыз да ғажап емес. Сол себепті әмірлік жолдары жүргізуші ғана емес, жаяу жүргіншіден де аса үлкен сақтықты талап етеді. Араб Мәдениеті Халқының құрамын мемлекет негізін құраған 600 мың арабтан басқа, өзге араб мемлекеттерінен келіп қоныстанған жалпы саны 3 миллион араб және үндіс, пәкістандық, филиппиндік, непалдық, еуропалық азаматтан тұратын үш миллион өзге ұлт өкілі құрайды. Тағы бір байқағанымыз, қоғаммен байланыс, қызмет көрсету саласында әйел затын өте сирек кездестіресіз. Бола қалған күнде де ол, негізінен, филиппиндік не болмаса непалдық азаматша болып шығады. Әйел затын намысым деп танитындықтан болса керек, мемлекет заңының өзінде араб азаматына ислам дінін қабылдаған жағдайда өзге ұлттың азаматшасына үйленуге рұқсат берсе де, араб азаматшаларға өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуға қатаң түрде тыйым салған. Тіпті бірде мынадай жағдай болды. Әлемдегі ең үлкен ғимарат – Бурж Халифаның төменгі қабаттарында орналасқан Дубай Молл сауда үйіндегі лифтімен үш еркек төмен түсіп келе жатқанымызда төрт қабаттан біздің лифтіні жанында зайыбы бар араб тоқтатты. Лифт кабинасына он екі адам сиятындығына қарамастан, үш бірдей ер адамды көрген соң, әлгі араб зайыбымен біз мінген лифтіге мінбей, қалып қойды... Сауда-саттық БАӘ мекен еткен халықтың саудаға икем­ділігі байқалады. Тіпті, халықтың қо­­ғамдық өміріне зер сала отырып, «бұлар­дың өмірлік психологиясының негізі – тек бизнеске құрылған ба» деп қаласың. Біз­дегі­дей ұлттық, діни мәселелер үшін қызыл­кеңірдек болу, мемлекеттік идея үшін жан-алысып, жан берісе күресу, сол салада ең­бек ету деген сияқты альтруистік идеялар күлкілі көрінеді. Содан да болар, біздің елдер­дегідей гуманитарлық салаға арнап оқу орындарын ашып, оны қаржыландырып, маман­дар даярлау кісі ақылына сыймайтын іс болып көрінеді. Ел халқынан да мұсылман мемлекеті болғанымен, ақша үшін қарапайым адамгершілік принциптерін аяққа таптап кете беретін көзсіздік байқалады. «Бұл елді хаосқа апармай ұстап тұрған Исламның гуманистік принциптері емес, қатаң заң ғана ма» деген де ойға қаласың кейде. Себебі қарапайым сауда-саттық кезінде туындайтын түсініспеушіліктер, уағдадан таю, ақысыз, тек адамгершілік мақсатта қол үшін созбау – үйреншікті жай секілді. Мұндай жағдайда жергілікті арабты болсын, ажамды болсын Алланың атын айтып, жасаған қиянаты үшін «Құдайдан қорықсайшы» деп, тәубасына келтіру мүмкін емес. Жергілікті жұртты мұндай жағдайда жазалаушы органның атын ауызға алып қана сабасына түсіресің. Әйтпесе, «Оллаһи» деп ант-су ішіп тұрған кез келген мұсылманың сазға отырғызып кетуі ғажап емес. Сонымен, алған автокөлігімізбен Дубай, Шарджа, Абу-Даби, Аджман, Фуджейра, Рас әл-Хайм, Умм әл-Кувейн қалаларын, қала берді автокөлік базарларын араладық. Қажетті көліктерімізді сатып алғаннан кейін, оларды Алматы қаласына дейін жеткізіп беру үшін арнайы компанияға тапсырып, елге қайттық. Елге келген соң, сұраныстың өскендігіне байланысты, өзіміз тұтынуға деп әкелген көліктердің бәрін аттай қалаған ағайынға екі жаққа да тиімді бағаға үлестіріп, көлікқұмар өзге туыстардың да сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында «Арабстан қайдасың» деп аттың басын құмды мекенге қарай қайта бұрдық. Бұл әрекет осылайша бірнеше рет қайталанды. Мұның бәріндегі әсерлер газеттің бір беті түгіл, бір кітапқа жүк болатындықтан, тек соңғы сапарға ғана тоқталсақ... Күн жылынып, жер аяғы қарайып, мамыр туа салысымен, тағы да кезекті сапарға аттандық. Ойымызда «1 шілдеге дейін елге жеткізіп, кедендік рәсімдеуден өткізіп үлгереміз бе» деген күдік те жоқ емес. Алайда алда аттай екі ай уақыт болғандықтан, тәуекел қылуға бел будық. Әдеттегідей, әмірлікке қарасты шаһарлардың барлығын дерлік шарлап, қажетті көліктерімізді іздеп, сатып ала бастадық. Біздің елдегі жеңілдікпен кедендік рәсімдеу науқанының аяқталар шағы таяғандықтан ба екен, Арабстандағы автокөлік саудасы қыза түскен. Қайда қарасаң да «Хоу матч» деп жүрген қазақты кездестіресіз. Тіпті, қазақстандықтардың көптігі сондай, автокөлік базарында сауда жасап жүрген 10 адам көрсеңіз, соның бесеуі – қазақ, үшеуі – түрікпен, қалғаны өзге ұлт өкілдері болатын деңгейге жеткен. Мұндайда өзіңді тіпті Қазақстанның база­рын­да жүргендей сезініп кетеді екенсің. «Қал­­талы» қазекеңдер көбейгендіктен, базардағы баға да асқақтап кеткен. Мысалы, 6-7 ай бұрын 5-6 мың АҚШ долларына алу­ға болатын көліктер 8-9 мың долларға қым­баттаған. Сонда да, саудаласып жатқан қазақтар. Біз де сол дүрмекпен ілесе жүріп, қажетті көлігімізді алып, Алматы қаласының неме­се Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Б.Қонысбаев кеден бекеттеріне жеткізіп үлгермей қалу қаупі болғандықтан, автокөліктеріміздің барлығын – Ақтау қаласының Ақтау теңіз сауда портына жіберіп, Алматыға қайттық. Біздің көліктер тиелген паромдар Каспий теңізіне табаны тиісімен, әмірліктердегі жеткізуші мекеме қоңырау шалып, көліктер­дің біршамасы белгіленген мерзімде Ақтау теңіз сауда портында болатындығын ескерткесін, біз де Ақтау қаласына ұшып келдік. Ертеңінде таң қылаң бере, қарт Каспийдің жағасындағы еліміздің теңіз арқылы өзге мемлекеттерге шығатын жалғыз қақпасы – Ақтау теңіз сауда портына келдік. Ерте келгендегі ойымыз – кедендік рәсімдеуді елден бұрын бітіріп, елге қайту. Сөйтсек, кеш қалыппыз. Портқа ағылып келіп жатқан көліктердің көптігі сондай, көлікті рәсімдеуге жұрт порттан қайтпастан, сонда түнеп кезекке тұрыпты. Біздің «Алматыдағыдай кедендік брокерлерге ақы беріп құжаттарды рәсімдеп, 2-3 сағатта көлікті порттан әкетеміз» деген жоспарымыз адыра қалды. Мысалы, Алматы қаласындағы кеден басқармасында брокерлерге көлікті кедендік рәсімдеуден өткізгенің үшін мемлекетке төлейтін мемлекеттік ақыдан өзге аударма, сәйкестік сертификаты, кедендік төлем қағаздары сияқты қосымша құжаттарды даярлап бергені үшін 45 мың теңгедей төлеп, 2-3 сағаттан кейін дайын болған құжаттарды алып, көлікті Жол полициясы басқармасына есепке тұрғызуға әкете беретін болсақ, мұнда бәрі біз ойлағандай болмай шықты. Сұрастыра келіп аңғарғанымыз, көлікті брокерсіз кедендік рәсімдеуден өткізу үшін төмендегідей құжаттарды жинауға тура келеді екен. Кеме агентінен автокөлік құжаттарды алысымен жасалатын аударма – 4 000, көліктің шыққан тегін, жылы мен қозғалтқыш көлемін анық­тайтын сарапшының сараптамасы – 5 000, сәй­кестілік сертификаты – 17 000, кедендік тө­лем қағазын жасап берген брокер маман қызметі – 5 000, көлікті түсірген қызметі үшін портқа – 14 000, уақытша сақтау қоймасына – 10 000, одан қала берді бір беті 40 теңгелік көшірме қызметі, әрі-бері такси пұл сияқты майда-шүйде шығындарға 5 000 деп есептегенде, бір көлікті рәсімдеуге қосымша 60 000 теңгедей төлеуге тура келді. Оған әрбір қа­ғазды алатын жердегі кезекті, оған кеткен уақыт пен жұқарған жүйкені тағы қосыңыз. (Ал егер осы қызметті атқаруды кедендік брокерлерге тапсыратын болсаңыз қосымша тағы 45 мың теңге төлеуге тура келеді). Бұл құжаттар құнының қолдан қымбаттатылып отырғанын дәл сол мезетте Алматыдағы кедендік рәсімдеу операцияларымен салыстыра отырып аңғардық. Сол мезетте осындай операциялар Алматы қаласында автокөлік құжаттарын 2 000 теңгеге аудартып, сәйкестілік сертификатын 3 000 теңгеге алып, кедендік төлем қағазын жасап берген брокер маман қызметіне 3 000 теңге төлеп, автокөлік дилерлерінен көліктің шыққан тегін, жылы мен қозғалтқыш көлемін анық­тайтын анықтаманы 2 000 теңгеге алып, уақытша сақтау қоймасына 10 000 теңге төлеп, мемлекеттік төлемнен өзге бар-жоғы 20 000 теңгеге жүзеге асырылып жатты. Бұл сол маусым айының басынан бастап, Ақтау қаласының айналасында кедендік рәсімдеу қызметінің базары қыз-қыз қайнағандығын көрсетеді. Біріккен Араб Әмірліктерінен өзге Қап тауын мекен еткен Гүржістаннан да мыңдаған көлік ағылып жатты. Сол кезде бейресми ақпарат көздерінен естігеніміз – 2009 жылы Ақтау теңіз порты арқылы 7000 автокөлік кіргізілсе, тек 2011 жылдың соңғы төрт айында 49000 автокөліктің дөңгелегі қазақ жерін басыпты. Осылайша апталап жүріп автокөліктерімізді түгелдей кедендік рәсімдеуден өткізіп, енді көлік алуға портқа кіргенде небір қызықтың куәсі болдық. Парсылық мінез осы ма? Негізінен, БАӘ-дан Ақтауға жіберілген көліктер кемемен Парсы шығанағы арқылы Иранға келіп дамылдап, сол жерде «ат ауыс­тырады». Парсы жеріне табаны тиген көліктер портта апталап, тіпті кей кездері айлап жатып, келесі кемелерін күтеді. Мерзімді уа­қыты келгенде тиісті кемесіне тиеліп, Каспий теңізіне түскен автокөліктер Ақтау қала­сына маңдай тірейді. Мұны айтып отырған себе­бім – автокөліктер Иранда келесі кеме­сін күтіп тұрған кезінде парсылар тара­пынан тоналып, бүлінетін жағдайлар жиі кез­деседі. Мұндай жағдай, әрине, тасымалдаушы компаниялардың жауапсыздығы сал­да­рынан орын алады. Тасымалдау ке­зінде автокөліктердің сырылып-жырылып, дөңгелегі тесілетін сияқты келеңсіз жайла­ры үйреншікті жағдайға айналғаны сон­шалықты, оларға тіпті автоәуесқойлар тарапынан мән де берілмейтін болды. Ендігі әңгімелер қолдан сындырылған терезе, пышақпен жыртылған көлік орындықтары мен дөңгелектер, тұтастай ұрланған тежегіш бөлшектері мен қозғалтқыштар туралы болып отыр. Порт ішінде автокөлігін алуға келген 10 автокөлік иесінің кемінде төртеуі осындай келеңсіздікке душар болған жағдайларға куә болдық. Әйтпесе, айдаладағы Сефид пен Әмірдің мұндағы өмірі өңі түгіл түсінде де көрмеген қазақтың Сәрсенбайы мен Алшынбайында ала алмай жүрген қай атасының кегі бар дейсіз. Қалай болғанда да мұның бә­рі қазақтың ел болғанын, ауы – атқа, аузы аққа тиіп, ауқатты өмір сүргенін көре алмайтын жұрттар барлығын көрсетеді. Нұриддин ӨЗБЕКХАН

3302 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5824

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5490

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3227

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2613

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2574

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2553

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2286

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2268

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы