• Қоғам
  • 21 Шілде, 2011

Мамандық таңдау – болашақты таңдау

d0b6d0b0d181d182d0b0d180Биыл елімізде 165 мыңға жуық жеткіншек білім ошағын тамамдап, үлкен өмірге қанат қақты. Олардың үш мыңнан астамы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеп шықты. Сонымен қатар 11 жыл бойы «инемен құдық қазғандай» жинаған білімдерін сындарлы сағатта дәлелдей алмай, опық жеген бітірушілер де аз емес. Десек те, мектеп бітірген әр түлектің алдында тағы бір маңызды қадам күтіп тұр. Ол – мамандық таңдау. Қазіргі уақытта қаладағы қай ЖОО-ның маңайына көз сүзсең де, ығы-жығы халықты көресің. Дені – жастар. Нақтырақ айтсақ, тесттің теперішінен өтіп, болашағына бағдар болатын мамандық таңдауға келген жеткіншектер. Ал олардың бірі – қалаған мамандығына құжатын тапсырып қойғанымен, түсер-түспесін білмей дал болса, енді бірі – әлі күнге дейін қандай мамандық таңдарын білмей шарқ ұрып жүр. Себебі бірі – ҰБТ-дан жинаған балына қарап, бірі – бөлінген грант санына қарап тосылады. Ал қалтасында қаржысы барлар оған бас ауыртып жатпайды. Бірақ ешкім «бүгінгі күнде қай мамандыққа сұраныс жоғары», «қазаққа қажет қарекет қайсысы» деген сауалдарға ойланбайды. Шындыққа көз жүгіртсек, қай ата-ана болсын «әйтеуір оқып, қолына дипломын алса болды, ары қарай көре жатармыз» деп баласының ертеңіне көз сүзбейді. Алға тарт деп жас жүрек бұлқынады, Балалықпен қоштасар күн туады. Он жылдықтан шыққандар оқу іздеп, Юрфакқа түсуге ұмтылады. Не демекпіз шөліркеп дала жатса, Не болмақшы теңіз, құм араласса? Жұмыс іздеп, уақытша келгендермен, Кешіп жатыр өз күнін балабақша. Бала бағу. Оны ешкім жаратпады, Заң маманы болуды қалап бәрі. Ақиқатқа құштар ма, мына ұрпақ, Армандап жүр кімдерді жауаптауды?.. Жастар арасында әзіл-шыны аралас осы өлең белең алса да, әзіл артында зіл жатқанын анық аңғаруға болады. Себебі бүгінгі жастардың дені заңгер, экономист, қала берді, кеденші болуды армандайды. Сондықтан да қазір жоғары оқу орындарын бітіргендердің көбі, яғни 4-тен 3 бөлігі аталмыш мамандық иегерлері екен. Себебі жастар «заңгер болсам, ақшаны күреп табам», «экономист болсам, ен байлықты белшеден кешіп жүрем» деп ойлайды. Тіпті қыруар қаржы төлеп, баласын осы мамандықта оқытатындар да жетіп жатыр. Рас, ол мамандық иелерінің табысы өзгелерге қарағанда қомақты болар, бірақ бәрінің жұмыс тауып, айы оңынан туары екіталай. Аяғында бірі – базар жағалап, баласын асыраса, бірі – тіпті құрылысшы, күзетші болып, күнін күйттейді. Қазаққа қажет мамандық Сарапшы мамандардың пікірінше бүгінгі күнде маркетолог, web-дизайнер, химик, ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласы мамандары жетіспейді. Ал астрофизик, астроном сынды ғарыш саласы мамандары мен механик, картогроф, геодезист мамандығына еліміз аса зәру. Бұл мамандықты таңдаушылар қатары жоқтың қасы болса, қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Күннен-күнге заманауи технологиялардың сан түрі шығарылып жатыр. Қазір кезінде арман болған «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу да» таңсық емес. Адамзат жеті қат көкті де, жерді де зерттеп-зерделеді. Ғаламат ғарышқа да табан тіреді. Яғни төрткүл әлем техникаға телмірген заман болды. Осыған орай еліміз де ел экономикасының басты бағдары болып отырған мұнай-газ және энергетикалық салаға баса назар аударып отыр. Бірақ бір «әттеген-айы» бұл мамандыққа деген сұраныстың артуы жоғары болғанымен, оған жастардың қызығушылығы төмен. Әдебиет пен тарих сынды гуманитарлық пәндерден алдына жан салмайтын оқушылардың көпшілігі физика мен химияға кел­генде амалсыз тосылып қалады. Оған ұлттық бірыңғай тест барысындағы көрсеткіштер куә бола алады. Жапония, Корея, Қытай сынды Азия елдерінде сол техниканың небір түрлері жасалады. «Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі біздің жерімізде бар» деп кеуде кере мақтанғанымызбен, оларды игеруге келгенде өзгелермен иық тірестіре алмаймыз. Ал жоғарыда аталған елдерде, байқап қарасақ, қазба байлық та шамалы ғана. Бірақ олар тыңнан түрен салып, әлем елдерінің алдыңғы қатарына шықты. Елбасының нанотехнологиялық орталықтар мен зерттеу институттарын қалай болғанда да да­мы­ту керектігін айтқаны белгілі. Ал бұл саланы да­мытсақ, химиялық биология, биотехнология сынды ғылымдардың да дамуына мүмкіндік туады. Еліміздің облыстарындағы комбинаттар мен зауыттар 5400 техникалық мамандыққа зәру екен. Сонымен қатар аймақтар бойынша білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы салаларына қажетті мамандар саны 2010 жылы Ақмола облысына – 600-ге жуық, Ақтөбе облысына – 360, Алматы облысына – 865, Атырау облысына – 123, Шығыс Қазақстан облысына – 423, Жамбыл облысына – 387, Батыс Қазақстан облысына – 600-ден аса, Қарағанды облысына – 558, Қостанай облысына – 811, Қызылорда облысына – 1000-нан аса, ал Маңғыстауға – 575, Павлодарға – 387, Солтүстік Қазақстан облысына – 622, Оңтүстік Қазақстан облысына 500-ге жуықты құрапты. Бұл қажеттілік бүгінгі таңда «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша қамтамасыз етіліп жатыр. Мамандар «біздің ұлттың бойынан техникалық мамандықтарды игеруге құлықсыздық, қайта гуманитарлық салаға беймділік себебі – ұлттың технограттық санасының әлсіздігінен» деген тұжырымға келіп отыр. Сол себепті де жылдан-жылға техникалық, ауылшаруашылық мамандарын даярлауға мемлекет тарапынан бөлінген грант саны артып отыр. Мәселен, өткен жылы талапкерлерге барлық сала бойынша бөлінген 35 мың гранттың 11мыңы еңбек нарығында сұранысқа ие аталмыш техникалық мамандықтарға бөлінген екен. Биыл да бөлінген жалпы грант санының 11 мыңнан астамы аталмыш мамандық салаларына бөлініп отыр. Ауылға да маман керек Өткен жылы Алматы облысының бірқатар аудандарын аралау барысында аудан басшылары өздеріне «Жол картасы», «Жастар тәжірибесі» бойын­ша келіп жатқан жас мамандардың дені экономист, заңгер мамандығы бойынша білім алғандар екенін, бұлай бола берсе, болашақта ауылды басқарар мамандардың түгесілетінін айтып, қынжылып отыр. Мамандар болса, «ауыл шаруашылығына қажетті мал дәрігерлері, агрономдар, өсімдіктерді қорғау мамандары, инженер-механиктер, инженер-электриктер, жерге орналастырушылар, зоотехниктер жетіспейді» деп дабыл қағуда. Сонымен қатар елімізде балық шаруашылығы мамандарына, атап айтқанда, ихтиологтар, балық өсіруші-технологтар, балық шаруашылығы инженерлері және балық қорғау инспекторларына деген мұқтаждық салдарынан осы сала мамандарын ТМД елдерінен шақыруға мәжбүр болып отырғанымыз да жасырын емес. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі 663 аңшылық шаруашылықта тек бір-бірден ғана жоғары білімді мамандар жұмыс істейтін болса, олардың тек оннан бірінің ғана осы сала бойынша дипломы бар екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығына ерекше мән береді. Атап айтсақ, 2009 жылы халыққа арнаған Жолдауында: «...Біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшылап суаруды қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдары өндірісін ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы техникаларын жинау жөніндегі өндірістерді құру, ет өңдеу өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өңдеу, қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымы және оны терең қайта өңдеу секілді экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға шешім қабылдадық», – десе, биылғы Жолдауында: «2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны төрт миллион тонна бидай экспортына тең. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, 100 мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріскөзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді. Бұлардың барлығы сабақтас салаларда – ауылшаруашылық саласына машина жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жемшөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуға қозғау салады», – деп атап көрсеткен болатын. Әрине, бұл міндеттерді орындау үшін кәсіби мамандар қат. Ал өмір бойы қолын жылы суға малып отырған қала баласының ертең ауылға барып, кетпен, күрек ұстамасы анық. Тіпті ауылдан шыққан жастардың өзі де қалада қалуды мақсат тұтады. Сондықтан мектеп бітірген түлектің кез келгені ауыл шаруашылығы мамандығын даярлайтын оқу орнының есігін қаға қоймайды. Мәселен, өткен жылғы тестілеу нәтижесі бойынша ауылшаруашылық, техникалық және ветеринарлық мамандықтарға түсу үшін 100 балдан 70-тен асыра жинаған талапкерлер мемлекеттік білім беру грантын жеңіп алса, экономикалық, заң мамандықтары бойынша білім грантына 98 ұпай және одан жоғары жинаған талапкерлер мен «Алтын белгі» иегерлері ғана ие бола алды. Осыдан-ақ «тесттен тауы шағылып аз балл жинаған түлектер ғана аталмыш мамандықтың ауылына бара ма» деген ойға қаласың. Ж.Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», – дейді. Рас, жас жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған мамандықтың шебері бола алады, яғни мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом ала салу емес, өмірлік жолыңды айқындау. Бірақ кейбір ата-ана, туған-туыс оған мән бермей, жеткіншектің көңілі қаламаған мамандыққа еріксіз апарады. Оның нәтижесі қандай? Олардың бірі – оқудан шықса, бірі – қаламаған мамандығы бойынша ілініп-салынып жұмыс істеп жүреді. Осы арада біз бірқатар оқу орындарында құжат тапсырып жүрген талапкерлер мен оқуын бітіріп, бірақ жұмыссыз жүрген жастармен тілдескен едік. Айдана АХМЕТОВА: (Алматы облысынан келген) «Мен жастайымнан спортқа жақын едім. Бірақ ата-анам «қыз балаға спортшы болу қол емес, одан да экономист бол» деп менің таңдауыма түбегейлі қарсы болғандықтан, құжаттарымды ата-анам айтқан мамандыққа тапсырып қойдым. Өз қалауым болмаса да, оқимын да...» Маржан ОРЫНБАЙҚЫЗЫ: (Алматы облысынан келген) «Менің таңдау пәнім – география. Негізі экономист болсам деп армандаған едім. Бірақ Алматы қаласындағы бірқатар жоғары оқу орындарын аралап көріп, «бұл мамандыққа ҰБТ-дан жинаған балым жеткіліксіз бола ма» деп қауіптеніп отырмын. Сондықтан, шынымды айтсам, қай мамандықты таңдарымды да білмеймін». Айбын: (Шығыс Қазақстан облысынан) «Ата-анам жалғыз ұл болғандықтан маған «мұғалім болып, ауылға кел» дейді. Бірақ өзім қаламаймын. Әлі ойланып жүрмін». Динара: (сатушы) «Мен Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес факультетін үш жыл бұрын бітіргенмін. Мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Қазір отбасылы болғандықтан, амалсыз, дүкенде сатушы болып істеп жатырмын». Шалқар ӘЛИҚЫЗЫ: (сатушы) «Менің негізгі мамандығым – мұғалім. Бастапқы кезде жұмыс табылмағандықтан, «уақытша болса да, тиын-тебен таба тұрайын» деп сатушы болдым. Оқуымды бітіргеніме біраз жыл болды, қазір мұғалімдікке барғым да келмейді». Түйін: Міне, жастар болашақ мамандық таңдауға салғырт. Әйтеуір оқып, қолына бір жапырақ қатырма қағаз алып шығу ғана мақсат сияқты. Бұрнағы жылдары облыс, аудан әкімдерінің өздеріне қажетті мамандықтарға байланысты мақсатты жолдаулары болатын. Соған қарай ЖОО өз түлектерін жолдама арқылы республиканың түкпір-түкпіріне қызметке жіберетін. Ал қазір барлық оқу орны дипломдарын қолдарына ұстата сала, қош айтысады. Ал қалғанын жас маман өзі шешеді. Қала берді, ата-анасы қалтасындағы соңғы тиынын біреуге беріп, ұл-қызын жұмысқа орналастырады. Сондықтан мамандық таңдау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал. Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

37015 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5911

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5544

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3282

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2666

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2628

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2604

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2338

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2321

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы