• Қоғам
  • 28 Шілде, 2011

«Мұхамеджан Сералин ауылындағы мектеп неге жабылды?»

d181d0b5d180d0b0d0bbd0b8d0bd Жуырда газетімізде журналист С.Тайғариннің «Мұхамеджан Сералин ауылындағы мектеп неге жабылды?» атты мақаласы шыққан болатын. Бұл мәселе тіл тағдырына қатысты болғаннан кейін оқырмандар арасында қызу талқылануда. Осыған орай редакциямызға хаттар келіп түсуде. Осындай жанашырлықпен жазылған пікірлерді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Министрліктен қолдау күтемізБіз – Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, “Өрнек” ауылының тұрғындары, мұң-мұқтажымызды көтерген мақаланы жариялаған «Ана тілі» газетінің редакциясына алғысымызды айта отырып, ҚР Білім және ғылым министрі Б ақытжан Жұмағұлов мырзаның мақалада көтерілген мәселеге назар салуын сұраймыз. Мақалада айтылғандай, “Өрнек” ауылы – қазақтың дарынды ұлдарының бірі, шыққанына 100 жыл толып отырған қазақ тіліндегі журнал «Айқаптың», қазіргі «Қостанай таңы» облыстық газетінің тұңғыш редакторы Мұхамеджан Сералиннің туған ауылы болып табылады. Осыдан бір жарым жыл бұрын Өрнектегі негізгі мектепті «Оқушылар саны ҚР Үкіметінің 21.12.2007 жылғы №1256 қаулысына сәйкеспейді» деп Қарабалық ауданының әкімі өкім шығарып жапқаны белгілі. Бұған дейін Қарабалық ауданындағы мемлекеттік тілдегі Мағынай негізгі мектебі және Тастыөзек орта мектеп-интернаты 2000 жылдары жабылып, аталған ауыл халқы өзге елдімекендерге қоныс аударуға мәжбүр бол­ған-ды. Енді, міне, “Өрнек” ауылының тұрғында­ры да өз балаларын мемлекеттік тілде оқыту үшін 80 шақырым жердегі аудан орталығына апаруы тиіс. Мәселен, баланың ата-анасымен бірге тұрып, ата-анасының тәрбиесін алу құқығы (Қазақстан Республикасының «Бала құқығы туралы» заңы, 25-бабы), ана тілде білім алу құқығы (ҚР «Білім туралы» заң, 9-бабы, 3-тармағы) бар. Ал ҚР-ның «Білім туралы» заңының 8-бабы, 7-тармағында «мем­лекет тұрғындар саны аз елдімекендердегі балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін саны аз мектептердің жұмыс істеуіне кепілдік беретіні» айтылған емес пе? Ендеше, біздің балаларымыздың құқығы неліктен ескерілмейді? Бүтіндей бір ауылдың құлдырауына және аудандағы мемлекеттік тілдің дамымауына әкеп соққан бұл жайт – Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген талабының жүзеге асуына өз кедергісін тигізетіні анық. Сол себепті біз, ауыл тұрғындары, Мұхамеджан Сералиннің туған “Өрнек” ауылында негізгі мектептің қайта құрылуын сұраймыз. 1987 жылы қолданысқа берілген, екі қабатты мектептің әлі бір кірпіші бұзылмаған. “Өрнектегі” негізгі мектеп тоғызжылдық болып қайта ашылса, ауылға көшіп келетіндер саны артатындығына сендіргіміз келеді. Өйткені қазір өзге аудандардан көшіп келуге әзір көпбалалы отбасылар бар. Осы орайда ауыл халқының тілек-ниеті ескеріліп, еліміздің Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында “Өрнек” ауылындағы мемлекеттік тілдегі негізгі мектепті аудан әкімі Ф.Филиппов қайта ашуы тиіс. ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептің қайта ашылуын қолға алады деп сенеміз. М.Құсаинов, Б.Ержанов, Е.Медеубаев және т.б. (Хатқа жалпы саны 24 адам қол қойған) Қостанай облысы Мектеп ашылуға тиіс! «Ана тілі» газетінің осы жылдың 8 шілдесіндегі №27 (1075) санында журналист С.Тайғариннің «Мұхамеджан Сералин ауылындағы мектеп неге жабылды?» атты өткір мәселеге арналған мақаласын өте орынды деп санаймыз. Мақалада «Өрнек» ауылы тұрғындарының, әсіресе, мектеп оқушыларының құқықтарын қорғауда кейбір жергілікті басшылықтың немкеттілігі салдарынан 90 жылдан астам тарихы бар мемлекеттік тілдегі мектептің мәртебесі соңғы екі жылда өзгеріске ұшырап, енді оны мүлдем жабуға жеткізгендігі жазылған. Осы жағымсыз хабарға байланысты жас ұрпақтың қазақ тілінде білім алуына елеулі үлес қосып келген мектептің тағдырына қатты алаңдаушылық білдірген тіл жанашырларымен бірге біз де қолымызға қалам алдық. Біз «Ана тілі» газеті көтерген Мұхамеджан Сералин ауылындағы мектепті сақтап қалу мәселесін тек «Өрнек» ауылы тұрғындарының ғана емес, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын арттыруда, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуде пәрменділік танытып жүрген азаматтарға үн қосуды парыз санаймыз. Мақалада келтірілген мәліметтер мен деректер Қарабалық аудандық білім бөлімінің шешімі бойынша, Қарабалық аудандық әкімдігі шығарған өкімінің еліміздің заңнамасын қолдануда өрескел құқықтық ауытқушылықтарға жол бергендігін айғақтайды. Себебі өкім: 1) Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының бірнеше баптарына; 2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, соның ішінде «Бала құқықтары туралы» Конвенцияның талаптарына қайшы келеді. Сонымен қатар Қарабалық әкімдігінің өкімін сыпайылап айтсақ, «демократтық бағыттағы тұңғыш жалпықазақтық «Айқап» журналының редакторы, «Өрнек» ауылын ұйымдастырушы М.Сералиннің мұрасындай орны ерекше мектепті жоюды көздеген теріс пиғылды әрекет» деп топшылауға болады. Ұлтжанды азамат Т.Рамазанұлы хатында «2000 жылы орта мектептен негізгі мектепке айналған «Өрнек» негізгі мектебін 2009-2010 оқу жылының ортасында 38-39 оқушы ғана оқығаны үшін аудан әкімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.12.2007 жылғы №1256 Қаулысына сүйеніп, «өз өкімімен бастауыш мектепке айналдырды» дей келе, осы Қаулыны іске асыруды Қостанай өңірінде әділеттілік қағидасының сақталмай отырғандығына нақты мысалдар келтірген. Осы орайда Кеңес Одағының көрнекті мемлекет қайраткері Н.П.Демичев М.Сералиннің тағдыры, оның шығармашылығын зерттеу мәселесіне баса назар аударып, 1979 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігіне арнайы хат жолдағандығын еске түсірген ләзім. 1988 жылы 18 тамыз күні «Өрнек» мектебі ғимараты алдында оның тұңғыш түлектері, ауыл тұрғындары, аудан басшылары, Қостанай облысының зиялы қауымымен бірге М.Сералинге жергілікті мүсінші В.И.Морозов жасаған ескерткіштің ашылу рәсімі өткен еді. Көпшіліктің көңілін асқақтатқан осы салтанатты жиында аудан басшылығы мектепті, ауылды ерекше қамқорлыққа алып, абзал қайраткердің есімін қастерлейтіндігін мәлімдеген болатын. Жер аударылғанына 60 жыл өткен соң туған ауылына келіп, әкесінің ел құрметіне ие болғанын көрген М.Сералиннің кенже қызы Ғайни Сералинаның, Ғайни апаймен бірге келген М.Сералиннің жиені С.Қасымованың, шөбересі Г.Қасымжанова осы жылы лебіздерден мерейлері өсіп, шын жүректен қуанған болатын. Оған өзіміз куә болғанбыз. Қоғамның, елдің ілгері дамуы үшін ұрпақтар сабақтастығына, ұлт мәдениеті мен білім саласы құндылықтарына ерекше назар аудару қажеттігі туралы мемлекет ұстанымын аудан, тіпті облыс басшыларының ұдайы естеріне ұстағаны ләзім. Әйтпесе, аудан басшыларының «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасын орындауда салғырттық пен өздеріне жүктелген тапсырмаларға немқұрайдылық таныту деп пайымдауға негіз жеткілікті. Дегенмен мәселенің оң шешіліп, аудан әкімі шығарылған өкімнің күшін жоятынына сенімдіміз. Еліміздің танымал заңгері С.Зиманов Қостанай қаласында А.Байтұрсынов дәріс берген мектеп болғанын естігенде: «Апырым-ай, сол мектептің өзін сақтай алмасаңдар да, ең болмаса, бір кірпішін сақтамадыңдар ма?» – деген сұрағына музейдің жас қызметкері: «Ағай, кірпішін сақтадық. Ол – міне!» – деп қуаныш сезіммен айтқаны бар. Ендеше, біз де М.Сералин ауылындағы мектеп әлі де талай жас жеткіншектер оқитын құтты білім ордасы болады деген үміттеміз. Қабдеш Ыдырысов, Ғаният Насыров, заң ғылымдарының кандидаттары

4035 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6371

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5798

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3539

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2921

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2882

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2861

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2591

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2576

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы