• Тарих
  • 04 Тамыз, 2011

Батырбек датқа мен Құнанбай қажы

Олардың тарихи еңбектері лайықты бағаланса... Абайтанушы, филолог-ғалым, академик М.Мырзахметұлы бастаған елімізге танымал ғалымдардың Батырбек датқа туралы мұрағаттан табылған деректер негізінде жазылған көлемді мақаласы басылымдарда жарияланып келеді. Дей тұрғанмен, данагөй басшы әлі де болса өзіне лайықты бағасын алып келе жатқан жоқ. Батырбек датқа бір рудың еншілейтін кісісі емес, ол – қазақ халқына ортақ тарихи тұлға. Батырбек датқа – шебер саясаткер, ұстамды, парасатты, Ислам дініне, салт-дәстүрге өте берік, еліне, халқына шын берілген кемеңгер тұлға. Міне, тарихи тұлғаның жеке қасиетіне, ерен еңбегіне, жат елдің генералы Черняев өзінің соғыс министріне жазған құпия хатында осылай баға берген. Батыр Баукең де Батырбек датқаны дана, кемеңгер ел басшысы, шебер саясаткер, стратег деп пір тұтатын. Алаштың ардақтылары Батырбек датқаны қадірлеп, сыйлап өткен. Қазақта он тоғызыншы ғасырдың аумалы-төкпелі заманында ел билеген датқалар, аға сұлтандар көп болған, бірақ солардың арасындағы бірегейлері Батырбек датқа мен аға сұлтан Құнанбай қажы болатын. Екеуі де – Меккеге қажылыққа барып, қонақүй салдыртқан, қажы атанған тарихи тұлғалар. Екі тарихи тұлға да отаршылдық заманда ел билеген кезінде жеке мүдделерінен елінің, халқының мүдделерін жоғары қойған, елдімекендерде мешіт-медреселер салдыртып, мұсылман елдерінен білімді ұстаздар алдыр­тып, жергілікті халыққа Ислам құндылықтары­нан дәріс тыңдатып, жас жеткіншектердің діни білім алуларына толық жағдай жасады. Олар қазақ халқын он тоғызыншы ғасырда дінсізденуден, өз салтын, дәстүрін, тілін, дінін ұмытпаудан сақтап қалды. Екі тарихи тұлғаның мешіт-медреселері патшалық Ресейдің қазақ жерінде ашықтан-ашық жүргізген миссионерлік-жымысқы саясатына тосқауыл болды. Батырбек датқа мен аға сұлтан Құнанбайдың тарихи еңбектерін біздер лайықты бағалап жүрміз бе? Жоқ. Екі тарихи тұлғалар да текті әулеттен шыққан. Тектіліктері еліне, халқына адал атқарған еңбектерінен көрініп тұр. Биыл Қазақ мемлекеті Ислам конференциясына төрағалық етеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Мұсылмандар діни басқарма басшылары қазақ жерінде он тоғызыншы ғасырда патшалық Ресей отаршылдарымен арпалыса жүріп, жер-жерлерде мешіт-медреселер салдыртып, Ислам дінінің қазақ халқының арасында кең қанат жайып, орнығуына тынбай еңбек сіңірген Батырбек датқа мен аға сұлтан Құнанбайдың еңбектерін де мұсылман елдеріне насихаттап, танымал етсе дұрыс болар еді. Батырбек датқа мен аға сұлтан Құнанбайдың есімдерін елдімекен, аудан, мектепке, мешіт-медреселерге, қала көшелеріне беру қажет. Тарихи тұлғалардың есімдерін қаланың көшелеріне, елдімекен, мектептерге беру мәселесінде кейде дау-дамай туындап жататынын байқап жүрміз. Атаға, рушылдыққа бой алдырамыз. Көп жағдайда елдімекендер мен мектептерге, қала көшелеріне Кеңес өкіметі тұсында ұжым, мектеп, аудан, т.б. басқарған, халыққа кең танылмаған кісілердің есімдері беріліп жатады. Халық пікірі сондай, «өздері шешті, біздер не істейміз?» дейді жергілікті ономастика комиссия мүшелері. Бұл дұрыс емес. Бұл – жастардың рухани өсіп, дамуына кері әсерін тигізетін қауіпті құбылыс. Халық пікірін білу керек шығар, бірақ тарихи тұлғалардың еңбектерін бағалауды елге танымал ғалымдар айтулары қажет. Ғалымдардың пікірлері қорытынды пікір болуы керек. Мәселені соған сүйене отырып, әділетті түрде шешімін шығару қажет. Батырбек датқаның қызыл кірпіштен салдыртқан мешіт-медреселерін, өзінің күмбезін коммунистер 1928 жылы қиратып, құрылысқа пайдаланған, орны қазір ашық-шашық қоршаусыз жатыр. Мұсылман мемлекеттерінен демеушілер тауып, осы тарихи орынды қалпына келтіріп, қоршатып, белгі қойылса деген ұсыныс айтамыз. Екі тарихи тұлғаның мұрағаттардан суретін тауып, мүфтиятта, облыс мешіттерінде ілдіртіп қойған жөн. Бұл тарихи тұлғаларға құрмет көрсету ұрпақтарымыздың дұрыс тәрбиеленуіне, тәлім алуына қажетті іс-шара деп ойлаймын. ҚР Мәдениет министрлігі, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облысының басшылары осы мәселеге мемлекеттік тұрғыда мән беріп, оң шешім қабылдайды деп үміттенеміз. К.Рысбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Д.Мырзабеков, Тараз мемлекеттік педагогика институты тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы

4040 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8767

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7062

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4806

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4192

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4154

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4115

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3845

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3845

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы