• Руханият
  • 04 Тамыз, 2011

БАСЫМЫЗДЫ БӘЙГЕГЕ ТІККЕН ЕДIК...

d0b6d0b5d0bbd182d0bed0ba Алаң аласапыран... Мен сол кездерi ҚазПИ-дiң тарих факультетiнiң бесiншi курсында сырттай оқитынмын. Желтоқсан айында мектепте өндірістік тәжірибеде жүрген едім. 1986 жылдың 17 желтоқсанында жастардың алаңға шыққанын өзiммен бiрге оқитын милиция қызметкерлерiнен естiп бiлдiм. Олар сол күнi сабаққа кешiгiп келдi де, келе салып қайта кетуге асықты. Мен өзiм тұратын жатақханаға кешкi бестер шамасында келдiм. Бөлмелес қыздардан ешкiмдi таба алмадым. Бәрi алаңда жүрсе керек. Жатақханадағы азғана ел дүрбелең жағдайды сөз етiп, елеңдесiп жүр екен. Өмiрiмiзде естiп-бiлмеген тосын оқиға кiм-кiмдi де бейжай қалдырған жоқ. Алаңға баруға менiң де асыққаным да содан шығар. Нәр татпаған күйiмде, тағат таппай жалғыз тарттым. Мен келген уақытта адам қарақұрым едi. Алаң маған тек кинолардан ғана көретiн көрiнiстердi елестеттi. Радио саңқылдап сөйлеп тұрды. Жан-жақтан топ-тобымен ағылып, қосылып жатқан адамдарда қисап жоқ. Бiрен-саран жекелеген кiсiлер ғана қайтып кетiп жатты. Жиналған жұрттың арасында папка ұстаған үлкендер де, егде жастағы әйелдер де көбiрек ұшырасты. Дегенмен басым бөлiгi өзiмiз сияқты жастар едi. Мен мойнымды соза, жан-жаққа көз жiберiп, бөлмелес қыздарымды iздеп мiнбер жаққа жылжи бердiм. Алаңның ортасына қарай iлгерiлеген сайын адамдардың тығыздығынан алға өту қиындай түстi. Қалың жұрттың арасынан сыналап әзер өтiп, алдыңғы қатарға шықтым-ау, әйтеуiр. Арғы бетке ендi ғана байыптап қарауға мүмкiндiк болды. Үкiмет үйiнiң алдынан бастап, бiрнеше қатар құрып, қанат жая қолдарына қалқан мен тоқпақ ұстаған әскерилер мен милиционерлер баспалдақтан түсе берiс етекке дейiн шеп құрыпты. Халық тұрған бергi бет пен үкiмет үйi аралығындағы жолда қақтығыс болып жатты. Қарулы жасаққа қарсы шыққан жастар жиек-жиектен термештеп тапқан тоң-мұздарды лақтырады. Оның өзi де таптырмай жатты. Беттерiн қалқалап, тоқпақтарын бiлеп ұстаған әскерилер елдi берi қарай тықсыра қуып, қолға түскендердi аяусыз соққының астына алып, өздерiне қарай дырылдата сүйрелеп, бiреуiне бiрнешеуi жабылып, қатыгездiктiң көкесiн көрсетуде. Алайда жастардың қай-қайсысының жүзiнде де өршiл айбат, ашу-ыза тепсiнiп тұрды. Қолға түсiп қалғандарды құтқаруға әрекет еткендерiмен, ажыратып алуға шамалары жетпедi. Кейiндерi газеттерде қаралап жазған­дай, алаңнан азғындап кеткен ешкiмдi ке­зiктiрмедiм. Жастардың қай-қайсысы да белгiлi мақсатпен келгендерiн бiтiм-болмыстарымен де, нақтылы iс-әрекет­терiмен де паш етiп тұрды. Екi арадағы соқтығысқа бейжай қарап тұру әсте мүмкiн емес едi. Бiрақ айдай ақиқаты: бейбiт шерудi осы дәрежеге алып келген – биліктің өзi ғой! Ендеше, бұл қитұрқы саясат кiмдердi қаралап, қарабет қылуды мақсат еттi екен?! Қақтығысқа өзiмнiң де қалай араласып кеткенiмдi сезбей қалдым. Бетпе-бет кездесудi басымнан мен де өткердiм. Әрине, қай-қайсымыз да ұсталып қалмауға тырысып бақтық. Курсанттар халық тығыз тұрған жаққа тым таяу баруға беттей алмады. Ал бiз үкiмет үйiне кiруге мүмкiндiк бермесiн анық бiлсек те, қарсылығымызды тоқтатпадық. Ендi бiр сәтте сапер күрегi мен резiңке таяқтарын ұстаған әскерилер шегiншектеп, үкiмет үйiнiң алдына дейiн көтерiлiп кеттi. Осыны пайдаланып үш-төрт жiгiт жолдың арғы жиегiнде, тым әрiректе тұрған автобусқа қарай жүгiрдi. Ештеңенi байыптай алмасақ та, топтан қалмау үшiн, екi-үш қыз олардың соңынан iлесе жүгiрдiк. Соңғыларымыз жеткенше бiреулер әлгi тұрған автобусты өртеп жiбердi. От лап ете түскенде, жеткен жерiмiзде таңдана қарап тұрып қалдық. Жiгiттер берi қашқан кезде, бұрыла сала керi жүгiрдiк. Ендi ол жерде қалып қоюға болмайтын едi. Бiрақ соңымызға түскен қуғыншы болған жоқ. Үкiмет үйiнiң алдында тұрғандар мен автобустың аралығы едәуiр жер болатын. Осыдан кейiн халық тұрған жаққа су шашу операциясы басталды. Бiрiнен кейiн бiрi жүрген өрт сөндiргiш машиналар суды толассыз шашты. Үстiмiз малына су болғанына қарамастан, жиекте тұрып, қолымызға iлiккен мұз жентектерiн машиналарға лақтырумен болдық. Кейде оны таба алмай қалсақ, сонда тұрған үлкен адамдар да көмектесiп, қолымызға ұстатып жатты. Қанша су шашса да, халықтың жiгi ажырап, тарай қоймады. Тiптi ондай ой ешкiмнiң басына кiрiп-шықпаған сияқты, өйткенi мақсаттарының орындалуы дүдәмалдана бастаған сайын өршелендi, ашу-ыза бойларын бунай түстi. Өрт сөндiрушi машиналар суларын тауысып кеткеннен кейiн қақтығыс қайта басталды. Себебi ендiгi жерде жиналған жұртты әлсiреттiк деп түйген қарсы жақ елдi тықсыра ұрып-соғып, алаңнан бiржола тазарту әрекетiне көштi. Баса-көктеп келiп, дүлейлене күш жұмсай бастады. Бiрақ жас­тар қайта алға шығып, қатты қарсылық көрсеттi. Оларға шыдас бере алмаған әскер ерiксiз керi шегiндi. Мүмкiн қайтадан ұйыса қалған халықтан да қаймыққан болар. Солдаттар осылай шегiнген күйi жоғары көтерiлiп, үкiмет үйiнiң алдындағы шеп құрған күшке қосылды. Бiз де бiразға дейiн кiдiрiстеп тұрдық. Бiршама уақыттан соң азғана топ болып үкiмет үйiне қарай жүрдiк. Ондағымыз санаулы адам болып барсақ, iшке өткiзер деген дәмелi ой ғой. Әскер де, милиция топтарының сабы да еш қозғалыссыз тұра бердi. – Байқаңдар, олар айла жасап тұруы мүмкiн, – дедi бiр жiгiт. Не болса да бара көрейiк деп баспалдақтан жоғары көтерiле бердiк. Әлгi жiгiт бiрдеңенi сезген екен, бiз төрт-бес адым аралыққа таяған кезде бәрi бiр мезгiлде бiзге қарай лап қойды. Тек артқа таман келе жатқан бiр-екеудiң баспалдақтан көтерiлiп үлгермегенiн көзiм шалды, басқамыз жан далбасалап жан-жаққа қиғаштай қаштық. Онсыз баспалдақтан түсiп үлгере алмайтынымыз белгiлi едi. Егер сол жерде тайып құласақ, қаптаған қарсы күштiң аяқтарының астында тапталатынымыз айдан анық. Бәрiбiр қашып құтылмасымыз түсiнiктi болатын. Қарсы алдымыз тұйық едi. Мен сол тұйық жердiң биiк басына жетiп үлгермей-ақ жауырынымнан тиген ауыр соққыдан сұлап түстiм. Көтерiле ұмтылып, анадай жерге домалап кеткен бас киіміме қол соза бергенiмде арқамнан тиген екiншi соққы қайтадан жалпамнан түсiрдi. Ендi көтерiле бергенiмде: «Ей, болды, жетедi» деген дауыс­ты естiп қалдым. Соған қарап маған тап болғандардың қазақтар екенiн бiлдiм. Бас киімді ендi киiп тұра берген менi екеуi екi жағымнан келiп, қолдарымды сындырып жiберердей артқа қайыра ұстап, үкiмет үйiнiң жанындағы автобусқа дедектетiп алып келдi. Несiн жасырайын, сол сәт тұла бойымды бiр қорқынышты үрей тiтiркендiрiп жiбердi. Қолға түскен бiр қызды автобусқа ұрып-соғып, итермелеп кiргiзiп жатыр екен. Менi де күштеп кiргiзiп, жаңағы қыз екеумiздi арнаулы тордың iшiне отырғызды. Бiрақ көп өтпей-ақ автобустың iшi қолға түскен қыз-жiгiттерге лық толды. Сол уақытта бiздi тордан шығарып, орнымызға жiгiттердi кiргiздi. Оған сыймаған жiгiттер бiзбен бiрге тұрды. Бiраздан соң бәрiмiздi екiншi автобусқа ауыстырған кезде Н.Ә.Назарбаевтың алаңдағы көтерiлiсшiлерге арнап сөйлеп жатқан даусын естiдiк. Бұл мезгiл түн қараңғылығы әбден қоюланған шақ болатын. Автобусқа бiзбен бiрге үш милиционер қоса мiндi. Әрине, ол сәтте не нәрсенi де нақты ойға түйiп алатын жағдайда емес едiк. Онсыз да аузы-басы қан-қан жiгiттердi милиционерлер жол бойы ұрып-соғып, «осы қазiр көзiңдi ағызып түсiрейiн бе?» деп, екi саусағын әлсiн-әлсiн көздерiне тесе тақап, қорлаумен болды. Әсiресе, ұлты басқа жап-жас милиционердiң ызасы зор екен. Жiгiттерге қанша жанымыз ашығанымен, бiз де шарасыз едiк. Өзiмiзге де тиiсе ме деген үрейге берiлiп, қоянның көжегiндей бүрiсiп тұрдық. Автобус ұзақ жүрдi. Бiр кезде дiттеген жерiне тақалды ма, милиционерлер өзара күңкiлдесiп кеттi. Соны пайдаланып, бағанадан берi көк көз милиционердiң таяғын жеп, қорлауына көнiп келе жатқан орта бойлы сары жiгiт маған қырындай бұрылып: – Қазiр сұраған кезде не деп жа­уап бересiң? – деп сыбырлады. Мен оған таңдана қарадым да: «Қалай болды, солай айтамын», – дедiм. Жiгiт маған аузын тақап тағы сыбырлады. «Олай десең, түрмеге жабыласың. Шетте тұрған кезде ұсталдым деп айт» дедi. Бiздi «Целинный» кинотеатрына таяу жердегi қалалық iшкi iстер басқармасының корпусына әкелген екен. Автобустан сыртқа шығарған кезде милиционерлер екi жағымыздан да абалаған иттердi ұстап, қақпайлап тұрды. Бiздi подвалға кететiн есiктен кiргiздi. Кiргiзер алдында сырт киiмдерiмiздi, белдiк, т.б. заттарымызды алып қалды да, өзiмiздi тордың ар жағына өткiздi. Бiр есiкке, анығырақ айтқанда, ол жапсарлап жасалған дәлiздiң басқы бөлiгi болар, кезектесе кiргiзiп, қырымыздан, турамыздан қаратып суретке түсiрдi. Одан кейiн жiгiттердi бөлек, қыздарды бөлек камераларға бөлдi. Камераға кетiп бара жатқан кезде, маған жанашырлық жасаған жiгiттi сол милиционердiң тағы да өшi бардай аяусыз ұрғанын көрдiм. Жiгiт сол автобустағы кейпiнде, қабағын түйiп, қатты тiстенген күйiнде тұрды. Бiз әрмен қарай жүрiп, дәлiздiң сол қол жағындағы камераға беттедiк. Камераның есiгiне ендi тақалып келе бергенiмде, арғы жақтан «О-о-о!» деген оқыс дауыстан селк ете түстiм. Көзi алая қараған етжеңдi, шашы сап-сары келiншектi көрiп, шошына шегiнiп кеттiм. Бiздi жындылардың арасына тығып жiберуге әкелген екен деп ойладым. Алайда бұлар бiзден бұрын қолға түскендер болып шықты. Iшiнде жарақат алған, көздерi көгерiп, көнектей болып iсiп кеткен, қысқасы, бiр сөзбен айтқанда, шетiнен сиықтары қашқандар едi. Бұл камерада алпыс жетi қыз-келiншек болдық. Мұны сол жердегi милиция қызметкерлерiнiң өз ауыздарынан естiдiм. Кейiнгi қосылғандармен бiрге iшiмiзге арықша келген орыс қыз да кiрдi. (Бiрақ ол алғашқы тергеуден кейiн қатарымызға қайтып қосылған жоқ). Бұл камераға еден тақтайлары жарым-жартылай төселген екен, соның үстiне сыймағандар бiр-бiрлерiне сүйенiп тұрды. Мен бергi шеттегi қыздардың сәл ашық қалған аралығындағы орынға қырындай кiрiп, сығылысып отырдым. Бәрiмiз шаршағанбыз, оның үстiне аямай жеген таяғымыз тағы бар, титықтаған, шалдыққан күйде едiк. Сондай халдегi кейпiмiздi министрлiктен бе, әлде одан да жоғарыдан ба, әйтеуiр бiр-екi адам келiп көрдi. Бiзден бұрын келгендердiң iшiнен бiреуi: «Айтып кетiңiздершi, милиционерлер бiздi ұрмасын. Жаңа бiр келiншектi оңдырмай тепкiледi. Сiздер осы сөзiмiздi жеткiзiңiздершi, тағы да сөйтiп жүрмесiн» деген өтiнiш айтты. Әлгi кiсiлер артық-ауыс сөзге келген жоқ, бiраз қарап тұрды да кетiп қалды. Тергеу ісі Одан кейiнгi кезекте тергеу iсi бас­талды. Оған екi-екiден алып барды. Қалғандарымызды қарама-қарсыдағы кiшiгiрiм ұзынша камераға ауыстырды. Ол бiзге өте тарлық қылды. Тура қорадағы қойдай ұйлығып қалдық. Iшi қараңғылау екен, қыздар әлгiндей емес, еркiн сөйлесе бастады. Орыс қыздан сезiктенген бiразымыз одан сақ болу жағын сөз еттiк. Мұнда отыратын орын жоқ, кептелiп әрi-берi қозғалақтап жүргендiктен, жүзтаныс бола бастадық. Таңға жуықтады ма, әлде таң атып кеткен кез бе, әйтеуiр маған да кезек жеттi. Бiз дәлiзбен бойлай жүрiп барып, баспалдақпен жоғарғы қабатқа көтерiлдiк. Менi сол қол жақ беттегi бөлмеге енгiздi. Төрде бiр қазақ, бiр орыс – екi милиционер отыр екен. Қазақ жiгiт жауап алды. Шынымен де, автобустағы жiгiттiң ескерткенi болмаса, бар жағдайды еш бүкпесiз айтып шығар едiм. Халықтың ашу-ызасын туғызған оқиғаның астарын, елдiң көкейiндегi талап-тiлектi, басқарушы билiктiң өз өктемдiгi арқылы қолдан жасаған қасiреттi жасырмай баяндап берер едiм. Бiрақ қазақ ұлтының ашық түрде кемсiту, қорлауға ұшырағандығын, шегiне жеткен жағдайларды кiмге тыңдата алар едiм? Өйткенi өздерiн «үлкен» ұлттың өкiлi санайтындар жергiлiктi халықты «табуны», «дикари», т.б. да тiркестермен кемсiте сөйлеудi әдетке айналдырған болатын. «Я тебе на русском языке говорю!» – дегендi нықтап, нығарлай айтқанды ұнататын. Өз Отанымызда жүрiп сондай қорлауға төзу... Әй, бiлмеймiн... Ендi қазақстандықтардың iшiнен бiр адам табылмағандай, Мәскеуден адам жiберу – кеудесiнде жаны бар кiм-кiмге де жаман әсер еткенi күмәнсiз. Сонда да бiрден басбұзарлық әрекетке бармай, қарсылығымызды бейбiт шерумен ұқтырғымыз келдi. Аңғалдығым шығар, мен соның бәрiн жасырып-жаппай ашық айтамын деп ойлаппын. Бағыма қарай, жолдағы жiгiттiң сөзi түйсiгiмдi ашты. Сондықтан тергеушiге қолға түскен әңгiмемдi өзгеше етiп жеткiзуге тырыстым. Менен жауап алып жатқан кезде екiншi милиционер сыртқа шығып кеттi. Тергеушi айтқандарымды түгел жазып, соңында: – Мынаны мұқият оқып шығып, қол қойыңыз, – дедi. Қағазды қолыма алғаныммен оқып жарытпасымды түсiндi ме: – Маған берiңiз. Мен оқып шығайын, дұрыстап тыңдап алыңыз. Қай жерде де тек осында жазылған жауапты айтарсыз, – дедi. Жаны ашыған шығар, менiң сөздерiмдi тiгiсiн жатқыза жазыпты. Екiншi тергеуге алып барған. Кабинетте екi орыс әйел отыр екен. Екеуi де егде жастағы адамдар. «Здравствуйте!» деп қалай айтып қалғанымды өзiм де байқамай қалдым. Олар маған барлай қарады да, отыруға шақырды. Тергеушiнiң фамилиясы Стаценко екен. Олар маған шай құйып, алдыма печенье, конфет қойды. Шөл қанша қысып, ернiм кеберсiп тұрғанмен, оны iшуден сескендiм. Iшiне масайтатын дәрi салып берiп, бар шындықты бiлуге әрекет етедi деген секемшiл ойдың жетегiнде: «Iшкiм келмейдi» дедiм. Екеуi өздерiне шай құйып, ұрттап-ұрттап алды да: «Қорықпа, сен де iшiп ал. Печенье, конфетпен iш» деп маған тақай түстi. Мен тек шай ғана iштiм. Тергеушi шай iшiп отырып сұрай бас­тады. Мен алдыңғы кабинетте берген жауабымды дәл солай қайталадым. Аяғына жеткен кезде басын қайталап сұрады. Басын айтып үлгерiп болғанымша аяғын сұрады. Аяғын аяқтап болмай жатып ортасын сұрады. Әдейi шатастыруға тырысқан сыңайлы көрiндi. Тергеудi бiтiрген соң: «Әке-шешең бар ма?» дедi бiрi. Әкемнiң жоқтығын, шешем мен бауырларымның бар екенiн айттым. Жанұямның тұратын мекен-жайын сұрады. – Оның сiздерге қажетi қанша?! – дедiм шошына қарап. – Хабарлауымыз керек, – дедi. Бұл жағы маған өте ауыр тидi. Анамның жүрегi ауыратын, сондықтан жаным шығып кете жаздады. – Хабарлаудың ешбiр қажетi жоқ. Ол кiсi бұл туралы естiсе, көтере алмайды, – деп жылап жiбердiм. – Жарайды, хабарламаймыз. Жанұяңның құрамын айт, – дедi. – Оның керегi не? – деп тағы сұрадым. – Ендiгi жерде жақын-жуық туыстарың шетелге бару құқынан айырылады, – дедi. Табан астында өз қара басым ғана емес, туыстарымның өмiрiне кедергi келтiргенiм жанымды аяздай қарыды. Бәрiн айтып келiп, ең кiшi iнiмдi айтуға аузым бармады. Бiрақ, сол сәтте бұлардың құрықтарының соншалықты ұзын екендiгiн қайдан бiлейiн?.. – Қазiр сенi босатып жiберсек, сыртқа шыққан кезде топталып тұрғандар өздерiне шақырса, барар ма едiң? – деп сұрады бiрi. – Топталып тұрғандар келмесiңе қоймай, атыңды қайта-қайта атап шақырса ше? – деп тағы да қадала сұрады екiншiсi. Әрине, «жоқ, бармаймын» деуден танбадым. Тергеу осымен аяқталды. Менi өздерi айтқандай, шынымен-ақ, босатты. Бiрақ «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң» дегендей, бәрi осымен бiтпептi, керiсiнше, шырғалаң шаруамыз ендi басталған екен. Сотталып кетпегенiммен, одан кейiнгi жерде саяси қылмыскер, сорақы ұлтшыл кебiн киiп, жердiң үстiмен емес, астымен жүргендей қорлықты күндердi басымнан кешiрдiм. Үрейлi кезеңнiң жантүршiктiрер алып-қашпа сөздерi өрттей қаулап тұрды. Пәленбай адам өлiптi... Алаңда өлгендердi машинаға тиеп, қаланың алыс шетiне апарып көмiп тастапты... Соңында түрмелер мен камераларда орын қалмаған соң, қолға түскендердi шалғай жақтарға шығарып, ұрып-соғып, ұрпақ болмасын деп жанды жерлерiнен тепкiлеп, қаңғыртып тастап кетiптi... Ауыр жарақат алып, қолға түспей құтылып кеткендер дәрiгерлерге барудан қорқып, жатақханаларында ауыр халде жатыр дейдi. Қақтығысқа қатысқандарды алаңда түсiрiп алған суреттерi арқылы танып, шетiнен ұстап әкетiп, соттап жатыр екен... Мұндай сөздер күн сайын түрленiп жетiп жатты, айналаға желдей есiп кетiп жатты. Онсыз да тiлгiленген жүректi алып-қашпа осы үрейлi сөздер одан сайын қансыратты. Бiрақ қанша күйзелiсте жүрсем де, мен алаңға барғаныма еш өкiнген емеспiн. Керiсiнше, iшкi жан дүниемдегi өз iсiме деген сенiм бекемдене түстi. * * * Ендi сәл ғана шегiнiс жасасам: 18 желтоқсан күнi жатақханаға кештете келдiм. Бiрге тұратын Роза есiмдi құрбы қызым төсегiнде бүктетiлiп жатыр екен. Менi көрiп: «Сенi бiрдеңеге ұрынған шығар деп қорқып едiм, аман келдiң бе?!» деп қуана сөйлегенiмен, өзi тұра алмады. Мен жағдайымды қысқаша айттым да: «Өзiңе не болды, неге төсектен тұрмайсың?» деп сұрадым. «Бүгiн бiрнеше қыз алаңға қайта барғанбыз. Сұмдық жағдайға тап болдық. Дубинка ұстағандар қаптап жүр. Барғандарды тырқырата қуып, қолға түскендердi аямай соғып жатыр. Қалай, қай тұстан сап ете түскенiн бiлмей қалдық, екеуi артымыздан өкшелей қуып бердi. Береке екеумiз биiк үйлерге қарай қашып, бiрiнiң подъезiне кiрiп кетiп, жоғары өрледiк. Үшiншi қабатқа шыға бергенiмiзде бiреуi қуып жеттi. «Бiттiк, өлдiк» деп ойлап, қабырғаға жабыса басымызды қалқалап оты­ра қалдық. Анау: «Тез шығып, жоғалыңдар, онсыз екеуiң де өлiп тынасыңдар», – дедi. Бiз тапырақтап жүгiрген бойы далаға атып шықтық. Сол кезде аулада аңдып тұрғаны соңымызға қайта түстi. Бiр кезде қара саныма сарт етiп тиген таяқтан шыбын жаным шығып кете жаздағанымен, құтылып кету үшiн жан ұшырдым. Жатақханаға жеткенше жарақатым iсiп, аяғым басқызбай қалды. Олардың қолындағысы маған темiр таяқ сияқты көрiндi» дедi Роза. Таяқ тиген жерi талаурап көгерiп, күпсiне iсiп кетiптi. Розаның жұмысқа бармай қалғанынан сезiктенген комбинат басшылары оны тергеуге алыпты. Ол өтiрiк сылтау айтып әзер құтылдым дедi. (Кейiнiрек 1989-1990 жылдары мен комиссияға барған тұста осы қыздар жайлы да айтқан едiм. Алайда ол кезде алаңға барғандар әлi де қатты қорқатын. Комиссиядағылар «алдымен ол қыздарға өзiң барып жайлап түсiндiр. Содан соң бiз олармен сөйлесемiз» дедi. Солай болды да, алайда қыздар бойларына ұялаған үрейдi жеңе алмады). * * * Менi қамаудан босатқан күннiң ертесiнде аудандық милиция бөлiмiнен тергеушi келдi. Оған да бұрынғы жауабымды бердiм. Содан қай күнi екенi дәл есiмде жоқ, «сенi төменде бiр жiгiт шақырып тұр» деген соң вахтаға түссем, ауылдан келген iнiм екен. Жүзi алаңдаулы. Маған көз шарасы кеңейе қарап: «Сенiң жағдайыңды бiлiп қайту үшiн мамам әдейi жiбердi. Осыған дейiн жол жабық болды, бүгiн ғана ашылды. Мамам сенi алаңға барып қойған жоқ па екен деп қатты уайымдап отыр» дедi. Көңiлi орнықсын деген оймен, «Жоқ, мен алаңға барғаным жоқ» дедiм. Iнiм бәрiбiр сөзiме сенбегендей бетiме жалтаңдап қарай бердi. Iшке кiргiзуге рұқсат етпегендiктен, сол арада тұрып бiраз сөйлестiк. Содан не болса да шындықты айтуға оқталдым. – Сен қорықпа, қазiр бәрi өз орнына келдi. Мен алаңда қолға түсiп қалған едiм. Ақтап шығарды. Бұл туралы мамама сездiрушi болма. «Бармапты, қатыспапты» дей сал. Мамамның мұны бiлмей-ақ қойғаны жөн. Естiсе, жүрегi көтере алмайды, – деп қайта-қайта ескерттiм. Ол үнсiз тұрып тыңдады. Қалай болғанмен де, сол тұста анамның бұл жайды бiлмегенi дұрыс болды. Сергелдең Мен де өзгелер сияқты алғаш өз қалаған мамандығым бойынша оқуға түсе алмай жүрген жылдары, жатақханасы мен қалалық тiркеуiне бола, Алматы мақта-мата комбинатына жұмысқа тұрғанмын. 1986 жылдың дүрбелеңi тұсында осы комбинаттың №259 балалар бақшасында күтушi болып жұмыс iстеп жүрдiм. Оқиғадан кейiн қысқы сессияға байланысты жұмысқа бiршама уақыт оздырып бардым. Барсам, комбинаттағы кәсiподақ комитетi төрағасының орынбасары қызметiн атқарып жүрген Алтынай Жанпейiсқызы Байсаринаның белсендiлiгi артып, нағыз шаш ал десе, бас алатын жендетке айналыпты. Бұрын да желпiне екiленiп, жоқ жерде көзге түсуге жанығып жүретiн адам Желтоқсанда құдайы берiп, жарқырай көрiнудiң анық жолын тапқан екен. Сол кiсi мен жұмыс iстеп жүрген №259 бақшаның меңгерушiсi Б.Қауғабаеваға жиналысқа салып, қатал шешiм шығарып, жұмыстан қуу туралы тапсырма берiптi. Шынымен-ақ, менiң келуiмдi асыға күтiп отыр бiлем, Бақыт Қауғабаева iске бiрден құлшына кiрiсiп кеттi. Жиналыс болардың алдында менi жақтап сөйлеймiз, ақтап аламыз деп батылсынған тәрбиешi қазақ келiншектер Б.Қауғабаеваның жиналыстағы екпiнiн көрген кезде кiрерге тесiк таппағандай, менi емес, дәл бiр өздерiн талауға салып жатқандай, салбыраған бастарын көтерiп қарауға да жарамай қалды. Б.Қауғабаева менi жерден алып, жерге салып барынша қаралауға тырысты. Екiлене сөйлеп тұрған оған мен де ерегiскендей, тесiрейе, көзiмдi тайдырмай қарап отырдым. Алдын ала дайындаған басқа ұлт өкiлдерiне сөз берiлiп, кешегi күнi ғана өтiрiк болса да жымиып жүретiн олар ендi бiр-бiрiнiң аузына түкiрiп қойғандай, қаралайтын сөздерiн қарша боратып жатты. Ақыр соңында, «сценарий» бойынша, бiрауыздан «жұмыстан шығарылсын» деген шешiм қабылданды. Соны заңдастыру үшiн мен аудандық оқу-ағарту бөлiмiне баруға тиiс болдым. Оған дейiн жұмысымды атқаруға рұқсат еттi. Содан ертеңiнде екiншi қабаттағы өз тобыма өтiп бара жатып Б.Қауғабаеваның кабинетiнде отырған қызға көзiм түсiп кеттi. Жүзi таныс сияқты болып көрiндi. Бiрақ қай жерде көргенiмдi есiме түсiре алмадым. Артынша ол екеумiз бiрiншi қабаттағы жуынатын бөлмеде ұшырасып қалдық. – Мен сенi бiр жерден көрген сияқтымын, – дедiм салған бетте. – Мен де сенi көрген сияқтымын, – дедi ол да. Сәл ойланып тұрды да, «сенi камерада отырған кезде көрген жоқпын ба?» – дедi құлағыма сыбырлай. Камерада көргенiм сонда ғана есiме түстi. Екеумiз құшақтаса кеттiк. – Мұнда қайдан жүрсiң? – деп сұрадым, iшiм бiр бәленi сезiп тұрған соң. – Менi оқудан шығарып жiбердi. Политехтың үшiншi курсында оқитын едiм. Мұнда жұмыс iздеп келдiм, – дедi ол. Содан соң сәл күмiлжiңкiреп тұрды да, «ана жағдайды ешкiм бiлмей-ақ қойсыншы» дедi жалынышты үнмен. – Әрине, ешкiм бiлмейдi, – дедiм де, оның жағдайына алаңдап: – Ендi не болады, оқудан сол күйi қол үзiп қаласың ба? – деп сұрадым. – Бiзге «Бiр жыл жұмыс iстеп, өздерiңдi жақсы қырларыңнан таныта алсаңдар оқуға қайта қабылдануға мүмкiндiк жасалады» деген. Ендi соған тырысамыз, – дедi. Аты-жөнi есiмде қалмапты, ол қызды бақшаға жұмысқа алды. Екi-үш күннен соң жеке жерде жолыққан кезiмде: – Сен бұл жұмысты мүлде тастап, басқа жаққа кетiп, амалдасайшы. Ендi мұнда қалар болсаң, бұлар саған күн бермейдi. Саған жақсылық жасамайды, – дедi. Аудандық оқу бөлiмiнде де маған арашашы болар ешкiмнiң жоқ екенiн iшiм сезген. Олар менi айналып кеп комбинаттың кәсiподақ комитетiне жiбердi. Яғни сол ұйымның жиналысының шешiмiнсiз менiң қызметтен босауым заңсыз екен. Не керек, дәл солай жасады. Ол жиналысқа адамдардың сонша көп жиналғанын көрiп, әуелгiде жүрегiм шайлыққандай күй кешсем де, бiрте-бiрте түйiлiп, жинақталып, мұқалмаған кейiпке көштiм. Олай дейтiн себебiм, басқа барлық жерде менi отырғызып тергеп, талқыласа, кәсiподақ комитетiндегi жиналыста мектеп директорының алдына алып кiрген кiнәлi оқушыға ұқсатып, қақшита тұрғызып талқыға салды. Жиналысты жүргiзiп отырған Адарич кәсiподақ комитетiнiң бастығы деген аты болмаса, тiзгiн А.Ж.Байсаринаның қолына емiн-еркiн тидi. Азуын айға бiлеген ол дауы­сын ерекше нығарлап, қайдағы-жайдағы жамандықтың бәрiн тiзбелеп, дес бермей сөйледi. Комбинаттың басшылық аппара­тының көбi басқа ұлт өкiлдерiнен тұратын. Солардың iшiнде бiразы Байсаринаның шашбауын көтеретiндер едi, кейбiрi керiсiнше Байсаринаның өзiнiң жағынуға тырысатын адамдары болатын. Сол бес-алтау кезектесе қақылдады-ай, кеп... «Алаңға қалай бардың, не үшiн бардың? Қай жерде, қандай жағдайда қолға түстiң? Неге алаңдағы жағдайды көрген соң керi кетiп қалмадың?..» деген сауалдарды үстi-үстiне қойып, өршелене жауап алып, әй, бiр рахаттанды-ау!.. Одан кейiнгi жерде осыған дейiн ести-ести әбден ығыр еткен: «Бала тәрбиесi саласында жұмыс iстеуге мұндай адамдарды бiр күн де қалдыруға болмайды. Бұл барып тұрған ұлтшылдың өзi. Өзгелерге сабақ болу үшiн, бұл секiлдiлердi қатаң жазалау керек!» деген сөздерiн тағы да естiдiм. Менiң тарих факультетiнде оқи тұра алаңға барғандығым да баса айтылды. Отырғандардың арасында бұрыннан жақсы бiлетiн адамдардың да бар екенiн көзiм шалған. Бiрақ көпке дейiн менi ақтап сөйлер ешкiм шықпады. Үмiтiм соларда болғаны да шын едi. Бiр кезде шыдамы жетпедi ме, Тастемiр Атымтаев ағай орнынан тұрып, менi цехта жұмыс iстеп жүрген кезiмнен жақсы танитынын, өз жұмысыма жауапкершiлiкпен қарайтындығымды, ешқашан тәртiп бұзбағанымды жұмыс нормамды да әр уақытта абыройлы орындап жүргендiгiмдi айта келiп, бүгiнгi бiлместiк­пен болған iске кешiрiммен қарағанымыз жөн дедi. Ол кiсi цех мастерiнiң көмекшiсi болып жұмыс iстейтiн. Ұжымда көп жылдардан берi еңбек етiп келе жатқан сыйлы адам болатын. Тастемiр ағайдың iзiн ала Анатолий Дүйсенов те орнынан тұрып, менi жақсы танитынын, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүретiнiмдi, комбинаттағы үйiрмелерге де қатысуға уақыт табатынымды тiлге тиек еттi. Ол кiсi соның алдында ғана цехтың кәсiподақ комитетi секретарынан цех бастығы дәрежесiне көтерiлген-дi. Бұл кiсiлердiң сөзi А.Ж.Байсаринаға мүлде жақпай, тiптi екiлене құтырынып кеттi. «Мұндай адамдарға кешiрiм жасауға болмайды, менiң пiкiрiм: жұмыстан да, оқудан да шығару керек!» деп, сол ойына бекiне табандап тұрып алды. Ақтап сөйлеген екi адамнан кейiн сәл де болса ақылға келгендей болған ортадан тағы Байсаринаны құптап, қолдаушылар шыға бастады. Оның үкiмет жолындағы адам екендiгiн көрсете, патриот­тана сөйлеуi әсерлi шығып, отырғандарды даурықтыра түстi. Ол тұста жүйкемнiң жұқарғаны да шын едi. Осы жұлқылаулары әбден шегiне жеткен кезде, мен әрi қарай тыңдап тұруға төзiмiм жетпей, бетiмдi басып жылаған күйiмде есiктен жүгiре шығып кеттiм. «Халық жауындай» қаралап, талқылауға салған сол топқа деген ашу-ызадан жарылардай күйде едiм. Дәлiзде кездескен бiр әйел бұрылып келiп не болғанын сұрап, жауабымды күтпестен бос тұрған кабинетке кiргiзiп, алдыма су қойды. Су iшетiн хал қайда?! Ашу-ыза бойымды буып, ащы өксiгiмдi жұтып, ықылық ата жыладым. Байсаринаның пасық болмысы жанымды қатты жаралады. Сөйтiп тұрғанда партком секретары Истомина менi артымнан қуа келiп: «Қай сөз саған соншалықты әсер еттi? Әлде алаңға барғаныңа өкiнесiң бе?» – деп бедiрейiп тұрып алды. Мен жауап бермей жылаған сайын ол өзеурей түстi. Тiптi кетпесiн бiлген соң: «Бәрi!» – дедiм, сол қатты жылап отырған күйiмде. Содан кейiн ғана Истоминаның аптығы басылғандай болып шығып кеттi. Өз-өзiме келген кезде менi қайтадан әлгi жерге алып келдi. Ел тарап кетiптi. Тек Адарич пен А.Ж.Байсарина отыр екен. «Егер өз еркiңмен жұмыстан шықпасаң, оқудан қуу үшiн әрекет етiп, ол жаққа хат жазамыз. Және еңбек кiтапшаңа алаңға барғандығың жазылады. Одан кейiн Қазақстанның қай бұрышына барсаң да сенi жұмысқа алмайды», – дедi. Менiң уақытша болса да жұмыстан кетуге қиналатыным – дип­лом алуыма азғана мерзiм қалған. Және жұмыстан шықсам, пропискадан қоса шығарыламын. Ал пропискасыз еш жерге жұмысқа тұра алмайтыным және белгiлi. Ал Байсарина онымен санасар пенде емес. Не iстеймiн, амал жоқ, оның керексiнген арызын жаздым да, жұмыстан шықтым. Осы тұста айта кетер бiр жағдай: Мәскеуден шығатын газеттерде Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарды «нашақорлар, бұзақы топтар, арақ iшiп алып барған көшенiң бейбастары» деп қаралаған, адамның жүрегiн жаралап, жанын түршiктiрер материалдар күн құрғатпай шығып жатты. Қазақ тiлiнде жарық көретiн басылымдар оны аударып басты. Бұл бiзге соққы үстiне соққы боп тидi. Одан кейiнгi жерде өз басым газет атаулыға тiксiне қарайтын халге жеткенiм сондай, тiптi басқа тақырыптағы материалдарын да оқымайтын болдым. Жұмыстан шығып қалғаннан кейiнгi жерде қаланың iшiнен аяғымнан тозып жүрiп жұмыс iздедiм. Пропискасыз қабылдайды деген пошта бөлiмшелерiне барып, басшыларына жолықтым. Ешқайсысы жұмысқа алмады, орын жоқ дедi. Ендi ойласам, Желтоқсаннан кейiнгi жаппай жұмыстан шығару, оқудан қуу науқаны жұмыс iздеушiлер қатарын еселеп көбейтiп жiберiптi ғой. Олардың денi қудалауға түскендер екендiгi айқын болғандықтан да, көп ретте бiзге әсiре сақтықпен қарады. Прописканың жоқтығы да алдымызды кес-кестедi. Таныс, жаны ашиды деген адамдарға да жолықтым, бiрақ бәрi де менен аулақ болуды жөн көрдi. Жұмыс табуға деген үмiтiм үзiлген соң, комбинатқа қайта барып, диплом алғанға дейiн кез келген жұмысқа ала тұруларын жал­барына сұрадым. Алдында көнбегенi­мен, соңы­нан олар цехта жұмыс iстей тұруы­ма келiсiм бердi. Бiр қиыны, комбинаттың қарауына қайта түскендiктен, қай күнi оқу орныма хат келедi деген ауыр да азапты ойдан арыла алмадым. Аудиторияға кiрiп келген кез келген адамға сескене қарадым. Емтиханға дайындалудың берекесi кеттi. Сезiк пен секемшiл ой миымды шағып, зықымды шығарды. Екi емтиханнан соң аудиторияға тағы бiр бейтаныс адам кiрген сәтте жүрегiм дiр ете қалды. Сөйтсем, ол жай жүрген кiсi екен. Бiрақ бәрiбiр бұдан әрiге төзiмiм жетпедi. Тарих факультетiнiң деканы Әдiлханов ағайдың кабинетiне бардым да: «Мен жұмыс iстейтiн орыннан сiздерге хат келген жоқ па?» – деп сұрадым. «Қандай хат?» – деп таңдана қарады ол кiсi. «Алаңда қолға түсiп қалғанмын, соған байланысты жұмыс орным оқудан шығарту туралы хат жазбақ болып едi», – дедiм. «Ондай хат әзiрге келген жоқ». «Мен бәрiбiр емтихан тапсыра алмаспын, ағай. Бiр жылға босатыңызшы, келесi жылы келiп тапсырайын. Екi емтиханнан әзер дегенде үш алдым», – дедiм даусым дiрiлдеп. «Жоқ, болмайды, – дедi декан ағай. – Қайтсең де биыл диплом алуға тырыс. Келесi емтихандарға дұрыстап дайындал. Соңғысы менiң пәнiмнен ғой, үш қоймаймын...». Осыдан кейiнгi жерде ғана кiрген-шыққан адамдардан тектен-текке сезiктенiп, үрейленбейтiн болдым. Соңғы емтихандарымды жақсы бағаларға тапсырып шықтым. Диплом алғаннан кейiн Бiлiм министрлiгiне барып жолдама сұрадым. Торғай жерiнен ғана сұраныс қалған екен, бiрден баруға келiстiм. Шыны керек, шалғай ауылдағы мектеп өмiрi жағдайымды сәл де болса ұмыттырды. Құбылмалы мінез 1989 жылы тамызда М.Шаханов ағайға жолықтым. Ондағы ойым – өзiм жұмыс iстеген комбинаттағы үй кезегiмдi қайта орнықтыру едi. Ол кiсi өзiнiң хат жазып көмектесетiнiн, бiрақ оған дейiн менiң арнайы құрылған комиссияға барып жолығуым керектiгiн айтты. Комиссиядағылар үй кезегiн қайта қалпына келтiру үшiн сол жерге барып, цехқа болса да, жұмысқа тұруым қажеттiгiн түсiндiрдi. Солай iстедiм де. Алайда осы iстiң соңында жетi ай жүрген комиссия оң нәтиже шығара алмады. Себебi жұмыстан «өз еркiмен кеттi» деген арызымнан басқа талқыға салған, қудалаған, шешiм шығарған бiр жапырақ қағаз да болмай шықты. Байсарина: «Жай ғана жиналысқа салғанбыз, қудалау көрген жоқ, өктемдiк жасамадық» деп бет бақтырмады. Жазушы Тұрсын Жұртбай ағай бастаған үш кiсi ендi жиналысқа қатысқан адамдар арқылы дәлелдеп көрудi ойлады. Сол кезде өзiмдi жақтап сөйлеген А.Дүйсенов ағайға жолықтым. Ол кiсi мен үшiн жұмысынан алынғанын, осы жақында ғана орнына қайта қойғанын, бала-шағасы үшiн ендi ондай iске араласа алмайтынын ашық айтты. Мен қайтып келген 1989 жылы үй кезегiнде 656-шы болып тұрғанымды өз көзiммен көргенмiн. Ал жұмысқа тұрғаннан кейiн ол тiзiмнен алынып тасталыппын. Соны айтқанымда, Байсарина: «Ондай қателiктер бола бередi. Бiрақ дәл сенiң сол тiзiмде болуың мүмкiн емес», – дедi. Өстiп, көргенiмнiң өзiн жоққа шығарды. Бiрақ мен тоқтамадым. Содан 1990 жылдың сәуiрi күнi комбинат басқармасына келген Т.Жұртбаев бастаған комиссияға Тастемiр Атымтаев ағай менi талқыға салған жиналыс жайлы айтып бердi. Бiрақ қолында сол баяғы менiң арызым тұрған Байсарина бастаған топ: «Өз еркiмен жұмыстан шығып кеткен адам үй кезегiнен алынып тасталынады. Оны қайта орнына қоя алмаймыз», – дедi. Осылайша комиссия қанша әрекеттенсе де, өткен iстi дәлелдеуге мүмкiндiк таба алмады. «Ең болмаса өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына көмектесiңiздер», – деген ұсыныс айтты. Сол кезде А.Ж.Байсарина егер прокуратурадан қағазым болса, көмектесетiндерiн айтып, сүттен ақ, судан таза боп шыға келдi. Соның өзiнде «орын болмай жатыр» деген желеумен, сегiз ай созбақтатып барып, жатақханаға тәрбиешi етiп зордың күшiмен орналастырды-ау. Ол да болса комиссияның ықпалы едi... Мен тәрбиешi болып жұмыс атқарған тұс қайта құру, дәстүр-салтымызды жаңғырту, тiл мәселесi т.б. да жаңашыл бастамаларға толы кезең болатын. Әрбiр жатақханада осы бағытта бар ынта-шынтамызбен жұмыс жүргiздiк. Жатақханадағы жастардың жеке мәселелерiн шешу де бiздiң мойнымызға жүктелдi. Атқаратын жұмыстарымыз қызған үстiне қыза түстi. Осы тұста А.Ж.Байсарина кесiрткедей өңiн өзгертiп, Желтоқсанның тұсындағы жендеттен – қайта құрудың ұраншысына айналды. Бiздiң күн демей, түн демей атқаратын жұмыстарымыз Байсаринаның қанжығасына байланатын болды. Аяқтан тозып, төккен терiмiздiң арқасында жүзеге асқан жақсы iстерiмiздiң қызығын Байсарина көрдi. Ол газет пен теледидардан түспедi. Алматы қалалық кеңесiне депутаттыққа сайланды. Кейiнiрек фабрикалар қысқар­тылып, жабылған тұста да А.Ж.Бай­саринаның мұртын балта шаппай Алматыдағы «барахолканың» бастығы болып кеттi. Соны «малданып», менiмен араласып тұрған бiр келiншекке (ол да тәрбиешi болған): «Қазiр пәлен мың сом жалақы аламын!» – деп дарақылана күлiп, мәз бопты. Мiне, ел сайлаған, халықтың жоқшысы боламын деген адамның бар сиқы... Иә, сол бiр шақта алаңға алғаусыз адал ниетпен шыққан жастарды таяқтап қана қоймай, оларды рухани жағынан да басып-жаншып, таптап, тұқыртуға әрекет етiлгенi жалған емес. Алайда заман келбетi өзгерген кезде соны жасаған екiжүздi жандайшаптар дереу өңдерiн өзгертiп, жаңа кезеңнiң белсендiсi болып шыға келдi. Содан соң мұндайларды өз қара басының пайдасынан басқаны ойламайтын, ары үшiн бас қатырмай-ақ, неше бiр сұрқиялықтарды жүзеге асыра беретiн құзғындар демеске бола ма?! * * * Желтоқсан – қазақ жастарының саналы түрде, ұлт болашағы үшiн жасаған үлкен бұлқынысы. Оны өз қолдарымен тұншықтыруға барынша тырысқан партиялық билiк бұл халықтың iштен қайнап шыққан ашу-ызасы, қарсылығы екенiн жете бағамдауға құлықты болмады. Сөйтiп, қазақ халқының мүддесiн жалаулатып шыққан жүздеген мың адамның үнiн әп-сәтте-ақ өшiремiз деп өктемсiдi. Бiрақ көтерiлiсшi жастар ұстанған мақсаттарынан айнымай, 17-сi күнi қантөгiс болғанына қарамастан, 18 желтоқсан күнi алаңға қайта шықты. Алматының аппақ қары тағы да бейкүнә жастардың қызыл қанына боялды. Осының бәрi орталықтың әрiден ойластырып жасаған сұрқия саясаты болатын. Уыстан шығып бара жатқан бұйдадан қараптан-қарап айырылып қалмау үшiн жасаған шовинистiк пиғылы едi. Елiнiң болашағын ойлағандарды «ұлтшыл» атандырып, 1937 жылдың қара күйесiн тағы да аямай баттастыра жағуға тырысты. Бiрақ өз ұлтын сүюде тұрған қандай қылмыс болуы мүмкiн? Сол себептi Желтоқсан – ұлтшылдықтың емес, басынушылықтың нәубетiне айналды. Сөйтiп, ызғарлы желтоқсан күндерi жастардың қанға малынып, өктем күштiң аяусыз құрбаны болуымен ерекшеленiп, өте шықты. Алайда бiздiң күресiмiз сонымен тоқтаған жоқ. Ол күрес Желтоқсан көтерiлiсiн ақтап алмайынша, саяси бағасын бермейiнше бiтпек емес. Өйткенi горбачевтiк билiктiң қылмысы қалыңдаған қатпар-қатпар күйi мұрты бұзылмай тұр. Оған Қазақ елiнiң кешегi және бүгiнгi билiк тiзгiнiн ұстағандар арасында да «еселi үлес» қосқандар аз емес... Өз басымнан өткерген қасiретке қатысты ойымды осылай тәмамдай салар едiм. Әйтсе де есiме Роза оралып отыр. Ол жоғарыда айтып кеткен Алматы мақта-мата комбинатында еңбек етiп, бөлмелес болған құрбым – Мамаева Роза. Көтерiлiстен кейiнгi жылдары оның денсаулығынан айырылып, жұмыстан қысқартылғанын естiгенмiн. Тәуелсiз ел атанған тұста жанбағыс үшiн базарға шығып, денсаулығын мүлде жоғалтты да, анасы ауылына алып кеттi. Розаның әкесi бұрынырақ қайтыс болған. Соңынан өзiнен үлкен бауыры көз жұмған. Анасы Розадан кейiнгi бiр қыз, бiр ұлымен ауылда тұратын. Ауылы – Алматыға жақын жердегi Қарғалы кентi. Көтерiлiске қатысқандардың көбi Роза құрбым сияқты денсаулықтарын бұзып алды. Алайда солардың ешқайсысы да алаңға шыққанын мiндет етпегенiмен, бiр-ақ рет берiлер өмiрлерiн өксiтiп алғандарын аянышпен ауызға алады. Ел намысы, болашағы үшiн жастық жалынын ту еткендерге өз кезегiнде қоғамы сүйеу болса керек едi. Бiрақ олай болмай, өздерi ескерусiз, елеусiз шеттеп қалды. Солардың қиын-қыстау тiрлiгiн көрiп, өркенiмiз дейтiн өскелең ұрпақтың қайсысына әдiлет үшiн арпалысыңдар, адал да абыройлы болыңдар, қазағыңды қастерле, ұлтыңды ұлықта дегендей ақыл айтып, рух берiп, жiгерлерiн жани аламыз? Желтоқсандықтардың өршiл iсiн жыл сайын 17-18 желтоқсан күндерi ғана тек қызыл сөзбен дәрiптеуден аспау – аты бар да, заты жоқ бейшара саясат емес пе? Бәлкiм, содан шығар, олардың көбi әлi күнге дейiн үрейден арылып кете алмаған. Себебi өздерiне тiзесi батқандар қазiр де құрықтары ұзын, ықпалды орындарда қонжиып отыр. Солардың кесiрiнен көтерiлiске қатысушылар бiр емес, бiрнеше рет, үстi-үстiне зардап шегумен келедi. Ол аз болса, ендiгi кезекте денсаулықтарынан айырылып, соның азабымен арпалысуда. Желтоқсан батырларының iсiн ғана емес, өздерiн де дәрiптеп, қолдап, қолпаштар қоғамның болмай тұрғаны, әрине, өкiнiштi... Күлiмхан ЖҰМАБАЕВА, Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушы

3236 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8773

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7065

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4809

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4195

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4157

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4118

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3848

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3848

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы