• Мәдениет
  • 18 Тамыз, 2011

Бірлік берекеге жеткізеді

Бұдан үш жыл бұрын Қазалы ауда­ны­ның 80 жылдық торқалы тойы қар­са­ңында аудан әкімі Айтбай Елеуұлы Кө­шер­байдың бастамасымен шығарыл­­­­­­­ған «Та­мыры терең, тарихы кенен – Қаза­лы» атты кітабының алғы сөзі былай өріледі: – Қазалы – Сыр бойындағы ескі тарих пен рухани қазынаға бай өлке. Оғыздардың отаны болған Жанкент қаласы көне тарихтың көмбесі іспетті. Тарихшы-ғалымдардың айтуынша, орта ғасырда өмір сүрген түркі әлемінің данышпаны, көреген көсемі, ойшыл философы Қорқыт Атаның осы өңірде дүниеге келуі де бұл топырақтың тегін еместігін сездірсе керек. Орта Азия мен қазақ халқының ортақ батыры, мемлекет және қоғам қайраткері Жалаңтөс Баһадүр мен қазақ халқының мемлекеттігін сақтауға орасан зор үлес қосқан Әйтеке бидің арғы аталарының, сондай-ақ ұлт-азаттығы жолындағы күрестің ұлы қолбасшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының және Ақтан Ақайұлының да осы жерде өмір сүруі көп жайтты аңғартады. Қазалы кеңестік дәуірде де заман та­лабына сай уақыт көшінің алдыңғы сапында жүрді. Қоғамдағы саяси және әкімшілік өзгерістерге сәйкес 1928 жылы бұрынғы Ояз орталығы болған Қазалы дербес ауданға айналды. Тәуелсіздік тұсында да аудан халқы әлеуметтік-экономикалық дамудың алғы шебінен көрініп келеді... Шындығы сол, Қазалы тарихы терең­де жатыр. Бұл кітап осы өлкенің өткен тарихына толықтай шолу жасай отырып, бүгін­гі ұрпақтың санасында сабақтастықтың салтын қалыптастыруға мейлінше жа­қындата түседі. Қазалы топырағы – киелі топырақ. Қазалы қаласының іргетасы қаланғанына 160 жылға таялып қалды. Екі ғасырға жуықтаған өлкеде қаншама тарихи өзгерістер, заман ағымына сай қиын­дықтар болғаны белгілі. ХХ ғасырдың басты оқиғасы болып есептелетін Кеңес өкіметінің орнауы. Азамат соғысының азапты күндері, 20-30-жылдардағы аштық пен елді дүрліктірген дүрбелең – репрессияға мыңдаған азаматтардың тағдыры тәлкекке салынуы. Ұлттық теңсіздік, зорлық-зомбылық, астамшылық белең алғанда ауыл белсенділерінің қозғалысын туғызды. Мұның соңы «Асандар» көтерілісінде қан­­шама қандастарымыздың өмірі қиыл­ды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан со­ғысында Қазалыдан 12 мың жауынгер майданға аттанып, олардың төрт жарым мыңы соғыстан оралмады. Қазір осы аталарға арнап, саябақ ішінде аты-жөндері жазылған мрамор-тастан ескерткіш орнатылды. Бес елдесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары да оңайға соққан жоқ... Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп-көлік салаларындағы ауыртпашылықты бастан өткірген қазалылықтар бұл кезеңнен де сүрінбей өтті. Ауданда бес адам Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары нарық заманына тап келген қазалылықтар басқа да ел қатарлы өмір қиындығына сабырлылық танытты. Қай кезде де алдына қойған мақсатына жетуге ұмтылатын ауданның қайсар ұлдары мен қыздары кедергілерден сүрінбей өтіп, облыс аудандары арасында алдыңғылармен үзеңгі қағысты. Бұл қиындық аудан басқарған азаматтарға елеулі салмақ түсірді. Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруға жұмыла күш жұмсай білді. Ауданның ел экономикасының алға жылжуына мәслихат депутаттары, аудан халқы сайлаған облыс мәслихатының депутаттары жігерлілік танытты. Бұрын мемлекет көмегіне сүйеніп келген жұртшылықты нарықтың қысымынан шығуға жұмылдыра білді. Әр ауылдағы жекелеген қожалықтардың ұтымды істерін қолдап, олардың егін егуде, мал шаруашылығын дамытуға сәл де болса күш-көмектерін беруге, несие есебінен қаражат алуына жәрдемдесті. Елдің ыдырамай, ауыл іргесін сөкпей тіршілік көздерін табуға тырысты. Сол жылдарда бұрын Сырдариядан толқынданып ағып жатқан Сыр суы тартылып, кешіп өтетін кезеңді де қазалылықтар басынан өткер­ді. Сөйтіп, егілетін күріш алқабының, басқа да дақылдардың жоспарлы межеден аз егілуі халықтың ырзық-несібесінің азайып кетуінің біраз жыл куәсі болды. Осындай қиындықтарға қарамастан ел орнынан қозғалған жоқ... Сол күндер, сол жылдар артта қалып, ел еңсесін көтерді. Бүгіндері аудан халқы, оның басы-қасында жүрген азаматтар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойын мол табыстармен қарсы алуға дайындық үстінде. Алдымызда аудан әкімдігінің «Қа­залы» аудандық газеті (бас редакторы Ж.Мәкеналы) жатыр. Аптасына екі рет шығатын шілде айындағы сандарына көз жүгіртіп отырмыз. Газет бетінен ауданда атқарылып жатқан ауқымды істерді, қомақты тіршілікті көре аласыз. Ауданда шағын кәсіпкерлік, сауда және өнеркәсіп салалары бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында нәтижелі істер атқарылған. Аудан бойынша 110 заңды тұлға, 1952 жеке кәсіпкер, 218 шаруа қожалығы, барлығы 2280 шағын кәсіпкерлік субъектілері есепке алынған. Мәселен, ауданда тұрақты өнім өндіретін 18 өндіріс орындары, 2 601249, 2 мың теңгенің өнімдерін өндірген. Атап айтар болсақ, «Қазалы локомотив жөндеу зауыты», «Қазалы вагон жөндеу депосы», «Локомотив сервис орталығы» жыл басынан бері 1 412849 мың теңгенің жұмысын жасаған. Басқа да өнеркәсіп орындарының бірінші жартыжылдықтағы істеріне ел риза. Ауданның үдемелі индустриялды-инновациялық жобаларды дамытуда 7 жоба аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген. Бұл жобалар пайдалануға берілген кезде ауданда 340 адамды жаңа жұмыспен қамтуға болатындығы көрініп отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру, қаржы-несиелік құқықтарын қолдау, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, қызмет көрсету саласын жақсарту жұмыстарында да ілгерілеушілік басым. Ауданда инвестициялық жобалар бойынша іске асырылатын шаралардың да елдің игілігі үшін жағымды жағы баршылық... Мәселен, аудан аумағындағы жер асты кендерін пайдалану бағытында «Байқожа» алаңындағы мергель кенін геологиялық барлау және өндіру, цемент зауытын салу бойынша 21 544 407 теңге көлемде қосымша барлау мерзімін ұзарту үшін облыстық салалық басқармалармен тиісті ұсыныстар жасалып жатқаны, Қызылқұм өңірінен жер асты мұнай қорын барлау және өндіру жобасы бойынша «Нұрсат Бауыр және К» серіктестігі тарапынан барлау және өндіру жұмыстары атқарылып отырғаны, соған сай мұнай терминалын салуға ұсыныстар жасалғаны ерекше қуантады. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы мерекесі қарсаңында Елбасы жолдауына орай ауқымды шаралардың қолға алынуы ел үшін мерейлі іс. Мереке жақындаған сайын түрлі іс-шаралар көбейіп, оның бірсыпырасы халық игілігіне беріліп жатыр. Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев­тың тарихи-мемориалдық мұражайынан «Тәуелсіз Қазақстан» залы ашылды. Онда еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылдағы жетістіктер мен өсіп-өркендеу құжаттарын, ұлт-азаттығы жолында күрескен қолбасшылар жайлы деректер, суреттер, Желтоқсан оқиғасына қатысқан жалынды жастар жайлы мағлұматтар алуға болады. Бұл залды көркемдеп-безендіру үшін облыстық бюджеттен 1 млн. 527 мың теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Алдағы қыркүйек айының үшінші онкүндігінде «Қазалы-Асандар» азаттық жолындағы көтеріліс құрбандарын еске алу құрметіне өткізілетін рухани-танымдық шараға қызу дайындық үстінде. Арнайы комиссия құрылып, іс-шара бойынша ғылыми-танымдық конференция, театрланған қойылымдар, «Тағзым» алаңын ашу, ақындар айтысы, ат бәйгесі, тағы басқа ұлттық спорттық ойындар, концерттік бағдарлама, ас беру рәсімдері өткізіледі. «Қазалы-Асандар көтерілісі» құрбандарына тұрғызылған ескерткішті қайта жаңғырту, арнайы жинақ кітабын шағару қолға алынды. Бұл жұмыстарға бюджеттен 25 млн. теңге қаржы қаралған. Алайда негізгі салмақ көтеріліс құрбандарының ұрпақтары тұратын Майдакөл, Ақжона, Алға, Аранды ауылдық округтерінің азаматтарына түсетіндігі белгілі. Жиырма жылдық мерекеге байланыс­ты ауданда тарту-таралғылар көбейіп жатыр. Ескі қала мен Әйтеке би кентінің арақашықтығы он екі шақырым. Осы аралықты қосу аудан әкімдігінің басты назарында. Казірдің өзінде көптеген тұрғын үйлер салынып, көше атауы берілді. Алғаш көшеге «Астана» атауы беріліп, ақсақалдардың ақ батасын алды. Тағы бір әкімдіктің қолға алғаны қаладағы «Ардагерлер алаңын» кеңейту болды. Бұған аудан бюджетінен 8,5 млн. теңгеге өрнектелген тас төселіп, қақпа салынды. Бабаларды құрметтеу, олардың рухы­на бас ию-ұрпақ парызы. Осы қағиданы бе­рік ұстанған қазалылықтар ұлт-азаттығы жолындағы күрестің қолбасшысы, дүйім елдің арқа сүйер тірегі әрі қорғаны болған Жанқожа Нұрмұхаммедұлының Қызылқұмдағы бейітін қайта қалпына келтіру мақсатында облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі арқылы 2 млн. теңге қаржы қаралған. Осы қаржыны күн райының қолайлы кезінде игеру үшін жұмыстарды бастау қолға алынуда. Сондай-ақ ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар тоғысында өмір сүрген Матығұл бидің ұрпағы Бақай бабаның ұрпақтары Аранды қырдың оңтүстік батыс баурайын­да Бақай бабасына ескерткіш орнатып, ас берді. Бердіңғұлұлының Саңырық аталығынан таралған ұрпақтар Әйтеке би кентіндегі 5-орамда тұрады. Саңырық баба шамамен ХҮІ ғасырдың аяғында, ХҮІІ ғасырдың басында өмір сүрген. Бабаның батырлығы, көрегендігі туралы әңгімелер көп. Баба ел азаттығы үшін қалмақтарға қарсы күрескені жайлы тарихи деректер кездеседі. Баба шайқас кезінде жараланып, қолға түседі. Тұтқыннан қашып, Түркістан арқылы Иранға өтіп кетеді. Содан елге оралып, ұрпақ өрбиді. Араларындағы тұрмыстық, туыстық келіспеушіліктен ол кісі елден кетіп қалады. Қазалыдағы ұрпақтарының іздеу салуымен Жезқазғанда «Топар» деген жерде бір бейіт бар. Оны жергілікті тұрғындар Кіші жүздің Саңырығы деп атайды екен. Сол бейіт батыр, әулие Саңырық бабанікі екені анықталды. Сонымен, Қазалыда тұратын ұрпақтары бабасына Шымкент-Самара тас жолындағы Алтай арнасы жағасынан белгі-мұнара тұрғызып, ас берді. «Балапанды күзде сана» дегендей, көктем мен жаз бойы күтіп-баптаған диқандардың да еңбегі сараланар шақ жақын. Ырзық-несібе мол болсын, қасиетті Қазалы топырағының қайырымды да қайратты азаматттары! Киікбай Ізетұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ҚызылОрда облысы

3692 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8951

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7162

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4903

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4288

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4253

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4212

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3943

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3942

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы