• Тарих
  • 18 Тамыз, 2011

Алматыда қазақ мектептерінің саны көбейіп келеді

Жадыраған жаз аяқталып, күзбен бірге алғашқы қоңырау сыңғыры да естілуге шақ қалды. Ауыл, аудан, қала мектептері жаппай 1 қыркүйек, яғни Білім күніне дайындықты әлдеқашан бас­тап кеткен. Жер-жерден мектеп табалдырығына тарыдай болып кіруге дайындалып тұрған сәбилер мен бірер айда таудай болып, үлкен өмір жолына қанат қағуға даяр тұрған болашақ түлектердің жүрек лүпілі сезілетіндей. Білім күніне басқа өңірлермен қатар еліміздегі ең ірі аймақтардың бірі – Алматы қаласы да үлкен дайындық жүргізіп жатыр. Осыған орай қала мектептері жаңа оқу жылына қандай жетістіктермен, қандай дайындықпен қадам басатыны турасында Алматы қалалық Білім басқармасының бастығы Рахат Сейдахметқызы Шимашевамен сұхбаттасқан едік. – Рахат Сейдахметқызы, алғашқы сауалымызды жаңа оқу жылына қала мектептерінің дайындығы қалай дегенмен бастасақ... – Жаңа оқу жылына дайындық бір күннің, бір айдың шаруасы емес. Біз бірін­ші қыркүйекте сабақ бастала салысымен келер жылға дайындықты да сол күннен бастаймыз. Мектептерді өрт сөндіру комитеті, санитардық бақылау мамандары ай сайын келіп қадағалап отырады. Себебі бірінің жылу жүйесінде, бірінің су құбырларынан ақау шығып қалуы мүмкін. Міне, осындай жайттарды болдырмау үшін алдын ала тексерулер болып тұрады. Ал оқу жылы аяғында аудандағы мектеп директорлары мен оқу ісі меңгерушілері арасында арнайы топ құрылып, арнайы мамандармен бірлесіп, ғимараттардың қауіпсіздігін, келер оқу жылына дейін қандай жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігін тексереді. Одан кейін аудандық білім бөлімінде жиын өтіп, қай мектепте қандай ақау бар екені, қандай қажеттілік туындап тұрғаны жөнінде айтылады. Бүгінгі күнде Медеу ауданы мен Түрк­сіб ауданының мектептері жаңа оқу жылына толықтай 100 пайызға дайын тұр. Ал қалған аудандардағы аз-кем кемшіліктер осы айдың орта тұсына дейін толықтай аяқталуы тиіс. Сонымен қатар шілде айына дейін қаладағы 155 мектепте ішкі жөндеу, әрлеу жұмыстары да толықтай аяқталды. Оған жергілікті бюджеттен 418,2 миллион теңге бөлінді. Ал күрделі жөндеуді қажет ететін 8 оқу орнының ғимаратына 929,4 миллион теңге көлемінде, одан басқа қосымша жөндеу жұмыстарына 503,5 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ал бүлдіршіндеріміздің сыңғыры мен былдырына толы болатын бөбекжайлардың жөндеу жұмыстарына 2 млрд. 397 мил­лион теңге бөлініп, 19 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осылайша осы оқу жылында барлығы 4 млрд. 260 миллион теңге білім саласына ғана бөлініп отыр. Мұндай қомақты қаржының бөлінуі республикада жоқ көрсеткіш. – Жаңа оқу жылы дегенде оқулық мәселесіндегі түйіні шешілмеген жайттар да ойға оралады емес пе? Бұл мәселе өз шешімін қалай табуда? – Иә, оқулық мәселесі де алдыңғы орында тұруы қажет. Биыл біз 16 баспамен 1 млрд. 838 мың 628 дана көлемінде 1054 аталым бойынша келісім шарт жасалды. Оған бюджеттен өткен жылы 769 млн. 886мың теңге бөлінсе, биыл 999 млн. 616 мың теңге бөлінді. Біз бұрнағы жылдары көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен, жалғыз бас­ты аналардың отбасындағы балаларды оқулықпен қамтамасыз ететінбіз. Биыл­дан бастап қала мектептеріндегі 4, 6, 11-сынып оқушылары қажетті оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілетін болады. – Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдың жүзі болса да Алматы қаласындағы мектептердің басым көпшілігі – орыстілді мектептер. Ана тілінде білім беретін білім ошақтары болмаса, ұрпағымыздың жуық арада қазақша сөйлеуі екіталай. Сондықтан қаладағы қазақ мектептерінің саны қашан артады? Бұл мәселе төңірегінде қала билігі қандай жұмыстар атқарып жатыр? – Өте орынды сауал. Бұл мәселені қала әкімі Ахметжан Смағұлұлының өзі де бақылауында ұстап отыр. Бұл бойынша өткен жылдар бойынша есеп дайындап, алдағы уақытқа жоспар да жасап қойғанмын. Мәселен 2008-2009 оқу жылдарында 43 қазақ мектебі, 80 орыс мектебі болған. Ал 2009-2010 оқу жылында қазақ мектептерінің саны артып, 48-ге жетті. Орыс мектептері керісінше 79-ға қысқарса, 2010-2011 оқу жылында 50 қазақ мектебі, 76 орыс мектебі болып, оқу жылын аяқтадық. Енді алдағы жаңа оқу жылын біз 62 орыс тілінде білім беретін мектеппен ашқалы отырмыз. Яғни, 2-3 айдың ішінде орыс мектептерінің саны бірден 14-ке азайды. Әр ауданның білім бөлімі басшыларымен бірлесе отырып, орыс мектептеріндегі жетіспейтін бала санын, қазақ мектебін қажет ететін бала санын есептей отырып, осындай көрсеткішке қол жеткіздік. Ал келер жылы орыс мектептерінің саны 56-ға дейін қысқаруы мүмкін. Мүмкін бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы ықтимал. Сонымен қатар қазақ мектептерінің саны жаңа құрылыс нысандарымен де толығып отыр. Мәселен, биыл 7 білім Ордасының құрылысы басталмақ. Соның 6-уы қазақ мектебі болып ашылады деп отырмыз. Міне, осылайша қазақ мектептерінің саны жылдан-жылға артып, жоспарлы түрде өз жүйесін тауып келеді. – Ал Елбасы бас болған «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Қомақты қаржының дәл білім саласына бөлініп жатқанының өзін Елбасы­ның, билік басындағылардың болашақ ұрпақ тағдырына алаңдаушылығының, жанашырлығының нәтижесі деп түсінуге болатын сияқты. Осы бағдарлама аясында қаламызға 4 жаңа мектеп қосылды. Олар: «Ұлжан» ықшамауданында 1200 орындық, «Қалқаман» ықшамауданында 1200 балаға арналған, сонымен қатар «Әйгерім» ықшамауданы мен Түрксіб ауданында да дәл осындай жобалық сыйымдылығы 1200 балаға сай білім Ордалары бой көтеріп, шәкірт тәрбиелеп жатыр. Бұл бағдарлама тек ұрпақ болашағын ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, мұғалімдердің де әлеуметтік жағдайының көтерілуіне үлкен септігін тигізді. Себебі бұл бағдарламаның ерекшелігі сол, аталмыш мектепте жұмыс жасап жатқан, үйді қажет ететін, заңды кезекте тұрған ұстаздардың барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп жатыр. – Алматы қаласында әлі де 15 мыңдай бүлдіршін балабақша кезегінде тұрғаны мәлім. Осыған орай сіздер қаладағы бала­бақша жетіспеушілігін қалай шешіп жатырсыздар? Осы орайда қазақ балабақ­шаларының санын көбейту мәселесі қалай жүзеге асуда? – Иә, 2009 жылдың аяғындағы есеп бойынша балабақшаны қажет ететін 24484 бала кезекте тұрған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың, яғни 2010 жылдың қыркүйек айындағы есепте біршама кеміген. Яғни қазір 3 жас пен 6 жас аралығындағы нақты балабақшаны қажет ететін 15500 бала кезекте тұр. Бұл санды біз жыл сайын барынша азайтуға тырысып келеміз. Қалай? Жалпы, бүгінгі күнде қаламызда 215 балабақша бар, оның 146-сы мемлекеттік болса, 69-ы жекеменшік балабақша. Әрине, балабақша санының әлі де аздық ететіні рас. Бірақ ол жетіспеушіліктің бәрін шешетін – қаражат. Сондықтан қала әкімі бұл мәселені де назардан тыс қалдырмай, қаражаттың бөлінгенін бақылап отыр. Сол себепті қаламызда бүлдіршіндерімізге арналған балалар бақшасының да саны жылдан-жылға артып келеді. Кезіндегі жекешелендірудің салқыны осы сәбилеріміздің салтанатты сарайы – балабақшаларға да қатты тигені баршаға аян. Талай бөбекжай жекешеленіп, біршамасы ұзақ жылдарға жалға беріліп кетті. Біз 2008 жылы сол жалға берілген балабақшалардың ішінен 25 балаға арналған бір ғана топты босата алдық. Ал 2009 жылы 970 орынға арналған 6 мемлекеттік балабақша бала қабылдады. Бұған жергілікті бюджеттен 2 млрд. 104 млн. теңге бөлінді. Онан өзге 7 мемлекеттік балабақша есігін айқара ашты. Бұл жылы жалға берілген бақшалар ішінен 11 топты босата алдық. Ал 2010 жылы да жылдар бойы кезек күтіп отырған бірқатар сәбилеріміздің балалар бақшасымен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік туды. Себебі 960 орынға арналған 3 үлкен балабақша мен 1314 орынға 25 жекеменшік балабақша бой көтерді. Және 1 балабақшаны жалға алушыдан толықтай қайтарып, 8 топты босаттық. Биыл да бұл қарқынымыздан таймай, бірінші жартыжылдықтың өзінде 120 бүлдіршінге арналған 1 балабақша мен 21 жекеменшік балабақшаның тұсауын кестік. Ал екінші жартыжылдықта 3 мемлекеттік, 5 жекеменшік балабақша ашуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі күні кеше «Көкжиек» ықшамауданында ашылып, өз жұмысын бастады. Сонымен қатар тозығы жетіп, апат алдында тұрған 6 балабақша да күрделі жөндеуден өтіп, осы жылы өз жұмысын бастамақшы. – 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі қала мектептерінде қалай жүзеге асырылуда? – Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы негізінде оқытудың 12 жылдық моделіне дәйекті көшу 2015 жылдан бастап жүйелі түрде жүзеге асырылады. Алматы қаласы ірі аймақ болғандықтан біздің де арнайы бағадарламамыз дайындалып, дайындық жұмыстары басталып та кетті. Сондықтан бұл жүйеге көшу біз үшін аса қиындық тудыра қоймайды деп ойлаймын. Ал бүгінде қаламыздың 7 мектебінде тәжірибе жүзінде балалар оқытылып жатыр. – Еліміздегі үлкен сынның бірі – ҰБТ көрсеткіші бойынша Алматы қаласы қандай нәтижеге қол жеткізді? – Алматы қаласындағы оқушы­лардың білімі бірде-бір аймақтан кем болған емес. Басқа аймақтарда ҰБТ өту барысында бірқатар келеңсіздіктер болып жатқанын естіп те жатырмыз. Ал біз барынша ондай келеңсіздіктерге жол бермеуге тырысып, оқушыларды қатаң қадағалап отырамыз. Оқушы өзінің бар дайындығымен кіріп, тиісті балын алып шығады. Биыл да ҰБТ барысында оқушыларға тәртіп қатал болып, олардың әр жұмысы қатаң қадағаланды. Соның нәтижесінде биылғы көрсеткішіміз 88,2 балға тең болды. Ал былтырғы бағындырған межеміз 86,8 болған еді. Осылайша біздің түлектер өз білімдерінің жылдан-жылға артып отырғанын дәлелдеп келеді. Алматы қаласы оқушылардың ғылыми жобасынан да, пәндік олимпиадалардан да алдыңғы орындардан көрініп келеді. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

5763 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8969

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7173

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4914

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4299

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4264

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4223

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3954

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3953

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы