• Тарих
  • 18 Тамыз, 2011

Жаңа оқу жылына – жаңаша қадам

Әне, міне дегенше үш ай жаздың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Енді аз күнде мұғалімдердің дәстүрлі Тамыз мәслихаты өтеді. Оның ар жағында жаңа оқу жылы да босағадан сығалап тұр. Қазірдің өзінде республикадағы барлық білім ошақтарында жаңа оқу жылына дайындық қызу жүріп жатқаны айтпаса да түсінікті. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігінің мамандарынан жаңа оқу жылының жаңалықтарымен бөлісуді сұраған едік. Алынған мәліметтерге сүйенсек, рес­публика бойынша жаңа оқу жылына құшағын айқара ашқалы тұрған 7741 білім ошақтарының дайындық барысы қазіргі уақытта 95 пайызға орындалған. 2011 жылы республикалық бюджет есебінен 50 млрд. теңгеге 142 білім нысанын салу жоспарланған болатын. Сондай-ақ 42 мың орындық 70 мектептің, 17 700 орындық 70 балабақшаның және 1200 орындық 2 кәсіптік лицейдің құрылысы да жоспарланған еді. Республикалық бюджеттік комиссияның өткен отырысын ескере отырып, ағымдағы жылы 91 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұйырса, 1 қыркүйекке олардың ішінен 23 білім беру ұясы пайдалануға берілмек. Атап айтсақ, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында 3 мектеп, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, ҚызылОрда, Алматы облысы мен Астана, Алматы қалаларында 20 балабақша бүлдіршіндердің игілігіне ұсынылады. Жалпы, биыл республикада жаңадан 9 мектеп оқушыларға есігін ашпақ. Өткен оқу жылында республикада 2 486 449 бала білім алған болса, 2011-2012 оқу жылында еліміз бойынша 2,5 миллионннан астам оқушы білім Ордаларынан дәріс алады. Олардың ішінде 260 мыңнан астам бүлдіршін бірінші сыныптың табалдырығын аттайды. Қолдағы бар мәліметке сүйенсек, биыл республика бойынша жалпы шығыны 15,6 млрд. теңгені құрайтын 678 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қарастырылған. Қазіргі таңда еліміз бойынша оның 82 пайыз жұмысы орындалыпты. Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында бұл жұмыс 100 пайызға орындалған. Ал ең төменгі көрсеткіш Алматы облысында 64 пайыз және Алматы қаласында – 72 пайызға жүзеге асқан. Сонымен қатар ағымдағы жөндеу жұмыстарына 5,6 млрд. теңге қарастырылып, соның нәтижесінде 6525 мектептің жұмысы 94,1 пайызға аяқталған. Білім Ордаларында оқулық жетіспеуші­лі­гі мен сапасының сын көтермейтіні – айты­­лып та, жазылып та жүрген мәселе. Осы орай­­да қайта басып шығару кестесіне және жергілік­ті бюджет бөлген қаражатқа сәйкес 4-6 жә­не 11-сыныптарды оқулықтармен қамтама­сыз ету республика бойынша 96,4 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта ол оқулықтардың 59,3 пайызы мектептерге жеткізілді. Аталған оқулықтармен 7 облыс пен екі қала 100 пайызға қамтылған. Олар: Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары және Астана, Алматы қалалары. Айта кетейік, биылғы оқу жылында министрлік тарапынан оқу бағдарламасын жаңарту жоспарланбапты. Сондай-ақ жаңа пәндер енгізілмейді. Осыдан біраз бұрын еліміздің Бас прокуратурасы балаларға арналған құрал-жабдықтарда қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын анықтаған еді. Жыл сайын ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан оқу жүйесіне пайдалануға рұқсат берілген оқулықтардың тізбесін жасауға бұйрық беріледі. Осы тізбені дайындау барысында оқулықтардың салмағына деген талап міндетті түрде ескеріледі екен. «Оқулықтарға салмағын азайту мақсатында өзгеріс енгізесіздер ме?» деген сауалымызға министрліктің өкілдері: «оқулықтардың салмағын азайту оқу-әдістемелік комплексінің электрондық нұсқасын әзірлеуге және бет қаттағанда оңай тиетін шығар. Дегенмен оқулықтардың салмағын төмендету мақсатында арнайы өзгеріс енгізу жоспарымызда жоқ» деп жауап берді. Ал мектепте хиджаб кию мәселесіне келсек, білім мекемелерінде хиджаб кию мәселесі қолданыстағы заңда айқын көрсетілген. ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес елімізде білім жүйесі зайырлы сипат алады. Сондықтан мектептерде хиджаб киюге рұқсат бермеу туралы арнайы нормативтік заңды құжат қабылдаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептерде 2009-2010 оқу жылдарында 9-сынып оқушыларының сабақ жүйесіне енгізілген «Дінтану негіздері» курсы биылғы оқу жылында да жүргізіледі. Оқу жүйесінде бұл курсты жүргізу барысында Ғарифолла Есімнің үстіміздегі жылы жарыққа шыққан «Дінтану негіздері» оқулығы пайдаланылмақ. Білім жүйесінде педагог кадрларының білім-біліктілігі мен сапасына көңіл бөлу бүгінгі таңда өте маңызды. Биыл еліміз мектептерінде 279,4 мыңға жуық педагог жұмысын бастамақ. Десек те, кадр тапшылығы елімізде әлі де болса алдыңғы қатарда. Жаңа оқу жылында педагог кадрларға қажеттілік 2714 адамды құрайды. Әсіресе, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында математика және орыс тілі мен әдебиеті, физика пәндерінің мұғалімдері тапшы. Биыл педагог мамандығы бойынша ауыл квотасымен оқуға түскен студенттердің алғашқы түлектері жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіріп шықты. Олар заңға сәйкес ауыл мектептеріне оралуы тиістігі ескеріліп, алғаш рет министрлік тарапынан түлектер орталықты түрде жергілікті жерлерге бөлінді. Қазіргі уақытқа квота бойынша бітірген 2068 түлектің 1707-сі жергілікті жерлерге бөлініп, жергілікті органдарға 1047 жас маман жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар биылғы оқу жылында мұғалімдердің біліктілігін арттыру жаңаша болмақ. Сонымен бірге министрліктің бастамасымен тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында елімізде «Мектепке жол» акциясы басталған-ды. Қазірдің өзінде 122 млн. теңгеге 50 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілген. Өткен оқу жылының соңына дейін тұрмысы төмен отбасылардың балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету 87 пайызды құраған екен. Биылғы оқу жылында да бұл балаларға қамқорлық жоғары деңгейде ұйымдастырылу көзделіп отыр. Мұқтаж оқушылардың 76 пайызы мектебі жоқ елдімекендерден мектепке жайлы қауіпсіз жеткізумен қамтамасыз етілген. Алайда ҚызылОрда, Оңтүстік Қазақ­стан, Алматы және Қостанай облыстарында бұл өзекті мәселеге айналып отыр. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) беру ұйымдары да дайын. ТжКБ-ның 894 ұйымында 185 мамандық пен 495 біліктілік бойынша 600 мың­нан астам жас түлек білім алатын болады. Енді аз күнде мұғалімдердің республикалық Тамыз кеңесі өтетінін бәріміз білеміз. Биыл бұл жиын өңірлерде министрліктің бастамасымен жаңа форматта өткізіледі. Оған азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысады. Осы жылдың 25 тамызында өтетін Тамыз кеңесінің шеңберінде «Отбасы. Мектеп. Қоғам – игілікті болашақ үшін бірге» атты республикалық педагогикалық форум өткізілмекші. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мамандары форумдағы ашық диалог теріс фактілерді болдырмау үшін мектеп пен қоғам байланысының моделін қалыптастыруға түрткі болады деген сенімде. Тамыз мәслихатының алдындағы қарбалас, білім күніне дайындық қызу жүріп жатқанын білсек те, еліміздің бас қаласы Астана қаласының Білім күніне дайындық барысының қандай дәрежеде екенін білуді жөн санадық. Астана қаласы білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесі «Отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» деген тақырыпта өтпекші. Мектеп пен отбасы арасындағы қарым-қатынасты нығайту, үздіксіз бірлесіп жұмыс істеу биылғы оқу жылының ерекшелігі болып отыр. Осы істің бастамасы ретінде Астана қаласының Білім басқармасы биылғы Тамыз кеңесіне ата-аналарды қатыстыруды жоспарлапты. Биылғы оқу жылында қала мектептерінде 4693 педагогикалық қызметкерлер жұмыс істейді, оның 4217-сі жоғары білімді. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылына мектептерге жаңадан қабылданған 191 мұғалімнің 71-і жас мамандар. Білім басқармасы тарапынан жас мамандарды қабылдауда Еуразия ұлттық университеті мен Гуманитарлық колледж түлектеріне көп көңіл бөлінеді. Жаңа оқу жылында жалпы қала мектептеріне 75 000 оқушы 1 қыркүйек күні өз парталарына отырмақ. Солардың ішінде 8500 жас бүлдіршін 1-сыныптың табалдырығын аттайды. Дегенмен, қаладағы білім ошақтарында орын тапшылығы сезіледі. ЕлОрдадағы 41 мектепте оқушылар саны жобалық орнынан 100-ден астам оқушыға артық. Осы олқылықты болдырмау мақсатында қыркүйек айында Білім басқармасы 2 жаңа мектептің тұсауын кеспекші. Оның бірі елОрданың сол жақ жағалауында орналасқан № 66 мектеп-лицейі, екіншісі № 67 лингвистикалық мектеп-гимназиясы. Биылғы оқу жылына 237 млн. теңгеге оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер алыныпты. Жаңа оқу жылының оқушылар үшін жақсы жаңалығы 4-6-11-сыныптар биыл жаңа басылыммен шыққан оқулықтарды пайдаланады. Қазір қалада жаңадан 22 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Атап айтар болсақ, олар барлығы 4400 орындық 4 мектеп, 800 орынға шақталған 1 кәсіптік лицей, барлығы 3260 – орын болатын 13 балабақша және 4 балабақшаға қосымша ғимарат. Осы тамыз айының соңына дейін 6 балабақшаның (1460 орынға) құрылысы аяқталады деп күтілуде. Ал жыл соңына дейін тағы 13 нысанның құрылысы аяқталмақ. Міне, республикадағы білім меке­мелерінің жаңа оқу жылына дайындық барысы осылай. Жақсы жаңалықтар да жетерлік. Тек балаларымыз осы жақсылықтардың үдесіне сай болса игі. Бейбітгүл Исаева

4607 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8964

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7170

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4911

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4296

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4261

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4220

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3951

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3950

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы