• Ақпарат
  • 18 Тамыз, 2011

Білікті ұстаз – әлеуетті әлеумет шырақшысы

Биылғы жыл егемен еліміз тарихында ерекше орын алатын жыл. Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толады. Әлемдік тарих жылнамасы үшін азғантай мерзім ішінде Қазақстан экономикалық әлеуеті жыл сайын қарыштап келе жатқан, демократиялық саяси жүйесі құрылған, азаматтық қоғамы үздіксіз даму үстіндегі әлемдегі іргелі мемлекеттердің бірі ретінде қалыптасып үлгерді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап стратегиялық бағытты дұрыс айқындап, егемендігімізді баянды ету жолында жедел де жүйелі жұмыстар жүргізуінің нәтижесінде әлемдік қауымдастық танып мойындаған көшбасшы елдердің қатарынан да көріне бастадық. Тәуелсіздік жылдарында қоғам өмірінің әр саласында Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының негізінде пәрменді де жүйелі жүргізілген реформалардың нәтижесі бүгінгі күні өз жемісін көрсетіп келеді. Осындай оң нәтижелер әлеуметтік салада, оның ішінде білім мен тәрбие беру саласында да айқын аңғарылады. Жиырма жыл ішінде елімізде 750 жаңа мектеп, 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары салынды. 5302 мектепке дейінгі мекемелер, 1117 балабақша мен 4185 орталық ашылды. Кейінгі 10 жылдың өзінде орташа айлық жалақы бес жарым есе, зейнетақының орташа көлемі 4 есе өсті. Осындай шаралардың нәтижесінде өткен жылғы жүргізілген әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақ­стан ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен 26 саты­ға ілгерілеп, 110 ел арасында 50-орынға табан тіреді. Қазақстан халықаралық қауым­дас­тық арасында экономикасы жылдан-жыл­ға нығаю үстіндегі әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде танылды. Білім беру саласында түбегейлі өзгерістер дүниеге келді. Сыңаржақты таптық құнды­лықтарға, сіреспе, қасаң идеологиялық тұжырымдарға бағын­дырылған халыққа білім беру жүйесінің орнына жеке тұлғаға бағдарланған, ізгілікті, шынайы демократиялық нышандағы бү­кіладамзаттық құндылықтарды алға шығаратын білім беру жүйесін қалыптастыруда ірі-ірі қадамдар жасалды. Заман талабына сәйкес заңнамалық актілер қабылданды, құрылымдық өзгерістер өмірге келді, оқыту, тәрбие беру ісінде инновациялық идеялар мен технологиялар орнығу үстінде. Ұлттық білім беру жүйесін Болон үдерісі шеңберінде әлемдік білім беру жүйесіне кіріктіру бағытында ауқымды іс-шара­лар жүзеге асырылды. Әуел бастан Елбасы Н.Ә.Назарбаев «бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажеттігін» қадап айтқан болатын. Осыған сәйкес Тәуелсіздік жылдарында елімізде білім беру реформасы үздіксіз өз жалғастығын тауып келеді. Онда отандық білім беру жүйесін әлемдік тәжірибенің озық үлгілеріне сәйкестендіру арқылы оның жыл сайын өршіп келе жатқан бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса назар аударылуда. Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуын қамтамасыз етуде жаңа формация адамдарын қалыптастыратын ұстаздар қауымының орны ерекше екендігі баршаға аян ақиқат. Сондықтан жаңа формация педагогтарын даярлау бүгінгі күннің негізгі мәселелерінің біріне айналып отыр. Елбасының Қазақстан халқына 2004 жылғы Жолдауында «келешекте мұғалім мамандығы ең беделді әрі жоғары ақы төленетін мамандықтардың бірі болуы керек, ал мұғалімнің өзі де уақыт талабына сәйкес болуы міндетті» деуі де содан. Бүгінде жеті жыл бұрын қойылған осы міндеттің жүзеге асырылуына тиісті экономикалық, әлеуметтік-саяси жағ­дайлар қалыптасты деуге әбден болады. Соңғы 10 жылда білім беруді қаржыландыру 7,5 есе артты. Ғылымды қаржыландыру көлемі де өсті. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы, «Білім туралы», «Ғылым туралы» заңдар, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2004 жылы болашақ ұстаздар даярлау ісін жетілдіріп, мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында еліміздің аймақтарында бес педагогикалық жоғары оқу орны ашылды. Биыл олардың қатарына Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты қосылды. Былтыр ашылған жаңа халықаралық университет – «Назарбаев университеті» әлемдік деңгейдегі ғылыми орталыққа, «болашақ инновациясын» әзірлеудің тәжірибе көзіне айналуы тиіс. Жас ұрпаққа сапалы, тиянақты білім беретін мектеп үлгісі іспеттес 20 «Назарбаев зияткерлік мектептері» желісі құрылуда. «Балапан» бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуда. Мемлекет тарапынан мұғалім мәртебесін арттыруда кешенді шаралар алынуда. Биылғы шілдеден бас­тап бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы, шәкіртақы көлемі тағы 30 пайызға өсірілді, 2012 жылға қарай олардың орташа көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 2 есеге артпақ. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлері жоғарғы біліктілік санаты үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайызға дейін қосымша төлемақы алады. Осы мақсат үшін республикалық бюджеттен қосымша 5,3 млрд. теңге бөлінген. Білім беру саласында атқарылған істер нәтижесіз емес. Биылғы мамырда Парламентте өткен үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Б.Т.Жұмағұлов мәлім еткендей, соңғы үш жылда Қазақстан 129 елдің ішінде көшбасшылардың төрттігіне енді. Бұл көрсеткіш бойынша Беларусь 26-орында, Грузия – 30, Тәжікстан – 31, Қырғызстан – 42, Армения – 43, Өзбекстан – 48, Украина – 53 және Молдова 59-шы орында. Рей­тингтегі орындар негізгі сегіз индекс бойынша анықталса, оның бірі – білім беру сапасы. Білім беру индексі бойынша Қазақстан 110 елдің ішінде 46-шы орында тұр. Әрине, бұл жетістіктер өзінен-өзі келген жоқ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әлденеше рет атап көрсеткеніндей, егемендік жылдарында «Қазақстан бірнеше ауыр дағдарысты бастан өткерді. Солардың ең біріншісі және ауыры біз үшін Кеңес Одағының ыдырауы болды. Сол тұста Қазақстан құлаған импе­рияның бір бөлшегі ретінде тым ауыр экономикалық жағдайлармен бетпе-бет қалды. Сол тұста біз бұрын болмаған өз дербес мемлекеттігімізді қалыптастыру, ішкі және сыртқы саясаттың жаңа жүйесін құру, экономиканы жұмыс істеуге мәжбүр ету, оны жекешелендіру, яғни либералды мемлекетті, либералды экономиканы қалыптастыру үшін өте күрделі бес-алты жылды жұмсадық». Бұл қиындықтар білім саласына кері әсерін тигізбей қалған жоқ. Мұғалім мәртебесі төмендеуі, оның әлеуметтік тұрғыдан қорғалмауы, жалақының аздығы бірқатар білікті мұғалімдердің, біраз талантты жас оқытушылардың бизнеске, басқа да жұ­мыстарға кетуіне себеп болды. Одан соң, Президентіміз айтқандай, «Оңтүс­тік-Шығыс Азия дағдарысына тап болдық. Сондықтан біз өз дамуымызды 1999 жылдан бастадық. Соңғы 10-13 жылдың аясында ғана қалыпты даму жағдайына түстік... Енді біз әлемге белгілі болған кезімізде, өз тәуелсіздігімізді бекіткен тұсымызда алдымызға жаңа өте өршіл міндеттерді қойып отырмыз». Елбасымыз әрдайым атап көрсете­тіндей, ел болашағының кілті – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жас ұрпақтың тағдыры болса, олардың бойына білім мен ізгілік нұрын себуші – ұстаздардың қолында. Бүгінгі Қазақстан қоғамының тұтастай алғандағы әлеуметтік әлеуеті осындай ұстаз даярлау ісіне бүкілхалықтық нышан беруге мүмкіндік беріп отыр. Осыған сәйкес білікті мұғалім кадрларын даярлайтын білім Ордаларының алдында өз жұмысын уақыт талабына сәйкес қайта құру міндеті тұр. Бұл өзгерістердің негізгі бағыттары мен мән-мазмұны Президентіміз Н.Ә.Назарбаев бекіткен «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» айқындалған. Бағдарлама білім саласында осы күнге дейін орын алып келген олқылықтардың орнын толтыруға, еліміздегі білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ел экономикасының тұрақты өсуі үшін сапалы білім беруді қамтама­сыз ету арқылы адам капиталын дамыту­ға қол жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ бағдарлама барлық деңгейдегі білім беру жүйелерін қаржыландыруды жақсарту, педагог мәртебесін көтеру, білім беру менеджментінің сапасын жақсарту, электронды оқулықтарды жүйелі түрде енгізу, мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие, орта білім, техникалық және кәсіптік білім, жоғары және жоғары мектептен кейінгі білім беру, тәрбие жұмысы және жастар саясаты тәрізді мәселелерді түбегейлі шешу міндеттерін қамтиды. Бағдарлама міндеттері Білім және ғылым министрлігі қабылдаған нұсқаулық құжаттарда, министріміз Б.Т.Жұмағұловтың білім саласы қызметкерлерімен өткізген жиындарында нақтыланды, оларды шешудің тиімді жолдары көрсетілді. Сондай-ақ Ұлт Көшбасшысы «Нұр Отан» ХДП XIII съезінде елімізді дамытудың алдағы онжылдықтарға арналған жаңғырту жобаларын сөз еткенде білім беру жүйесін жаңғырту ісін елдің индустриялық-инновациялық даму міндеттерімен байланысын қамтамасыз етуге бағындыруды, кадрларды кәсіби даярлаудың сапасын еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес арттыруды міндеттеді. Демек, біз даярлайтын маман елдің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға бейімделген шәкірт тәрбиелеуге пәрмені бар мұғалім болып шығуы тиіс. Сайып келгенде, біздің ұжымымыздың алдағы уақытта атқарар істері де осы міндеттерден туындайды. Білім беру сапасын жақсартуға бағытталған министрлігіміз белгілеп берген шаралар жүйесіне сәйкес, алдымен өз абитуриентімізді табу мәселесін оңтайлы шешу жолдарын жетілдіру үстіндеміз. Таяу болашақта ұстаздық жолын таңдаған абитуриенттің психологиялық әзірлігін, педагогикалық білімге деген дағдысы мен ыңғайын айқындайтын түсу емтихандарын енгізу жоспарланып отырғаны белгілі. Осы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу мақсатында инсти­тут факультеттері мен кафедралары облыс мектептеріне бекітіліп, жоспарлы жұмыстарын өрістетуде. Білім беру мекемелерінің таяудағы және келешектегі мамандарға деген сұранысы экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, гендерлік тұрғыдан сарапталып, сұрыпталмақ. Бұл жұмыстар студенттер контингентінің сандық та, сапалық та көрсеткіштерін жақсартуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Сондай-ақ, педагогикалық мамандықтарға бөлінетін гранттар санының көбеюі, мұғалімдер жалақысының тұрақты түрде көтерілуі, жас мамандарға жергілікті билік органдары тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау мұғалім мамандығының беделін көтеруге игі әсерін тигізбей қоймасы анық. Ал бұл мұғалім мамандығын жалпы орта мектепті жақсы бітірген жастардың, әсіресе, ұл балалардың көптеп таңдауына ықпал етеді деп сенеміз. Мұғалім мамандығын насихаттауда түлектерімізбен үздіксіз байланыс­ты қамтамасыз етуді, олардың мұғалім мамандығына бейімделуін тұрақты түрде қадағалауды, педагогикалық шеберлігінің шыңдалуына теориялық, әдістемелік қолдау көрсету жүйесін жетілдіруді естен шығармақ емеспіз. Осы мақсатта педагогикалық олимпиадаларды, түлектер слетін аймақтарда, аудан мектептерінде өткізу үрдісін енгізу, дамыту жоспарымызда бар. Екіншіден, «институт – инновация­лық мектеп» кешенін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қолға алынуда. Бұл жұмыс жаңадан басталып жатқан жоқ. Институт ашылған 2004 жылы-ақ «Институт-мектеп» деп аталатын құрылым дүниеге келген. Қазір ол ғылы­ми-педагогикалық зерттеу орталығына айналды. Орталық жұмысы, іс-тәжірибесі республиканың педагогикалық жұрт­­шылығының қолдауын тапты. Орта­лық республикалық, ай­мақтық ғылыми-практикалық конферен­циялардың ұйытқысы болды, орталық қызметкерлерінің күшімен бірнеше оқулықтар, оқу құралдары жарық көрді, облыс мектептерінің мұғалімдері орталықта әртүрлі білімін жетілдіру курс­тарынан өтіп, кәсіби шеберліктерін шыңдауда. Осының бәрі таяу арада оқу орнымызда «институт-инновациялық мектеп» кешенін жасақтауға алғышарт бола алады деп есептейміз. Ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңа жүйесіне көшуге байланысты педагогикалық мамандықтар бойынша магистранттар, докторанттар әзірлеу мәселесі де – өзекті мәселелердің бірі. Министрлік ұсынып отырғандай, бұл жұмыстарды өрістетуде «Болашақ» бағдарламасын тиімді пайдалану міндеті тұр. Өткен оқу жылында 6 оқытушымыз осы бағдарлама арқылы алыс және жа­қын шетелдерде ғылыми тағылымдама­дан өтіп келді. Жоспарымызда осы үрдісті жалғастырып, магистранттар мен докторанттарды мақсатты түрде бөлінген білім гранттары арқылы әзірлеу ниеті бар. Тағы бір көкейкесті мәселе –инсти­тутымыздағы аймақтық педагог кадрлардың біліктілігін жетілдіру инсти­тутының жұмысын облыстық мұ­ғалім біліктілігін көтеру институты мен білім беру жүйесіндегі басшы кадрлардың біліктілігін көтеру жөніндегі республикалық институт жұмысымен үйлестіру мәселесі. Бүгін бұл жүйені уақыт талабына сәйкес қайтадан құру, оған өзгеріске бейімділік сипатын дарыту қажеттілігі туындап отыр. Мәселен, болашақта «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» базасында педагогикалық шеберлік орталықтарын құру ұсынылып отыр. Сол сияқты, педагог кадрлар біліктілігін арттыру институттарын төменнен жоғары қарай тікелей бағыныста болып келетін акционерлік қоғамға біріктіру ісі жүзеге асырылмақшы. Біздің институт жанындағы аймақтық орталық бұл өз­герістерге бейімділік танытады деген се­нім­деміз. Орталық туралы облыс, ай­мақ мұғалімдерінің пікірі жоғары. Орта­лық бірнеше аймақтық, облыстық ғылы­ми-әдістемелік жиындардың бастамашы­сы. Жыл сайын мұнда жүздеген мұғалім­дер, білім беру мекемелерінің қызметкерлері кәсіби біліктілігін жетілдіреді, әртүрлі қоғамдық-мәдени шараларға қатысып, белсенділік танытады. Сайып келгенде, осы белгіленіп отырған шаралар алдағы уақытта педагог кадрлардың әзірлігін арттыруға елеулі әсер етері сөзсіз. Білім беру сапасын жақсартудың та­ғы бір жолы – оқу орнының халықара­лық ынтымақтастығын нығайту. Бүгінгі таңда институтымыз алыс және жақын шетелдердің 27 жоғары оқу орнымен халықаралық байланыс орнатқан. Бұл әлемдік деңгейдегі озық инновациялық оқыту технологияларын, тәжірибесін институттың білім беру жүйесіне енгізуге мол мүмкіндіктер ашпақ. Ендігі жерде студенттеріміз біртіндеп тұтас оқу мерзімі ішінде кемінде бір академиялық кезеңде шетелдік оқу орындарында білім алатын болады. Сөйтіп, студенттеріміз бен оқытушыларымыздың академиялық мобильділігін арттыруға жол ашылады. Бұл жұмыстар өткен оқу жылында басталып та кетті. Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қаржы және экономика университетімен жасалған келісімшартқа сәйкес біздің институттың 4 студентіне қытай тілін оқып-үйренуге арнайы грант тағайындалды, оқытушы­лар мен студенттер алмасу жүргізілуде. Институттың бір оқытушысы Қытайда, ал Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің бір оқытушысы бізде тәжірибе алмасады. Сондай-ақ екі жақ бір-бірімен 2 студенттен алмастырып оқытады. Биыл институт жанынан «Конфуций институты» ашылды. Алдағы оқу жылынан бастап институт толыққанды жұмысын бастамақшы. Жалпы, соңғы екі жылдың ішінде институттың 13 оқытушысы, 12 магис­транты және аспиранты шет елдерде ғылыми іссапарда болып, 13 оқытушы­мыз Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Жапония, Босния-Герцеговина, Ресей, Қырғызстанда әртүрлі біліктілік көтеру курстарынан өтіп келді. Мұндай байланыстар келешекте де нығая бермек. Институт ұжымы жаңа оқу жылына дайындығын мемлекетіміз деңгейінде қабылданған стратегиялық мәні зор құжаттарға сүйене отыра өрістетуде. Жинақталған тәжірибе, институт ұжымының ғылыми-педагогикалық әлеуеті институт миссиясын жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік береріне нық сенім ұялатады. Оның – дәлелі жуыр­да бұқаралық ақпарат құралдарын­да жарияланған республика жоғары оқу орындары рейтингісінің көрсеткіші. Біздің институтымыз педагогикалық жоғары оқу орындарының арасында 2-ші орынға шықты. Тәуелсіз сараптама қорытындысы бойынша шыққан биігіміз біздерді тоқмейілсімей, жаңа белестерді бағындыруға құлшындырары хақ. Алдағы атқарылар іс-шаралар жос­парында қарастырылған ұйымдық-құрылымдық өзгерістер, тәрбие мен білім беру ісінің әдіснамасы мен әдістемесін жетілдіруге, институттың материалдық базасын нығайтуға бағытталған қадамдар түптеп келгенде өскелең өмір талаптары үдесінен шыға алатын шынайы Ұстаз келбетін қалыптастыру міндетіне барып тіреледі. Бүгінгі заман талабына сай жаңа тұрпатты мұғалім дегеніміз – педагогикалық құралдардың бүкіл әлеуетін меңгерген, өзін-өзі жетілдіруге үнемі ұмтылып отыратын, рухани дамыған, өз отанын қалтқысыз сүйетін шығармашылық тұлға, білікті маман. Кісілік келбеті осылайша сомдалған маман ғана әлеуетті әлеуметтің шырақшысына айналып, кемелденген Қазақстан қоғамының пәрменді қозғаушы күші – қайраткер адам капиталын білім нәрімен сусындатып, оның тәрбиелі тұлғалығын қалыптастыруға бейімділігін көрсете де, таныта да, мойын­дата да алады. Біліктілік деңгейі осындай өл­шемдерге сәйкес маман даярлау – институт ұжымы алдында тұрған бүгінгі де, келешектегі де міндеттердің өзегі. Ғалымжан Нұрышев, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Білім академиясының академигі

4434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8976

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7177

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4918

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4303

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4268

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4227

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3958

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3957

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы