• Ақпарат
  • 04 Қаңтар, 2012

Үгіт-насихат жалғасуда

2012 жылдың 15 қаңтарында өтетін Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі сайлауына заңды тіркеуден өткен сегіз партия қатысатыны көпшілікке мәлім. Осы жылдың 16 желтоқсанынан бастап сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастаған сегіз партияның өкілдері қазіргі таңда жұмысқа қызу кіріскен. Партия белсенділері өңірлерде жергілікті халықпен кездесіп, өздерінің сайлауалды тұғырнамаларымен таныстыруда. Саяси додада бас бәйгені алу үшін партиялардың барын салып жатқаны анық. Осы орайда аймақтарды аралап, үгіт-насихат жүргізіп жатқан саяси ұйымдардың жұмыс барысын саралап көрелік.  *** Қазіргі таңда «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Еліміз бойынша «Нұр Отанның» 226 штабы жұмыс істеп тұр. 850 мыңнан астам мүшесі бар билік партиясы алдағы уақытта қыруар жұмыс атқаруды көздеп отыр. Мәселен, алдағы 5 жылда 400-ден астам мектеп, 3000-ға жуық балабақша бой көтеріп, халық игілігіне тапсырылады екен. Жуырда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын Солтүстік Қазақстан облысында өткізді. Өңірде «нұротандықтар» ауыл­шаруашылық кешендері жұмысшыларымен, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университе­тінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті, сондай-ақ Петропавл қаласының азық-түлік базарында болды. «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, «Нұр Отан» өз алдына жуық арадағы бес жылға қоятын міндеттер қатарына жоғары, техникалық және кәсіби білімді кеңейту, оның инфрақұрылымын жаңарту, оқытушылар құрамы біліктілігін барынша арттыру сияқты мәселелерді қойып отыр. Жиынға қатысқан солтүстікқазақстандықтар «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақ­саттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды бағдарламасында белгіленген басты бағыттар елімізді саяси-экономикалық дамытуға және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайтынына үлкен үмітпен қарайды. Қазіргі таңда партияның үгіт жұмыстары еліміздің әр өңірінде жүргізілуде. *** Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясының республика бойынша 200 мың­нан астам мүшесі бар. «Ауыл» партиясы атынан алдағы Мәжіліс сайлауына 18 үміткер тіркел­ген. Олардың арасында ауыл шаруашылығы саласының мамандары, академик-ғалымдар бар. Сегіз партия додаға түсетін саяси жарыста ауылдықтар қомақты дауыс алатындықтарына сеніммен қарайды. Қазір партияның сайлауалды жұмыстары облыстық филиалдар мен Астана және Алматы қалаларындағы бас кеңселерде қарқынды жүргізілуде. «Ауылдықтар» «мұғалімдер мен дәрігерлер кемі – 150 мың теңге жалақы, ал зейнеткерлер кем дегенде 75 мың теңге зейнетақы алуы тиіс» деп есептейді. Сондай-ақ партия, ауыл шаруашылығын дамытуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беріп отыр. Сайлауалды бағдарламасымен Атырау облысына ат басын бұрған «Ауыл» партиясының өкілдері бір­қатар кездесулер өткізді. «Ауыл» ҚСДП төрағасының орынбасары Көпмағамбет Елемесовтің айтуынша, «Ауыл» партиясы Парламент Мәжілісінде ауыл тұрғындары мен еңбеккерлерінің мүддесін және елді мекендердің гүлденуіне, қарапайым адамдардың қалыпты жағдайдағы өмір деңгейіне жетуіне, сондай-ақ қоғамның жан-жақты дамуы жолында атсалысуға күш салатын болады. *** «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына 60 үміткер түседі. Қазіргі таңда өңірлерде сайлауалды 16 аймақтық штаб жұмыс істеуде. Партия белсенділері Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында болып, ауылдық мекендерді аралап, тұрғындарды «ақжолдықтардың» сайлауалды тұғырнамаларымен таныстырды. Мәселен, «Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы Өскемен қаласындағы «Азия Авто» өндірістік кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесуде экономиканың нақты салаларын қолдауды басты мақсат етіп отырғандарын атап өтті. Партия төрағасы Азат Перуашевтің пікірінше, мұндай кәсіпорын елімізде көптеп салынуы тиіс. «Парламентке келген жағдайда «ақжолдықтар» осы мәселелерді мықтап қолға аламыз» деп отыр. Сондай-ақ партия төра­ғасының орынбасары Б.Нұрмұхамедов, Мәжіліс депутаттығына үміткерлер А.Евниев, А.Әбілдаев, Б.Момышев бастаған «Ақ жол» ҚДП үгіт-насихаттық тобы Тараз қаласында сайлауалды іс-шаралар өткізді. Тұрғындармен кездесуде партия өкілдері жалақыны көтеру, жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты жою туралы ашық әңгіме қозғады. «Ақ жол» партиясы Үкімет пен Парламенттің алдына шағын және орта бизнесті қолдау мәселесін қойып отыр. Партияның үгіт-насихат тобының айтуынша, аталған шаралар экономиканың барлық саласында жаңа кәсіпорындар ашуға, кәсіпкерлікті дамыту мен тұрғындарды осы саладағы жұмыстарға кеңінен тартуға мүмкіндік береді деп санайды. *** Ал «Руханият» партиясының өкілдері Алматыда «Қайнар» университетінің студенттерімен кездесіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Партияның еліміз бойынша 60 мың мүшесі бар. Қазіргі кезде еліміздің әр өңірінде 16 штаб үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Партияның 27 өкілі – Парламент Мәжілісі де­путаттығына үміткер. Партия тұғырнамасы 20 баптан тұрады. Партия белсендісінің бірі, ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер Жанұзақ Әкімнің айтуынша, партияның бағдарламасының негізгі бөлігі жастарға арналған. Мәселен, жастарды баспанамен қамту, білім беру жүйесін мемлекет есебінен қаржыландыру, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу ісінде әлемдегі озық тәжірибені ескеру, оқу орындарын тәмамдаған жастарды жұмысқа орналастыру секілді баптар студенттерге тікелей қатысты болғандықтан, жастардың дені аталған партияның бағдарламасын қолдап отыр. «Руханият» тұғырнамасында, сонымен қатар ауыл ша­руашылығына басымдық беру арқылы ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, дәстүрлі мал шаруашылығын дамыту, елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру көзделген. Партия өкілдерінің айтуынша, әлемнің 45 еліндегі 5 мил­лиондай қазақ диаспорасына мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіп, олардың атажұртқа оралуына жағдай жасалуы қажет. *** Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның да Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына үгіт-насихат жұмыстары қызу жүргізілуде. Осы жылдың 26 қарашасында Алматыда өткен партияның ІХ съезінде Парламент сайлауына 57 адамнан тұратын үміткерлер тізімін бекіткен еді. Қазіргі кезде партия белсенділері еліміздің түкпір-түкпірінде сайлауалды үгітті жүргізіп жатыр. Еліміздің батыс өңірінде партиялықтар тобын бастап жүрген белгілі саясаткер, ЖСДП төралқасының мүшесі Петр Своик қазіргі таңда Қазақстанға президенттік билікті парламенттік билікпен нығайта түсу маңызды деп санайды. Саясаткер бұл арада көппартиялы парламентті айтып отырғаны түсінікті. «Парламент Үкіметті жасақтауға тиіс, ал Үкімет Парламентке есеп беруге тиіс», – дейді Петр Своик. Партия мүшелерінің айтуынша, ауыл жастарын жұмысқа орналастыру мәселесін шешу арқылы азық-түлік тауарларының бағаларына ықпал етуге болады. Сонымен қоса, Алматы қаласындағы Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде ЖСДП өкілдері сайлау тізіміне сайлаушылардың барлығын енгізу жөнінде мәселе көтерді. Бұл үшін ЖСДП өкілдері жергілікті әкімдіктерге «қалада қазірше тіркеле қоймаған азаматтардың барлығын уақытша тіркеп, олардың азаматтық парызын атқаруына жағдай жасау қажет» деп санайды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері барлық облыс орталықтарында жұмыс істеп тұр. Оларға барған адамдар көптеген мәселелер бойынша кеңестер алуда. *** Сайлауалды насихат жұмыстарын жолға қойған Қазақстан Патриоттар партиясының өкілдері Алматы облысының Талғар ауданында болып, бірқатар кездесулер өткізді. Алдағы ҚР Парламент Мәжілісі сайлауына партия атынан 22 үміткер додаға түседі. Олардың барлығы өз серіктестері мен бірлестік мүшелерінің қолдауын тапқан. Партияның мүшелері шағын және орта бизнесті дамытып, қуатты экономикалық кеңістік жасауды қалайды. Жергілікті тұрғындармен кездесуде ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер Айжан Ысқақова былай деді: «Қазақстанның «Патриоттары партиясы» болашақ Парламентке өтсе, қоршаған ортаны қорғауға қатысты заң актілерінің мәселесін көтеретін болады. Талғар қаласы Алматы облысының аума­ғын­да болғандықтан, бұл аймақ туристік ор­та­лық­қа айналуы керек. Осыған сай таби­ғи әлеуеті жоғары, сол үшін Қазақстан­ның патриоттары еліміздің гүлденуі үшін тұрғындарды табиғи ресурстарды үнемді әрі орынды пайдалануға шақырады». Бұдан кейін насихат тобы Талғардағы балалар үйінде болып, олардың жағдайын өз көздерімен көріп, жұмысымен танысты. «Патриоттар партиясының» Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы Гүлдана Нұрпейісованың айтуынша, бала­лар мәселесіне мемлекет қолдау көрсететін­дей тетіктерді қарастыру керек. Егер партия алдағы сайлауда Мәжіліске өтетін болса, онда алдымен балалар мәселесін шешуге ден қоятындарын айтып отыр. *** Тәуелсіздік күні Астанада баспасөз мәс­лихатын өткізген «Әділет» демократиялық партиясының белсенділері сайлауалды тұғырнамаларын таныстырып, халыққа үндеу жолдағаны көпшілікке белгілі. «Әді­лет» демократиялық партиясының атынан саяси додаға 59 үміткер қатысады. Қазіргі уа­қытта «Әділет» демократиялық партиясы­ның төрағасы Мақсұт Нәрікбаев бастаған үгіт-насихат тобы Оңтүстік Қазақстан облы­сында кездесулер өткізуде. Қалың жұртшы­лыққа партияның «Әділеттің ақ жолы» атты бағдарламасын таныстырып өткен партия өкілдері Парламентке өткен жағдайда елдің құқықтық саласын реформадан өткізуді мақсат етіп отыр. Мақсұт Нәрікбаевтың пікірінше, оңтүстік өңірі көкөніс пен жеміс өсіру өндірісінің негізгі ошағы саналатынына қарамастан, мұндағы баға Астанадағы бағамен бір деңгейде қойылып отыр. Бұл елімізде ауыл шаруашылығының қарқынды дамымай отырғандығын көрсетеді екен. Ал партия төрағасының бірінші орынбасары, Парламент Мәжілісі депутаттығына «Әділет» партиясынан үміткер Т.Сыдық, партия аппаратының заңгері Е.Хасенов және өзге де партия өкілдері Алматы облысы Қаскелең ауданының «Шұғыла» шағынауданын­да, «Апорт» сауда ойын-сауық кешенінің жанында тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуде бірқатар әлеуметтік мәселелер сөз болып, оны алдағы уақытта шешудің жолдары талқыланды. *** Қазақстан Коммунистік халық партиясы алдағы саяси науқанда 18 пайыз дауыс жинау­ды көздеп отыр. Негізі елімізде 90 мыңнан аса коммунист бар. Осы ретте партия атынан депутаттыққа 21 үміткер ұсынылды. Коммунистер Мәжіліске өтсе, ең алдымен, ауылдың мәселесін кө­теруді жоспарлап отыр. Партия өкілдері тұғырнамаларында Қазақстанды дамыту­дың 10 басым бағытын ұсынып отыр. Комму­нистер «өнеркәсіп пен экономиканың басқа да негізгі салаларын мемлекетке қайтару қажет» деп санайды. Сол арқылы халықтың тұрмыс жағдайын көтеруді көздейді. Жуырда Жамбыл облысының Байзақ пен Жамбыл аудандарында сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізген партия мүшелері «шағын бизнес пен өзін-өзі қамтамасыз етушілерге жылдық өсімі алты пайызбен несие берілуі керек» деп есептейді. «Осылайша, кедейлікпен күресті күшейтіп, халықтың құқығын қорғаймыз», – дейді олар. Коммунистер сайлауалды бағдарламаларымен бірге үнпарақтар таратып, партияға дауыс беруге шақыруда. Партия белсенділері еліміздің өзге де өңірлерін аралап, өздерінің басым бағыттарын айтып, жұртшылықпен кездесулер өткізіп жатыр. Сұлтан Қадырбек

3485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8955

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7164

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4905

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4290

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4255

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4214

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3945

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3944

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы