• Қоғам
  • 20 Қаңтар, 2012

Ластанған ауаның лаңы

d0b4d18bd0bcБіз ауаны көзбен көріп, қолмен ұстай алмаймыз. Ауа жетіспесе бүкіл тіршілік өз жұмысын тоқтатады. Ал жұтатын ауамыздың қажетті мөлшерде жетіспеуі және лас болуы бүкіл тіршілік үшін қандай кесапат екенін әрқайсысымыз жақсы білеміз. Ауаға шығатын улы заттардың концентрациясы (ауыр металдар, шаң-тозаң, күкірт тотығы, көмірқышқыл газы) белгіленген мөлшерден артып кету жағдайлары бүгінгі таңда бүкіләлемдік мәселе болып көтеріліп отыр. Атап айтар болсақ, Тараз, Теміртау, Алматы, Шымкент, Балқаш, Риддер, Өскемен және басқа да қалаларда лас заттардың концентрациясы жыл бойынша белгіленген мөлшерден 5-10 есеге артқандығы туралы мәліметтер естіген адамның жанын түршіктіреді. Әсіресе ауа кеңістігінің ластануы пайдалы қазбалар өндіретін аудандарда және Байқоңыр ғарыш айлағында ғарыш кемелерін ұшыру кезінде байқалады. Өнеркәсіпті аудандарда ауа ғана емес, сол жердегі су көздері де ластанады. Еліміздің тарихындағы ең қайғылы па­рақ­тардың бірі – Семей ядролық сынақ полигонының салдарынан атмосфераға, гидросфераға және литосфераға өте үлкен мөлшерде радиоактивті материалдар шыққаны белгілі. Ауаның радиоактивті қос­паларға араласуының нәтижесінде сол аумақтағы көптеген тіршілік иелері және халық зардап шекті. Статистикалық талдау нәтижелерi­нің қорытындысына сүйенсек, қаладағы көліктерден ғана жылына ауаға 180 мың тонна улы заттар тарайды екен. Көктөбе­нің үстіне шығып қарайтын болсаңыз, Алматы көк тү­тіннен көрінбейді. Қарағанды сияқты бұл жерде көмір шығаратын зауыт жоқ. Мұның өзі көліктің көптігінен болса керек. Өткен жылы Алматы қаласында тіркелген автокөліктердің саны жарты миллион болса, биылғы жылдың басынан бері олардың қатарына тағы 19 650 автокөлік қосылған. Сондай-ақ қалаға күн сайын көрші облыстардан бірнеше мың автокөлік қатынайды. Осыған орай, Алматыда көлік қатынасын жақсарту үшін бірнеше жол айырығы салынды. Мәселен, 2011 жылдың шілде айында ауаның ластану көрсеткіші (ИЗА5) 7,5 пайызды құрады. Қуанарлық жағдай соңғы үш жылда Алматыда ауаның ластану деңгейінде төмендеушілік байқалуда және бұл ағым сақталуда. Алғашқы жарты жылдықта ауаның ластану көрсеткіші 10,9 пайызды құрады. Жалпы, ауаға таралатын зиянды заттардың 80 пайызы көліктерден бөлінеді. Сондықтан қала әкімдігі коммуналдық көліктерді табиғи газбен жүруге көшіру жобасын алдағы уақытта одан ары жалғастырмақ. Мысалы, өткен жылдың соңында метроның іске қосылғанының арқасында қала ауасының жақсарғанын халық жақсы сезінуде. Сондай-ақ жекеменшік сектор мен кәсіпорындарды газдандыру, автокөлік пайдаланатын отын сапасын тексеру ауаның тазаруына игі нәтижесін тигізуде. Ал Астанада ауаның ластану көрсеткіші айтарлықтай өсіп келеді. Бұған себеп болып отырған 200-ден асып жығылатын кіші қазандық, асфальт пен бетон өндіретін зауыттың ескіргендігі және 600-ден астам құрылыс алаңының іс-қызметтері болса керек-ті. Сондай-ақ көліктер санының көптеп тіркелуінің де ауаны бүлдіруде қосатын үлесі мол. Кейінгі кезде улы газдар мен түтін шығару нормалары артық көліктердің орнына экологиялық қауіпсіз көліктердің басқа бір балама түрін енгізу жүзеге асуда. Осыған қоса бас қалада айналма жолдар, көпірлер соңғы жылдары көптеп салынуда. Республикалық рейтинг бойынша Қарағанды және Павлодар облысынан кейін 3-орын алып отырған Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын аса жақсы деуге болмайды. Ақтөбе қаласы және Мұғалжар ауданының экологиялық ахуалы қиын деп бағаланса, ал Хромтау ауданының ахуалы күрделі саналады. Бұл Ақтөбе жұртшылығын қатты алаңдатып отыр. Облыстың экологиялық күйін анықтайтын факторлардың бірі мұнай кеніштеріне қатысты алаудағы ілеспе газдардың тоқтаусыз жағылуы болып отыр. 2010 жылдың өзінде алауларда 9 млрд. текше метрден артық ілеспе газ босқа жанып, ауаны ластағаны анық. «СНПС- Ақтөбемұнайгаз» АҚ 2006 жылы 998,1 млн.текше метр ілеспе газды жақса, 2010 жылы 298,9 млн. текше метр газ жаққан. Облыс бойынша 9 мұнай компаниясының 25 ала­уында 585 млн. текше метр ілеспе газ жағылыпты. Адамзат үшін ауа, жер, су – ортақ. Ауа ластанса, жер де, су көздері де пайдалануға жарамсыз болады. Осы мәселені экологтар дер кезінде шырылдап көтергеннен кейін ғана мұнай газдарының алаудағы жағылу мөлшері 2009 жылмен салыстырғанда 2010 жылы 14 млн. текше метрге азайыпты. Алайда автокөлік санының өсуіне байланысты Ақтөбе қаласы ауасының ластануы күрт жоғарылап бара жатыр. Атмосферадағы көмірқышқыл газдардың концентрациясы көбейетін болса, климаттың температурасының жоғарылауына әсерін тигізеді. Егер Жер ғаламшарындағы атмосфераның температурасы артатын болса, планетаның көптеген бөліктерінде құрғақшылық болады, басқа жерлерде жаңбыр көп жа­уып, топан су қаптайды. Полюстегі мәңгі мұздар еріп, аралдар мен жағалауларды және жер жүзін мұхиттар мен теңіз суы басып кетеді. Жамбыл облысында өткен жылы ауаға тараған лас қалдықтар көлемі 5 пайызға, яғни 82, 7 мың тоннаға артқан. Тараз, Шу, Жаңатас, Қаратау қалалары мен Қордай ауылында шаң концентрациясы мен азот диоксиді, фтор, формальдегидтің артуы байқалады. Сол себепті де облыста тыныс жолдары ауруына шалдыққандар саны артып барады. Оған мемлекеттік органдар тарапынан бақылау жасалмай отыр. Оның үстіне мемлекеттік органдардың өздері экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық заң талаптарын өрескел бұзады. Автокөліктерден шығатын лас ауаның тарауы 79 пайызға бір-ақ артқан. Пайдаланылғанына 15 жыл болған көне көліктердің кесірінен өткен жылы ауаға лас қалдықтар таратқан 104 көлік иесі анықталды. Облыстық прокуратура тарапынан жүргізілген рейд кезінде 10 күннің ішінде 164 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Автокөліктерден шығатын улы түтін қалыпты мөлшерден асып кеткен. 17 қытай автобусының лас ауа таратуы мөлшерден артық болған. Прокуратура тарапынан Экология департаментіне жіберілген ескертуден кейін қалааралық тасымалдаумен айналысатын «Керуен» ЖШС мен «Экспресс-05» ЖШС жұмысын тоқтатуға қатысты талап сотқа өткізілді. Бір қызығы, тексерілген көліктердің барлығының да техникалық тексеруден өткендігі жөнінде талондары бар болып шықты. Оны, әрине, Жол полициясынан алған. Бармақ басты, көз қысты әрекет орын алғандығы беп-белгілі болып қалды. «Жол қауіпсіздігі туралы» заң бойынша, техникалық ақауы бар автобустардың жолға шығуына ты­йым салынады делінген. Бірақ жолаушы тасымалдаушылар заңды белінен басқан. Облыс бойынша жыл сайынғы міндетті техникалық тексеруден 143 мың автокөлік өтеді. Осындай ауқымды жұмысты атқаратын Жол полициясында бір ғана газанализатор бар болып шықты. Оның өзінде де оның пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Ал аудандарда мұндай аппарат мүлде жоқ. Жол полициясы арнайы құрылғылармен жарақтанбаған. Сол себепті автокөліктердің жартысынан көбі ақаулы екендігіне қарамастан, тексеруден өтіп отырған. Техникалық тексеруден тек үш қызметкер ғана өткізеді. Өткен жылы 39 690 талон берілген. Қызметкерлердің берген мәліметіне қарағанда, бір күнде 50 автокөлікті өткізіп отырған. Негізі, тәжірибе бо­йынша бір күнде тек 15 автокөлікті толық тексеруден өткізуге мүмкіндік бар. Жол полициясының өз істеріне жауап­кершілікпен қарайтын уақыты анық жетті деген ойдамыз. Қазіргі уақытта Теміртау қаласында ауаның ластануын ба­қылайтын үш ста­цио­нарлық пост жұмыс істейді. Атмосферадағы ауаның ластану жағдайы алынған сынамаларды талдау нәтижесі бойынша анықталады. Жалпы, Теміртау қаласы бойынша атмосферадағы ауаның ластану деңгейі төмендегідей: 2009 жылдан 2011 жылға дейін шаң-тозаң 12%-дан 14%-ға, фенол 23 %-дан 49%-ға, көміртегі оксиді 2%-дан 13%-ға өсті. Осы жылдар аралығында азот диоксидінің мөлшері 2%-дан 1%-ға, аммиак 2%-дан 1%-ға азайды. Орташа тәуліктік басқа концентрациялар мөлшері нормадан аспайды. Шымкентте мамандар ауаның ластанып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Қала аумағындағы ауада диоксидтің құрамы қауіпті жағдайдан үш есеге, ал шаң-тозаң 4 есеге артыпты. Ауаға тексеру жүргізген мамандар осындай қорытындыға келіп отыр. Арнайы тексеру жүргізуге тұрғындардан түскен арыз-шағымдар себеп болыпты. Өйткені тыныс жолдарымен ауыратын науқастар демала алмайтындықтарын айтып, тиісті орындарға арызданған көрінеді. Әсіресе қорғасын зауыты орналасқан аумақтағы ауа тазалығы көңіл көншітпейді. Ауадағы қорғасынның құрамы қауіпті жағдайдан 6 есеге өсіпті. Сондай-ақ тәулік бойғы орташа көрсеткіш қорытындысы ауадағы формальдегидтердің 17 есеге өскенін дәлелдеген. Формальдегид, негізінен, сыра зауыты мен қорғасын зауыты аумағын­да жоғары көрсеткішке ие. Бұл зау­ыттардың зияндығынан бөлек көлік­тер­дің көптігінен туындайды. Газ шыға­ру мөлшері асып кетсе де, әсер етеді. Жанармай сапасының төмендеп кетуі де ауаның ластануына тікелей әсер етіп отыр. Сараптама қорытындысы көрсеткендей диоксид, формальдегидтен бөлек ауада өзге де зиянды заттар жетіп-артылады екен. Атмосфераны ластағыш заттардан бір ғана муль­типликатор – қорғасын ингредиентін мысалға алайық. Қорғасын – политропты у. Оның ағзадағы азғантай ғана кон­цен­трациясы жасушалар­ды, қан айна­лымын, орталық жүйке және иммун жүйесін зақым­дап, бүлдіреді. Қор­ғасынның жоғары мөлшері – Өскемен, Зырян, Риддер қалаларының атмосфералық ауа құрамында анық­талуда. Шашқа жасалған спектральды анализ мәліметтері бойынша, бұл қала тұрғындарында қорғасын мөлшері ең жоғары, яғни шекті мөлшерден 6 есе көп болып шықты. Қорғасынның бірқатар мөлшерін тұрғындар су, азық-түлік өнімдері арқылы да қабылдайды. Сондықтан да болар, шығысқазақ­стандықтардың ақ қан ауруына шалдығу жайлары, өкінішке қарай көптеп тіркелуде. Сөйтіп, ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері және шапшаң дамуы, адамзаттың барған са­йын ашкөздікпен табиғатты тонауы, биосферадағы жаратылыстың тепе-тендік заңдарының бұзылуы адамзатқа айтарлықтай қасірет әкеліп отыр. Жеріміз тозып, ауа сан алуан зиянды қоспаларға былғанып, сөйтіп, қоршаған орта көз алдымызда азып барады. Мұның соңы азынаған желге, ащы және улы жаңбырға, ормандардың мезгілсіз қурауына, ауа райының бұзылуына әкеліп соғады. Табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуы ең басты құндылық – адамдардың денсаулығының нашарлауына әкеліп соғатыны қандай өкінішті! Нұрлан ҚҰМАР

11741 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6672

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5948

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3690

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3078

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3035

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3011

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2740

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2724

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы