• Қоғам
  • 20 Қаңтар, 2012

Қазақ халқының өсіміне не кедергі?

d0b4d0b5d0bcd0bed0b3d180d0b0Өткен жылы халқымыздың демографиялық өсімі ширек миллионға жеткен екен. Ресми деректерге сүйенсек, Қоян жылы елімізде 370 мың бала өмірге келіп, 150 мың адам қайтыс болған. Осының бәрін есепке алғанда, 220 мың адам есебінде табиғи өсімге қол жеткізгенбіз. Оған сырттан келген 30 мыңдай қандасымызды қоссақ, 250 мыңдай адамға өскен екенбіз. Халқымыздың саны, демографиялық ахуалы бұдан да жақсы болуға тиіс еді. Алайда қоғамымызда демографиялық өсімнің жауына айналған ажырасу, жасанды түсік жасау, нашақорлық, ішкілікке салыну, суицид және тағы басқа рухани кеселдердің өсе түсуінен анау айтарлықтай жоғарғы көрсеткішке жете алмай отырмыз. Оған қоса қазақтың демографиялық қорының екі бірдей әлеуеті пайдаланылмай келеді. Атап айтсақ, біріншісі – әлеуметтік-рухани себептерге байланысты отбасын құра алмаған ұл-қыздарымыздың демографиялық әлеуетін іске қосу. Екіншісі – жат жұртта қалған 5 миллионнан астам қандастарымызды елге әкелу мәселесі. Туындап отырған мәселелердің түйінін тарқату үшін жан-жақты сараптама жасап көрсек. Биылғы Ұлу жылында әлемдегі халық саны 7 миллиардқа жетіп отыр. БҰҰ-ның сарапшылары жер бетіндегі адам саны 2025 жылы – 8 миллиардқа, ал 2045 жылы 9 миллиард адамға жететінін болжауда. Бір қызығы, осынау әлемдегі беделді ұйымның демографтарының елімізге ұсынған болжамы бойынша, Қазақстанның халқы 2030, 2050 жылдары күрт азаяды екен. Бірақ бұған еліміздегі демографтар келісіп отырған жоқ. Олардың пікірінше, 2007-2024 жылға дейінгі орнықты даму тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстан халқын 18,18 миллион адамға дейін жеткізу көзделген. Мамандардың есептеуінше, «2030 жылы 5 миллион адамға ұлғайып, 20,2 миллион адамға жетеміз» деген мақсат қойылып отыр. Қарап отырсақ, екі жақты болжамдар бір-біріне қарама-қайшы келіп отыр. Әлбетте, бізге халқымыздың демографиялық өсімі қажет. Бірақ әлгіндей беделді ұйымдардың сараптамасы көңіл көншітпейді. Шетелдік демографтар біздің елімізді «батыстық демографиялық мінез-құлықпен сусындап келеді» деп есептейтін көрінеді. Олардың бұлай топшылауына негіз де жоқ емес сияқты. Біріншіден, қазіргі уақытта демогра­фиялық ахуалымыз жақсара түсуі үшін қоғамымызда белең алған рухани дерттерден арылуымыз қажет. Неге десеңіз, жоғарыда атап өткен ажырасу, жасанды түсік жасату фактілері соңғы кездері көбеймесе, азаймай отыр. Статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстанда 1999-2009 жылдар аралығында шаңырақ көтергендер саны жыл санап өсіп отырса, 2008 жылдан бастап бұл көрсеткіш біршама төмендеген. Ал ажырасқандар, керісінше, арта түскен. Мәселен, 1999 жылы ажырасуға 25,6 мың адам бел буса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 37,4 мыңды құрапты. 2010 жылдың алғашқы төрт айында 40,328 мың заңды неке қиылса, 12,805 ажырасу тіркелген. 2011 жылдың сол уақытында 41,021 мың адам ақ некеде тұрса, 13,620-ы ажырасқан. Негізінен, ажырасушылардың жасы 18 бен 35 аралығындағы жастарды құрайды екен. Бұрын «бәленшенің баласы ажырасыпты» деген сөз бір ауылдың, қала берді ата-бабаның арына түскен дақ болатын. Бүгін де бұған селт етпей, қарап отыра беретін болғанбыз. Ал жасанды түсік жасату бойын­ша еліміз әлемде алдыңғы орындарды алуға дайын. Жуырда ғана тараған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Ирак Елекеев бір сұхбатында, жыл сайын елімізде 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалатынын айтқан еді. Бұл – жүз пайыз туу көрсеткішінің 80 пайызы деген сөз. Мамандардың айтуынша, жасанды түсік жасатушылардың жас шамасы 14 жастан басталады, тіпті 12 жастағы оқушылардың да кездесетіндігін айтады. Сондықтан жасанды түсік жасатуға қазірден бастап заң бойынша тыйым салмасақ, көптеген баланың болашағын қыршынынан қиярымыз сөзсіз. Ал нашақорлық, суицид және тағы басқа рухани дерттер турасында айтылып та, жазылып та жатыр. Сондықтан биылғы жылы жаңадан жасақталатын ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары аталған мәселелерге бейжай қарамауы тиіс. Алайда бар мәселені тек заңмен шектеп тастаймыз десек қателесеміз. Осы орайда елімізде жаппай рухани-әлеуметтік тәр­бие жұмыстары жасалуы тиіс. Имани, адами құндылықтар мемлекетіміздің бар­лық оқу орындары мен тәрбие ошақтарында жүргізілуі қажет. Қазақстанда арнайы түрде жасөспірімдер мен жастарға рухани тәрбие беретін отбасылық институттарға көмекші орталықтар ашылып жұмыс істесе, құба-құп. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Әйтпесе, шетелдік демографтардың болжамы айдай анық келуі ықтимал. Айтылған жерден аулақ, әрине! Екіншіден, қазақ халқының демографиялық қорын пайдалану, оны жүзеге асыру тетіктерін қосу керек. Демограф Мақаш Тәтімовтің айтуынша, Қазақстанда тұрмыс құрмаған қыздарымыздың саны 350 мыңға жеткен. Ал сүр бойдақ жігіттеріміздің саны 250 мыңға жуық. Егер оң жақта отырып қалған қыздарымыздың бағы ашылып, тұрмыс құратын болса, қаншама сәби дүниеге келіп, қазақтың саны көбейер еді. Мәселен, «еуропалық стандартқа» салып, екі баладан дүниеге әкелсе де, 700 мың қарадомалақ дүниеге келер еді. Қазіргі таңдағы халқымыздың «үлкен секіріспен» көбейе алмай жатқанының бір түйіні осында жатыр. Өкінішке қарай, 350 мың қарындасымыз жағылмаған от, ашылмаған бақ, көптен күткен үміт күйінде қалып отыр. Әр қазақ қызының бағын ашуға міндетті жігіттеріміз болса, отызда орда бұзбақ түгілі, «қырқында қырқа аспайдының» кебін киіп жүр. Осынау күрделі мәселенің күрмеуін кім шешеді? Мемлекет пе, әлде қоғам ба? Кейбір мамандар, «елімізде «бойдақ салығын» енгізу қажет» деп есептейді. Тарихқа үнілсек, Кеңес Одағында «бой­дақ салығы» 1941 жылы 21 қарашадан бас­тап енгізілген. Талап бойынша 20-50 жас аралығындағы еркектер мен 20-45 жас аралығындағы әйелдер үйленіп, тұрмыс құрмағаны үшін және балалы болмағаны үшін жалақысының алты пайызын мемлекетке аударып отырған. Бұл екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі мұқтаждық екені даусыз. Бірақ қазіргі жастар бұған пысқырып та, қарамайды. Көп жағдайда сүр бойдақ пен кәрі қыз қамытын ауылдан қалаға келген жастар киіп жүргені анық. Тұрақты баспанасы не жұмысы жоқ жастар әлгіндей салық салынған күннің өзінде жаппай үйленіп кетеді деу – бекершілік. Бұл жағдай да басы ашық күйінде қалып отыр. «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан болсын...». Қазақтың демографиялық өсімінің келесі бағыты – Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей және тағы басқа мемлекеттерде ассимиляцияға түсіп бара жатқан қандастарымызды қысқа мерзім ішінде елге әкелу. Сыртта бес миллионнан астам қандасымыз бар екенін ескерсек, «Нұрлы көш» бағдарламасына шұғыл түрде өзгерістер енгізу керек. Әйтпесе, кеш қалатын түріміз бар. Мақалаға орай: Мақаш Тәтімов, демограф, саяси ғылымдарының докторы: Қазақстан халқы 17 миллионға жетті – Қазақстан халқы әрбір төрт жылда бір миллион адамға көбейіп келеді. Айта кетерлігі, бұл өсім таза қазақ халқының есесінен болып отыр. Себебі қазіргі таңда халқымыздың табиғи өсімі елімізде тұра­тын орыс, украин және тағы басқа ұлттарға қарағанда анағұрлым жақсы. Ендігі кезекте, сыртқы көші-қон өсімін де жақсартуымыз қажет. Әсіресе Қытай, Өзбекстандағы қандастарымызды елге шұғыл түрде қайтаруға жағдай жасауымыз керек. Ел Үкіметі осы бағытта жан-жақты жұмыс істесе, жақсы болар еді. Алдағы уақытта қазақ халқының үлес салмағы 75 пайызға жетіп жатса, біз көптеген ұлттық мәселелерімізді шешуге жол ашамыз. БҰҰ-ның критерийі бойынша мемлекеттің халқының үштен екісі жергілікті халықтан құралған болса, ол мемлекет көпұлтты мемлекет болып есептелінбейді. Сөз орайы келгенде айтарым, биылғы Ұлу жылының басында Қазақстанның түгел халқы 17 миллионға жетті. Бұл жақсы жетістік деуге болады. Бұйыртса, 2019 жылы жоспарланып отырған Халық санағында еліміздегі адам саны еселене түседі деген сенімдемін. Бізде бұған қажетті мүмкіндік мол. Сейілбек Мырзабаев, дінтанушы: Жастарға рухани тәрбие керек – Қазіргі таңда елімізде демографиялық жағдайдың жақсара түсуіне кедергі келтіріп жатқан рухани дерттер баршылық. Атап айтқанда, жастар арасында жасанды түсік жасату, суицид, ажырасу және тағы басқа кеселдер соңғы жылдары қарқын алып отыр. Мұның бәрі халқымыздың жүздеген ғасырлардан сүзіліп шыққан рухани үлгідегі дәстүрлі тәрбие жолынан айырылған соң болып отыр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Ең, алдымен жастардың жүрегіне рухани тәрбиенің дәні егілсе, азғындықтың ауы­лынан жастарымыздың өздері-ақ алыс жүрері белгілі. Сондықтан мемлекетімізде жасөспірімдер мен жастарға арналған ұлттық тәрбиеге негізделген рухани-сауықтыру және әлеуметтік дамыту бағдарламалары қарқынды жұмыс істеуі қажет. Бұл біздің демографиямыздың дамуының жарқын кепілі болмақ.

Елімізде қазақтың үлес-салмағын арттырмай тіл, дін, діл мәселесі толықтай шешімін табуы екіталай. Әлемдік стандарт бойынша қазақ халқының демографиялық жасы орташа екенін ескерсек, алдағы күннен өз еншімізді алуға толықтай құқылымыз. Бір айта кетерлігі, бізге сан да, сапа да қажет. Өйткені рухани әлеуеті зор, саламатты ұрпақтың мемлекетімізді дамытуға, өркендетуге мүмкіндігі мол болмақ. Сұлтан Қадырбек

3926 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6706

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5966

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3706

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3095

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3051

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3028

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2757

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2741

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы