• Қоғам
  • 27 Қаңтар, 2012

Дағдарыс кері айналып соғады ма?

Қазіргі таңда бірқатар сарапшылар тарапынан «дағдарыстың екінші толқыны болуы ықтимал» деген пікірлер айтылуда. Ал Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің айтуынша, елімізде дағдарыстың болуы ықтимал сценарийлерінің алдын алу үшін арнайы жоспар жасалынып отыр екен. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Дағдарыстың алдын алудың бір тетігі – жұмыссыздықты болдырмау екені анық.Үкімет басшысы осы бағытта білек сыбана жұмыс істеп жатқандарын айтуда. Ал дағдарыстың жаңа толқыны Еуроодақ елдерінен бастау алуы әбден мүмкін. Бүгінде Грекия, Италия елдеріндегі болып жатқан экономикалық тұрақсыздық бір жылда қалыпқа келе қоюы екіталай. Осы орайда бұрын болған қаржылық дағдарыс пен жақын болашақта болуы ықтимал дағдарысты салыстырмалы түрде талдап көрелік. Осыдан үш жыл бұрын басталған әлемдік қаржы дағдарысы жаһандағы көптеген елдерге экономикалық тұрғыда ауыр соққы жасағаны ақиқат. Халықаралық Manpower және Kelly Services сияқты рекрутингтік агенттіктердің зерттеуінше, еңбек на­ры­ғын­да дағдарыстан кейінгі қалпы­на келтіру және әрекет ету жұмыста­ры енді ғана байқалуда. Қазіргі таңда әлемде жаппай қысқартулар кезеңі сәл де болса тыйылып, жұмысқа қабылдау науқаны азды-көпті басталған. Бұл үрдіс­ті Халықаралық еңбек ұйымы өкіл­дері де растап отыр. Олардың айтуын­ша, әлемдік дағдарыстың салдарынан шығу үшін кем дегенде 10 жыл­дан астам уақыт керек екен. Себебі әлемдегі жұмыссыздар саны бұрын-соң­ды болмаған рекордтық көрсеткіш­ке жеткен. Жуырда Manpower агенттігі­нің зерттеуін негізге алған «Forbes» журналы жұмыс табуға ең қолайлы және ең қолайсыз елдер тізімін жария еткен еді. Мәселен, жұмыссыздар саны Батыс Еуропада соңғы екі жылда екі есеге ұлғайған. Батыс елдерінде азаматтарды еңбекпен қамту көрсеткіші ең төмен мемлекет Грекия болып отыр. Еуропа мен Азияның 62 мыңнан астам жұмыс берушісінің тиісті мәліметтері негізінде жүргізілген зерттеу грек елін­де еңбекпен қамту индексі 10 пайызды құрайтынын көрсеткен. Бұл – елдегі әлеу­меттік ахуал өткен жылдың сәй­кес ке­зеңі­мен салыстырғанда екі есе төмендеді деген сөз. Сонымен қатар, Италия, Испания, Ирландия және Чехия елдері дағдарысты еңсеру жолында қатты шығынға батқан. Айталық, Италия, Чехия сияқты елдерде де аталған индекс төмендеп барады. Ұлыбритания, Венгрия, Румыния, Франция мен Нидерландыда да жаңа жұмыс орындары­ның ашылу көрсеткіші өте төмен. Кәрі құрлыққа қарап «елімізде мұндай ахуал қалыптасып келеді» деуден аулақпыз. Десек те, жұмысқа орналасудағы бірқатар түйткілдер баршылық екені жасырын емес. Еуропаға қарағанда, Латын Америкасы мен Азия елдері көңілге жұбаныш әкелетін сияқты. Сарапшылардың пікірінше, Қытай мен Үндістанда жаңа вакансиялардың ашылу көрсеткіші +51 және +42 пайыздарды құрамақшы. Тайвань, Бразилия, Сингапур, Коста-Рика, Перу, Панама мен Австралия мыңдаған жұмысшы маманды еңбекке шақырып отыр. Бұл елдер «осындай еңбек нарығындағы тұрақтылықтың арқасында рецессиядан оңай шығамыз» деп бағамдайды. Қазіргі кезде «бәрі өтті-кетті» деп ай­туға әлі ертерек. Себебі дағдарыс­тың жаңа түрі, яки экономикалық тоқырау болып жатса, әлгіндей қысқартулар болмай тұрмасы белгілі. Өйткені мұндай тәжірибе тек Қазақстанда емес, басқа да дамыған мемлекеттердің саяси өмірінде болып жатқанынан хабардар болып отырмыз. «Екі қолға бір күрек» табылатыны – айдай анық нәрсе. Бірақ нақты қай саладан жалақысы тұрақты әрі мол жұмысты табуға болады? Енді әңгіме ауанын осы мәселеге бұрсақ. Қазіргі постдағдарыс кезеңінде жұмысқа қабыл­дау рәсімі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көп өзге­ріс­ке ұшыраған. Еліміздің еңбек нарығы бұрынғыға қарағанда өркениетті деңгейге көтеріліп келеді. Тіпті, әлемдік қаржы дағдарысы жұмыс берушіге де, жұмыс іздеушіге де белгілі бір деңгейде пайда әкелгендей. Себебі бүгінгі күннің маманы өз жұмысына бейжай қарау қағидасынан арылып, кәсіби біліктілікті өсіру ниетіне көшкен. Бұл туралы HeadHunter ақпараттық жұмыс-порталының бас директоры Виталий Терентьев айтып отыр. Оның пікіріне сүйенсек, осы күні жұмысқа қабылдаушы маманның «қызыл», «көк» дипломы немесе бірнеше сертификаттарынан гөрі, оның бұрынғы жұмыста жеткен жетістіктеріне қарай бағалауды жөн көреді. Ал кейбір мекемелер өз саласына керек маманды ЖОО-мен келісімшарт негізінде тәжірибеден өткізіп, сосын ғана оған тұрақты жұмыс беруге ден қоятын болған. Әрине, жас маманға бастапқыда жалақы аз төленеді десек те, оның белгілі бір мекемеде алған тәжірибесі болашағына жол ашады. Сол себепті жұмысқа орналасуда тәжірибенің үлкен маңызға ие болатыны анық. Ал жалақы беру мәселесіне келсек, кейбір агенттіктердің мәліметіне қарағанда, дағдарыс кезінде барлық салада төмендеген жалақы әлі де болса көтеріле қоймаған. «Карьера СТ» кадрлық орталығының басшысы Ольга Хроменкованың жалақыға қатысты айтқанына сүйенсек, дағдарыс кезінде төмендеген жалақыны әлі ешкім көтеруге асығар емес. Сонымен қатар, жұмыскердің жұмыстағы жауапкершілігі мен міндеттемесі арта түсуде. HeadHunter ақпараттық жұмыс-порталының сараптамасында, жұмыс табуға тырысқан мамандардың көздеген жалақысы 50 мыңнан 200 мың шамасындағы төрт топтық көрсеткішке негізделген. HeadHunter ақпараттық жұмыс-порталының сараптамасы басқа салаларға қарағанда, жұмысты тез табуға болатын бес кәсіптік саланы атайды. Атап айтсақ, «Инсталляциялау және сервис» және «Сақтандыру» салаларында бір орынға 1,8 үміткер өзін ұсына алса, ал Сауда саласы бо­йынша – 2 адам, «Маркетинг/жарнама/PR» және «Медицина/фармацевтика» салаларына 2,5 үміткерден келеді екен. Одан бөлек, қай кезде де қоғамда үлкен сұранысқа ие болып отырған саланың бірі – қаржы саласы болып отыр. Бұл саласыз нарық экономикасындағы өміршең ірі және шағын бизнесті елес­тету мүмкін емес. Кез келген мекеменің қаржылық мәселесін ретке келтіретін есепші мен қаржыгерге сұраныс баршылық. Керісінше, бәсекелестіктің жоғарғы шыңы «Жоғарғы менеджмент» сияқты кәсіптік салада байқалып отыр. Мұндағы бір бос орынға тоғыз адам үміткер. Бұл саламен іле-шала жарысып келе жатқан салалардың ішінде «Ғылым/білім» және «Өнер/Ойын-сауық/БАҚ» (6,9 үміткерден), «Туризм/қонақүй» және «Қауіпсіздік» салалары (6,3 үміткер). Қарап отырсақ, еңбек нарығындағы бәсекелестік біршама күшейгені көрініп тұр. Дегенмен «Карьера СТ» кадрлық орталығының өкілдері енсені түсірудің еш негізі жоқ екенін айтуда. Олардың пікірінше, Қазақстанда тек еріншек қана жұмыс таппай қалуы мүмкін. Жұмысқа деген ниеті оң адамның орташа жалақыны табуға толықтай мүмкіндігі бар. Сұлтан Қадырбек

3104 рет

көрсетілді

300

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6068

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5639

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3379

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2761

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2724

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2700

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2432

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2418

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы