• Қоғам
  • 27 Қаңтар, 2012

Маңғыстау – мұнайлы өлке. Мұнда күрделі мәселелерді шешуге толық негіз бар

d0bed0b7d0b8d0bd-d0bcd183d0bdd0b0d0b9Ел Үкіметінің Жаңаөзен қаласының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатына бағытталған қаулысы шыққанынан көпшілік хабардар болар. Нақты айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы қараша айының 11 жұлдызындағы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулысы шыққан болатын. Үкіметтің бұл қаулысын облыстағы ардагер-мұнайшылар толық қолдап отыр. Өйткені, аталған қаулы күн тәртібіндегі қазіргі талаптарға жауап бере алады. Оның көптеген баптары мұнайшылар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлермен жақсы үндестік тапқан. Алайда оны жүзеге асыру алдымен күрделі уақытты және қыруар қаржыны талап етеді. Сондықтан қаулының жүзеге асуын тек Үкіметтің бір өзіне аудара салмай, бүкіл ел болып атсалысуға міндеттіміз. Осы орайда атап өтер бір жайт, қаулы бекіткен бағдарламаға өңірдегі мұнайшылар қауымы бірқатар қосымша ұсыныстарын айтып отыр.

Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласын­да­ғы тұрғындар саны 130 мыңнан асады. Ал әр­бір отбасындағы адамдар санының орташа көрсеткіші қазір бес-алты адамға жеткен. Еліміз Тәуелсіздік алғалы өңірде бірқатар мектептер, балабақшалар, тағы да басқа әлеуметтік, мәдени нысандар салынды. Алайда қаладағы халық санының өсуінен мектеп, балабақшалардың жетіспеушілігі байқалады.

Соңғы 30 жылға жуық уақыттан бері қарай бұл төңіректе жаңа үлкен кен орны ашылып, кәсіпорын пайда болған жоқ. Көміртегі кен орындарын іздеп табатын геолог барлаушыларымыз жан-жаққа тарап тынды. Жаңа кен көздері ашылмаған соң, «мұнай мұхиты» төңірегіндегі эйфория әкелген қызу да басылды. Бастапқы кезде өндірілген 15-16 миллионның орнына, мұнайдың қазіргі деңгейі 5-6 миллион тоннадан аса алмай отыр. Барлау, бұрғы­лау жұмыстары жөнді жүргізілмейді. Сондықтан да Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Маңғыстауға барған сапа­рында осыған назар аударды. «Мы­нау «Өзенмұнайгаздың» төңірегінде жаңа өндіріс ашылады. Жаңа мекеме аша­мыз. Ол бұрғылау компаниясы болады», – деп нақтылап айтты. Елбасы­ның бұл ойымен келіспеуге болмас. Себебі Кеңес өкіметі құлағалы бірқатар кәсіп­орындар жұмыс іс­те­уін мүлде тоқтатты, ал тоқтама­ған­да­ры жар­тылай қуатымен жұмыс істеуде. Олар өз тарапынан жұмысы барлардың да са­нын қысқартуға әкеліп соқтырды. Осын­дай себеп­термен, кезінде алақанымыз­ды жайып жүріп, тиісті орындардан сұрап алған қаражатқа өзіміздің салдырған нан, сүт зауыт­тарының, тігін фабрикасының, өндірістік кәсіпорындар комбинатының (КПП) және басқа қосалқы коммуналдық-тұр­мыс­тық шаруашылықтардың жа­бы­луы халық­тың жанына қатты батты. Мұндай мысалдар бірен-саран емес, жетіп жатыр. Сондықтан Жаңаөзендегі жұмыс­сыз­дық мәселе­сінің шиеленіскеніне таңдану­ға бола ма? Халықты жұмыс орнымен қамтамасыз ету қиындығы тек жалғыз Жаңа­өзенде ғана емес, бүкіл Маңғыстау өңірінде қалыптасқан жағдай болып отыр. Бұл жерде адал еңбекақысына, дәлірек айтқанда, уақытында алатын айлық дегеніңіз аймақта тұрып жатқан бүкіл отбасыларының бірден-бір күнкөріс көзі. Бүкіл отбасы аузын ашып отырған сол бірден-бір жалақы кенет тоқтап қалған жағдайда күйзеліске түсетін адамның тағдырына немкетті қарау – отпен ойнағанмен пара-пар. Тығырықтан шығаратын жол әр уа­қытта болады. Қазір де жоқ емес. Оларды Президент жақында Маңғыс­тауға сапарында нақты көрсетіп беріп те кетті. Осыған белді буып, іске бекем кірісуге тиістіміз. Мүмкін, елді жедел индус­трияландару бағдарламасына осыған бай­ланысты толықтырулар мен өзгерістер енгізуге тура келер. Үкі­меттен, қоғамнан халық осыны күтіп отыр. Қазіргі таңда тек Жаңаөзен оқи­ғасы орын алғандықтан ғана емес, жалпы Маңғыстау өңірі тұр­ғын­дарының әлеуметтік мәселелерін жедел шешу өте көкейкесті. Жаңаөзенде бір кезде тәп-тәуір нан зауы­тын салған едік. Зауыт жүз мың тұ­ты­ну­шыға арналған және өні­м­­нің көлемі мен номенклатурасы жағынан толық қуатында шығарылып, жұмыс істеп тұрды. Одақ ыдырағаннан кейін ол жекешелендіріліп, іс жүзінде жұмыс іс­теуін тоқтатып, 130 000-нан астам тұр­ғыны бар қалада қазір нан кәсіпорыны жоқ. Нанды өз мүмкіндіктеріне сай жеке қожа­­лықтар пісіреді. Оған сәйкес, қала тұрғын­дары осы тамақ өнімімен жеткі­лікті қамтамасыз етілмеген. Меншіктің қай түрінің күшімен болса да, зауыт толық жобалық қуатында іске қосылса, қала тұрғындары әйелдерінің біразын жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады және оған көп күрделі қаржы да жұмсалмас еді. Қажетті инфрақұрылым, атап айтқанда, зауыт ғимараты, қоймалар, коммуникация әзір тұр. Тек сапалы жөндеуден өткізіп, жаңа жабдықтар сатып алынса болғаны. Әйелдерді жұмыспен қамтамасыз етуге арналған кәсіпорындарымыздың бірі – толықтай іске қосылған сүт өнім­дері зауыты болатын. Өкінішке қарай, бұл кәсіпорын да күрделі жобалық қуаты­нан әлдеқайда төмен деңгейде және шыға­ратын өнімнің түрі қатаң шектеулі. Кәсіп­орын сүт өнімдерін құрғақ сүттен өндіруге арналып, толық қуатында жұмыс істейтін. Қазір тиесілі модернизациядан өткізілсе, ол жобаланған қуатына тез шығып, қала­ның көптеген қыз-келіншектеріне жұмыс тауып бере алады. 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін, іле-шала, қаланың әйел тұр­ғындарын жұмыспен қамту шаралары ауқымында – Жаңаөзенде тігін фаб­рика­сын, Қазақстанның барлық мұнай­­шыларын арнаулы жұмыс және аяқ­киімдерімен қамтамасыз ету көзделіп, Ақтау қаласында аяқкиім фабрикасын салу және кейінірек ол нысандарды республиканың жеңіл өнер­кәсіп мини­стр­лігіне өткізу жоспарланған еді. Осы екі фабриканың да бірінші кезектері салынып, пайдалануға берілді. Бұл күнде екеуі де – жекеменшік иелерінде. Тігін фабрикасы толық аяқталмай тұр. Жаңаөзенде күні кеше өткен оқиға­ның бір себебі, «Маңғыстаумұнайгаз» немесе «Өзенмұнайгаз» болсын, екеуінде де мұнай өндіру үдерісінен сервистік қызмет көрсетуді бөліп тастағандықтан болды. Сервистік қызмет түрлерін, ал ол, ең алдымен – бұрғылау, ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу, құрылыс жөндеу қызметтері, көліктік бөлімшелер, толып жатқан және де басқаларының тікелей көмегінсіз, мұнай-газ кен орын­дарын игеру және мұнай шығару тіпті мүмкін емес. Бұдан басқа, сервистік қызметті мұнай сатудан түскен пайда есебінен жаңарту, ескірген жабдықтарын ауыстыру мен қайта жарақтандыру, сондай-ақ олардың жұмыс көлемдерінің кепілдері болуы тиіс. Ал мұнай компаниялары оларды тендерлік әдіспен қызмет көрсетуге таңдап шақыратын болғандықтан, сервистік қызмет бөлімшелерінде жұмыс көлемі де тұрақты болмайды. Сервистік қызметті мұнай өндірудің біртұтас технологиясынан бөліп тастау жұмыссыздыққа апарады. Сервистік қызметтің қандай түрі болса да, негізгі өндірістік кәсіпорындардың құрамында болмауы зияннан басқа ештеңе де бермейді. Мәселен, өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында, «Маңғыстаумұнайгаз» құрылысының Жаңаөзендегі өндірістік кәсіпорындар комбинаты (КПП) деген ірі зауыты жөңдеуден өткізіліп, нәтижесінде оның қуатын екі есеге өсіруге қол жеткізген едік. Онда үлкен өндірістік ғимарат салынды, керекті коммуникациялық жүйелер жасалды, цемент сақтайтын қоймалар кеңейтілді. Осыдан соң, бұл комбинат өнеркәсіптік және тұрғын үй құрылысына арналған темір-бетон бұйымдарының кез келген түрлерін шығарды. Одақ ыдырағаннан кейін, бұл зауыт та нашар күйге түсті. Оның қазіргі меншік иесі мардымсыз бұйымдарды шығаруды ғана қанағат тұтып отыр. Бұл күнде Маңғыстауда осы комбинат өніміне сұраныс күрт артуда. Жаңаөзен оқиғасына байланысты қаулыға сәйкес бөлінген мемлекет және басқа қаржы көздерін тиімді пайда­лануға көмектесетін тағы бір өндірістік нысан – қаладағы «Қазақ Газ Өңдеу» зауыты. 1970 жылдары салынған бұл кәсіпорын «Жаңаөзен» мен «Жетібай» кен орындарындағы ілеспе газды қайта өңдеу мен залалсыздандыруға арналған. Аталған кен орындарындағы мұнай горизонт­тарының жоғары деңгейде суланылуына байланысты мұнда қазір газ өндіру азайып кетті. Зауыттың қуаты 35-40 пайыздық деңгейде ғана пайдалануда. Бұл көрсеткіш алда да төмендей береді. 1,5 мил­лиард текше метр газ өңдеуге есептеліп салынған зауыт қазір қайта бейімдеуді күтіп тұр. Сондай-ақ, Қазақстанда қазір мұнай-газ жабдықтарын жөндейтін арнаулы кәсіп­орын жоқ. Қатардан шыққан күрделі жабдықтардың көпшілігі жаңасымен ауыстырылады немесе республика аумағы­нан тыс жерлерде жөнделеді. Мұндайда тасы­малдың өзі қаншама қыруар қаржы­ны талап ететіндігі айтпаса да түсінікті. Мұнай кәсіп­орындары үшін бұл өте тиімсіз. Сондық­тан қымбат бағаға шетелден са­тып алғандармен қоса, еліміздің мұнай компа­ния­ларына барлық күрделі жабдықтарды сапалы жөндеу қызметін көрсете алатын, мамандандырылған кәсіпорын – «Мұнай-газ жабдықтарын жөндеу» зауытын салу жөнінде шешімге келу – пісуі жеткен мәселе деп есептеймін. Үкіметіміз бұл жобаны жүзеге асырса, мыңдаған адамға жаңа жұмыс орнын ашуға болар еді. Жаңаөзен – сусыз, мидай даладағы қала. Оның 130 мыңнан асатын тұрғыны осы шөл далада талай уақыттан бері қалай өмір сүріп жатқаны таңғаларлық жайт. Жоғарыда аталған қаулыда қаланы су тапшылығынан құтқару жағы ұмыт қалғандай. Жаңаөзенді әрі үзіліссіз, әрі сенімді ауызсу көзімен қамтамасыз ету дегеніңіз – өмірлік маңызы бар мәселе. Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында, Жаңаөзен қаласын да қосып есептеп, Маңғыстау түбегіне Еділдің (Волганың) суын жеткізетін құбыр тарту жүзеге асырылған еді. Бұл жобаны жеделдете жүргізуге бірден-бір себеп Бозащы түбегіндегі Қаражамбас мұна­йын алу үшін жерасты қысымын ұлғай­ту мақсатында горизонттарға ыстық бу айдау қажеттілігінен туындаған болатын. Бірақ Еділдің суына нұқсан келмесін деп, ол шектелген түрде жіберіліп тұрды да, суға деген тапшылық одан әрі сол күйінде сақталып отыр. Үкіметтің қараша айындағы жаңа қаулысында неге аталмағандығын білмедік, бірақ Жаңаөзенге жеткізілетін су мөлшерін тағы да көп қаржы бөлмей-ақ, аз уақыт ішінде көбейтуге болады. Ол үшін, ең алдымен, Ресей жағымен суға қойылған шектеуді алып тастау туралы келісім-шарт жасау мәселесін шешу керек. Одан кейінгі техникалық мәселелерді еліміздегі құбырлар жүйесінің иесі болып отырған «Казтрансойл» компаниясының өзі де тындыра алатындығына сенімім мол. Ендігі бір айта кететін жайт, еліміз мұнайға да, газға да бай. Шамалап айт­қанда, жыл сайын өндіретін мұнайы­мыз, әр адамға шаққанда бес тон­наға дейін ба­­рып қалды. Мұнай-газ саласын­да­ғы келең­сіз жайттардың бірі – бұл өндіріс­пен бір­жақты шұғыл­данатынымыз, дәлірек айт­сақ, оны өндіру мен экспорттау көле­мін арт­тырумен ғана әуестеніп отырғаны­мыз. Қоры мол кен орындары, негізінен, шетел инвес­торларының қолында. Олар, тіпті өзі­міз­дің компанияларымыз да, мұнай сырт­қы нарықтың қай жерін­де қым­бат болса, сонда апарып сатады. Бұл – нарық­тық экономиканың заңдылығы. Ал енді ішкі нарыққа келер болсақ, еліміздегі мұнай өңдей алатын үш зауыт бұл шикізатты сыртқы нарық бағасымен сатып алып, өңдеуге дәрменсіз. Өйткені өңдеу кәсіпорындарындағы тех­нология­ның ескіргендігіне байланысты, онда өндірілген өнімнің өзіндік құны да жоғары, дәлірек айтсақ, ол ақырғы өнім­нің 30 пайызына дейін ғана жете алады. Ішкі нарықтағы бағаның төмендігінен мұнай өндірушілер оларға мұнай сатуға ынталы болмайтындығы белгілі. Бір жағынан, мұнайымыз сыртқы нарыққа жоғары бағамен экспортталып жатса, екінші жағынан, қажетті мұнай өнімдері де ел ішіне жоғары бағамен импорттала­ды. Содан барып, жанар-жағармай­дың бағасы елімізде шарықтап тұр. Ал бас-аяғы үш зауытымыз болса, шикізат тапшылығынан толық қуатында жұмыс істемейді. Тығырықтан шығудың жолы – сол кәсіпорындарды шикізатпен сенімді түрде қамтамасыз ету. Екінші маңызы зор шара – көмірсутегі саласын біржақты емес, жедел жан-жақты дамытуды бастау, яғни көп қаражат шығындалып, жер бетіне көтерілетін мұнайды орынсыз ысыраптамай, оны тереңдете өңдеу ешқандай талас тудырмайтын мәселе. Қазір ел ішінде «қай жерден, қандай жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек» деген мәселе көтеріле бастады. Осындай мәселелер пайда болғанда, бір жағынан, күлкің келсе, бір жағынан, күйзелесің. Өйт­кені мұндай заманауи кәсіпорын құры­лысы баяғыда басталып, содан 120 мил­­­лион доллар қаржы шығындалған­нан кейін, құрылысы тоқтап тұр. Мәселе мынада – 80-жылдардың аяғына таман, одақтық Мұнайгаз министрлігі әрқай­сысының қуаты үш миллион тоннадан болатын екі қондырғысымен алты миллион тонна мұнай өңдеуге арналған Маңғыстау мұнай өңдеу зауытын салу туралы шешім қабыл­даған болатын. Ол «Бозащының» әрі ауыр, әрі жұғымды­лығы жоғары мұнайын 92 пайызға дейін тереңдете өңдеуге арналып, сонымен бірге шикізаттан сирек кездесетін металдар: ванадий мен никельді бөліп алу мүмкіндігіне дейін жобаға кіргізілген-ді. Осы бірегей кәсіпорын сонымен бірге «Маңғыстау» мен «Бозащының» мұнайын араластырып та өңдеуге тиіс болды. Зауыт өнімінің маркетингтік стратегиясымен бірге, тиісті техникалық-экономикалық негіздемелері дер кезінде жасалып бекітілді, қаржыландыру көзі мен бас мердігер де анықталды. Құры­лыс жұмыстары 1990 жылы басталып, темір­жол және автомобиль жолдары салынды, жоғары кернеулі электр жүйесі тартылды, өндірістік бірнеше корпус тұрғызылды. Түптеп келгенде, Одақ та ыдырады, зауыт құрылысындағы төрт жыл бойы тоқтаусыз жүріп жатқан құрылыс жұмыстары да тоқ­тады. Ал енді елімізде жанар-жағармай тапшылығы бүгінгідей өршіп тұрғанда, осы ауадай қажет болып отырған бұл өндіріс орны­ның құрылысын неге жандандыруға кіріспеске? Бұл аймақтағы мұнай өндіру деңгей­інің төмендей бас­тауы шикі мұнай сату, кен пайдаланушы­лар ғана емес, тіпті тұтас ел үшін де тиімді болмай ма? Ал мұнайды тереңдете өңдеуді жолға қою экспортқа шығарылмай, ішкі тұтынысқа қалдырылған өнімнің оры­нын толтыра алатындығын былай қойған­да, Жаңаөзен мұнайшыларымен бірге, қосымша мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, ай­мақ­тың әлеуметтік жағдайына да жағым­ды әсер еткен болар еді. Маңғыстаулық ардагер-мұнай­шы­лар тарапынан қолдау тауып отырған бұл ұсы­ныс­тар ескеріліп, жүзеге асырыла­тын болса, Маңғыстау өңіріндегі жұмыс­сыздықты болдырмауға қолымыз жетері сөзсіз.

Нұрлыхан  Бекбосынов, ардагер-мұнайшы, КСРО-ның «Құрметті мұнайшысы»

Маңғыстау облысы

12121 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6116

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5665

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3406

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2787

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2751

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2726

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2458

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2444

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы