• Қоғам
  • 02 Ақпан, 2012

Қаңғыбас бала мұндай күйге қалай тап болды?

RaushanБала өмірге қаңғыбас болып келмейді. Дүниеге келгенде «қаңғыбастықтың күйін кешем» деп те ойлаймайды. Бірақ тағдырдың жазуы солай бола ма, өмірдегі түрлі себептерге байланысты көше кезіп, «қаңғыбас» атанады. Бүгінгі қоғамның ащы шындығы – осы. Кінәлі кім? Ата-ана дейін десек, барлық мәселе жалғыз ата-анада ма? Баланың өзінде дейін десек, барлық мәселе балада ма? Мың сан сұраққа тап болып, шешімін табу қиынға соғатын сұрақтың жауабын іздеу мақсатымен Алматы қалалық Білім беру департаментіне қарасты Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына бас сұқтық.

Мұнда келуіміздің бір себебі де осы болатын – қаңғыбас балаларды өз көзімізбен көріп, олардың не себепті мұндай жолға түскендерін анықтау. Тағдырдың тәлкегі­не ұшыраған кез келген баланың бойында үрей мен қорқыныш, үміт пен арман қатар жүрері сөзсіз. Олар ертеңге қарап алаңдайды, кешегісіне ой жүгір­тіп қамығады. «Бала – адамның бауыр еті» деген қанатты сөз бар. Бұл сөзде адам баласы­ның балаға деген бүкіл сүйіспен­шілігі мен махаббаты жатыр. Адам­ға бауыр етінен жақын не бар? Ойлап қарасақ, осы бауыр еті – баланың тағдыры мен өмір­іне еш алаңдаушылық таныт­­­пай, өз­дері­­нің қара бастарының қамы­мен кете баратын «жүрексіз», қатыгез жандар арамызда табылады екен. Ондайлар үшін баланың өмірге келуі кездейсоқ бола салған жағдай сияқты. Өмірдегі әлдебір жағдайлар, уақытша сайран, өткінші сезімдер, көңіл көтерулер баладан да маңыз­ды­рақ болып келетін адамдарға айтар сөз де жоқ. «Бала тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек» деп қанша жерден байбалам салсақ та, үлкендердің балаға істеген қылығы­на қарап отырып, «үлкендерді де тәрбие­леу керек шығар» деген ой қылаң бере­ді көкей­­де. Баланың қаңғыбас атануын­дағы негізгі себептің бірі де осында жатқанға ұқсайды.

Қаңғыбас балаларды, ата-ана қамқор­лығынсыз қалғандарды, тұрмысы төмен, күн көруі мүлде нашар балаларды бейім­дейтін мұндай орталықтың барына шүкір делік. Әйтпесе, олардың өмірлері қалай болып кетерін елестетудің өзі тым ауыр.

Біз сөйлескен Арман дейтін бозбала­ның Тараз қаласынан Алматыға келгеніне жарты айдан асыпты. Үйінен өгей шешесі күн көрсетпеген соң, қа­шып кеткен екен. «Екінші шешем­мен келіс­педім» дейді. Оң-солын танып үлгер­меген ол Алматы қаласындағы вокзалдар мен базарларда жүріп күнелткен екен. Түнгі уақытын компьютер клубтарында өткізіп, өлместің халін кешкен. Осылайша, ол тәртіп сақ­шы­ларының назарына түсіп, осы орталық­қа жеткізіліпті. «Қандай жұмыстар істе­дің» деген сауалымызға: «Жұмыстың түрі көп қой», – деп қысқа ғана қайыр­ды. Түрі­­н­ен өз өміріне риза еместігі, тіпті кей­­де ашынғаны байқала­ды. Тір­лік­­тің тау­қыметін молынан тарт­қан бала екені сезіліп тұр. Ашы­лып сөй­лес­пейді. Қабағы да қатулы. «Үйіңе бар­ғың келмей ме?» – десек, қайтқысы келмейтінін айтты. Оның өз үйіне оралуға деген сезімі сөнген.

«Бұл бала бізге екінші рет келіп отыр. Осының алдында тағы да үйінен қашып кеткен болатын, – дейді осы орталықтың әлеуметтік педагогі Зәбира Байжігітова. – Тұрмыс жағдайы нашар. Туған шешесі жоқ. Арман дүниеге келген соң, үш-төрт айдан кейін қайтыс болған. Әкесі басқа әйелмен тұрып жатыр. Ішімдікке әуес екен. Бізге алып кетуге келгенде: «Сіз балаңыздың не себепті үйден кететінін ойлап көрдіңіз бе? Неге басқа үйдің балалары кетпейді, ал балаңыз сіздерден қашады?» – десек, бар­лығына кінәлі Арманның өзі екенін айтады. Өгей шешесіне хабарласқанымызда «бізге бұл бала­­ның керегі жоқ» деп, телефонын өшіріп таста­ды. Әкенің түрі – анау, әйелдің жетегінде кеткен. Баланың тағдырын ойлап жүрген ол жоқ», – деп қынжылды Зәбира Байжігітова.

Өз үйінен өзі қашуға мәжбүр болған ол бесіктен белі шықпай жатып қатал тағдырдың адам төзгісіз сынағына ілінді. Мұндай балалар біздің қоғамда аз ба? Қазіргі кезде бұл мәселе – қиынның қиыны. Олардың өмірін зерттеп отырсаң, бір-біріне шырмалып жатқан әлеумет­тік мәселе­лерді көресің. Оның бәрін тақырып барысында баяндайтын боламыз.

Орталық қызметкерлерінің әңгіме­сін тыңдап отырсаң, бала тағдырының, шын мәнінде, оңай емес екеніне көз жеткізесің. Бірде таңғы 4-те полиция қызметкерлері үш-төрт жас шамасындағы қыз баланы әкеледі. Ол өзінің кім екенін, ата-анасының қандай адамдар екенін айтып бере алмаған. Қыстың қақаған аязында, жападан-жалғыз далада тоңып тұрған жерінен, періштесі қолдап, полиция қызметкерлерінің көзіне түскен. Егер ол сол күйі далада жүре беретін болса, жағдайының қандай күйге түсерін ойлаудың өзі қорқынышты. Ертеңінде учаскелік полиция бөлімшесіне бір әйел бас сұғып, өзінің қызын жоғалтып алғанын хабарлапты. Анықтап, сұрастыра келе, ол манағы қыздың анасы болып шыққан. Шешенің маскүнемдікке салынғанғаны сонша, көршілері «қызың қайда» дегенде ғана есін жиып, дереу іздеуге кіріскен. Осындайда ойланасың, бұрын «әкенің көңілі – балада, баланың көңілі – далада» деуші едік, енді не дейміз? Арағы құрғырдың соңына алаңсыз түсіп кеткендер өз баласын қараусыз тастап кете береді ме сонда?

Орталық басшысы Раушан Құрма­ше­ваның айтуынша, мұнда тек Қазақ­станның ғана емес, өзге де республикалар­дың балалары келеді екен. «Олар негізінен әлеумет­тік тұрмысы нашар, күн көріс қамымымен Алматы қаласына келгендер. Бұлар – жалғызбасты аналардың балалары, не болмаса, өздері үйінен қашып кет­кен, тәртібі қиын балалар. Мысалы үшін, мен сіздерге Өзбекстан елінен келген бір отбасы туралы айтып берейін. Екі баласы бар ана Алматыға жұмыс істеуге келген. Бір қойшының үйінде тұрған. Ол жерден істеген жұмысы­на ақысын ала алмай, соңында көше кезіп кеткен. Төлқұжатын жоғалтқан. Екі бала қазір бізде. Бүгінде олардың құжаттарын рәсім­деп, Өзбекстанға жөнелту мәселелесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ Қыр­ғыз­станнан бір қыз бар. Оны да өз еліне жеткізу мәселесі қаралуда. Жалпы айт­қанда, бұл орталыққа өткен жылы 825 бала түсті. Олардың 20-сы соттың ше­ші­мімен балалар үйіне жіберілсе, бес бала арнайы мектептерге орналастырылды. Қалғандары үйлеріне қайтарылды. Ал осы жылғы деректі айтар болсам, қазір бізде 18 бала бар. Заң бойынша бұл жерге 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар орналастырылады. Балалардың келуі үш санат негізін­де жүзеге асады. Біріншісі – қаңғыбас балалар. Екіншісі – ата-ана қамқорлығын­сыз қалған балалар. Үшіншісі – сот арқылы келген балалар. Олардың тағдырын Алматы қаласы әкімшілігінің жанын­дағы кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын арнайы комиссия шешеді. Сол комиссия шешімі бойынша, баланың әке-шешесін ата-ана құқығынан айыру мәселесі сот алдына қойылады. Сөйтіп, мұндай балалар балалар үйіне жіберіледі, «тәртібі нашар» деп танылса, арнайы мектептерге жөнелтіледі», – дейді Раушан Құрмашева.

Басшының сөзінен ұққанымыз, бала­лар­дың қаңғыбастыққа салынуына әке-шешенің ажырасуы, олардың наша­қор­лық пен маскүнемдікке бой ұруы сияқ­ты жағдайлар себеп болады екен.

Мәселен, 16 жастағы Рүстем шешесі екеуі Өскемен қаласынан күнкөріс қамы­мен Алматыға келген. Рүстемнің өзі ол туралы былай дейді:

– Анам екеуміз Алматыға келген соң, мұндағы күніміз тіпті қиындап кетті. Анам жұмысқа тұрғанымен, алған жалақысы мардымсыз болды. Сөйтіп жүргенде анам бір жігітке тұрмысқа шықты. Ол бірге тұра келе бізге күн көрсетпейтін болды. Анамды және мені ұрып-соқты. Маған «кет бұл үйден, біз мамаң екеуміз өзіміз тұрамыз» деп сес көрсеткен соң, қорқып қашып кеттім».

Рүстемді түсінуге болады. Әкесі жоқ, шешесі екінші рет күйеуге тиген. Екі ортада баланың тағдыры өгей әке­нің ойыншығына айналған. Ол ойына келгенін істеп, психологиялық қысым жасаған. Сөйтіп, бала «қағынан жеріген құландай» туған анасын қиып кете барған. Анасы болса, шарасыз. Баланың көңілін аулайын десе, түнерген бұлттай болып, екінші күйеуі отырады. Оның тамағын әзірлеу керек, киімін жуу керек. Оған да жеке күтім мен бап керек. Соның жайымен кеткенде, балаға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбейді. Өсіп келе жатқан бала ата-ананың ыстық алақанын, «ботам» деп еркелеткен үнін естігісі келеді. Мейірім мен ықыластың шапағатынан айырылған соң, көңіл шіркін, құлазымай қайтсін?! Мына жақтан өгей әкенің тізесі батып тұрса, шешеден жөні түзу қайыр болмаса, екеуі бірігіп алып ішімдікке салынса, мұндай шақта ол далаға қашпағанда қайтеді?! Туыстан қайыр жоқ. «Келе ғой» дейтін туыстың өзін табу қиын. Барлығының өз тірліктері бар. Көше кезуге үйренген баланың өмірін елестетіп көріңізші! Қоғаммен, шынайы өмірмен бетпе-бет келіп, барлық ауыртпалықты нәзік жүрегімен, көңілімен сезініп тұрғаны жанына қаяу түсірмейді ме? Өзіміз бала күнімізде бір-екі сағат далада артық жүріп қалсақ, шешеміз шыр-пыр болып іздеуші еді? Бұл баланы кім іздейді? «Сұраушының сүйген асын кім берер» дегендей, іздеушісі жоқ бала еш уақытта өзінің бала екенін сезіне алмайды. Өмірмен бетпе-бет келген соң, оның барша қиындықтары бір басына үйіліп түскен соң, солай болады да. Осылайша, ол қатыгездене бастайды. Адамдарға деген сенім кетеді бойынан. Ешкімге сенбейді. Өмірде жақсылықтың барына «мың айтсаң» да сенбейді. Өйткені ол өзінің ең жақын адамдарынан көңілі қалған. Басқалардан мейір күте алмасы анық. Вокзал жағалап, қайыр сұрап, я болмаса, жалданып күн көреді. Ол жерде де кім оның қолын жылы суға сала қояр? Көрінген әкіреңдеп, жағасынан алып, «былай кет» деп зекіп, күн көрсетпейді. Көше баласы болу, қаңғыбас атанудың басы осылай басталады. Иә, «әркімнің өз пешенесіне жазылғаны болады» деп жатамыз кейде. Бұл шындық екені рас. Бірақ сол пешенеңе жазылғанды көзіңді тырнап ашқалы көре бастағаннан ауыры жоқ шығар, сірә...

Қаңғыбастыққа салынатын­дардың көбі – үйінде береке-бірлік жоқтар, әке-шешесі сотталғандар, ішімдік пен нашақорлықтың соңына түскендер дегенімізбен, тәп-тәуір отбасынан шықса да осы жолда жүруді қалайтын балалар да бар екеніне көз жеткіздік.

Олар – ерікті түрде үйден қашып, алдында тұрған міндетті орындағысы келмейтіндер, яғни мектепте оқуды қала­май­тындар. Ондайларға психология ғылымы «қиын балалар» деп анық­тамасын беріп те қойған. Бұл орта­лық­та болғанымызда Руслан атты жас жеткіншектің өмірімен танысуымызға мүм­кін­дік алдық. Русланның үйінен қашып кеткеніне жарты айдан асыпты. Шешесі шарқ ұрып іздеп таба алмаған соң, оның жоғалғаны жөнінде полицияға хабарлапты. Тәртіп сақшылары іздеу шараларына кірісіп, Русланды Алматы көшелерінің бірінен табады. Сосын осы орталыққа әкеледі.

«Мен не істерімді білмеймін. Осымен екінші рет үйден қашып отыр, - дейді Алматы облысы Іле ауданынан келген анасы. – Ұлым мектепке барғысы келмейді, мектепте оқығысы келмейді».

Русланның өзімен сөйлескенімізде не себепті мектепке барғысы келмейтінін ашып айтпады. «Мектепте оқығым келмейді» деп қана жауап қайтарды. Бәлкім, мәселе мектептің өзінде болып тұрған шығар, құрдастарынан қысым көретін шығар десек, шешесі мектепке барғанын, мұғалімдермен сөйлескенін, ешқандай себептің жоқтығын айтты. Мұғалімдері де Русланның сабақ оқуға деген қызығушылығы жоқ екенін растап отырған көрінеді. Амалдары таусылған олар ақыр соңында: «Руслан, сен мектепке жай ғана келіп жүрші, оқымасаң оқымай-ақ қой», – деп жалынатын болыпты.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» демекші, бұл орталықтағы балалардың бәріне біз мейірім көзімен қарадық, әрине. Кез келгенін кінәлап, жазғырудан аулақпыз. Бала деген періште ғой. Оған дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеу, өмірін өкінішті етпеу – үлкендердің міндеті. Балалардың жазығы жоқ. Осы орталыққа қалай келгендерін жақсы білгендерімен, не себепті келгендерін ашып айтуға құлықты емес. Айта бас­таса, жанарларына жас тұрып, сөздері іркіле береді. Бір-екі тілдескеннен кейін, әңгімені ары қарай өрбітуге өзің де ынтызар бола қоймайсың. Себебі ол баланың болашағы онсыз да бұлыңғыр. Келешекте кім болары, не істейтіні, тағы да кімдердің қолына түсері белгісіз. Бір айта кетерлігі, мұндағы балалар – тәртіп сақшыларының көзіне шалынғандар ғана. Ал оның сыртында қала-қалада, көше-көшеде, вокзал мен базарларда қаңғып жүргендері қаншама? Олардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын кімдер? Тағы да мемлекет пе? Мемлекет қамқорлығына алуын алады ғой, бірақ бұл мәселені басынан бастап шешуді қолға алу керек сияқты. «Ата-аналардың өзімен жұмыс істеп, ең бірінші кезекте, соларды тәртіпке шақырып, тәрбиелеген жөн бе» деп қаласың кейде. Біз, көбінесе, «бала мәселесінен» гөрі, өзімізге қажетті, жанымызға жақын жайттарды көбірек талқылап кетеміз. Ал үйдің сыртында көше кезіп, далада қаңғырып жүрген, күйі мүшкіл, тұрмысы ауыр шынашақтай балалардың өмірін ойлай беруге уақыт та, мүмкіндік те таба бермейтініміз – шындық. Қалай десек те, әлеуметтік мәселелердің қарама-қайшы тұстары нәзік жүректі баланың тағдырына әсер етіп жататыны өкінішті-ақ...

Дәуіржан Төлебаев

3879 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6094

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5653

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3394

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2775

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2738

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2714

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2446

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2432

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы