• Қоғам
  • 02 Ақпан, 2012

ШЕТЕЛДІК ФИЛЬМДЕРДІҢ қазақшаланбауына не кедергі?

Ұлу жылының алғашқы айы да аяқталды. Бірақ еліміздің кино кеңістігінде, көпшілік күткендей, өзгерістер көзге іліне қойған жоқ. Бәрі бәз-баяғысынша. Осыған дейін шуылдаған орыстілді баспасөз де жым-жырт. Бұлай деуімізге басты себеп – мынау. 2010 жылы 27 мамырда Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» заңына толықтырулар енгізілген болатын. Бұл толықтыруларға жүгінсек, осы жылдың қаңтар айынан бастап, еліміздің аумағына әкелінетін барлық фильмге қазақ тілінде дубляж жасалуы тиіс еді. Заңдағы осы өзгерістен кейін орыстілді басылымдар шулап қоя берсе, бірді-екілі қазақтілді баспасөз ақпарат бергені болмаса, басқасы жақ ашпаған еді. Сөйтіп, «биылдан бастап шетелдік фильмдерді қазақ тілінде көретін болдық қой» деген көрермен қауымның да қуанышы ұзаққа созылмады. Мәселенің мәнісіне үңілелік.

Алдымен 2010 жылы 27 мамырдағы ҚР «Мәдениет туралы» заңының то­лықтырулар енгізілген бабының мәтінін оқырман назарына ұсыналық:

28-4-бап. Фильмдерді прокаттау тілі

1. Қазақстан Республикасының аума­ғында барлық фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады.

2. Ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуға тиіс.

3. Прокаттау мақсатында Қазақ­­стан Республикасының аумағына әкеліне­тін (жеткізілетін) барлық фильмге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап, қазақ тілінде дубляж жасалуға тиіс.

Алғаш аталған заңға осынау өзгеріс енгізілгенде орыстілді баспасөздің шуылдағанының мәні мынада еді. Әдетте, мемлекеттік тілді насихаттауға келгенде жақ ашпайтын орыстілді БАҚ қазақ тілінің аясын кеңейтуге бағытталған қадам жасала қалса, тыныс­тары тарылғандай тулап шыға келетіні бар емес пе? Бұл жолы да солай болды. Бұл бап, бір қарағанда, кез келген жанға түсінікті тілде жазылған, яғни биылғы қаңтардан бастап елдегі көрермен қауым шетелдік киноларды қазақша тамашалауы тиіс еді. Орыстілді БАҚ та осылай ұқты. Дереу әдеттегі әрекетіне басып, шабуылға шықты. Бұл үшін жаңа заңның «тиімсіздігін» айтып, оларын дәлелдеу үшін түрлі сылтау ойлап тауып, орыстілді қауымды сөзге тартқансып, «қоғамдық пі­кір» тудырған болды. Олардың ойын­ша, біріншіден, елде дубляж жасайтын студия­лар жоқтың қасы. Бұл – бір. Екіншіден, оны сапалы жасайтын білікті мамандар тағы жоқ. Сол себепті шетелдік кинопрокатшылар бізге кинотуындыларын сеніп табыстамайтын болады. Үшін­шіден, шетелдік киноларға қазақ­ша дубляж жасау үшін қыруар қаржы кет­еді, тіпті ол фильмнің еліміздегі прокаты­нан түскен қаржы да өзін өзі ақтай алмай қалады, керісінше, шығынға батырады. Ал, төртіншіден, мемлекеттік тілдегі фильмдерге көрермен қауымның сұранысы тым төмен болады екен-міс. Бесіншіден, елге әкеліп, оған қазақша дубляж жасалып болғанша арада біраз уа­қыт өтіп, елдегі көрермен қауым әлемдік премь­ераны уақытынан тым кешігіп көреді-міс. Міне, орыстілді БАҚ осындай ойдан құрастырған «дәлелдерімен» оқырман қауымды сендіріп болды. Шындығында солай ма? Олай болмаса, неге өткен бір айдың ішінде, тым құрығанда, шетелдік бір фильмді қазақ тілінде тамашалай алмадық? Заң неге жүзеге аспай жатыр? Осы сауалдарымызға жауап іздеп, «Қазақфильмге» хабарластық. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бас редакторы Дидар Амантай біздің осы сауалдарымызға былай жа­уап берді. Оның айтуынша «Мәдениет туралы» заңның 28-4 бабының бірінші тармақ­шасында еліміздің аумағында фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және өзге тілдерде жүзеге асырылатыны айтылған. Бұл жерде «барлық фильм түгел дерлік қазақ тілінде прокатқа шықсын» деген міндет қойылмаған екен. Хош делік. Ал екінші тармақшасында ұлттық фильмдерді, яғни ұлттық мәртебе алған фильмдерді «қазақ тілінде прокаттау жүзеге асырылуы тиіс» делінген. Ал ұлттық фильмдерді, негізінен, «Қазақ­фильм» түсіреді. «Қазақфильм» түсіретін барлық фильмдер не қазақша түсіріледі, не қазақша дубляж жасалады. Ал енді дау тудырып отырған, аталған баптың үшінші тармақшасына келсек, бұл жерде, ең алдымен, ел аумағына әкелінетін фильмдердің қанша данасына дубляж жасалуы керектігі нақты айтылмаған болып шықты. Бұл – бір. Екіншіден, сол қазақша дубляж жасалған нұсқасы «прокатқа шығуы тиіс» (кинотеатрларда көрсетілсін) деген сөз тағы жоқ. Бұдан кейін елдегі дистрибьюторлар прокатталуы тиіс фильм көшірмесінің бір данасының ғана қазақша нұсқасын жасап, сөренің бір жеріне қоя салуы мүмкін. Сұрап жатса, «міне, бізде бар» деп көрсетіп қояды. Үшіншіден, аталған заңның 28-2 бабында прокаттық куәлік берілетін фильмнен талап етілетін төрт құжат көрсетілген. Алайда көрсетілген құжаттардың ішінде «қазақша дубляж жасалған нұсқасы болуы тиіс» деген талап тағы жоқ. Ал енді «қазақша дубляж жасалуы тиіс» деген сөзге келелік. Бұл жерде «дубляж» деген сөздің өзіне түсініктеме берілмеген. Бұл қай дубляж: кадр сыртында сөйлейтін бір ғана актердің дауысымен жасалатын дубляж ба немесе әрбір кейіпкерді жеке-жеке актерлер дыбыстайтын дубляж ба, әлде субтитрлық дубляж ба (экранда аудармасы жазумен берілетін) – бұл жағы да нақты көрсетілмеген.

Ал керек болса?! Сонда «қазақша кино көретін болдық» деген көрермен­нің қуа­нышына су себілгені ме? Дау­рығып бастаған орыстілді БАҚ-тың да тына қалғаны осыдан екен ғой. Демек, аталған заңның бұл бабы үстірт қарастырылып, байыпты жазылмаған болып шықты. Міне, заңдағы осы өзгеріске қарсы жақ жоғарыда Дидар Амантай келтірген уәждерді алға тарту арқылы сытылып кеткен болып шықты. Ал бұған дейін шетелдік фильмдердің қазақша дубляждалуына қарсы даурыққан орыстілді БАҚ-тың да ойлап тапқанының бәрі жалған болып шықты. Енді олардың айтқандарына үңіліп көрелік. Олар жаппай жазғандай, елімізде дубляж жасайтын студиялар жоқ емес екен. Мұны «Қазақфильм» АҚ бас редакторы Дидар Амантайдың өзі жоққа шығарды. Оның айтуынша, дубляж жасауға қазақстандық мамандар мен студиялардың қарым-қабілеті то­лық жетеді. Бір ғана ҚР Мәдениет және ақ­парат министрлігінің тап­сырыс­­­­та­ры бо­й­ынша жұмыс істейтін Ш.Айма­нов атын­дағы «Қазақфильм» АҚ бұл сұранысты толық өтей алады, одан бө­лек елде сапалы өнім жасай ала­тын жекеменшік студиялар да қалыптасып келеді. Фильмдерді орыс тіліне аударуға кететін қаражат қазақ тіліне аударуға да жетеді. Қала берді, субтитрлық дубляжды (бейненұсқасы болса) кез келген компьютерде жасауға мүмкіндік мол. Тіпті оны телеарналар да жасай алады. Ал «дубляж жасауға кететін қаржы көп шығын әкеледі» деген де – жай сөз. Қаржы тек режиссер, оператор, актерлер және арнайы цехқа ғана жұмсалады. Бұл ел айтқандай мол қаржы емес екен.

Міне, орыстілді қауымның ойдан құрастырғаны. Даурығатын дәнеңе жоқ. Қала берді, дубляж жасауға қыруар қаржы да кетпейтін болып шықты. Олар мысалға келтірген «Тачки-2» мультфильмін дубляждауға кеткен қаржы өзін ақтамады» деген ақпараттары да шындыққа жанаспайды. Біріншіден, бұл мультфильмнің қазақша нұсқасының насихаты дұрыс жүргізілмеді. Отандық кинотуындылардың жарнамасы жөнді жасалмайтыны бір бұл емес. Дәл осы мультфильм телеарнадан көрсетілгенде кішкентай көрермен қауым оны сүйсіне тамашалағанын неге айтпасқа? Қала берді, Елбасының қолдауымен ашылған «Балапан» телеарнасынан қазір шетелдік кей мульфильмдер ана тілімізге аударылып беріліп жүр. Балалардың оларға ықыласы ерекше. Тіпті бүлдіршін­дер­дің біразының тілі осы ана тілінде көрсететін телетуындылардың арқа­сында шығып келетіні өтірік емес. Тек қазақ тілінде көрсетілетін балаларға арналған телетуындылар санының аздығы ғана көңіл көншітпейді.

Оған қоса орыстілді бас­ылым­дар шет­елдік кинотуындыларды дубляж­дау­ға қатысты Украинаның тәжірибесін дәлел ре­тінде қарастырған еді. Рас, Украина­да 2008 жылы ел президенті В.Ющенко­ның Жарлығымен шетелдік барлық фильм­дерге мемлекеттік тілде дубляж жасал­уы мін­дет­телген. Кейін кейбір кедергілерге байланысты шетелдік фильмдерге қойылатын талап – кадр сыртынан да­уыстап дубляждауды алып тастағаны­мен, мемлекеттік тілде субтитрлық дубляж жасалуын заң жүзінде міндеттеп қал­дырды. Оны неге айтпасқа.

Осы арада айта кететін бір жайт, заңдағы осы өзгеріске қатысты шу еткен тағы бір топ – елдегі кинотеатрлардың қожайындары. Олардың да дені өзге ұлт өкілдері екені белгілі. «Егер фильмдерді қазақшаласақ, көрерменімізден айырыламыз» деп дау шығарған да солар. Алайда біздің отандық кинотеатрлардың қаржыға байланысты ауыздарын қу шөппен сүртулеріне, тіпті, негіз жоқ. Өйткені біздің кинотеатрлар прокаттан түскен қаржының тек жартысын ғана фильмнің иесіне берсе, жартысын өзіне алады. Мұндай жағдай өзге елдерде кездесе бермейді. Өзге елдерде кинотеатр­лар прокаттан түскен қаржының тек 20-30 пайызын ғана өздеріне қалдырады. Бұл туралы кезінде атақты кинорежиссер Тимур Бекмамбетов отандық кинотеатрлар қожайындарының көздерінше айтқан болатын. Мұны Дидар Амантай да растайды.

Десек те, «Қазақфильм» АҚ бас редакторы Д.Амантай «фильмдерге қазақша дубляж жасалуы тиіс» деген талаптың өзін алғашқы қадамдардың бірі ретінде үлкен прогресс деп бағалауға болады, мұның өзі жаңа сапаға ұмтылуды аңғартады, алдағы уақытта «прокатқа шығатын осынша фильмнің осынша данасына дубляж жасалып, осынша кинотеатрда қойылсын» деген заң да шығуы мүмкін» деген ойын айтты.

4109 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6024

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5616

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3354

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2737

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2701

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2676

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2409

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2394

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы