• Қоғам
  • 08 Ақпан, 2012

Базарда ет өтпей ме, әлде қалта көтермей ме?

d0b5d1823Қазақ қазақ болғалы бері ет тағамдарын алдыңғы кезекке қойып келеді. «Ет дегенде бет бар ма» деп әзіл-шыны аралас айтып жатамыз. Мұның астарында шындықтың бар екені де рас. Біздің халық етті көп тұтынатын халықтардың қатарына жатады. Мұны айтып отырғанымыз, қандастарымыздың соғым науқаны алдындағы көңіл күйлері қандай болды? Соғым сою қаншаға түсті? Осы мәселеге ой жүгіртіп көрсек. Нарықтың құбылмалылығы сонша, биылғы баға келесі жылы дәл осы күйінде тұрады дегенге қазір ешкім сене қоймайды. «Азық-түліктің, ет өнімдерінің бағасы жыл өткен сайын қымбаттап барады» деген желеумен кейде ретсіз, кейде ретті қымбатшылықтың жағадан алып тұрғаны рас. Соғым іздеп сабылған жұрт базарға ағылады. Базардағы бағаны көріп, көңілдері су сепкендей басылады. Себебі баға бәріне бірдей қолжетімді емес. Былтырғы желтоқсан айының басында көпшілік әдеттегідей соғым қамына кірісіп кетті. Бірақ ол қымбатқа түсті. Әркім қалтасына қарай қамданады. Кейбіреулер өзара бірігіп, етті бөлісіп алады. Соңғы жылдары елімізде азық-түлік тауарларының, оның ішінде ет бағасының шығандап кеткені рас. Үкімет бағаны тежеуге тырысқанымен, одан оншалықты нәтиже бола қоймады. Көп жұрттың қалтасы қағылып, әмияны босап қалды. Арасында соғымды сойғандары да, соймағандары да бар. Бірқатар қала тұрғындарының пікірін білмек болып, «Осы жылы соғым сойдыңыз ба» деп сауал қойдық. Алған жауабымыз ала-құла болып шықты. Біреуі – «әрине, сойдық» десе, енді біреуі – «қайдағы соғым, мына қымбатшылық заманда» деп қысқа қайырды. Кейбіреулері – «екі үй бірігіп алдық» деп шаттанса, енді біреуі – «жоқ, алғанымыз жоқ» деп мұңаяды. Қарап тұрсақ, елдің бәрі жаппай соғым соймағанға ұсқайды. Нарықтың қыспағы, әсіресе зейнеткерлерімізге, қарт адамдарымызға оңай соғып тұрмағанын сездік. Соғым жайлы сыр суыртпақтасаң, «қымбат қой, өте қымбат» деп күрсінеді. Күрсіністері орынды. Бір қыста бір жылқы емес, оған қоса, бір сиыр, бір қой сойып алатын қазекем бүгінде етті «келілеп» қана алатын жағдайға жетті. «Көрпесіне қарап көсілетін» ағайын, шамасына қарай, еттің арзандауын іздейді. «Арзанның жілігі татымас» дегенге сайсақ, арзанның бәрі сапалы, құнарлы бола бермейтіні тағы бар. Мәселенің мәнісін білмек болып, ет саудасының қызып жататын жері орталық базарлардың бірі – Көк базарға барған едік. Обалы не керек, базарда ет мол. Алайда кезекке тұрып, ет алып жатқандарды байқай алмадық. Сауда қатарларын аралап жүрген бірен-саран адамды көріп қаласыз. Саудагерлердің айтуы бойынша, қазіргі уақытта жылқы етінің өтімі төмен. «Етті кім жегісі келмейді дейсіз? Бірақ оған бәрінің бірдей ақшасы жете бермейді. Сондықтан еттің сатылуы бәсеңсіп қалды. Халық, негізінен, соғымды тұтастай емес, мүшелеп қана алады. Мынау, міне, өткен аптадағы ет. Жаңасына әлі тапсырыс берген жоқпыз. Өйткені ет өтпей жатыр. Жаңа жылдың алдында сауда қызғанымен, қазір онша жақсы емес. Себебі қарапайым тұрғындарда ақша жоқ. Жылқы етінің келісі – 1400 теңге, қазы алсаңыз 2200-2500-ден, шұжық – 2000-2100 теңгеден. Еттің қымбат болуының себебі – қазір мал бағудың да оңай еместігінен. Жемшөп қымбат. Оның өзі әжептәуір шығынды керек етеді», – дейді базардағы саудагерлер. Ойша есептеп көрсек, 200 келі ет алсаңыз – 280 мыңды, ал 250 келі алсаңыз 350 мың теңгеңізді санап бересіз. Мұндай бағамен соғым алуға екінің бірінің шамасы келе бермейтіні анық. Еліміздің басқа өңірлерінде де соғымның бағасы шарықтап тұрғанға ұқсайды. Ресми емес деректерге сүйенсек, жылқының бағасы еліміздің кейбір өңірлерінде, мәселен, Қостанайда – 300-350, Кереку аймағында – 280-300, Оңтүстік Қазақстан облысында 250-280 мың теңгенің шамасында. Сонымен, көріп отырғанымыздай, соғымның бағасы жылдағыдан жоғары болып тұр. Бүгінгі базардың кейпі «Базарда бәрі бар, пұлың болмаса, әрі бар» дейтінге саяды. Халқымыз мұндайда «Базар – ақшалыға базар, ақшасызға – азар» дейді емес пе? Қалай десек те, аса қажет азық-түліктің, ет пен сүт өнімдерінің шарықтамағаны жөн еді. Өйткені әлеуметтік қиыншылыққа тап болған отбасылар үшін қымбатшылық іргеден соққан суық желдей әсер етіп тұр. Дәуіржан Төлебаев

3990 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7059

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6133

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3871

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3264

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3193

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2921

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2909

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы