• Қоғам
  • 12 Сәуір, 2012

Кітап – тілдің тұнығы

d0b6d0b0d0bad0b0d183Жақау Дәуренбеков, «Ана тілі» баспасының директоры, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты:

– «Қазіргі заманда кітап оқу қалып барады. Ел теледидар алдында, оқитынын, еститінін, көретінін содан табады. Білім бұлағы – кітаптың дәурені өтті» дегенді ашық айтатын болдық. Тіпті, мұны құптаушылар да, қолдаушылар да көбейіп келе жатқан секілді. Секілді емес-ау, қазір осы қазақ кітабын көрмейтін болдық қой. Бұған не дейсіз? – Мұндай пікірлер жиі айтылады. Естіп те жүрміз, көріп те жүрміз. Өз басым бұл пікірлер туралы мәселенің негізіне, бағыт-бағдарына, қалыптасқан жағдайына бойлай отырып ой түйгенді жөн көрем. Біріншіден, қазақ кітабы көрінбей кеткен жоқ, шығып жатыр. Көргісі келмейтіндер, әрине, көрмейді, тек кітап дүкендерінде тым аз ғой десе бір сәрі. Жалпы, республикамызда кітап шығарумен айналысып отырған баспалар өте көп. Ал шығып жатқан кітаптардың аздығын, әрине, оның ішінде қа­зақ кітаптарының тым аздығын мойындауымыз керек. Бірақ мемлекеттік тапсырыспен шығып жат­қан кітаптардың түгелге жуығы қазақ тілінде екенін ескерейік. Бұл – өте жақсы құбылыс. «Баспа қызметі саласында жалпы тиражы екі миллионға жуық дананы құрайтын әлеуметтік маңызы бар әдебиеттің 467 атауын шығару қамтамасыз етілді», – деген нақты мәлімет осының айғағы. Бұл 2011 жылы шығарылған кітаптардың шығарылу көрсеткіші. Енді өзің безбендей бер: аз ба, көп пе? Ал «Кітап – білім бұлағы» деген мәртебесінен айырылып барадыға» келетін болсақ, бұл да ауызекі болжам, жалпылама ұйғарым. Рас теледидарды көруші көп, интернетті пайдаланушылар көбейіп келеді, соған қарап кітаптың құны да, қадірі де кетті деу – қателік. Интернетті пайдаланушылар бізден әлдеқайда көп Ресейде кітап қалай шығатынын, қалай дүркіреп дамып келе жатқанын көріп-біліп отырмыз. Оған кітап дүкендеріне кірген кезде бірден-ақ көзіміз жетпей ме? Бұл кітапқа сұраныстың бірден-бір көрсеткіші. – Әлгі өзіңіз айтқан миллиондаған дана боп шыққан кітаптар қайда кетіп жатыр? Ауыз толтырып айтарлықтай таралым ғой. Соны біз көрмей жүргеніміз қалай? – Бұл кітаптар шашау шығарылмай кітапханаларға жөнелтіледі. Әрбір аталым 2000-3000 данамен шығарылады. Бұлардың ішінде проза, поэзия, публицистика, ғылыми-танымдық әдебиеттер, аударма, балалар әдебиеті, өнер, драматургия, фотоальбомдар, мәдени мұралар... бәрі бар. Олар бүкіл облыстық кітапханаларға, Алматы, Астана қалаларының барлық кітапханаларына, сондай-ақ бүкіл жоғары оқу орындарының кітапханаларына тегін жеткізіліп беріліп жатыр. Бұл кітапқа деген үлкен қамқорлықтың, көмектің жемісі деуге болады. Ал кітап дүкендеріне жетпеуі – басқа мәселе. Негізінен, бұл – шындық, қазақ кітаптары кітап дүкендеріне жете бермейді. – Неге? Мәселенің бәрі осыған келіп тіреледі ғой? «Қазақ кітаптарына сұраным аз, өтпейді» деген пікір алға шыға ма? – Осы күні «өтпейді», «жетпейді» дегенді қақпақыл ғып айтады. Шын мәнінде бұл ұйғарым­ның астары әріде. Әуелі «өтпейдіге» келейік. Қазақ кітабы неге өтпейді? Біріншіден, бағасы удай қымбат. Ресейдің топан боп ағылып жатқан кітаптарының бағасы қолжетерліктей. Себебі – олардың өзіндік құны төмен, қағазы, қосымша құн салығы, тиражы бәрі қолайлы шешілген. Бізде кітапқа қажеттінің бәрі сырттан келеді. Қазақ кітабының арзан болуы үшін қолайлы жағдайлар жоқ. Оның қосымша құн салығы, корпоративтік салығы, тасымал және сатушының шектен тыс қосып сататыны бәрі-бәрі кеп оны қымбаттатып жібереді. Екінші, «жетпейді» дейтіні рас. Шыққан кітаптар Астана мен Алматының, облыстың дүңгіршектерінен шыға алмай, әлгідей удай бағамен ұсынылады да тұрып қалады. – Сонда мұндай тығырықтан шығудың жолы бар ма? Қазақ кітабы бұл күйінде мүлде тұйық шеңберде қалуы мүмкін ғой? – Әрине, қазақ кітабының бұл мәселесін назар­дан тыс қалдыруға болмайды. Менің осы баспа сала­сында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқандықтан, қазақ кітабының кең таралуының жолдары жайлы азды-көпті өз пайымдарым бар. Айталық, кітаптың кең таралуы үшін алдымен не керек, әрине, сауда орыны керек. Яғни, кітап дүкені. Бізде қазір ол бар ма? Жоқ. Енді мынаны алып қараңыз: республикамызда екі жүзден астам аудан бар. Сол аудандардың әрқайсысында бір дүкеннен ашылса, оның бір жүйе­ге бағындырылған орталығы болса дейік. Әр ауданда­ғы бір кітап дүкені бір кітапқа 50 данадан тапсырыс беретін болса, осылайша барлық тапсырыс орталық сауда орнына түсетін болса, жай кітаптың өзі он мың тиражбен жарыққа шыққан болар еді. Осындай бір орталығы бар жүйе құрылса, қазақ кітабының бизнесі дүрілдеп кетері сөзсіз. Әр аталымның бір ауданға елу данадан таралуы да түкке тұрмайды. Ал осындай жүйесі болмаса, әр ауыл емес, тек аудандарының өзінде дүкені болмаса, қазақ кітабы қалай өтеді, ауылға кітап қалай жетеді!? Міне, кітап бизнесінің осы жағы қолға алынатын болса, қазақ кітабының таралымы қатты өсетін болады. Әрбір кітап он мың данамен шығатын болса, автордың қаламақысы да қоса өсетінін тағы ескеруіміз керек. – Егер әр ауыл, әр мектепке кітап он данадан барса оның таралымы 50-60 мыңға баруы мүмкін. – Бұл үшін, әрине, қазақ кітабының бағасы арзан болуы тиіс. Ол үшін қолайлы жағдай жасалуы керек. Айталық, сырттан инвестиция әкелгендерге, бизнес жасаймын дегендерге түрлі жеңілдіктер беріліп жатқан жоқ па? Әлгі экономикалық аймақ жасап өндірісін-бизнесін дамыту үшін де түрлі жеңілдіктер беріледі емес пе? Қазақ кітабының дамуына да, онымен айналысатындарға да жеңілдіктер жасалуы керек деп ойлаймын. Сондай жағдайда қазақ кітабы көптеп шығады, көптеп шығарылған кітап арзан болады. Арзан кітапқа қалың оқырманның қолы жетерліктей болады. – Сөзіңіздің жөні бар. Мұнда, әсі­ресе, балаларға арналған кітаптарды, ертегілерді, Алпамыс, Қобыланды секіл­ді батырлар туралы эпостарды арзан қағазбен, әшекейлемей-ақ, жеке-жеке кітап етіп шығарса өтімді болар еді. Ал қымбат кітапты алуға халықтың қолы жетпейді. Сөйтіп, олар кітаптан, тіпті, суынып кеткен жоқ па? – Суынып дегенге сенбеймін де иланбаймын. Бәрін тежеп тұрған қымбатшылық екенін өзіңіз де біліп айтып отырсыз ғой. Мына қызықты қараңыз: жақында Алматыдағы «Мәдениет» кітапханасының басында болған оқиғаны білетін боларсың. Жетпіс жылдан астам тарихы бар кітап ордасының басына төнген жайт бүкіл елді дүр сілкіндірген жоқ па? «Кітап таратылып жатыр», «арзан бағамен әкетіп жатыр» дегесін ел лап қойғанын көрдік қой, тіпті, машина-машинамен кітапхана алды халыққа лық толды емес пе? 50-100-150-200 теңгелік кітаптарды қалай сатып алды десеңші... Мұның өзі бір жағы елдің кітапқа деген көзқарас-ықыласы түзу екенін, екінші жағынан кітап алайын десе қымбаттығынан қолдары жетпей жүргендігін, үшінші жағынан қол жетерліктей бағамен сатылса қазақ кітабы әлі де керек екенін көрсетті. Тіпті, дәлелдеді емес пе? Егер елдің бәрі тек компьютерден көз алмайтын болса, кітаптың бәрін содан оқып-тоқитын болса, кітаптарға лап қоймас еді деп ойлаймын. Демек әрбір отбасына шағын болса да өзінің кітапханасы керек екен. Қара қазақ кітап алуға, жинауға құлықты екен. «Қолбайлау боп тұрғаны – әттең қымбатшылық екен» деген ойға келдім. Кітап, әсіресе, жастарға керек қой. – Баспалар көп. Бұл кітап жазғыштардың қаулап өсуіне қолайлы боп отырған жоқ па? Алтынмен аптап, күміспен күптеп дегендей... көздің жауын алады кітаптары? Мұндай кітаптарды сән ретінде алмаса, оқырмандар тұшынып оқымайтыны анық. Тіпті, кейбір авторлар қазақтың ұлттық қасиетіне қарсы кітаптар да шығаратын болды. – Бұл да нарықтың заңына, заманына сәйкес туындаған үрдіс. Баспагерлік тәжірибесі, баспалық біліктілігі, редакторлық қиын еңбектен хабары болмаса да оңды-солды кірпіш кітаптарды шығару белең алды. Дегенмен, баспалардың көп болғаны дұрыс, бұл бір жағы бәсекелестікті дамытады, екінші жағынан баспаның дамуын жеделдетеді. Бірақ қолға алған істің кәсіби жағын меңгермей болмайды. Әлгідей кітаптардың шығуына қалталылар қатты демеу болып отыр. Бәріміз білеміз, тіпті, көптеген журналистер оларға жазып беріп жүргені бар. Ақшаға жазу, ақшамен шығару, сөйтіп, атан түйеге жүк болардай, энциклопедияның көлеміндей ғып кітап шығару, сөйтіп, отбасын, өзінің жүрген-тұрғанын тәптіштеп, суреттерін тоғытып салып шығару деген қатты дамыды. Шекесіне роман, повесть, трилогия, эпопея дегенді қонжитып қоюы өз алдына. Олар оқырмандарды өстіп адастырып әлек. Тасқа басылғаннан кейін қарапайым халық нағыз көркем жазылған роман мен атына сай емес романды, нағыз жазушы мен қалталы «жазушыны» ажырата алмай қалды. Әдебиет, оның қолға ұстар қадірлісі – кітап біздің рухани қазынамыз ғой. Ол – таза, саф қалпында, қойыртпаққа араласпай, әсіресе, жастарға ұлттық қасиет дарытатындай болып жазылуын армандаймын. Нағыз баспалардың басты мақсаты да осыны ұстаным етуі керек. Әлгідей қомақты ақшамен шығарылып, туған-туыс, дос-жаранға ғана емес, қалың елге тарату қалың оқырманның талғамын қалыптастыруда қателестіреді. Ең қауіптісі – жастарды ата салттан, ұлттық құндылықтан бездіретін кітаптар да пайда бола бастады. Қазір кімнің кім екенін ажырату мүмкін болмай барады... – Жаңа есім, жақсы кітаптың жолын қалай ашуға болады? – Кітап насихатының болмауы осыған себеп боп тұр. Бұрын шыққан кітаптар жайлы сын-пікірлер шығып, қандай жақсы дүниелердің келгенін айтып жататын. Оқырман соған қарап бет түзейтін. Аталған кітаптарды іздеп жүріп оқитын. Қазір жағ­дай мүлде басқаша. Айталық, бір қалталы қап-қалың кітабын шығарады. Өзі жайлы, руластары жайлы, үрім-бұтағы, істеген қызметі жайлы. Қалыңдығы кере қарыс кітапты әуелі әлгідей туыстарына, сонан соң ауылдастарына, содан аудандағы мектеп мұғалімдеріне, мемлекеттік қызметшілерге тізімдеп тұрып та таратып тастайды. Әрине, жергілікті мықтының әмірімен не нұсқауымен, емеурінімен. Артынан келіп ақшасын жинап алып кетеді. Үйге солай бір кітап келгесін оны қарайды, оқиды, парақтап көреді дегендей. Сосын «Пәлі, пәленше мықты жазушы бопты ғой» деп пікір түйеді. Міне, қазіргі оқырман талғамы осылай қалыптасып жатқаны шындық. Мұндай кітаптарды сараптаған сыни пікірлер, зерттеулер керек. Сөйтіп, кітаптар ұлттық рухтың бағдарында жоғары талғамдық деңгейде жазылуына ықпал ету қажет-ақ. Мұндай насихат қоғамдық, идеологиялық-ақпараттық тұрғыдан да назарда болуы керек-ақ. Бұл оқырман талғамының тоқырауға ұшырамауына мүмкіндік беретін бірден-бір нақты жол деп ойлаймын. – Мұндай мәнсіз кітаптарды кім батылы барып сынай алмақ? Сыни пікір жазғанды қас дұшпанға балап өштесіп, соңына шырақ алып түседі. Шынайы қаламгерлерге өз кітабын жарнамалау, насихаттау үшін де ақша керек. Олардың өздері жарнамалап жатпаса, оқырман қайдан біледі? Тіпті қазір жас буын белгілі ақын-жазушыларымызды білмейді, олар ұмытыла бастады десек, қалай дер едіңіз? Олардың кітаптарын қайталап басылып, насихаттау шараларын ұйымдастыруға да қаржы керек. Әрі олардың жоқтаушы жанашыры болмаса, мұндай істің қолға алынуы неғайбіл. – Сөзіңнің жаны бар. Кейде журналистика мен филологияда оқып жүрген студенттерден «кейбір әйгілі ақын-жазушыларды білесің бе» деп сұрасаң иығын қиқаң еткізеді. «Ол кісілердің кітаптарын көрмедік қой» дейді. Расында да кітабы жиі шықпағандықтан, оқырман авторын ұмытады. Ал кітап шығарып жүрген қаламгерлеріміз қалың оқырманмен жүздесу ұйымдастыруға мән бермейді. Бұрынғындай «кітабым шықса болды, ел сөреде жатқызбай алып кетеді» деп ойлайды. Оқырмандар бұрынғыдай өзін таниды деген сенімде. Уақыт-заман өзгерді ғой. Оның өз заңдылықтары өмірге енгенін мойындағысы жоқ. Бүгінгі қаламгер өз кітабын алдымен өзі насихаттап өткізуі керек, тіпті, өзі сатуы үшін жәрмеңкелерге белсене қатысуы керек. Оқу орындарына, мектептерге, ауыл-селоға жиі барып шығармашылық кездесулерде кітаптарын өткізуге, сатуға арланбауы тиіс. Бір мысал, былтыр Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында қалалық кітап жәрмеңкесі екі рет өткізілді. Екеуіне де республикалық баспалардың біразы қатысты. Авторлар шақырылды. Соған келген авторлардың кітаптары өте жақсы өтті, ал өкініштісі, шақырылған көптеген авторлар келмеді, қатыспады. Осыдан-ақ өз кітабына деген қаламгердің ықыласы көрінбей ме? Өзін, кітабын құрметтейтін қаламгерлер бұлай жасамауы керек деп ойлаймын. – «Жаңа заман – жаңа туынды» деген көп айтылады. Бірақ шығып жатқан жаңа туындылар жайлы естімейміз. Тіпті, ақын-жазушыларыңыздың дені ескі кеңестік көзқарастан арылған жоқ. Қазақтың ұлттық салт-санасына қарсы пікірлер толғаған өлең-жырлар­дан, әңгіме-романдардан оқырмандар зеріккелі қашан? Әлі күнге дейін жастар өнеге тұтып еліктейтіндей нағыз қазақ тұлғасы сомдалған туынды бар ма, әлде мүлде жоқ па? – Баспаларға «мынау жаңаша жазылған туынды еді» деп келіп жатқан қаламгерлер жоқ. Рас, поэзияда бұрқыратып жазып, оқырман назарына ұсынылып жатқан жыр жинақтары жетерлік. Кешеуілдеп жатқан – проза жағы. Прозаиктер әңгімеден аса алмай жүргендей. Әрине, роман, повестер ұзақ қорытылу процесін талап етеді. Қаламгер тақырыбын таба білмей, шабыттың соқпағына түсе алмайды. Мынау өмірдегі құбылыстарды әбден санасына сіңіре алмай, одан шығармаға лайықты саңылау – идея таба білмесе, қаламына қуат бітпейді. Қазіргі жағдайда прозаиктер тоқырау үстінде секілді, өйткені оны рухтандыратын рахман көзі табылмай отыр. Бәрінен көңілі қалғандай, іштей қоғамдық үрдіске қанағаттанбаушылық құрсауында қалғандай. – Қалай ақтасақ та ақын-жазушылардың кемшілігін оқырмандардан жасыру мүмкін емес. Өзіңіз айтқан құрсауды журналистер қауымы бұзып-жарып өтіп жатыр. Ал ақын-жазушылар болса «мәңгілік туынды жасаймыз» деген қиялмен өмірден алшақ, қазаққа қажетсіз дүниелер жазумен әлек. Тіпті, қылышынан қан тамған қызыл империя кезінде Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер қазаққа қажет туындыларымен оқырманды тәнті еткен жоқ па?! – Қаламгерлер бәрін түсініп те, біліп те жүр. Оның үстіне жазғанына алатын қаламақы жайы да қарын аштырады. Олар іздену үстінде. Ізденудің өзі шығармашылық үдеріс. Мұндай жайт түптің түбінде тың тақырыптарға түрен салғызады деп сенемін. – Көріп жүрген бір жайт, көрші Ресейде кітап шыға­рудың қарқыны қатты. Тіпті, Ресейдің кітаптарының тасқынына төтеп беру мүмкін емес. Сол кітаптардың барлығы дерлік бұрынғы классикалық дүниелер емес. Жаңадан жазылған жүрдек жанрдың жемістері. Олар детективтер, шытырман оқиғалы, рэкет, қарақшылық, махаббат машақаттарына құрылған повестер, шағын романдар болып келеді. Бір таңқаларлығы – олар көптің сұранымына ие, сондықтан, таралымы да орасан көп. – Ресейдің қаламгерлік қуаты да, қарымы да күшті. Бізде қаламгер атанып жүргендер көп көрі­нер, бірақ қара нардай қайыспай отырып, бармағы майысып, көз майы таусылғанша еңбек етуге жағдайы жоқ. Көп қаламгерлеріміз әлі сол баяғы шыққан кітаптарымен малданып жүр. Жастар жағы да прозаның көк мұхитына жүректері дауалап бара бермейді. Қарап тұрсақ, әрбір қоғамның өзінің насихаты болған. Соған сай кітаптар жазылған. Айталық, кеңес дәуірінде жұмысшы тақырыбына, малшылар тақырыбына, Ұлы Отан соғысы тақырыбына, тың игеру тақырыбына секілді тапсырыстар болды емес пе? Өзіміз білетін «Қазақ солдаты», «Шығанақ», «Мил­лион­ер», «Ленинградтық өрендерім», «Түрк­сіб», «Раушан-коммунист», «Қызыл ат», т.б. Сол кезеңнің бағыт-бағдары осындай туындыларды жазу­ға мәжбүрледі. Қазір де осындай бағдардан қол үзе алмау басым. Ал заманның бағытын жіті біліп қалам сілтеуге мүмкіндік бар. Алайда құлшыныс жоқ. Мынадай тақырыпқа «бір повесть, ия роман жазып әкелші» дейтін болсаң, ықылас танытып елп ете қалар қаламгерді көргенім жоқ. Әйтпесе, айналамызда болып жатқан оқиғалардың өзі талай шытырман оқиғалы оқылымды кітаптарға сұранып тұрған жоқ па? Қамтуы мен қарымы үлкен роман емес, қазіргі оқырманға керек шағын, жеңіл оқылатын ресейлік повестер секілді дүниелерді жазуға, сөйтіп, өміріміздің осы бір кезеңін көрсететін детективтік, психологиялық, тарихи, саяси, фантастикалық дүниелерді жазуға әбден болады деп ойлаймын. Бірақ қаламгерлердің белсенділігі, ұшқыр қаламы керек. Мұндай дүниелер сұранымды, баспалар да ондай кітаптарды шығаруға ықыласты. Тапсырыспен жазуға арланбау керек, тапсырыспен жазу арқылы да оқырманның көңілін жаулап алар небір жақсы дүниелерді әкелуге болады. Мұндай тәсілді – өмірдің тапсырысы деп қарау керек. – Мұндай тапсырыстардан қашатыны неліктен деп ойлайсыз? Әлде тапсырыспен шапшаң жазуға шамасы келмей ме? – Тапсырыс беруге, бағыттауға болады. Бірін­шіден, мәселе қаламгердің жазуы мен қабілетіне байланысты. Екінші, қаламгерді қаламақы ойландырады. Біздің қаламгерлер барлық мамандықтардың ішіндегі ең кедейі. Қарапайым әнші фонограммамен ән айтып, ас та төк өмір сүреді, машина, коттедж, шетелдік қыдырыс, туған күнін тойлау, теледидардан түспеу... оларға ойнап жүріп өмір сүруіне жағдай жасап отырса, қаламгер жылдар бойы жазғанына татымайтын бірдеңе алады. Кітабы жарнамаланбайды, кітап дүкендеріне түспейді. Мұндай жағдай оның шығармашылық дамуына, өндірте жазуына мүмкіндік бермейді, керісінше, тоқырауға тартады. Сондықтан, қаламақыны көтеру мәселесі өздігінен кеп туындайды. Жалпы, елдің экономикасы көтерілгенде қаламгердің еңбегі де көтерілуі керек. Ол үшін қазақ кітаптарынан қосымша (үш жылға) құн салығы алынып тасталуы керек, корпоративтік салық та солай.... Кейбір салаларға тынысын ашуы үшін көмек беріліп жатады емес пе? Сол секілді кітап саласына да субсидия молынан берілуі керек. Қоғамдық-саяси тұрақтылыққа рухани құндылықтардың қосар үлесі аз емес. Рухани құндылықтар негізінде қоғамның барлық саласы бекемдене түсетінін естен шығармауымыз керек. Сонымен қатар, қазіргі оқырман талғамына, талабына сай шығарма жазумен қатар оны өткізуге де белсене қатысып табыс табуға бейімделе білуіміз керек. – «Кітап оқылмайды, кітаптың қажеті қанша, интернет бар» дегендей әңгіменің растығына қалай қарайсыз? Кітап оқымайтын болғанын жұрт ашық айтады, тіпті, оны тұрмыстан тыс нәрсе көретін секілді. Оны айтасыз, қазіргі буын ақын-жазушылардың аттарын да білмейді, яғни белгілі ақын-жазушыларымыз ұмытылды дегенді естіп қана емес, мойындай да бастадық. Қазір көшеде келе жатқан жастардан кез-келген белгілі ақынды немесе белгілі шығарманың авторын сұраңызшы «білмеймін» деп иығын қиқаң еткізу әдетке айналғаны жөнінде жаңа өзіңіз де әңгімелеп, мойындадыңыз ғой. – Әуелі «кітап оқылмайды» дегеніңе келейік. Рас, баяғыдай қойшының қонышында жүретін кітаптың күні жоқ бүгінде. Ал оқылу үшін алдымен кітабың болуы керек емес пе? Оны қайдан алады? Бүгінде қазақ кітаптарын іздесең таба аласың ба? Әрине, жоқ. Өйткені кітап дүкендері саусақпен санарлықтай. Айталық, рес­публикамызда екі жүзден астам аудан бар. Шағын ауыл-село, мектебі бар елді мекендерді қоспағанның өзінде, тек осынау аудандардың өзі дүкенсіз. Облыс орталықтарында бар дүкендерге қатынап кітап алуға бара бермейтіні түсінікті ғой. Осынша елді мекендерде кітап дүкендері болса, он­да қазақ кітаптары жайнап тұрса, кітаптың оқы­­лып-оқылмайтынын сонда көрер едік. Кітаптың жет­пей жатуы да, оқылмай жатуы да, ақын-жазушылар­дың ұмытыла бастауы да осыдан келіп шықпай ма? Бұл жерде біздің рухани мүддеміз назардан тыс қалған деуге болады. Айта беретін интернет, компьютерлік жазбадан оқуға болады, шапшаң әрі оңтайлы деудің бәрі – екі жақты ұғымдар. Меніңше, кітапты экраннан немесе парақ беттерден оқу адамның тұрмысында ыңғайлы, жайлы дей алмаймын. Кітап деген кез-келген уақытта қолыңның астында, суырып алып қарай қоятын, қайталап оқитын дүние. Интернеттен оқу, жазу – ғылыми жұмыстар, рефераттар, тарихи мағлұматтар, зерттеулер жазу үшін ғана қолайлы нәрсе. Көркем шығарманың шырайы, аурасы кітапта ғана болады. Сондықтан, кітап дүкендері көбейсе, қазақ кітабы ауылға, ауданға жетсе – біздің өрісіміз де, өркеніміз де құлаш жаяды. Адам капиталы – кітап капиталымен бірдей дамуы керек. Кітапқа керегі – дүкендер арқылы жолын ашу, қаламгерлердің де оқырманына жолын ашу деген сөз. Осындай қажеттіліктер жасалуы керек, оны қалыптастыратын қамқорлық керек. – Кітаптың насихаты, жарнамасы жөнінде не айтар едіңіз? Жақсы кітап өзі-ақ оқырманның көңілін жаулап алады деген көзқарасқа қалай қарайсыз? – Бүгінде қоғам да өзгерді, оқырман да өзгерді. Қоғам дамуы бағыттаушы бағдарламалар арқылы жасалады. Оқырманды да бағыттап отыру өте-мөте қажет. Нарық, ақша, байлық – бірінші кезекке шықты. Қазіргі пайым соны төңіректейді. Демек, кітапқа назар аударту баспаның, автордың қолынан келмейді. Қазіргі заманның тетіктері үн қосуы керек. Мықты шығарманың өзі айтпаса, жарнамаланбаса, насихатталмаса, елеусіз қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, қазақ кітабының насихаты – рухани қазыналардың ғана емес, ұлттық болмысымыздың, ана тіліміздің насихаты. Тұрақты әрі жүйелі насихат болса, қазақ кітабына деген көзқарас, қоғамдық ахуал, оқырмандар сұранымы қалыптаса бастайды. Осы ретте бұл ізгілікті шаруаны игілікті етуді қазақ баспасөзі – газет-журналдар, радио мен теледидар назарда ұстауы керек-ақ. Тіпті, оны қазақ тілінің дамуына үлес қосу жолындағы парызым деп түсінуі керек-ақ. Бізде қазір баспалардан не шығып, не қойып жатқанын ешкім біле бермейді. Оқырманды да бағыттап отыру керек дейтініміз содан. Қоғам жаңа буын жастармен, жас толқындармен толығып жатыр. Жоқ деп, отыра бергеннен, барды бағалай білмегеннен ұтыларымыз сөзсіз. Жақсы кітап пен авторды насихаттай білу, оны оқырманмен таныстырып отыру, ол жайында пікір қалыптастыру әдебиетіміздің дамуына, руханиятымыздың кемелденуіне серпін береді. Кітап насихаты, ең алдымен, кітапқа деген көзқарасты қалыптастырады, кітаптың қалың оқырманға барар жолын ашады. – Кітап оқуға деген ынтаны қалай оятуға болады? Әлде оның қажеті жоқ па? Бәлкім жаһанданудың жаңа өзгерістеріне кітапсыз-ақ баруға, кітапсыз-ақ өмір сүруге болатын шығар? – Жаңағы кітап насихаты дегеннің өзі осыған берілетін жауаптың бір парасы. Оқырманның психологиясы өзгерді. Бұл – заманның әкелген тікелей ықпалы. Біз осыған бейімделуіміз керек. Демек, жазылатын, шығатын кітаптың формасы, тәсілі, стилі де осыны ескеруі керек. Бұл ретте көсем сөз (публицистика) алға шықты. Айтарын тікесінен айтып салады, оза сөйлейді. Ұлы шығармалар болмаса да уақыттың шығармалары туып жатыр. Тек оны көріп бағалау үшін әуелі оқу керек. Бізде қаламгерлер кітаптарды былай қойып, көсемсөздерді де оқымай­ды, жалпылама сөйлейді. Мұның да екі жағы бар: бірі – көпшілікке керек кітаптар бар, екіншісі – көр­кемдікті кредо етер қауымның іздейтін кітабы бар. Міне, осы тұрғыдан алғанда оқырманның ықыласын оятып, бағыттап отыратын насихат күшті болуы керек. Оның басты мақсаты – жаһанданудан, өзге тілдің экспансиясынан сақтап қалатын ұлтымыздың ұстыны қазақ кітабы екенін естен шығармау. – Қазіргі кітап шығару ісінде де тендерлік жүйе қалыптасқан. Осының өзі кітаптың құнына, бағасына, таралымына, сапасына ықпал етуі қандай дәрежеде? Оның жақсы жағы мен кемшін тұсы туралы не айтуға болады? – Жалпы, мемлекеттік тапсырыспен шығары­л­атын кітаптардың осы күйі құптарлық, әрі кітап шығарудың бірден-бір мақсатты, әрі тұрақты түрі деп есептеуге болады. Шығарылған кітаптардың кітапханаларға тегін таратылуы да оқырмандар үшін жасалып жатқан үлкен қамқорлық. Ол кітаптардың тақырыптық жағынан үлкен сараптамадан өтіп, іріктелуі де өте орынды. Қазір ешбір жазушы менің кітабым пәлен жылдан бері шықпай келеді деп айта алмайды. Бұл да үлкен жетістік. Бұл да нарықтық қатынастардың қалыптасқан бір жүйесі. Барлық тапсырыс тендерлік сату-сатып алу ережесімен жүргізіледі. Бұл бәсекелестікті туғызады, бәсекелестік сапаға тікелей әсер етеді деген түпкі мақсатты көздейді. Дұрыс-ақ дейік. Бірақ әр саланың ерекшелігі бары ескеріле бермейтіні қынжылтады. Кітап шығаруды құрылыс салумен салыстыруға келмейді. Осы жерде тендерлік жүйеде­гі демпинг мәселесі үнемі алдымыздан шығады. Мұның қарапайым ұғымы – кім арзан бағамен шығаратын болса немесе сататын болса, сол ұтады. Қарапайым тілмен айтқанда, бір шағын кітапты біреу шығару үшін бір миллион деп қойылады. Тендерде оны жеңіп алу үшін біреу ең төменгі бағаны қояды. Айталық, жарты бағасын қоя салады. Сөйтіп, жеңіп кетеді. Ал шын мәнінде ондай бағаға дұрыс кітап шықпайды. Бірақ жеңу үшін әлгідей «демпинг» дегенге барады. Міне, осындай мәселенің түйткілі әлі шешімін таппай келеді. Ал мұндай демпингпен алынған кітап сапасының, оның авторына төленетін қаламақының қандай болатыны өзінен-өзі түсінікті. Мұны жөндеудің, ретке келтірудің бірден-бір жолы мемлекеттік сатып алу заңына түзетулер енгізу болмақ. – Кітапты оқырман бағалауы керек пе, қоғам бағалауы керек пе? – Кітапсыз қоғамды елестетудің өзі қисынсыз. қоғам кітапты бағалауы керек. Сана-сезімі жоғары әлеуетін ойласа, өркениетте білімі мен өресі биік халық ретінде қалыптасамын десе кітапқа қамқор­лық жан-жақты болуы керек. Ал оқырманның кітапты бағалауы әркімнің жеке ұстанымына, білім деңгейіне, рухани сұранысына байланысты болмақ. Жалпы, кітап – мемлекеттік құндылық. Осы тұрғыдан аз ғана әдебиетшілер тобының төбесінен қарамай, ұлттың қазынасы ретінде қарау басты парыз болмақ. Теңеумен айтар болсақ, экономикада мұнай қалай бағаланса, руханиятта да кітап солай бағалануы керек. Өйткені, «кітап – білім бұлағы, өмір шырағы» деген сөз бекер емес. Күндердің күнінде сарқылатын мұнай сияқты емес, кітап ұлтпен бірге өмір сүреді, ұлтпен бірге жасайды. Тілдің, білімнің, ілімнің, болашақтың қайнары кітап. Ол қоғамның келбетін көрсетеді, қоғамның дамуына, бағытын түзеуіне дәнекер болады. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Қуанбек Боқаев

7536 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7186

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6189

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3930

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3321

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3279

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3248

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2976

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2964

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы