• Руханият
  • 26 Сәуір, 2012

«Түнгі оттардағы» күн шуағы

Жас ұрпақты, әсіресе, ел тәуелсіздікке қол жеткізген жаңа кезеңдегі ақпарат топанына тоғытылып жаңғырған сана иесі – бүгінгі жас буынды, келешектің иесін тәрбиелеу жайындағы мәселе – қай заманда да күн тәртібінен түсіп көрмегені шындық. Бұл жайында Бәрі айтады, Ақыл айтады, Кеңес айтады. Мысал келтіріп айтады. Біліп айтады. Білмесе де, өз жөнін жөн көріп айтады. Қинала айтады. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді. Неден бастап түзеу керектігін ешкім айтпайды. Жазушы Заря Жұманованың шығармасында қоғамдағы көнеру мен жаңарудың өліара кезеңіндегі жаңа мінез-құлық иелері арқылы жылт еткен үміт ұшқынынан жақсылықтың жалыны лаулайды. Түнгі от адамға не береді? Қараңғыда жағылған шырақ па, әлде елсізде қор­қаудың қамауында қал­ған жолаушының қурай тұтататын шақпағы ма? Әйтеуір, тіршіліктің, жақсы үміттің, жоқ іздеудің, барды түгендеудің қам-қарекетіне қажетті нәрсе екендігіне күмәнім жоқ. «Түнекке жұтылған түнгі оттардағы» жолаушы қос келіншек түн тылсымын тіле заулап келе жат­­қан пойызбен қапталдаса жылт-жылт еткен айдалада­ғы жалғыз-жарым ауыл оттарының қараңғы­лық қойнауына сіңіп, ғайыпқа айналып жатқан көрінісіне ұзақ тесіле қарап отырып, суыртпақтап сыр шертіседі. «Түнгі оттар қандай аянышты?! Бұрын мен де айдаладағы меңіреу ауылда тұрғам...» дейді қара торы келіншек. Тағдыр өзі жарылқап, тағдыр өзі жылатқан, сол тағдыр ойда жоқта жар құшу бақытына кенелтіп, сол бақытынан ойда жоқта көз жаздырған кеншілер қалашығында тұратын жас жесірдің дүниеге ұл әкелген сәттегі жердің бір солқ еткені – шахтадағы жарылыста жер астында қалған жан жарының өлімі – бір түнек пен бір сәуле қабат келетін өмір заңдылығының мысалы. Жазушы З.Жұманова шығармасында қоғамда­ғы көнеру мен жаңарудың өліара кезеңіндегі жаңа мі­нез-құлық иесі арқылы жылт еткен үміт ұшқыны­нан алақандай Сүйкімді ауылында жақсылықтың жалыны лаулайды. Қандай жақсылық еді ол? Сол мектептен, сол ұстаздардан күні кеше ғана дәріс алған жас түлек Күншуақ оқуға сырттай енді ғана қабылданып, ауылына асығады. Сағыныш отына өртене жаздап, алып ұшады. Ертегі тыңдап маңайында шырқ үйірілген іні-сіңлілерін, күзгі шаруа қамымен қарбалас тірліктен шаршап-шалдығып жүрген ата-анасын, ауылдастарын сағынады. Ең бастысы, ел болашағы – жеткіншек тәр­­­бие­сіне негізделген көркем шығармалар ел ертеңі­нің ие­сін – жаңа ұрпақты тәрбиелеудің көнерген, ке­шегі әкімшіл-әміршіл жүйенің тұсындағы олқы­­лы­ғы көзге ұрып тұрған таптауырын, заманауи көш­ке ілесе алмаған, ескірген тәсілін ығыстырып, көк­жиектен жаңа күннің шапағын шаша келген жа­ңа­ру үрдісін балғын ұстаз Күншуақтың іс-әре­кеті арқылы бейнелеген суреткер Заря Жұманова шы­­ғар­­масынан жаңа леп байқалады. Өзге қар­қын, со­ны серпін әкелген шығарма деп айтуға болады. Мұнда көзге ұрып тұрған жаттанды идеологияның сал­­қыны, жасқаншақтап, жалтақтап, жоғары­дан бұй­­рық күткен бұйығылық жоқ. Жанары жәуді­ре­­­ген жас ұстаз – Күншуақтың өмірден тәжірибе жиып үлгермеген, енді ғана ержетіп келе жатқан, бірақ жасөспірім көкіректерінде өз бойларындағы жігер мен өзіне өзі сүйсіну сезімі басым, үлкендер тарапынан өзіне өзінің сенімділігін нығайтатын қолдау-қолпаштау күткен балауса жеткіншектердің тамырын тап басуы нанымды суреттеледі. «Түнгі оттарға» жинақталған әңгімелер мен хикаяттарды оқығанда бүгінгі күні біртіндеп-біртін­деп өзге үрдіс, бөтен дағды қалыптаса баста­ған қоғамның бас ауруы мен жанайқайын сезініп, бейжай қала алмайсыз. «Көңіл терезесіндегі» Ризаға ұқсап, бір сәтке болса да қиял әлеміне талпынасыз, төңіректен селт етуге әзір тұрған саналарды іздеп, қармана бастайсыз. Ойша. Мұның өзі санаға қозғау түсірер жақсы үміт. «Ұшқыр кілем», «айшылық алыс жерлерден жедел хабар алғызған» бүгінгі байланыс құ­ралдары – кешегі күннің аңсау-арманы еді ғой. Олай болса, жазушы көксеп, кейіпкер аңсап отыр­ған жан алауы да жағылар деп үміттенуге әбден болар... Капитализм – сөз жоқ, тиын-тебеннің, капи­тал­дың үстемдігіне негізделген қоғам дамуының бір сатысы. Ал, өркениеттің дамуы тек техника мен технологияның жаңаруы ғана емес, саналардағы жаңғырумен де қатар жүреді. Заман ағымына ілесу жайбарақат тірліктен гөрі еңбектегі, күнкөрістегі, адамзаттың іс-әрекетіндегі ұтымдылыққа, қолма-қол нәтижеге негізделеді. Заря шығармаларындағы кейіпкерлер – кешегі кеңестік заманның тәртібіне көндіккен, жоғары жақтан бұйрық, нұсқау күтіп үйренген шеңбер аясынан шығып, жаңа леп, жеңіл қарқынға икемделуге бейім, жан-дүниесі шуаққа толы жандар. «Түнгі оттардағы» тегеурінді тақырып – әйел затының мықтылығы, әйел табиғатындағы күрес­керлік. Ана бақыты жолындағы қажыр-қайрат. Кешірімділік. Жалпы, «әйел» деген сөзді «ана» деген ұғымнан бөліп айтуға болмайтындай. Өйтке­ні, Заряның кейіпкерлері «Қара бұлттан шыққан күндегі» – Зүбайда, «Шаңырақтың киесіндегі» – Несібелі, «Жалғыз шыбынды пәтердегі қырық шырақты әйел» – Толқын, «Салтанат немесе құмырадан шыққан құрбақадағы» – Салтанат пен Гүлзия, т.б. шеттерінен баласын да, енесін де, күйеуін де, тіпті, «бомжды» да, күллі тіршілік иесін ая­лауға, нәп-нәзік алақандарының жылуын ая­май мейірім төгуге дайын тұрған жандар. Жалпы, «Түнгі оттарды» оқи отырып, оқыр­ман жазушылық деген киелі өнерді, қасиетті өнерді Жаратушы Иенің Заря деген әйелге де қондырғанына қуанады. Заря бірде Күншуақ, бірде Арай, бірде Толқын болып күңгірт тартқан тағдырларға, жабыр­қаулы көңілдерге шуақ таратудан жалықпайды. Шығарма – ұрпақ тәрбиесі, адамдар арасын­да­ғы бір-біріне деген бейқамдық пен қамқор­лық, ер-азаматтардың тарапынан байқалып қала­тын жігерсіздік пен осалдық, әлеуметтік проблема­лар, қоғамның қалыптасу барысындағы әйел заты­­ның жанкештілігі мен нәзіктігін шынайы сурет­теген көркем дүние. Оқырманын ойға жетелейтін, зерделеуге талпындыратын әңгіме­лер қазақи болмысымен де тартымды. Қалампыр КЕНЖЕҒАЛИҚЫЗЫ, журналист Алматы

541 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9267

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7350

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5093

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4475

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4439

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4399

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4135

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4127

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы