• Тарих
  • 31 Мамыр, 2012

ЗАМАНА СӨЗІ

          Ғабит Мүсіреповтің сөз шеберлігі – қазақ әдебиетінің тарихында, әдебиеттану ғылымында мойындалған. Қаламгер үшін көркемдік үлгінің басты өлшемі тақырып емес, сол тақырыпқа лайық ой мен сөзді кестешінің бізіндей әсемдеп, орынды қолдана білуінде. Жазушының шығармаларын қай жағынан алып қарасаң да, жалтылдап тұрған сөз асылдары. Ойланып-толғанып, бейнені бедерлегенде өзіне керекті сөздерді бір-біріне үйлестіріп, маржандай тізіп өлшемдік табады. Ғабеңе жетер сөз зергері кемде-кем?! Қазақ қызының тағдыры жайлы хикая шертетін «Тулаған толқында» повесінен бастау алған прозалық шығармаларының тізбегі «Қос Шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Алғашқы адымдар» сияқты туындыларға жалғасты да, ары қарай қазақ әдебиетінің тарихында нық орын алған көркемдігі биік көлемді туындыларға ұласты. Бұлардың қай-қайсысы да назар аудармай өтуге болмайтын, өз дәуіріндегі өмірдің қарқынды өзгерістерін, кеңестік заманның шындығын бейнеледі. Қазақ даласындағы таптық күрестің қан­шалықты қиындықпен, түрлі кедергілер­мен өтіп жатқандығын уақытқа тән болып келетін оқиғалар арасында қызықты етіп көрсете білді. Ғабең шығармаларында алдымен көзге түсетін тек қана оқиғалар емес, характерлер қақтығысы, кейіпкердің ішкі әлеміндегі қайшылықтар, шиеленіс пен көркемдік өлшемімен ерекшеленіп отырады. Шеберлік деп осыны айт! Прозадағы алғашқы туындыларымен болашағынан үміт күттірген Ғ.Мүсірепов жасы отыздың үстіне шыққан кезден бастап-ақ Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің айтулы өкілдерінің қатарына қосылды. Қосылып қойған жоқ, даралық сипатымен топтың алдына шықты. Сол кезеңдегі негізгі кейіпкерлері халықтың бостандығы үшін күрескен азатшыл жандар, бейнетқор еңбеккерлер мен аузы дуалы шешендер болды. Жазушының суреттеуінше сол замандардағы қазақ кедейлерінің өзіндік қалыптасқан типтік сипаттары жинақталды. Олар, негізінен, еңбекқор, қайсар болып көрінгендерімен, біреудің ала жібін аттай қоймайтын адал да жуас адамдар. Айталық, «Тулаған толқындағы» балықшы Біржан, «Көк үйдегі көршілердегі» Сәрсен, «Талпақ танаудағы» Есен, міне, осындай бейнетқор, қоғамның кішкентай адамдары. Осы арада айта кеткен жөн, «Талпақ танаудағы» оқиға колхозға келген шошқа малын қалай бағу керектігі турасында өрбісе, «Шұғыла» әңгімесінде қазақ даласында 1932-1933 жылдары орын алған алапат ашаршылық суреттері бар. Жазылу уақыты шамалас болғанымен, бұл әңгімелердің көтеретін мәселесі, рухани өзегі ең алдымен екі түрлі бағытта көрінеді. Біріншісінде, қазақ өзіне бұрын жат санайтын, харам деп есептейтін шошқа түлігін қалай бағып-қағу керектігі жайлы мәселе қозғалса, екіншісінде осы уақыттардағы халықтық трагедияға айналған үлкен қасірет ашаршылық көріністері орын алады. Бірінші туындыда Ғабеңнің қаламына тән юмор, сарказм нышаны көрініс беріп, ішінара оқырманын езу тарттырып отырса, екіншісінде, ұлттық трагедияның болмысы бар. Осы арада айта кетуіміз керек, айтуға, жазуға қатаң тыйым салынған осы тақырыпты, ашаршылықтың қорқынышты суреттерін Ғабең қалайша тайсалмай жазған деген сұрақ туындайды. Шын суреткер ғана шындықтан алыстай алмайды. Ғабеңнің Ғабеңдігі де осында. Назар аударатын жағдай – жазушы екі әңгімесінде де сол замандағы өмір шындығын өзі іріктеп алған детальдар арқылы ашық суреттейді. Бұл кезінде Чер­нышевский айтқан «өнердің эстетикалық қалпының шындыққа жанасуында» деген тұжырымына сәйкес келеді. Бұл шы­ғармалардың мазмұнына қарап отырсаң, айтылатын көркемдік тұжырымдары бір-біріне қарама-қарсы, бірінде шошқаны жатсынбайық деген емеурін байқалса, екіншісінде қазақтардың жаппай қырылуы қоғамның тарих алдындағы жауапкершілікті екендігін аңғартатын астарлы ой бар. Сөйтіп, қазақ даласына келген өзгерістердің барлығы оңды шешім таба бермегенін, ке­рісінше, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин басшылығы кезіндегі «Кіші Қазан» төңкерісі деп аталатын шұғыл өзгерістердің байырғы халыққа мейлінше ауыр тигенін осындай көркемдік тәсілмен көрсетеді. Бұл сезімтал, сергек, заман ағымын аңғара білетін қаламгердің қолынан ғана келетін шеберлік еді. Ғ.Мүсіреповтің прозадағы шығармашы­лығына оның Максим Горькийдің ана тура­лы әңгімелерін қазақшаға аударуы соны леп әкелді. Аналар тақырыбына жазған циклдік әңгімелер шоғыры да осы жылдары жалт ете түсті. Ғабең Горькийдің екі әңгімесін қазақшалады. Олар – «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты әңгімелері. Жазушы әңгімелерді түпнұсқадағы рухты сақтай отырып, қазақи ұғымға бейімдеп, аса көркем түрде еркін аударған болатын. Өзі тәржімалаған шығармалардың маз­мұны Ғабеңе қатты әсер еткені сондай, ол аналар тақырыбына арналған әңгімелер топтамасын жазды. Атап айтқанда, олар – «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима» сияқты туындылары. Бұл шығармалардың қай-қайсысының да көркем әдебиеттің басты талаптарына сәйкес жазылған сәтті дүниелер екендігін әдебиеттанушы ғалымдар кезінде атап айтқан болатын. Осы шығармаларда әр қырынан алынып жазылған аналар бейнесі қазақ әдебиетінің үлкен табысы болып саналады. Әңгімелердің басты кейіпкерлері Қапия, Нағима, Ақлима қай-қайсысы да ерлік жасауға даяр тұратын ер аналар. Жазушы бұл кейіпкерлер тағдырын мейілінше қызық штрихтармен бейнелей отырып, қайсар, қайтпас рух иелері етіп көр­сетеді. Бұлардың бәрі де нәзік жандылар болғанымен, рухы күшті, күрескер әйелдер. Жазушы асқақ ана бейнелерін қиын тар­тыстар үстінде көрсете отырып, қоғамдағы алатын орнын, рухтарының мықтылығы мен анаға тән тамаша қасиеттерін қызғылықты оқиғалар үстінде әсем бейнелейді. Мысалы, «Ананың арашасындағы» Нағиманы алайық. Өз басына қауіп төніп тұрғанына қарамастан, жаралы болып жатқан қызыл әскерді жау қолына түсірмей, алып шығады. Өз баласы болса бір сәрі, бөтен әскер. Бөтен болса да халықтың азаттығы үшін күресіп жүрген боздақ екендігін сезіне отырып, азаматты аман алып қалу үшін өзі де басын бәйгеге тігеді. Бұл шығармаларда адамның асқақ ру­хын көрсетумен бірге лапылдаған роман­тизм нышандары да бар. Оқиғалардың өтетін ортасы, қатысушы кейіпкерлердің болмысындағы ерекшеліктер, жағдайдың күрделілігі, бәрі тоғыса келіп, романтикалық сипатқа алып келеді. Кейіпкерлердің басы­нан өткен оқиғалар образ ашуға ұтымды қызмет етіп тұрған көркем әдістер. Ғ.Мүсіреповтің аналар тақырыбына арналған әңгімелері жайлы академик Серік Қирабаев: «Жазушының ана туралы әңгімелері осы дәуірдегі үлкен жаңалық болып табылады. Оларда Ғабит М.Горькийдің әсерімен, ананы ардақтау, ананы қадірлеу идеясын көтеріп, оны романтикалық пафоспен жырлай білді. Ол Горькийден «Өлімді жеңген ана», «Адамның анасы» әңгімелерін еркін аударып, қазақ өмірінің шындығы негізінде «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ананың анасы» тәрізді әңгімелер жазды. Бұлардың қай-қайсысы болсын, өмір иесі – ананың парасатын, күш-қайратын, асқақ сезімін паш етті» деп өте орынды тұжырым жасайды (Қирабаев С. Көп­томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2007. Т.1. – 456-б.). Ғабең әңгіме жанрының көркемдік деңгейін өсірді. Шағын жанрдың мүм­кіндігін мейлінше ыңғайлы түрде пайда­ланды, жазған туындылары шетінен кесек туындылар десек, артық айтқандық емес. Мәселен, «Автобиографиялық әңгіме», «Этнографиялық әңгіме», «Сөз жоқ, соның іздері», «Өмір жорығы», «Қас­қырды атқан қайсысы?», «Боранды түнде», «Сілекеевтердің кенжесі» сияқты ірілі-ұсақты әңгімелері осындай мығым дүниелер. Олардың әрқайсысы Ғабеңнің өзінің қаламына тән шеберлікпен мей­лінше көркем жазылған. Әңгімелерде қызықты оқиғалар да, бір оқығаннан-ақ есте қалып қоятын ұтқыр характерлер де, философиялық түйіндеулер де бар. Шығарманы өмірге келтіру үстінде осынау қажетті факторларды автор бір-біріне ше­бер үйлестіріп, қабыстырып, шендестіріп отырады. Осының бәрі Ғабең шеберлігінің шыңы. Ғ.Мүсірепов қаламынан туған кесек туындылардың орны да, жөні де бөлек. «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Жат қо­лында», «Ұлпан» сияқты романдар мен «Кездеспей кеткен бір бейне» прозалық поэ­масының қазақ әдебиетінде алатын орны осындай биік тағылымды пікірге жетелейді. «Қазақ солдатын» алайық. Барлық оқиға тек бірінші жақтан ғана баяндалатын романның негізгі мақсаты, әрине, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Кеңес халқының қаһарман ерлігін, жанқиярлық батырлығын жоғары идеялық-көркемдік деңгейде әсерлі бейнелеп шығу. Осындай айқын мақсат ұстанғандықтан да, автор әу баста жоспарланған батырлық табиғатын, оның ішінде кеңес адамына ғана лайық болуға тиіс асқан ерлік үлгілерін оқырман алдына жайып тастайды. Романда ең алдымен айқын аңғарылатын мәселе – соғыста қан кешіп жүрген жауынгердің барлығы да өз Отанына, еліне шексіз берілген патриоттар. Олардың қай-қайсысы да өз Отанының бір пұшпақ жері үшін жандарын қиюға даяр. Романның бас кейіпкері Қайроштың өзінен бастап, оның қарулас, окоптас серіктері Володя Толетов, Петр Ушаков, Самед Абдуллаев, Семен Зонин, Василий Гришин шын мәніндегі солдат борышына Отан борышын қосқан ер тұлғалар. Олар қорқуды, шегінуді немесе басқадай пендешілік әлсіздікке берілуді білмейді. Өйткені жауға деген өшпенділік – жүректе, Отанын шексіз сүюшілік – қанға сіңген қасиетте. Осы екі фактор роман кейіпкерлерін қаһармандық деңгейге көтереді. Автор роман кейіпкерлерінің бойында­ғы ержүректілік, батырлық қасиеттерін соғыс шындығының, соғыс табиғатының өзінен туындатып, суреттеп отырады. Қи­ын-қыстау қысталаң сәттегі батырлық қи­мылдарды бейнелейтін нақты эпизодтар мен суреттер олардың адами болмыс-бітімін айшықтай түседі. Романда батырлық-ерлік сәттері, кейіпкер басындағы ауыр жағдайды суреттейтін жағдаяттар аз емес. Жазушы ондай қысылтаяң кезеңдерді бейнелеу барысында жалаң ұранға, ішкі эмоцияға көп беріліп кетпейді. Болып жатқан қанды қырғынды, өмір мен өлім арасындағы жанталасты қанық бояумен салқынқанды түрде суреттеп шығады. Мәселен, Қайрош Сарталиев соғыстың ажал ескен суық жүзімен тұңғыш рет кездесетін көріністі алыңыз. Ол қызмет ететін әскери бөлімше шегінген жұртты өзен үстіне салынған көпірден өткізіп тұрады. Қаптаған халық, ат-арба, жаяу адамдар тар көпірдің аузына кептеліп қалған. Ығы-жығы, у да шу, қысылтаяң кезең. Жау самолеттері көпір маңайын атқылап жатыр. Міне, осындай қарбалас сәттің бірінде взвод командирі Алексей Горькин жараланып қалады. Осы көрініс романда былайша суреттелген: «Бомба гүрс етті де, күш екпінімен Горькинді лақтырып жіберіп, көпірдің жақтауына апарып соқты. Горькин қатты ышқынып қалды да, үрейленіп, кимелеп бара жатқан біреуге: – Кейін! – деді. Даусы ышқынып, ащырақ шығып кетті. Қауіп-қатер өткеннен кейін сұрасатын әдетіміз бойынша: – Жолдас лейтенант, жараланған жоқ­сыз ба? – деп сұрадым. Горькин қолын бір сілтеді де, азғана жарықшақтанып қалған дауыспен әмір беріп, өз жұмысын басқара берді. Сонан Горькин даусы түн ортасына дейін естіліп тұрады да, ақыры, машинаның қанатына асылып құлап түседі. «Мен құшақтап сүйей бергенде, көйлегінен өтіп кеткен желімдей жабысқақ, жылы қан қолыма білінді. Арқа жағын қан жауып кеткен екен. Горькин ауыр бір ыңыранып қалды да: – Команданы сен ал, сержант Сарталиев! – деді». Осы шағын эпизод арқылы жазушы соғыс уақытындағы кеңес адамының, командирдің табандылығын, қандай қиын жағдайда да өз қызметін ақырына шейін адал атқара алатындығын дәл, әрі шебер көрсеткен. Жараланып қалған командирдің сыр берместен, есі ауып құлап қалғанша асқан төзіммен шыдап бұйрық беруі, шын мәнісінде, жан тебірентерлік көрініс. Осы әсерлі көрініс романда нақты қимылды ғана көрсететін сөйлемдермен қысқа ғана суреттелген. Тіпті, шығарманың бірінші жақтан жазылып отырғаны да байқала қоймайды. Оқиғаны баяндаушы адам өз эмоциясын тежеп, ішкі тебіреністі көрсете білген. Сараң жазылса да, әсерлі шыққан соғыс суреті сол шеберліктің нышаны. Романның ұнамды жақтары жөнінде айта келіп, белгілі сыншы Мұхаметжан Қаратаев: «Сонымен, Ғабит Мүсіреповтің қазақ әдебиетіндегі қол жеткен үлкен табысы – көп ұлтты совет халқының Отан соғысы тұсында шарықтап көтерілген биік мұратын совет жауынгерлерінің ұжымдық образымен бейнелеп жеткізуінде деп білеміз» деген тұжырым айтады (Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар, 3 томдық. Алматы: Жазушы, 1974. 392-б.). Ал, әдебиеттанушы ғалым Н.Ақыш «Қазақ солдатындағы» кейіпкерлердің моральдық бейнесі қалай жасалғанын айта келіп: «Соғыстың өз заңдылығы бар десек те, адамгершілік сезім күйлері жауынгерге бәрібір әсер етіп отырады. Соғыс заңымен қатар адамгершілік заңы да болатынын ав­тор оқырман есіне осылайша салады» деп, шығармадан нақты мысалдарды көлденең тартады (Ақыш Н. «Қазақ солдатын» қайта оқығанда / Жұлдыз, 2002, №5). Ғ.Мүсіреповтің келесі үлкен туындысы – «Оянған өлке» романы. Бұл шығарма өз заманында тың тақырыпты көтеруімен ғана емес, қазақ тарихының елеулі кезеңдерін көркем шежірелеуімен де, соған орай кесек, сом образдарды көркемдікпен бейнелеп жеткізе білуімен де ұлт оқырмандарының назарын өзіне аударған шығарма. Төскейінде төрт түлік малын өргізіп, марғау жатқан қазақ даласына Ресейдің ішкі жағынан артынып-тартынып келе бастаған орыс халқының өкілдері осынау ұйқыдағы өлкеге жан бітіріп, өндіріс ошақтарын ашпақ. Оған негіз болған жайт – Қарағанды аймағында көмір мен мыс кенінің ашылуы, соған орай иен өлкеде оларды игеру қажеттігінің туғандығы. Жазушының суреттейтіні, міне, осындай тарихи-өндірістік жағдайдағы әртүрлі халықтардың тоғысуы, ынтымақтаса еңбек етуі. Кеңестік дәуірдегі идеологияның көзі­мен қарағанда бұл – шын мәніндегі өн­дірістік роман. Бірақ бұл ділгір тақырып жалаң саясаттың, құрғақ тарихи деректердің шең­берінде қалмай, үлкен көркем полотноға айналған. Қазақ өлкесіндегі осынау жаңалықтың ел ішіне көптеген өзекті мәселелер туғызға­нын, соның салдарынан таптық қарама-қайшылықтармен бірге түрлі әлеуметтік қайшылықтардың да күшейгенін жазушы оқиғалар барысында шеберлікпен жеткізе білген. Бұрын жылқыларын жаю үшін кең сахарадағы жайылымға таласып жүрген Жұман бай мен Игілік байдың арасындағы қақтығыстар енді мына тегеурінді нөпірден кейін жай сәттің бірі сияқты болып қалады. Ресей патшалығы әкеле жатқан капитализмнің тегеуріні әлгінде алпауыт саналатын байлардың өздерін сілікпелеп, шаңын қаға бастайды. Жапан далаға салынған қалалар бір жа­ғы патшалық орыс отаршылдығының табан тірейтін тірегі болса, екінші жағынан сол капиталистерді байыта түсуге қызмет етудің құралы. Жазушы жан-жаққа тарамданып, кеңейіп бара жатқан жолдар арқылы қазақ жерін капитализмнің де шырмауықтай шырмап, буындырып әкетіп бара жатқанын шебер бейнелеген. Өндіріс ошақтарының иесі, яғни, мұндағы көмір мен мыс өндірісінің қожайыны Ушаков капиталистік жүйедегі типтік образ. Оның өзінің бақталасы Поповпен текетіресі, Игілік пен Жұманның текетіресінен өзгешелеу екендігі де анық. Қарағанды көмірі орналасқан аймақтың иесі Байжан болса, Нілді кенінің иесі ретінде Игілік бай қасындағы Боздақ биді белгілеп қояды. Сонымен бірге қазақ сахарасындағы көптеген қызықты образдар да оқырманды жалықтырмай, оқиға желісіне жетелеп отырады. «Жат қолында» романы – «Оянған өлкенің» заңды жалғасы. Онда қазақ жеріне мысықтабандап кірген капитализмнің бой бермейтін алып айдаһарға қалай айналып кеткендігі суреттеледі. Бұрын бірен-саран болып кірген отаршылдық капитализм енді сахара халқымен еш санаспастан, бәрін билеп-төстеуге кіріскен. «Жат қолында» да революциялық рух басым. Рязанов, Ушаков тәрізді алпауыттармен қабаттасып, шетелдік капиталистер де төбе көрсеткенін автор бе­кер еске салып отырған жоқ. Бұл кітапта бас қаһарман ретінде алдыңғы планға шыққан Кенжеғара сол кезеңдегі қазақтардың көзі ашық белсенділерінің типтік өкілі. Ағылшын кәсіпкерлерінің озбырлығына қарсы ереуіл ұйымдастырған топтың басында жүрген де – осы Кенжеғара. Дилогияның тарихи-идеялық түйіні – большевиктер бастаған революцияшыл күштердің жеңіске жетіп, таптық теңдік орнату жолындағы күрестерін тиянақтауы. Кеңес заманында жазылған шығармадан бұдан өзгеше идеялық-көркемдік шешім табу да оңай емес еді. Оның үстіне өз заманында болған тарихи шындықты бұрмаламай айту да керек еді. Сондықтан да Ғабең кеңестік идеологияның көзімен қарайтын өмір шындығын бұрмалауға барған жоқ. Бірақ тарихи оқиғалардың астарында не жатқанын бағамдайтын ой ұшқындары аз емес еді. Тек оны оқи білу керек, тани білу керек. Ғ.Мүсірепов шығармашылығының үлкен бір саласы драматургия екендігі белгілі. Бұл бағытта Ғабең көптеген дара пьесаларымен қазақ драматургиясын биікке көтерді. 1934 жылы жазылған «Қыз Жібек» либереттосынан басталған бұл бағыттағы көркемдік желі одан ары қарай «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты», «Аманкелді» және олардан көп кейін, 1980 жылы жазылған «Болашаққа аманат» тарихи пьесасына ұласты. Бұлардың қай-қайсысы да Ғабит Мүсіреповтің драматургтік қарымын көрсеткен соқталы туындылар болды. «Қазақ әдебиеті тарихының» 8-томында Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығы жайында: «Ғабең шығармалары – ерекше әсем эстетикалық құдіретімен, тіл ажарымен әрқашан көрермен мен оқырмандарды айрықша әсерлендіретін ұлттық мұраға кіреді. Оны талдап түсіну, әсіресе егемен елдің ой-санасы мен рухын көтеруге қызмет етеді» деген тұжырым жасалған. Бұл Ғ.Мүсі­репов шығармашылығына берілген әділ баға (Қазақ әдебиетінің тарихы, Т.8 Алматы: Қазақпарат, 2004. 519-б.). Осы ретте оқырман қауымға, 1953 жылдың 21 қаңтарында Қазақ ССР Ғылым академиясының Президиумы өткізген бес күндік пікірталастың стенограммасымен та­ныстыра кеткен жөн болар деп ойлаймын. Өйткені Ғабит Мүсірепов жай ғана жазушы емес, ол қайраткер, халық қалаулысы да болды. Бірақ бүкіл өмір сүруі мен ұстанған бағыты Абай бабамыз айтқан «толық адам» концепциясымен үйлесіп жатыр. Қазақстан Компартиясы Орталық ко­митетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты қызметіндегі өрес­кен саяси қателіктер туралы» қаулысының орындалу барысына арналған жоғарыдағы пікірталаста Ғ.Мүсіреповтің салмақты да салиқалы пікір ұстанып, азаматтық танытқанын көп адам біле бермейді. Сол пікірталаста Кеңестер Одағының Батыры, филология ғылымдарының кандидаты Мәлік Ғабдуллин баяндама жасап, қазақ эпостарына қатысты Ғ.Мүсірепов атына да сын айтады. – Мен әдебиет зерттеушісі де, фольклортанушы да емеспін, – дейді Мүсірепов. – Мен шағын сөзімді қазақ совет жазушылары мен халық эпостары арасындағы қатынасқа арнамақпын. Ғабит Мүсірепов баяндамасы шын мә­нінде терең ойлы, дүниені қоғам дамуы­нан тыс қарамай, тарихи оқиғалармен санас­пай, халық эпостарына дұрыс баға беруге болмайтынын талдап, саралап жеткізеді. «Көркем шығарманы тарихи шығар­мамен алмастыруға болмайды», – дейді ол. – Бірақ одан тарихилықтың қағидасын, мәнін сақтауды талап ету керек. «...Халық шығармашылығы болып та­былатын эпосты уақыт пен кеңістіктен бөліп қарауға болмайды. Міне, біздің қиындыққа ұшырап отырғанымыздың мә­нісі осында, яғни арнайы зерттеулер мен негіздемелер жоқ. Арнайы зерттеулер мен негіздемелерден қашатын баз біреулер жал­пы фразеологиялармен, сілтемелермен ғылымның құнын кетіреді, осылай марк­сизмді ластап, оны орынды-орынсыз пай­даланатын догмаға айналдырады...». Ғабит Мүсірепов қаламгерлік қағида­дан мейлінше ауытқымауға тырысады. Әрі өткен күндерге қалам тербеген жазушылар иницинировканың деңгейінде қалуға тиіс емес деген ойларды ортаға салып, пікір­таласқа шыққан Тұрғанбаев деген ғалымды мақтамен бауыздайды. – «Кеше осы мінберден әдебиеттану ғылымының кандидаты Тұрғанбаев айтқан­дай, егер оған «Қобыландыны» қайта өңдеу өзіне тапсырылса, онда ол «Қобыландыны» фашизимге қарсы күрескер етіп шығарар едім деп соқты. Онда оны эпостың қаһарманы емес, Кеңестер Одағының Батыры ету ке­рек шығар. Жоқ, халық мұрасын бұлай бұр­малауға болмайды. Асыра мадақтау да, жөнсіз адақтау да жақсылық әкелмейді». Әрине, мұндай сөзді шындықтың бетіне тік қана қарай алатын Ғабең ғана айта алатын еді… Ғабеңнің қазақ әдебиетінде қалдырған өрнекті іздері қай заманда да ескірмейтін асыл қазынасы болып табылатындығы қалың қазаққа мәлім. Ғ.Мүсірепов мұра­лары халқымыздың тозбайтын, ес­кір­мейтін рухани қазынасы. Жекелеген шығармала­ры Кеңес заманының тоталитарлық талап­тарына, идеологиялық шарттарына сай жа­з­ылғанымен, жазушының көркемдік асу­лары уақыт сынына төтеп бере алатын, тот баспайтын сөз асылдары екендігі ақиқат. Тіпті жазғандарына жоғары жақтың қырағы көздері жіті үңіліп жатқан қиын заманның өзінде де қаламгер ұлт мүддесіне қатысты ой-пікірлерін жасырмай, ашық айтып, көркем сөз үлгілерін оқырман талғамына ұсына білуден ешқашан тартынған емес. Ғ.Мүсірепов өзінің №344 қойын дәптерінде мынадай жолдарды жазыпты: «...адамның ой-көңіл, ниет портреті жүзінде. Түгел жүзінде. Адамның жүзі сұрланып кететін, қызарып кететін, қоңырайып кететін, бозарып кететін, жадырап кететін кездері болады. Осының себебі неде? – Көңіл құбылысында, ойлау өзгерісінде. Олай болса, адам ойының, ниет-пейілінің дәл осы сәттердегі дәл портреті жүзінде. Адамның бет терісі миы жасалған материалдан жасалса керек. Сондықтан миына (ойына, сезіміне, көңіліне) келгені қолма-қол бетке шыға келеді. Кейбір адамның жүзі қарамен таңбаланып қалады, кетпейді. Сондықтан, мен адам ойының портреті жүзінде дегім келеді» (Ғажайып Ғабең. «ТSТ Соmpany» бас­пасы, 4-б.,2012 ж.). Иә, Ғабең кейіпкерлерін жазбай та­ни­сың. Олар өз заманының, өз уақы­тының көркем бейнесі ретінде қазақ әде­биетінің шоқтығын биіктетіп тұр. Көркем әдебиетіміздің тамаша үлгілері ретінде Ғ.Мүсірепов туындыларының қазақ әде­биетінің алтын қорынан берік орын алғаны халқымыз үшін мақтаныш. Уақыт керуені тоқтамай үздіксіз жылжып жатыр, ал қара сөзбен айшықталған әсем ойлар, көркем көріністер санамызда өшпестей болып нұрланып тұра бермек. Ғабеңнің туындылары ескірмейді, бүгінгі жиырма бірінші ғасырдың оқырмандары үшін де тозаң тимеген алмастай жарқырай береді.   Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы

12079 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8750

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7055

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4799

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4185

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4147

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4108

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3838

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3838

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы