• Ақпарат
  • 31 Мамыр, 2012

ПАРАСАТТЫЛЫҚҚА ЖҮГІНЕЙІК

Мамадияр ЖАҚЫП, Қазақстанның Құрметті журналисі «Ана тілі» газетінде (№10, 8 – 10. 03.12) ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің доценті Аманқос Мектеп-тегінің «Аты-жөнді жазуда бірізділік керек» деген оқырманға ой салатын мақаласы шықты. Мақаланың құндылығы – орынды мәселе көтеріп отыр, пікір алысуға шақырып отыр. Бірқатар ұсыныстар айтқан. Кейбіріне қосыласың, кейбірін құптауға болмас. Сол үшін де өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік.Мақаладан үзінді келтіру қажет болып тұр: «Ана тілі» газетінің тұңғыш санында «ов» туралы «Ресми аты-жөнімізді ұлттық дәстүр бойынша атасақ...» (22 наурыз, 1990 ж.) деген тақырыпта көптің көкейінде жүрген өзекті мәселені қозғаған едік. Біздің бұл идеямыз жұртшылықтың қызығушылығын туғызып, кең қолдау тапты. Газет редакциясына ұлан-байтақ республикамыз­дың түкпір-түкпірінен оқырман хаттары жаңбырдай жауды. «Көп тілеуі – көл» демекші, іле-шала Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігі және АХАЖ мекемесінің бірлесуімен мәселенің түйіні шешіліп, біз ұсынған «тегі» сөзі қолданыстағы «фамилия» орнына да, фамилияны білдіретін атауға жалғанатын жұрнақ ретінде де ресми бекітілген болатын. Газет көтерген қоғамдық пікірге байланысты әлгі министрлік пен АХАЖ қызметкерлері бас қосқан мәжіліске мені шақырып, онда аталған мәселенің ғылыми-тәжірибелік маңызы қайта-қайта пысықталғаны дәл бүгінгідей есімде». Аманқос бауырымыздың сол мақаласында да орынды мәселе көтерілгеніне дау жоқ. Бірақ «тегі» жұрнағына қосылу қиын. Әңгімеміз негізінен осы төңіректе. «... біз ұсынған «тегі» сөзі қолданыстағы «фамилия» орнына да, фамилияны білдіретін атауға жалғанатын жұрнақ ретінде де ресми бекітілген болатын» дегендегі «ресми бекітілгенге» шамалы күмәнмен қарадық. Алғашқы кезде бәрін қазақшалайық деген дүрмекпен «фамилияның» «текке» ай­налғаны рас, ал «тегі» жұрнағын жал­ғау ресми бекітілген емес шығар. Одан кейін талай жұрт жаңа құжат алғанда «ресми бекітілген» «тегі» деген жұрнақты ала қойған жоқ. Солай жазуың керек деп әлгі бекіткен министрліктен талап та болған жоқ. Ал «ресми бекітілгеннің» ар жағында міндетті деген ой жататыны белгілі. Тіпті кейін Президенттің арнаулы Жарлығында да азаматтардың өз аты-жөнін өзгерту құқығы барлығы айтылғанмен, мынадай болсын деп нұсқау берілген емес. Ал аты-жөнді жаңаша дұрыс жазу, бұрынғы орысша нұсқадан арылу біраздан бері жүзеге асып келе жатқан үрдіс. Аманқос бауырымыз айтқан «ресми белгіленген» «тегі» жұрнағын қоса жазу түрінде емес, негізінен «ов», «ев», «ин» жұрнақтарын алып тастау нұсқасында жүзеге асып келеді. Бір мысал. Әлі тәуелсіздікке қол жетпеген кезде «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаев басқарған қызметкерлері бір күнде өз тектерінен «ов», «евтерді» алған да тастаған. Газеттің кезекті нөмірінің макетін бекітетін кезде Шерхан ағамыз бір әңгіменің ұшығын шығарды. «Осы Ержұман мырза өз фамилиясынан «овты» алып тастап, қол қойыпты» деп, оны өзі құптайтынын да, айыптайтынын да аңғартпай, басқаларға қараған. «Әркімнің өз құқығы бар ғой» деп еді сонда газет редакторының орынбасары Ержұман Смайылов. «Олай болса, мен де алып тастаймын, деп өз фамилиясын макетке «Шерхан Мұртаза» деп жазып, шиырып қолын қойды: «Басқалар өздері білсін». Газет редакция алқасы мүшелерінің барлығы «ов», «евтен» құтылып, ертесіне, яғни 1991 жылдың 15 мамыры күні олардың фамилиялары жаңаша жазылып шықты. Одан кейін АХАЖ қызметкерлерін мекемемізге шақырып, құжаттарымызды жаңарттық. Жалпы сол фамилияны, текті орысша жазуды «қызыл империяның» қасіреті деп көп айқайлайтынымыз бар. Мұны тым саясиландырудың да қажеті жоқ. Бұлай жазу заманның талабы болғаны белгілі. Оны біз Абай Құнанбаевтан, Ыбырай Алтынсариннен, Шоқан Уәлихановтан, бертінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтардан «үйренгенбіз», алғанбыз. Бұрын қазақта фамилия, яғни тегін жазу болмаған. Басқаны былай қойғанда, Абылай хан, Бұқар жырау, Қабанбай батырларымыз заманында фамилиясыз жүрді. Әйтпесе, олардың тегі болмады емес, болды, бірақ үрдіске кірмеген. Тіпті сонау ХV ғасырда өмір сүрген Асан қайғының әкесі Сәбит екені де белгілі. Бірақ қазақ халқында жеке адамды тек өз атымен атау үрдісі қалыптасқан. Ал заман өзгеріп, қоғамның белгілі бір даму кезеңі басталғанда, қазақтардың да фамилиясын жазу қажеттігі туғанда, сол кездегі жағдайға сәйкес ұлыларымыздың өздері орысша нұсқаны пайдалануға тура келді. Шоқанды да, Абайды да, Ыбырайды да неге олай еттің, неге «ұлтсыздыққа ұрындың» деп, кінәлай алмаймыз. Ол кезде бұл жай талқыланған да емес, қоғамдағы қалыптасқан нұсқаны пайдаланған. Енді заман өзгерді, еліміз тәуелсіздік алды, ұлттық құндылығымызды, ерекшелігімізді бағалайтын кез келді. Ең алдымен, басқалардың ықпалымен енген үрдістен арылып, өз ерекшелігімізге сай нұсқаға көшуге мүмкіндік туды. Соған орай аты-жөнімізді дұрыс жазуға бет бұрғанымыз жөн-ақ. Онда да, Аманқос бауырымыздың осы мақаласында жазғандай, «Ұлт болам десең, аты-жөніңді түзе!» дейтін ұранды көтерудің уақыты, сірә, енді келді». «Қазақтың ресми аты-жөнін бірегей жүйеге келтіру – ұлттық идеологияның басты нысаны» деп даурығудың да жөні жоқ шығар. «Ұлт болуды», «ұлттық идеологияның басты нысанын» осыған әкеп тіреу де орынды бола қоймас. Ұлт ұстанымын бұлайша тым жеңілдету орынсыз болар. Аты-жөнді дұрыс жазу, онда бірізділік болғаны қажет және ол даңғазасыз, парасаттылықпен жүзеге асатын іс екенін ұмытпайық. Ал енді аты-жөнді бірізділікпен жазғанда, қандай нұсқаны қа­был­дағанымыз жөн? Біршама пікірлер айтылып жүр. Кейбірі қисынды, кейбірі қисынсыз. Жалпы бұл жөнінде пікір айтқандардың біразы екі бөліктен тұратын аты-жөнді қайсысы есімі, қайсысы тегі екенін ажырата алмаймыз деген уәж айтады. Сондықтан қайсысы тегі екені көрініп тұруға тиіс дегенді алға тосады. Айталық, Серік Берікұлы деген сияқты. Бірақ бұл үлгінің кемшілігі – Серіктің баласы бұл текті (фамилияны) алып жүре алмайды, өйткені немересі атасына ұл бола алмайды. Ал тек (фамилия) кейінгі ұрпаққа ортақ болуға тиіс. Сондай-ақ қыз баланың да «ұлы» жұрнағы бар фамилия-текті пайдалануы қолайсыз. Сонан соң, тағы бір жұрттың айтатыны – қазақтың аты-жөнінен оның қазақ екені көрініп тұруға тиіс екен. Бұл ретте армяндар (Петросян), грузиндер (Гапрандишвили, ол ғана емес, оларда Жапаридзе, Гамсахурдиа, Берия да бар), поляктар (Огинский) мысалға келтіріледі. Солар сияқты исі қазақты аты-жөнінен танып отырсақ жөн екен. Неге біз солар сияқты бір-екі елге еліктеуіміз керек? Жалпы неге аты-жөннен ұлт көрініп тұруға тиіс? Аты-жөн адамды бір-бірінен ажырату үшін, жеке басын айғақтау үшін керек емес пе? Ұлттың бұл жерде не қатысы бар? Басқалардың біздің аты-жөнімізден қазақ екенімізді білгенінде не тұр? Содан біздің мәртебеміз өсе ме? Олар біздің қазақ екенімізді білген соң бізге айрықша құрмет көрсетіп, есе бере ме? Аты-жөніне қарап, немістерді, түріктерді, француздарды, ағылшындарды бірден тани қоямыз ба? Неміс – Гете, Шиллерді, француз – Гюго, Бальзакты, ағылшын – Шекспир, Диккенсті, америкалықтар – Твен, Хемингуэйді аты-жөніне қарап қай елдің, қай ұлттың өкілдері екенін ажырата алар ма едік? Сірә, кейбір елде сондай дәстүр бар екен, біз де солай болуымыз керек деп еліктеу-солықтаудың жөні жоқ шығар. Аты-жөніне қарап ұлтын танимыз деудің өзі де кейде дәл келе бермейді. Айталық, тегінде «ский» жұрнағы жоқ болса да, Фредерик Шопен, Адам Мицкевич, Николай Коперниктің поляктың ұлы перзенттері екеніне шүбә келтірмейміз. Сондықтан бір ұлттың аты-жөні бірдей нұсқада болуы керек деген талап негізді деу де жаңсақтық. Әлемдік біраз тұлғалардың атын атайықшы: Жавахарлал Неру, Нельсон Мандела, Назым Хикмет, Мұстай Кәрім, Махмуд Аббас, Барак Обама, Әлішер Навои, Самед Вургун, Шандор Петефи, Франц Кафка... бұлардың ешқайсының тегінің жазылуына қарап ұлтын ажыратуға болмас еді. Ал көзіқарақты адамдардың көпшілігі бұлардың қай ұлттың өкілі екенін ажырата алады. Фамилиясындағы жұрнаққа қарап емес. Ұлтыңды танытуың керек болса, алдымен ісіңді таныт. Жұрт Абай Құнанбаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың, Олжас Сүлейменовтің, Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ екенін біледі. Сөйтсе де, бұған дейін тарихи жағдайға байланысты аты-жөнімізді орыс нұсқасында жазып келсек, енді қолымыз тәуелсіздікке жеткен соң, одан арылудың мүмкіндігі туып отыр. Және бұл бодандық қалпымыздан құтылудың бір көрінісі болмақ. Сонда қандай нұсқаға тоқтауымыз керек? Дәл осындай жайды осыдан бір ғасыр бұрын түрік ағайындар да бастан кешті. Ататүрік заманында. Олар да бұрын бір кездегі қазақтар сияқты, тек өз аттарымен ғана шектелген ғой. Сонда Ататүрік, басқа өркениетті елдердегідей, әр адамның атымен қоса фамилиясы да, яғни тегі де болып, құжаттарына жазылсын деген нұсқау берген. Сонда түріктердің біразы тегі ретінде өз әкесінің, атасының атын алу қажеттігін де ойламаған сияқты. Біреулер өз қасиеттерін сипаттайтын сөздерді алғанға ұқсайды. Абдолла Ұзын, Мұстафа Кемал, Әзиз Несин, Назым Хикмет... Бұдан тектеріңнен түрік екендерің айқайлап тұрсын, оған бір өзгермейтін жұрнақ жалғансын деген талап болмағаны аңғарылады. Біз, әрине, Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Абдолла Гүлдің түрік екенін жақсы білеміз. Бірақ олардың тегіне жалғанған жұрнақ арқылы емес, үлкен қайраткерлік қызметінен. Сөйтіп, түрік ағайындарда аты-жөнді жазу үрдісі қалыптасып үлгерді. Ол екі бөліктен тұрады. Қайсысы – аты, қайсысы тегі деп шатасып жатқан да ешкім жоқ. Айтылған кезде алдымен аты, сонан соң тегі айтылады. Тансу Чиллер дегенде, Тансудың аты екенін білеміз. Ал ресми құжаттарда алдымен тегі, сонан соң аты жазылады. Содан біздің ағайындарымыздың аты қайсы, тегі қайсы екенін білмей шатасамыз деген байбаламдарының негізі жоқтығын аңғарасың. Түрік ағайындардың аты-жөнін жазу тәжірибесіне назар аударып отырғанымыз – бұл елдің бізге халықтық, ұлттық ерекшеліктерінің жақындығы бар, тәуелсіздікке қолдары бұрын жеткен. Әлемде үлкен орны бар ел, белгілі дәрежеде әлемдік өркениет игіліктеріне көбірек араласқан ел. Солардың тәжірибесіне үңілгеніміз артық емес, әрине. Сөйтсе де, тек бір ел емес, осы аты-жөнді түзуде әлемдік тәжірибеге назар аударған жөн болар. Тегіне қарап, «ов», «ев», «ині» бар славяндарды танып, тағы бір жұрнақтарына қарап, грузиндерді, әзірбайжандарды, поляктарды, арабтарды тануға болады екен деп, қайдағы бір жұрнақ іздеудің жөні жоқтай. Ондай жұрнақсыз да, ағылшындар, француздар, немістер, қытай, жапондар ұлы ұлт, ұлы халық болып өмір сүріп жатыр емес пе?! Енді осы аты-жөнді жазуда бірізділік керектігі жөнінде ой қозғап, атсалысып жүрген азаматымыз Аманқос Мектеп-тегінің нақты ұсынысына тоқталайықшы. Тоқтағанда, соңғы тұжырымы мынадай: «Тоқ етері – ғылыми негізге (?) сүйеніп, ұлттық дәстүрге (?) сәйкес, азамат(ша) аты-жөнін бірегей (Айсұлу Асан-қызы Қорған-тегі, Қайрат Бауыржан-ұлы Ақжан-тегі) үлгіде заңды бекіту тәуелсіз еліміздің 20 жылы ішінде толғағы әбден жетті. Парламент депутаттары, Қазақстан Халқы ассамблеясы, құзырлы министрліктер мен жауапты мекемелер Қазақстан Республикасы азамат(ша)сы аты-жөні ұлттық мүдде тұрғысынан төлқұжатта жазылу тәртібін жаңашылдықпен реттеуді тездетуге белсенді атсалысады деген әлеумет үлкен сенім мен үмітте» дейді. Бірақ бұдан «ғылыми негізді», «ұлттық дәстүрді» табу қиындау. Адамның тегіне «тек» жұрнағы жалғау керісінше соның екеуіне де қайшы емес пе? Бұл қай ғылымға негізделген, қай дәстүрімізде бар еді? Жалпы «тек» сөзіне байланыс­ты Аманқос бауырымыздың біраз пікіріне қосылу қиын. «Тегі» дегеннен қашу, тектілік емес» деп, басқа пікірдегі адамның арына тиетіні де артықтау екені өз алдына, ал енді бұл сөзден қашпағанда, оны фамилияға (текке) тіркеу міндет пе екен? Осы үлгіні басқа елдердің үлгісімен салыстырып қарайықшы. Тектің орысшасы – «фамилия», ағылшыншасы ­– surname. Осы сөздерді кейбір елдер азаматтарының аты-жөніне қоса жазар болса, қалай болар еді? Айталық, Барак Обама-surname, Тони Блэр-surname, Владимир Путин-фамилия, деп. Өте ерсі, оғаш болар еді. Ал біз солай еткіміз келеді. Мұнымен де қоймай, бұл ерсілікті еліміздегі басқа ұлт өкілдерінің аты-жөніне тықпалауды да ұсынады. «Светлана Иван-қызы Сидорова-тегі, Аркадий Казарян-тегі, Вахтанг Дзудашвили-тегі, Янек Башко-тегі, Нелли Ким-тегі...» деп бұл күлкі тудырып қана қоймайды, ол ұялғаннан тек тұрмастың күлкісі болар еді ғой. Мұндай ұсынысты басқа ұлт өкілдерінің естімегеніне шүкіршілік дерсің. «Тегіне» байланысты пікірлерді осымен шектейік. Қанша «толғағы» жетсе де, оны заңмен бекітуге ешкім бара қоймас. Әлемге күлкі болудан қорқар. Тағы да, аз да болса, бірер нұсқаның бой көрсеткені бар: «пәленше ұрпағы», «түгенше үбірі», «пәленше әулеті», «пәленшенің түгеншесінің пәленшесінің түгеншесі» дейтін шұбыртпа халық арасында қолдау таба қойған жоқ. Дегенмен, халықтың үніне де құлақ асқан жөн шығар. Жалпы жұрт аты-жөнін өзгертуге күрт кіріспегенмен, оның жүріп жатқаны анық. Жыл сайын республикалық бас газеттерде мектептерді бітіріп, ұлттық тестілеуден кейін оқуға түсу грантына ие болғандардың тізімі жарияланады. Өте ұзақ тізім. Республика бойынша барлық оқуға түскендердің тізімі. Мектепті жаңа бітіріп, жаңа ғана төлқұжат алғандардың өзі аты-жөндерін қалай жазатынына еріксіз назар аударасың. Әрине, бұл жерде балалардың ата-анасының көзқарасы шешуші рөл атқарады. Олар балаларының аты-жөнін дүниеге келген кезде солай жазды ма, жоқ балалары төлқұжатын алар кезде өзгертті ме, ол жағы бізге белгісіз. Сөйтсе де, сонау кезде қалыптасқан аты-жөнді жазу үрдісінен айтарлықтай өзгешелік бар. Рас, әлі бұрынғы қалыптасқан дәстүр басым. Өзгерткенде, жұрт бұрынғы орысша, «ов», «ев», «ин» жұрнақтарын алып тастау нұсқасын ұстанады. Яғни аты-жөн үш бөлімнен тұрады: тегі, өз аты, әкесінің аты. Бұл жерде тегі дегенде жұрнақсыз атау. «Тегі», «ұрпағы», «әулеті», «үбірі» дегендер кездесе қоймайды. Ал енді осы аты-жөнімізді жазуда қандай нұсқаға тоқтаған жөн дегенде, сірә, сол халықтың ынта-ықыласына қарағанымыз жөн сияқты. Мұнда өз аты, әкесінің аты, текті білдіретін атау бар. Ол бұрынғы заман таңған түрлі жат жұрнақтан таза, әлемдік өркениеттік нұсқаға да сай, онда қолдан жасалған сыңаржақ қоспа жоқ. Сірә, жұртқа керегі парасаттылыққа негізделген осындай нұсқа болса керек. Аты-жөнді жазуды бірізділікке салу мәселесін көтерудің орынды екені даусыз. Бірақ «Ұлт боламын десең аты-жөніңді түзе!» деп ұрандатудың жөні жоқ. Асығатын да, сабырмен шешетін де, уақыттың өзі орнына қоятын да мәселелер бар. Тез «ов», «ев», «инді» алып тастамадың деп жұртқа кінә тағу да орынды бола қоймас. Қазір жатырқап отырған жұрнақ жалғанған аты-жөнімен-ақ халқымызды әлемге танытқан бұрынғы ардақтыларымызды айтпағанда, қазіргі кезде ұлтымыздың, халқымыздың, мемлекетіміздің брендіне айналған Назарбаев, Сүлейменов, Әубәкіров, Төлегенова, Серкебаев, Шаханов сияқты тағы басқа фамилия-тектердің жұрнақтарын алып тастасақ, көп нәрсені жоғалтар едік. Бұл фамилия-тектер халыққа, ұлтқа, мемлекетке қызмет етіп жатыр. олар ұзақ жылдар бойы үлкен еңбекпен, күреспен қалыптасқан, танылған. Оларға қарап әлем жұртшылығы қазақ дейтін халықты, ұлтымызды, елімізді таниды. Енді «Ұлт боламын десең, аты-жөніңді түзе!» деген ұранға аптығып қосылып, сол әлем таныған аттарды өзгертер болсақ, елімізді танытқан, әлі танытып келе жатқан адамдардан айырылар едік. «Олардың фамилиясын-тегін өзгерткенбіз» деп, әсіресе, шетелдіктерге түсіндіріп жата алмайсың. Әр нәрсенің орны бар, асығатын нәрсе бар, кейбіреуін аптықпай шешуге тура келеді. Сөзімізге арқау болып отырған аты-жөнді жазуды бірізділікке түсіру, ең алдымен, бұрынғы нақақтан қосылған жұрнақтардан арылту мәселесі науқаншылықпен емес, асықпай-аптықпай шешетін, негізінен болашақ ұрпақтың үлесіне тиетін мәселе. Асығып-аптығар болсақ, бір жұрнақтан құтыла алмай жатып, тағы бір жұрнақтарға («тегі», «ұрпағы», «әулеті», «үбірі») душар болып, тағы да сорымыз қайнауы мүмкін.    

4102 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8778

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7069

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4813

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4199

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4161

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4122

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3852

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3852

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы