• Қоғам
  • 21 Маусым, 2012

Мәдениет: әлемді әлдилеген алаш әуені

 

Таяуда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі және ТМД-ға мүше елдердің мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының ұйымдастыруымен «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» халықаралық форумы болып өтті. Алқалы басқосуға ТМД мемлекетаралық гуманитарлық қорының басшылары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, посткеңестік елдердің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары және мәдениет пен өнердің танымал өкілдері қатысты.  Жалпы алғанда биылғы жыл Қазақ елінің елордасы – Астана қаласы үшін айрықша жыл болып отыр. Неге десеңіз, биыл Елордамызға «Достастықтың мәдени астанасы» және «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болу құрметі жүктелген. Осы орайда «Астана – Достастықтың мәдени астанасы» жылы аясында пленарлық отырыс өтті. Жиынды Қор басқармасының тең төрағасы Михаил Швыдкой жүргізді. Ол жиындағы алғашқы сөзді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедке берді. Мемлекеттік хатшы сөз басында форумға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған лебізін жеткізді. – «Жаңа әлемдегі еуразиялық мә­дениет» атты форумның Астана қа­ласында өткізілуінің өз заңдылығы бар, – деді Мемлекет хатшысы. – Өйт­кені Еуразиялық одақ құру туралы идеяны осыдан 18 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде болған кездесуде Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған болатын. Бүгінде Кедендік Одақ, Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылуы Қазақстан лидері ұсынған идеяның өміршеңдігінің айқын дәлелі. Мұндай ықпалдасу үдерісі ел экономика­сының қарқын алуына әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар мәдениет пен өнердің де өсуіне барынша ықпал етуде. Бүгінгі өтіп отырған форум соның жарқын бір көрінісі деп айтуымызға болады.

Зиялы қауым өкілдерінің мәдениет форумы ТМД аумағындағы шығармашылық қауымдастықтың бір-бірімен рухани жақындасуының жаңа кезеңі болып қалады, осыған орай Достастық елдерінің шығармашылық адамдары халықтар арасындағы өзара ақпараттық, мәдени-рухани қарым-қатынасты дамыту мен сақтау үшін мәдени құндылықтар мен ортақ тарихи тәжірибені қалай пайдалану жолдарын бірлесіп қарастырулары керек, – деді Мұхтар Абрарұлы. Осы жиынға келе алмаған қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменовтің, Ресей Федерациясының Мәдениет министрі В.Мединский мен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В.Садовничийдің лебіздерін форум модераторы М.Швыдкой оқып берді. Қор басқармасының төрағасы Полад Бюлбюлоғлы сөзін түбі бір түркі халықтарының достығы мен туыстық қарым-қатынасынан бас­тады. КСРО халық артисі шығармашылығы, өнерді бір кезеңде бірге жасаған әріптестерімен қайта қауышуына жол ашқан Астана форумына өз ризашылығын білдірді. – Қазақстанның көреген басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық ықпалдасу идеясының арқасында міне, бүгін заманауи сәулетімен тамсандырған Астанада емен-жарқын жүздесудің сәті туып отыр. Мен мұнда сонау 70-ші жылдардың орта шенінде келдім. Содан кейін 1998 жылы Қазақстан өзінің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіргенде салтанатты жиынға қатысқан кезім есімде. Шағын елді мекеннен шартарапқа аты жайылған керемет шаһарға айналған осы қала 2012 жылы Достастық елдердің мәдени астанасы болады дегенге сенер ме едіңіз. Бұл аз десеңіз, тағы ол Түркі әлемінің мәдени астанасы болып саналады. Осыншама аз мерзімде жылдан-жылға дамыған қаланың көркіне бүгінде жұрт қызыға көз тастайды. Осындай мәдениеттің орталығында өтіп отырған бүгінгі форумда нені талқылауымыз керек, нендей істі қолға алуымыз керек деген мәселе бәрімізді бір мақсатқа тоғыстыруда. Мен ең алдымен жастардың арасында мәдени шараларды көптеп өткізу керек дегім келеді, – деді П.Бюлбюлоғлы. ТМД Атқару комитеті төрағасының орынбасары Тоқтасын Бузубаев осы Атқару комитеті төрағасының форумға қатысушыларға арнаған хатын оқып беріп, мәдениеттің қазіргі замандағы мән-маңызы туралы әңгімеледі. Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының директоры, МГУ-дің профессоры Александр Сидорович, Ресей халық артисі Сергей Соловьев, Әзірбайжан Мәдениет және туризм министрі Абулфас Караев, Беларусь мемлекеттік музыка академиясының ректоры Екатерина Дулова, Ресей этнографиялық мұражайының директоры Владимир Грусман, Герасимов атын­дағы ВГИК-тің ректоры Владимир Малышев осы форумның мән-маңызы, Қазақстан­ның экономикасы мен мәдениетінің Елбасы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенді­гінің арқасында қауырт дамып келе жатқа­нын, Астананың таңғажайып келбетін сүйіне әңгімеледі. Мәселен, Герасимов атындағы ВГИК-тің ректоры Владимир Малышев сөзінің соңында өзінің толғанысын былай деп білдірді: – Дәл осы елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлттың болашағына қамқорлық жасап отырған ел кемде-кем. «Болашақ» бағдарламасымен қазақ жастары әлемнің небір алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып жүр. Олар білімдерін жетілдіріп, туған Отанына қызмет етуде. Тәжікстанның Талабхуджа Сатторов атындағы Ұлттық консерваториясының проректоры Фируза Улмасова Наурыздың жастарға беретін тағылымы туралы ой толғаса, Арменияның Матенадаран мұрағаттық материалдары бөлімінің меңгерушісі Аре Хзмалян дәстүрлі өнерге байланысты атқарылып жатқан игі істердің маңызы туралы пікірлерін білдірді. Қырғызстанның белгілі композиторы Мұратбек Бегалиев Қазақстанда өтетін «Шабыт» халықаралық фестиваліне тұрақты қатысып келе жатқанын, қырғыз-қазақ руханиятында ортақ құндылықтар мол екенін сүйсіне айтты. Ал Грузияның халық артисі Гелоди Поцхиш­вили Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Мәдениет – келісім мен бірліктің камертоны» деген сөзін мысалға келтіре отырып, оның мәні мен мазмұнын тарқата түсіндіре келіп, сөзінің түйінін былай деп тұжырымдады: – Әр елдің баға жетпес өз мәдениеті болады. Оған құрметпен қарап, сақтау – адамзаттың алдындағы қасиетті парыз. Сондықтан да қазіргі өтіп жатқан осынау жиын рухани үнқатысулар, мәдениетаралық байланыс болып табылады. Саясат саласы сияқты мәдени үнқатысу үшін де дұрыс жағдай қалыптастыру маңызды. Біз бұл жерге бір-бірімізбен мәдени байланысымызды, достығымыз бен түсіністігімізді нығайтуға жиналдық. «Қазақфильм» киностудиясы АҚ-тың президенті Ермек Аманшаев мұндай пікірді жалғастырып, өркениеттің адамзат баласына ортақ екенін дәлелдей сөйледі. КСРО және Молдова халық артисі Михаил Мунтян өзін осы жиынға құрметтеп, әдейілеп шақырғаны үшін Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайға ризашылығын білдіріп, Астананың сәулеті мен сәніне сүйсін­генін толғана айтса, Қор басқармасының төрағасы Полат Бюлбюлоғлы Дархан Мыңбайға «Астана – Достастықтың мәдени астанасы» сертификатын табыс етті. «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» форумында көптеген тың ойлар, ұсыныстар мен жаңалықтар аз айтылған жоқ. Мәселен, форумға қатысушылар «әсер ету экономикасы, «бейне-образ экономикасы» деген сөздің мәні мен мазмұнына қанық болып, оны қызу қолдады. Бұл туралы М.Швыдкой былай деді: – Бұл терминді «шығармашылық индус­триясы» деп те айтады. Біз осындай экономикамен айналысуға тиіспіз. Ол жаңа жұмыс орындарын жасайды. Біз Ресейде экономиканы әртараптандырумен айналысып жатырмыз. Ал «шығармашылық индустриясы» елдің ішкі жалпы өнімінің елу пайызын еншілеуге тиіс. Тіпті мұнан да асып түсуі мүмкін. Қазір мұны құрғақ қиял деп жүргендер бар. Тіпті «шоу-бизнес бар ма, әлде жоқ па» деген пікірталастар бар. Шын мәнінде Қазақстан өнерді сырқа экспорттаудан күреп табыс табуы ғажап емес. Телевизия мен радионың еуразиялық акаде­мия­сының бірінші вице-президенті, профессор Владимир Зорин Қазақстан мен Ресейдің «Қазақ­тар» кітабын әзірлеп жатқанын мәлім етті. Бұл туынды халқымыздың мәдениеті мен дәстү­рін тереңдеп зерттеуге арналмақ. Ол мұнан кейін осы форумның ТМД шеңберіндегі елдердің зиялылары мен ғалымдарына ынтымақтасуға мүмкіндік беретін алаң екенін айта келіп, осындай кездесулер зиялылар арасындағы байланыстарды бекемдеуге, жаңа ілімдермен, ғылыми ақпаратпен алмасуға мүмкіндік беретінін дәлелдеп нақты мысал келтірді. Өздері қазақстандық әріптестерімен бірлесіп, қазір екі жобаны жүзеге асырып жатыр екен. Оның біріншісі – Ванкентті қазу жұмысы. Бұл Ескендір Зұлқарнайынның Сырдариядан өткеннен кейінгі әскерін басқару үшін жасаған әскери ордасы болса, ал екіншісі «Қазақтар» томын әзірлеп жатқаны. Форум жұмысы аяқталған соң оған қатысушыларға арналып «Қазақстан» орталық концерт залында «Астана – Достастықтың мәдени астанасы» деген тақырыпта ТМД елдері өнер шеберлерінің концерті болды. Бұл шара форумда айтылған пікірлерді қуаттай түсті деуге болады.

Қуанбек Боқаев, Сұлтан Қадырбек

3115 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7245

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6223

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3964

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3354

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3313

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3282

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3009

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2998

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы