• Ақпарат
  • 05 Шілде, 2012

Қазақтың абыройы, айбыны...

Астана. Қазіргі күні бұл шаһар әлемге әйгілі. Астана десе – бұл Қазақстанның Елордасы екенін, қазақ қаласы екенін шетел қауымы жақсы білетін болды. Астана – жас қала. Оның шаңырақ көтергеніне небәрі он төрт-ақ жыл. Соның өзінде төрткүл әлемге мәшһүр. Мұның да өзіндік себебі бар. Астана жас қала болғанымен, мұнда әлемдік айтулы жиындар, басқосулар өтіп жүр. Кешегі – Саммит, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жиыны... Астана жас болғанымен, дүниежүзі көз тіккен әлгіндей ауқымды шараларды жоғары деңгейде атқарды. Астананың әлемге танылуының тағы бір сыры – жас Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген іргелі табыстары. Әсіресе, экономика саласындағы оң қадамдар сырткөзді ерекше сүйсіндіреді. Астана. Әсем қала, ару қала. Қарасаң көз тоймайды. Жаңа заманға сай салынған зәулім ғимараттарды көріп, бойыңды мақтаныш сезімі кернейді. Алаңдар мен көшелер де ұқыптылығымен, мұнтаздай тазалығымен көз тартады. Астана бәрінен бұрын қазақ үшін мерей. Шамалы ғана уақытта, Тәуелсіздік жылдарын енді-енді бастан өткеріп жатқан шақта мұндай сәулетті, көркем қаланы тұрғызу әркімнің қолынан келе бермес. Бұл біздің ұлттың – қазақтың қолынан келетінін дүниежүзіне паш еттік. Демек, Астана – бұл айбынымыз, айбарымыз. Осындай шаһарды тұрғызған халықпен басқалар санасады, мойындамасқа шара қал­майды. Оның үстіне, бұл Қазақстандағы көп қалалардың бірі емес, Елордасы ғой. Елордаға артылар жауапкершілік те, сын да мол. Қазақпен санасу... Бүгінгідей бәсекелес­тік заманында бұл қажет. Кімді дос, кімді жау санау керектігін өзгелер де сезінер. Он жылдың о жақ, бұ жағында Астанадай қаланы асқақтатып, ажарландырған қазақпен кім дос, кім жолдас болуға ынтықпас. Астана – бұл халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің айқын айғағы. Алтау ала болмай, төртеу түгел болса алынбас асудың, бағынбайтын биіктің болмайтындығына нақты дәлел – Астана. Бірлік түбі – ырыс, жеңіс, қуаныш. Бірлігімізге қылау түспесін деп тілейік. Біздің Астанамыз қанатын енді жая бастаған балапан құс секілді. Қанаты енді-енді қатайып келеді. Тұрғындар саны көбейе түсуде. Кейде ойлайсың, біздің Астанамыздың ұлан-ғайыр жерді алып жатар ірі шаһар болуы міндетті емес шығар. Бұл қалай десек те басқару орталығы. Ел, мемлекет осы жерден басқарылады. Сондықтан шағын болса да әсем, көрікті, таза, жасыл қа­ла болса жетіп жатқан жоқ па? Алайда жұрт­шылықтың Астанаға аңсары қатты ауған. Адамдар болашағын, келешегін осы қаламен байланыстырады. Астананың ертеңіне сенеді. Демек, қарсы дау айтуға хақың жоқ. Халық сүйіспеншілігіне қалай қарсы тұрарсың. Астаналықтар қатары көбейе бергей деп тілейміз де. Астана алып қалаға айналса неге шаттанып, қуанбасқа?! Тәуелсіздікке ие болғанымыз кеше ғана. Жиырма жыл ғана өтті. Бұл талай ғасыр аңсаған, армандаған ең асыл да ұлы мұратымыз еді ғой. Жаратқан Иеміз оған да жеткізді. Тәуелсіздік – жаңа заманның, жаңа дәуірдің бастауы. Ескі-құсқыдан арылып, жаңаша өмір сүргенге не жетеді. Алда – жаңа армандар, жаңа биіктер. Елбасымыз да Елорданы жаңартуға жайдан-жай қадам жасамаса керек. «Қайғы-қасіретті көп көрген халықпыз ғой. Енді қуаныш, жақсылықтарымыз көп болғай. Бас шаһарымыз – Елордамызды жаңарталық. Ел, халық болып бір жаңаша өмірді бастайықшы» деген оймен Астана қаласын өмірге әкелген болар. Мұндай ізгі ойды қалай құптамасқа! Сөйтіп, еліміздің хақ төрінде, Арқаның нақ төсінде арайлы Астанамыз бой көтерді. Астана! Сен қазақтың мақтанышысың. Көркейе бер, гүлдене бер, Ару қала. Шапағатың мен нұрың төңірегіңе төгілсін. Дәл өзіңдей басқа да қалаларымыз, ауылдарымыз жайнаған үстіне жайнай түскей. Жылдар жылжи берсін. Күн артынан ай, ай артынан жыл өтсін. Сарыарқада керімсал самал есуін тоқтатпасын. Төбеде құстар сайрап, ағаштар бүр жара бергей. Сен де уақыт тынысынан қалма. Жасай бер, жарқырай бер, Астана! Нұрперзент ДОМБАЙ

2567 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9273

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7354

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5097

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4479

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4443

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4402

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4139

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4132

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы