• Ақпарат
  • 05 Шілде, 2012

Сарырақа төрінде - Құрманғазы ескерткіші

Астананың туған күнін мерекелеу шеңберінде халқымыздың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлы ескерткішінің салтанатты жағдайда ашылуы болды. Ескерткіш ашылмас бұрын Елорда аспанында Құрманғазының күйі күмбірлеп тұрды. Салтанатты шараға қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл күйден кейін бірнәрсе деудің өзі артық» дей келе, ұлы бабаларымызға тағзым жасау ұрпақ парызы екенін атады.  «Біз еліміздің тарихындағы ұлы тұл­ғаларды ұлағаттап, тәуелсіздік жылдары белгілі бабаларымызға ескерткіштер орнатып жатқан халықпыз. Осының барлығы біздің тәуелсіздіктің арқасы. Елдің ұлы бабаларға деген тағзымы ұрпақтың ризашылығы болып саналады. Астанада Қазақ елінің, бабаларымыздың монументтері, Керей мен Жәнібек хандарға, Абылай мен Кенесарыға, Абайға, жыр атасы Жамбылға, Бауыржан Момышұлына ескерткіштер ашылды. Міне, енді сол ескерткіштердің қатарында күй атасы Құрманғазының да ескерткіші бой көтеріп тұр», – деді Елбасы өз сөзінде. Одан әрі Президент ұлтымыздың киелі аспабы – домбыра жайында сөз қозғады. «Домбыра – қазақтың жан дүниесі. Ақын ағамыз Қадыр Мырзалиев өлеңінде «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген. Бұл талай дәуірден бергі бабалардың болмысын екі ішек пенен тоғыз пернеге сыйдырған ұлы композиторлардың жұмысы болатын. Халқымызда осы домбыраға жан беріп, қу тақтайдың көмейіне күллі қазақтың рухын сыйғызған талай дәулескерлер өткен. Олардың бірі әрі бірегейі – ұлы күйші Құрманғазы. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», «Қайран шешем», «Кішкентай» күйлері әр қазақтың жадында болса керек. Қазақ барда күй құдіреті Құрманғазының есімі ешқашан өшпейді. Оның күйіне арқау болған Сарыарқа, ұлы даламыз да бүгінгі күні әлемге танылды. Сондықтан мен Астана күні мерекесі қарсаңында орын алған бүгінгі жаңа айтулы оқиғамен барлығыңызды құттықтаймын. Ескерткіш құтты болсын, ағайын!», – деп Н.Назарбаев қала жұртшылығын ескерткіштің ашылуымен құттықтады. ХІХ ғасырда өмір сүріп, ғажайып туындыларды өмірге әкелген дәулескер күйшінің «Сарыарқа» күйі бүкіл дүниені шарықтап, қазақтың музыкасын әлемге паш етті. Ұлы күйшінің есімін ұлықтау мақсатында бірнеше көшелерге, мәдениет үйлеріне, театрларға аты берілді. Осы орайда айта кеткен де жөн болар, атақты күйшінің ескерткіші Сарыарқаның дәл төсінен, Елорданың сол жағалауындағы Сарыарқа даңғылының бойынан, «Думан» қонақүйінің алдынан орын алды. Күйші мүсіні 5,5 метрлік биіктіктегі тұғырға орнатылған. Қоладан құйылған ескерткіш-мүсіннің жалпы биіктігі – 10 метр. Мүсіндік композицияда күйшінің жарқын бейнесін, оның ерекше тұлғасын, қазаққа әйгілі өшпес рухын көрсету идеясы жатыр. Мү­сінде Құрманғазының ұлы далаға кең тараған күйлерінің бірін орындап отырған кезі бейнеленген. Ескерткіштегі аспап Құр­манғазы домбырасының дәл көшірмесі болып табылады. «Ұлы күйшінің домбыра шертіп отырып, қолын сермеген сәті оның шығармашылық шабытқа бөленген кезін білдірсе керек» дейді идея авторлары. Десе де, бізге ескерткіштегі күйші үлкен шығармашылық ойда отырғандай көрінді. Бір ғажайып туындыны өмірге әкелу үстіндегі сәт бейнеленген тәрізді. Тұғыр гранитпен қапталған және екі бөліктен – биіктігі 2 метр төменгі және 3,5 метрлік 3 тақырыптық бедер орнатылған жоғары бөліктен тұрады. Олар ұлы сазгердің бейне­сін толықтырып, Құрманғазы Сағырбайұлы өмір сүрген кезеңді суреттейді. Атап айтар болсақ, орталық бедерде домбырасын жас Дина Нұрпейісоваға беріп жатқан күйшінің өзі бейнеленген. Құрманғазы Динаға ақ батасын беріп, қазақтың күй өнері дәстүрін жалғастыруға жол сілтеген болатын. Оң жақ бедерде билік пен қазақ мемлекеттілігін аңғартатын Жәңгір хан бейнеленген. Сол жақ бедерде бір-бірімен батылдық, күш, ептілік бойынша сайысқа түскен батырлар бейнеленген. Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

4957 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9283

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7359

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5102

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4484

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4448

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4407

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4144

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4137

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы