• Тарих
  • 05 Шілде, 2012

Әмір Әбдіғапар аңсаған азаттық

1916 жылғы патшаның «маусым жарлығынан» кейін жарлыққа қарсы жер-жерде басталған толқулар Қазақстанның бірқатар өңірлерін қамтығаны тарихтан белгілі. Ұлт-азаттық көтерілістердің ең ірі орталықтары Торғай, Жетісу, Ырғыз өңірлері еді. Соның ішінде Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісті бастаған қолбасшы Әбдіғапар Жанбосынұлы болатын. Әбдіғапар Жанбосынұлының кім екенін білу үшін, тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаевтың «Жауға шаптым ту байлап» атты кітабында келтірілген мына анықтамаға тоқталып өтейік: «...ХХ ғасырда ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерінің бірі Әмір Әбдіғапардың бағы Егемен Ел болған кезде ғана ашылып отыр. Әбдіғапардың тотаритарлық заманда есімі құбыжық етілді, тарихтан аластатылды. Ал шын мәнінде Әбдіғапар кім еді... Ауыр заманда ту көтерген ерлердің бірі әмір Әбдіғапар даңқ үшін әмір болмады, ел есімін атады, ол көнді, Отан үшін жанын пида етіп, шүберекке байлады. Патша жендеттерінен аман қалған Әмір Әбдіғапар большевиктік экстремизмнің құрбаны болды…».

Әбдіғапар Амангелді, Кейкі, Қосжан, Уәлі, Өмен сияқты батыр інілерін ертіп, мың-мыңдаған сарбаздарымен Ақ патшаның жазалаушы әскер топтарына жеңіс бермей, Ресейдегі «Ақпан төңкерісіне» дейін шайқасқан қас батыр. Сол себепті жоғарғы штаб генералдарының өтініші бойынша, 1916 жылы желтоқсан айында Сарытауға арнайы келген соғыс трибуналы, Әбдіғапар мен Амангелдіні «патша ағзамның қас жауы» деп есептеп өлім жазасына кесіп, соттауға шешім шығарды. Сот шешімінде: «Әбдіғапар хан мен оның көмекшісі Амангелді дарға асылсын!» делінген. Әбдіғапар сарбаздарын жойып, өзін тұтқындау үшін генерал Лаврентьев бір полк әскер жұмсады. 1917 жылы ақпанда генерал А.Г.Сан­децкийдің Бас Штаб бастығы П.И.Аверияновқа берген ақпарат хабарында былай делінеді: «Экспедициялық әскер басының алған хабарына қарағанда, Әбдіғапар хан мен оның көмекшісі, қарамағындағы көтерілісшілердің негізгі бөлігі, қазіргі кезде Батпақара шатқалында топтасқан… Көтерілісшілер Торғайды 150 шақырым шеңбер бойымен Перовскі, Ақмола облыстары жағынан қоршап тұрғандай... Орынбордың 13 полкіне, жоғарыда көрсетілген Әбдіғапар ханның көтерілісшілер тобына қарсы бірден, аянбай қимыл жасасын деп, Батпақараға шығуға бұйрық берілді». Дегенмен, бұл бұйрық орындалмай қалады. Себебі Батпақара жанындағы Доғал-Үрпек деген жерде Әбдіғапардың сарбаздары Түргенев полкын атыспен қарсы алып, кері шегіндіреді. Патша әскерлері осы соғыста үлкен шығынға ұшырайды. Кейкі, Уәлі батырлардың сарбаздары олардың соңына түсіп, Торғайға дейін қуалап барған. Бұл көтерілістің жеңісті кезеңдерінің бірі еді. Кейін Ресейде II Николай патша тағынан түсті. Қазан төңкерісі өтті, билікке коммунис­тер, былайша айтқанда «Жұмысшы-шаруа» өкіметі келді. Әбдіғапар бастаған көтерілісшілер де патшаның құлауын асыға күткен еді. Олар «Ресейден бөлініп, жеке дара Ел боламыз» деп ойлады. Алайда бұл арманның орындалуы әзірге мүмкін емес еді. Патша өкіметі құлағанмен оның орнына келген большевиктер қарамағындағы бөгде халықтар үшін бұрынғы империялық саясатты жүргізе берді. Қазақ еліне жеке бөлінуге мүмкіндік бермеді, автономия беретін болды, оның өзін қазақтар қолына қару алып, орыстың ақ гвардиясынан қорғауға тиісті еді. Торғай облысының түкпір-түкпірінде қызыл әскер топтары ұйымдаса бастады. Бәрінің басында қазақтан шыққан тұңғыш коммунист қазақ Әліби Жангелдин тұрды. Бұл топ Торғай елінде Совет өкіметін құрушылар еді. Қазақ зиялылары да бас көтеріп, Алаш­орда партиясын құрып, қазақ халқы үшін автономия құрамыз деп жанталас­ты. Алашордашылар да үкімет билігіне таласты, бұлар милиция топтарын құрып, қаруландырып, большевиктік мемлекетке қарсы қойды. Сөйтіп, екі арада бірнеше қарулы соқтығыстар болды. Большевиктермен күресте, Алашорда Ақ гвардия генералдарымен (Колчакпен, Дутовпен) бірлесті. Торғай қаласы біресе советтердің қолында, біресе алашордашылардың қолында болды. Осы аласапыран оқиға 1919-1220 жылдарға дейін созылды. Ақыры бүкіл Ресейде, Қазақстан жерінде де, негізінен, Кеңес өкіметі орнады, билік большевиктердің қолына өтті. Осы аласапыран оқиғалар кезінде, 1919 жылы Амангелді батыр қаза тапты. Әбдіғапар алашордашылар тобына қосылмады, большевиктердің шаруалар мемлекетіне қарсы болмады, жақтады, соған қарамастан Қызыл әскер Әбдіғапарды себепсіз 1919 жылы атып кетті. Осылайша, патша жендеттерінен аман қалған Әбдіғапар, М.Қозыбаев айтқандай, большевиктік экстремизмнің құрбаны болды. Бұл Қазақстан жерінде большевиктер жүргізген қуғын-сүргіннің басы болатын. 1936 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихы жазыла бастағанда «Көтерілістің басында коммунист Әліби Жангелдин тұрды» деген жалған қағида тарихқа енгізілді. Большевиктер 1930 жылы «ҮШТІК» деп аталатын террорлық сот құрып, байды «байсың» деп, кедейді «жаусың» деп қазақтың сауаттыларын, бас көтеріп шындықты айтатын азаматтарын шетінен ұстап, қамап, ұрып-соғып, «шетел тыңшысымын», «халық жауымын» деген жалған құжаттарына қол қойғызып, ата бастады. 1928 жылы Қазақстанда жаппай кәмпескілеу басталды, атап айтқанда, байлардың малдары тәркіленді, өздерін соттады, жер аударды, кейбіреуін атты. Әбдіғапар ұрпақтары бай емес еді, әйтеуір, күнкөріске жететін малдары бар болатын. Жалпы Торғай елінің тұрмысы 1916 жылдары жаман болмайтын. Оны Ыбырай Алтынсариннің қорытындыларынан көруге болады. Дегенмен де жұрттың көпшілігі кедей, қалт-құлт етіп өмір сүріп отырған халық болатын. Судың тапшылығынан көп жерде егін екпейтін. Осындай жағдайда малынан айрылған халық, әрине, ашығады. 1930 жылдардың өзінде ауылдарда кәмпескілеу жүріп жатты. Зорлықпен халықтың малын тартып алып жатты. Мал жинауға кіріскен шолақ белсенділер қазақтың соры болды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран шығарып, халықты тонауға кірісті. Сол жылдары мен кішкентай бала болсам да, мына бір оқиға есте қалыпты. Ауылға, жанында милициясы бар, Әмірқұл дейтін шолақ белсенді келді. Үйді, қораларды тінтті. «Тығып қойған малдарың, азықтарың бар ма?» деді. Ешнәрсе таба алмаған соң мені жалаңаяқ, жалаңбұт даладағы аязға шығарып, қар үстіне тұрғызды. «Айт, иттің баласы! Мал бар ма, қайда тығып қойдыңдар?» дейді. Мен еңіреп жылап тұрмын, дірдектеп әбден тоңдым. Жылап тұрып, «бізде мал жоқ, піскен бұзау бар» деппін. Осыдан бір-екі күн бұрын тал-тоғай ішінде тығып жүрген екі бұзауды сойып, үйтіп алған едік. Үйткендері – терісі де тамақ болсын деген ғой, үйдегілер. Белсенділер үлкендердің жылап-сықтағанына қарамастан «піскен» бұзауларды алып кетті. Осы сияқты оқиға әр үйде болды ғой! 1930 жылы Советтердің мұндай қылықтарына шыдамаған ауыл халқы наразылық білдіріп көтерілді, іштерінде Әбдіғапардың ұрпақтары да бар. «Батпақара көтерілісі» деп аталатын, осы оқиғаға қатысқан адамдарды жазаға тартты, жай соттап қойған жоқ, біразын атты. Солардың ішінде 1916-1917 жылдары ұлт-азаттық көтерілістің белсенділері: Әбдіғапардың інілері Сәдуақас, Уәлі, балалары Назар, Мағзұм, Зейнолла атылды. Қали (менің әкем – автор) мен інісі Ғапбас Карлагқа айдалды. Сәдуақас Жанбосынұлы (1872 жылы туған) – Орынбор гимназиясының түлегі. 1916 жылы Сарбаздар топтарын ұйымдастырушы, Ақмешітке қару-жарақ алу үшін жұмсалған елші. Уәлі Жалмағамбетұлы – 1916 жылғы көтерілістің мыңбасы. 20 жастағы баласы Уәліұлы Ғапбас саяси жаламен 10 жылға сотталған. Әбдіғапар ауылында отызыншы жылдары бас көтерер бірде-бір еркек кіндік қалмаған. Аналары, шиеттей балалары: Мәрден, Сапарғали, Хамит, Қамия, Үмия, Төкеш, Мәлике, Рахима, Әлиакбар, Әжмедден, Зейнол-Қабден, Зибагүл, Дина, Есенжол қалды. Бұл 1931 жылдың аяғында тірі қалғандары. Совет өкіметі балаларға тиіскен жоқ. Балаларды туған-туыстары Қызылордаға, Алматыға жеткізіп, жетімдерді тәрбиелейтін балалар үйлеріне тапсырған. Мысалы, мені Тынышбала әжем 1931 жылдың аяғында Қармақшыға жеткізді. Қармақшыда тойып жемесек те, аш болған жоқпыз. Сонда бір тойғаным әлі есімде. Әжем екеумізді бір туысымыз қонаққа шақырды. Олар Сырдария теміржол көпірі тұсындағы аралда тұрады екен. Бір қараша киіз үйге кіріп, Тынышбала әжеммен төрге шықтық. Лезде дастарқан жайылды, ортасына үлкен ағаш табақ қойылды, үй иесі ыстық нанды әкеліп ағаш табаққа салды да, үлкен кеседегі сары майды ыстық нанға салып, қолымен езіп жақты. Біз бір-бір бөлігін алып жей бастадық. Нанның тәттілігін айтсаңшы. Нан тәтті ме, май тәтті ме? Қазақ айтады ғой: «Аштықта жеген құйқаның дәмі өмір бақи естен шықпайды» деп, сол рас шығар, қазір жасым 90-ға жақындап қалса да, әлі есімде. Әжем мені Алматыға жеткізді, сонда балалар үйіне табыстады. Елде қалған туыстар 1932-1933 жылдары аштыққа ұшырап, қырылып қалды. 1930-шы жылғы қудалаудан қашып, жан-жаққа тараған туыстар аман қалды. Елде қалған Әбдіғапардың қызы – Бибіжамал, екі ауыл арасында бір жолдың жиегінде аштықтан өлген, оны көрген қайнысы Жиентай, шұңқыр қазып, көміп, бетін жауып кетіпті, оған да рахмет. Сол жылы менің шешем Ұрқия да, қыздары Зибагүл, Динамен елде қалып, аштыққа ұшыраған. Бұлар да Көкөлең деген жерден шығып, Сарыторғайдан өтіп, жаяулап Ұлытауға қарай бет алған. Шешемнің айтуына қарағанда, жол бойы аштан қырылған ауылдарды көрген. Ұлытау бойында тұратын әкемнің нағашылары да жүдеген шешеме көмек көрсете алмапты, бар болғаны, бір дорба тары беріпті. Әрі қарай шешемнің әңгімесі: «Жол бойы әр жерде шоқиып отырған, көздері үңірейген аштар. Балаларыма қарап қолдарын созады… Тамақ сұрай ма, жоқ балаларымды жегілері келе ме, білмеймін. Зормандардың ұяларын аңдыған аштар. Зорман шыға қойса , оны ұстай алатын әлдері бар ма? …Әйтеуір бір үміт қой. Менің де әлім бітіп, жүруге шамам жоқ. Зибагүл өз күшімен жүре алады. Бір кесе қалған тарыдан бір уысын бердім, соны жеп қоректенді, біраз жүрді, үндемейді екі жағы суалған. Тамақтың жоқ екенін біледі… Динаның екіден үшке қараған кезі. Аштықтан титығы шығып, қатып қалған, жүре алмайды, аяғын бір жасар баладай тәлтек-тәлтек басып, екі-үш аттап құлайды. Қаңбақтай жеңіл, соның өзін көтере алмаймын. Бір-екі шақырым жүрген соң жерге түсірем. Екі көзі жаутаңдап қарайды, сөйлеуге де, бір нәрсе сұрауға да әлі жоқ. Қарсақбайға қалай жететінімді білмеймін… Әлі бір-екі күндік жер жүру керек. Сонда жетсек, аман қаламыз ғой. Жүруге әл жоқ… Динаны тастамасам болатын емес, ең болмаса, біреуін тірі жеткізейін деп ойладым. Қимаймын, жылаған болам, көзімнен жас та шықпайды… Есімнен адасып бара жатқан сияқтымын. Амал не?! Динаны тастап, Зибагүл екеуміз кетіп барамыз… Дина кішкентай екі қолын созып жылаған болады… Даусы шықпайды…Теріс айналып, үнсіз жылап барамын. Құлағыма Динаның жылаған дауысы келіп тұрған сияқты. Ес жоқ, біраз жүрдім бе білмеймін… Тағы жүрген болдым, еңіреп келе жатқан сияқтымын… Зибагүлді тас­тап, Динаға қайта оралдым, құшақтап көтеріп алдым да алға жүрдім… Динаны қатты қысып алып, «тастамаймын, тастамаймын» деп айтып келемін. Ия, тастамадым, тағы біраз жүрген болдық. Жүруге әлім жоқ, бір жусанға жетіп құладым, Зибагүл менен жеңіл ғой, әйтеуір еріп келеді. Жаныма жетіп қисая кетті. Ол кейде шегіртке ұстап алып жейтін. Бүгін күн ыстық, шегірткелер де шұңқырларға тығылып қалған болу керек, көрінбейді. «Шегіртке жесеңдер, өлмейсіңдер» деп Рақымбек айтқан еді. Мен шегірткені жей алмадым. Зибагүл бала ғой, бір-екі рет аузына салып шайнап жібереді де, жұта салады… Жылда далада қаптап жүретін шегіртке де көрінбейді… Торсығымыздан жарты кеседен су іштік, тұру керек, тұрайын десем әл жоқ. Қозғалмасақ болмайды. Күнге қызып кеуіп барамыз. Төрт аяқтап тұрдым, екі көзім Динада, алып жүре алмаймын… Тағы да отырған жерінде қалды. Өле қалса жақсы болар еді… Қалың шөп ішіне тыға салар едім… Қимылдап жатқанын біреу көрсе, жеп қояды ғой деп ойлаймын… Амал жоқ тас­тап, ілбіп жүріп кеттік. Біраздан кейін сүйретіліп қайта оралдық… Осылай 5-6 рет тастап кетіп, қайта оралып, сүйретіліп Қарсақбайға жеттік, әрі қарай бізді аштар тобымен Қармақшыға әкелді. Сол жерде «өкімет» бір-екі рет тамақ берген болды. Туыстар да табылды, бәрі болды ғой, тек екі балам адам қатарына қосылмады, іштері тыйылмады, көп ұзамай қайтыс болды» дейді. Шешемді Жаңақорғандағы туыстар емдеп, өлім аузынан аман алып қалыпты. Әбдіғапардың екінші ұлы Рүстем 1916 жылғы көтерілістің ең жас сарбазы болған. Қазақстанда Совет өкіметін құруға қатысқан азамат. Большевиктер мемлекеті үшін 1936 жылға дейін Алматыда қызмет еткен. Сондай адал адамды 1937 жылы «Халық жауы» деп ұстап, атты. Сол жылы немере інілері Хамит және Әмірәлі «Халық жауы» деп атылды. Балалары: Мәрден, Әжмедден, Мінайдар Совет мектептерінде тәрбиеленіп, 1941-1942 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, құрбан болды. Жастары өсіп, азамат болып, Отаны үшін адал еңбек етті. Сонда да, Советтік қоғам, оның мүшелері ауыл қазақтары, туыстары, бай балаларының өсуін, өрлеуін көре алмады. Домалақ арыздар жазып, жамандады. 1937 жылы мынандай бір оқиға болған еді. Жақында ашылған Қазақ университетінің физика-математика факультетінде Төкеш Әбсадықұлы оқып жүрді. Бұл факультетте ең дарынды жас­тар оқитын. Қазақ елі тұңғыш физиктерін дайындады. Төкеш оқудың озаты болды. Сол жылдары еңбек озықтары үшін тағайындалған алғашқы медальды алды. Көп ұзамай дәрежелі комсомол ұйымы­ның хатшысы болып тағайындалды. Әттең, бұл өрлеу ұзаққа бармады. Қазаққа тән көре алмаушылық, домалақ арыздар жазыла бастады. Айыбы «хан тұқымы екенін жасырған» деген. Шынын айтсақ, оның әкесі – Әбсадық (Әбдіғапардың інісі) 1916 жылы көтеріліс ордасында қазына қорының хатшысы, Советтер дәуірінде коммунист есебінде қызмет еткен азамат. Бірақ ол ертеректе ауырып қаза болған әкесінің тарихын білмейтін...Төкешті комсомолдан шығарды, оқудан қуды, Түргенге жер аударды, онда училищеде сабақ берді. Сыйлы болып, тағы да көтеріліп, облыс басшылығына дейін жетті. Тағы да домалақ арыздар келіп жатты. Төкеш ағамыз тағы да қызметінен ығыстырылды, сүйген махаббатынан айрылды, ауырды, емделді. Кейін «орыстан әйел алсам, бәрі тынышталар» деп Раиса деген орыс қызына үйленді. Осылайша, қуғын-сүргіннен құтылды. КазПИ-де сабақ беріп, кандидаттық диссертациясын қорғап, кафедра меңгерушісі болды. Ал жаңа ғана мектеп бітірген Әбдіғапаров Қабденге сол солақай саясаттағы әкімдер, армандаған оқуына түсуіне бөгет жасады. Репин атындағы академияға түсуге рұқсат бермеді. Одан әрі университеттің физика факультетін бітіріп, аспирант болуына басшылар қарсы болды, таққан айыптары, сол баяғы «хан тұқымы». Ал оның әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері екенін ескермепті де! Тағы ондаған жылдар өтті, тек 1970 жылы ғана ол толық ақталды. Партияға кіруге мүмкіндік алды. Оқиға былай өрбіген еді: 1969 жылы Қабден Жамбылда, жаңа ашылған пединс­титутта проректор болып істеді, сонда қалаға Илияс Омаров келді. Мәскеуден емделіп, операциядан кейін түйенің шұбатымен сауыққысы келген екен. Мұнда достары Сәлімгерей Тоқтамысов, Ғабит Мүсірепов, Бименде Сәдуақасов қамқорлық жасап шақырыпты. Бұлар Билікөлдің жанында, тау ішінде киіз үй тігіп, сонда орналасыпты. Бұл курорт­тық жер. Мен Ілекеңе сәлем берейін деп барған едім, Сәлімгерей мені көріп: «Бізді елеп хан тұқымы келіп қалыпты ғой» деді. Осы әңгімені тыңдап отырған облыс хатшысы Б.Сәдуақасов жолдас: «Біз Қабденді ректорлыққа ұсынбақшымыз, әуелі оны партияға аламыз» деді. Қудалау бітті ғой деймін. Дегенмен, біздің ұрпаққа талай қорлық, зорлық жасаған партияға өтпедім, бастық та болмадым. Алматыма оралып, өзіме үйреншікті доценттік жұмысымды атқара бердім. Жылдар зулап өте шықты. Коммунистік жүйе өзінен-өзі күйреді. Қазақ халқы бостандық алды. Әмір Әбдіғапар аңсаған азаттыққа ие болды. Құдайға шүкір, өз жерімде, өз елімде өсіп-өніп, осы күнге де жетіп отырмыз. Халқымыз аңсаған еркіндік мәңгі болсын! Қабден Әбдіғапаров, дербес зейнеткер

4618 рет

көрсетілді

101

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9279

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7357

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5100

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4482

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4446

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4405

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4142

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4135

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы