• Тарих
  • 12 Шілде, 2012

Еуропадағы бабалар ізі

(Жалғасы. Басы өткен санда) Профессор Марек Гавенский бізді қаланың көрікті жерлерін аралатып, тарихи-мәдени орындарын таныстырды. Біз ең әуелі ҚР Пре­зидентінің «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша ғылыми тағылымдамадан өтетін Поз­нань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеттің бас ғимаратын тамашалаудан бастадық. Адам Мицкевич атындағы алаң маңайындағы Опера театры, консерватория, университетке қарсы Киелі Марчин (Sw.Marcin) көшесі бойында орналасқан Мәдениет сарайының («Zamek Cesarski») архитектуралық құрылысы көңілге әдемі әсер қалдырды. Мұнан соң «Ескі базар» аталатын қала орталығын араладық. Дәл осы арада менің назарым Полония Ғылым Академиясы ғимараты шатырының қақ ортасындағы темір пирамида тұғырына қонған, қанатын қомдаған қаз мүсініне ауды. Полонияда, жалпы Еуродаққа енген елдерге ортақ заң бойынша тарихи ғимарат саналатын құрылыс нысандарының жөндеу жұмыстары кезінде бастапқы қалпы, яғни сыртқы кейпі, тұтас конструкциялық дизайны сол күйінде сақталуы тиіс. Егер сыртқы келбет-көркіне түзету жасалса, заң бойынша әлгі ғимарат құрылысын өзгерткені үшін бұздырып, қайтадан салдырады екен. Сондықтан кез келген құрылыс нысанының бастапқы сыртқы пішіні сол күйінде сақталуына бақылау мемлекет тарапынан қатаң қорғалады. Қала тұрғындарының айтуы бойынша, ғимарат XVIII ғасырда неміс құрылысшыларының күшімен тұрғызылған. Бұл ғимараттың салынуына тапсырыс берген иесі, бір ғажабы этникалық қазақ ұлтының шығу тегіне ескерткіш қоймақ жан болған сыңайлы. Пародокс сонда – ғимараттың архитектуралық құрылысы мен қасбетіндегі мүсін өнерінің композициялық орындалуы қазақ тарихына тікелей қатысты ақпаратты символика тілімен баяндаған. Қаздан төмен әлем ағашын білдіретін айқастырылған қос бұтақ, онан төмен қол-аяғы шабылған, ауызы айқыш-ұйқыш берік буылған үш бірдей жауынгер мүсіні орналасқан. Жауынгер аузы байлануы – ақпараттың кодталған құпия сақталуын меңзегендік, яки жабық тақырып деген ұғымды білдіреді. Демек, көркемдік безендіруде ақпаратты сақтау мен таратудағы ежелгі құпия ілімге сүйенген ғылыми-әдістемелік сипат барлығы айқындалып тұр. Көрнекілікпен сюжетке құрылған бейнелеу өнері композициясының негізгі көңіл аударатын қасиетті белгісі таңба екені аңғарылады. Мемлекет рәмізі желбіреген ту жанында аң патшасы қос арыстанның таңбаны күзетіп, құрметті қарауылға тұруында көпшілік қауым түсіне бермейтін аллегориялық жұмбақ мән бар. Одан жоғары патша [король] тәжінен екі қол шығып, кие тұтқан құрақ таңба – садақ пен жебе оғын мығым ұстап және сол жағында қорғаныс пен қарулы күштің белгісі – қылыш, оң жағында биліктің белгісі – скипетр, яғни асатаяқ тұруының астарында құпия сыр бар. Өнер тілін сөйлеткен жәдігер туралы білгім келіп профессор Марек Гавенскийден сұрағанымда мандытып жауап бере алмады. Профессор: «Мұнда дәл сіз ойлағандай жұмбақ сыр жоқ. Ғимарат архитекторы эстетикалық әсемдік үшін қиялынан туған көркемдік айшықтауды қолданған» деп келте қайырды. «Солай-ақ болсын, бірақ композициялық шешім тұтас ақпараттық мағына беруін немен түсіндірер едіңіз? Таңбаны не үшін қолданған?» деймін. Профессор: «Таңба – поляк ақсүйектерінің тектік белгісі, тегінде, татарлардан ауысқан болса керек» дейді. Жалпы поляк ғалымдары «таңбаның ақпараттық код, яки ақпарат тасымалдайтын қабілет мүмкіндігі мол» дегенге сенер-сенбесін білмеді. Сосын бағзы қазақ пен поляк арасында байланыс болды дегенге де күмәнмен қарайды. Бұл салада ғылыми арнайы ізденіс болмағандықтан тарихи санада көмескіленіп, бұлдыр тартты. Арада біршама уақыт өткеннен кейін профессор Марек Гавенский өз ойын дәлелдемек ниетпен «Pałac Działyńskich» («Дворец Дзеленс­ких») деп аталатын жарты беттік интернеттен алынған анықтама мәлімет әкеліп берді. Мұндағы дерекке сүйенсек, «XVIII ғасырдың 70-ші жылдарының аяғында бұл ғимарат – Ұлы Литва [князьдігінің] маршалы Владислав Гуровскийге салынған. 1785-87 жылдары Антони Хёхне ғимаратты классикалық барокко стилінің пішініне түсірген. 1808-1872 жыл аралығында сарай иесі Дзелинский, одан соң Замойскийге көшкен...» (http:www.poznan.pl/mim./public/turystyka/pages.). Бір қызығы, ғимарат шатырындағы қаз мүсінін әлгі деректе бірқазан деп шатастырған. Өйткені барокко стилінің ерекшелігі – құрылыстың қасбетіндегі күрделі пішіндер мен мүсіндерді шамадан тыс қолданады. Ондағы архитектуралық өрнектерді талдайтындай еш мағына бермейді. Сондықтан барокко стиліндегі элементтерде бас ауыртатындай мағыналық мазмұны жоқ деп түсінеді. Міне, Познаньдағы «Қаз үйі», яки «Дзелинский сарайы» архитектуралық композициясының байыбын дұрыс пайымдамаған баз біреулер барокко стилімен салынған деген жаңсақ пікір қалыптастырған. Шындығында, ғимаратты салуға тапсырыс берген жан бағзы Руникалық концепцияның құпия сырын білген. Заманмен бірге мемлекеттік мүдде мен қоғамдық таным өзгеріп, арада өткен небір саяси оқиғалар мен көзқарас мұның бәрін ұмыттырған. Алайда Познаньдағы «Қаз үйі» тарихи жадтың айғағы болып бүгінгі күнге жетті. Бұған қадым замандағы қазақ пен поляк арасындағы тарихи байланыстың ізі Еуропада сайрап жатқанына заттай айғақтар мен деректер жетерлік. Мен ат басындай алтын тапқан ертегі кейіпкеріндей қуанышымда шек болған жоқ. Өйткені іздегенім дәл бұлай алдымнан шығады деген ой менің өңім түгіл, түсіме де енген емес. Дереу тапқан жаңалығымды жеткізіп, қуанышыммен бөлісу үшін «Скайп» бағдарламасы арқылы бағзы төрүк Руникалық Тұжырымдамасының [Концепциясының] білгір маманы, пікірлес досым Тайжан Досановқа баяндап, электронды поштамен фото нұсқасын жібердім. Ол: «Бұл шын мәнісінде табылған ғылыми олжа, қазақтану, төрүктану ғылымына қосылатын сүбелі үлес» деп бағалады. Мені ол одан сайын қанаттандырып жіберді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дейтін қазақтың нақылы бар. Сондықтан мұражай, кітапхана қорларын мұқият тексеріп, сүзіп шығуды жоспарладым. Сөйтіп, Познанның археологиялық мұражайынан қызық экспонатқа тап болдым. Кірпіш бетінде төрт жерден астына қойылған тіреуі бар сәкі үстінде қаз-қатар тізілген үш қаздың шеткісіне алдыңғы сол аяғын сүйеп, оң аяғымен сәкіні, артқы екі аяғымен жерге шаншыла тік тұрған бөрі және оның арқасында отырған үш қаз бейнеленген. Сәкіні, бәлкім, шартты түрде жерді тіреген вертуалды тіреу руникамен таңбаланған «іч» мағынасын білдіреді. Сәкінің астындағы суда балықтар жүзіп жүр. Бұл арада белгісіз автор ғаламшар кеңістігінің тігінен-тік, вертикальді өлшемін аңғартып тұр. Демек, бөрінің үстіндегі үш қаз – жоғарғы әлемді, сәкінің үстіндегі үш қаз бен бөрі – ортаңғы әлемді, судағы балықтар – төменгі әлемді білдіріп тұр. Төменірек дәл осындай кірпіш сынығы қойылған. Қыш кірпіш туралы мәліметті білгіміз келіп, мұражай экспонаттарына байланысты каталогпен танысқанымызда «қазан-ошақ айналасын безендіруге арналған қыш тақта (кафель). Гниезно қаласы. XV ғасыр» (Tu powstała polska. Kataloq wystawy statej w muzeum archeoloqicznym w Poznaniu. 2007, 114-115.) деген дерек алдық. Ескі жыр-толғауларда «Аспандап ұшқан алты қаз...» («Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры) деп, оқ тиіп, хал үстінде жатқан Төлегеннің мұң-шерін алты қазға шағынатын зары бар емес пе?! Бұл үрдістің ұлттық сана-сезімнің даму эволюциясында тамыры тереңде екенін көрсетеді. Біздің пайымдауымызша, мұның сыры ұлттың тотемдік Анасы – Қазбен байланысты қалыптасқан. «Алты қаз» – «алты алашты» егіздеу, оның астарында Оғыздың екі әйелінен тараған үш-үштен «Алты космостық нысан: Аспан мен Жер денелері – Күн, Ай, Жұлдыз және Тағ (Тау), Көк (ағаш), Теңіз» (Т.С.Досанов. Тайна руники (графический дизайн в эзотерической рунной концепций бога Тенгри, сокрытой в знаках рунического письма, в родовых тамгах и в символох геометрического генеза. А., 2009. С. 67), яки алты баласынан тараған ұрпақ, сол жаратқан ата-бабасының рухына шағынысы деп қабылдаған абзал. Ұлттың ежелгі мифтік-тотемдік анасы Қаз өте биікте күллі тіршіліктің қамқоршысы деген сенімнің сілемі жоғарыдағы сөйлем астарынан аңғарылып тұр. Алаштың ардақты перзенті М.Тыныш­байұлы 1927 жылы Талдықорған уезінің Қаратал маңынан қиял-ғажайып жануардың бейнесі шекілген тас тапқан, жәдігер олжаның бетіне сәл төменірек жартылай өшкен екі жол ежелгі төрүк руникалық таңба белгісі бәдізделген (Массон М.Е. К истории открытия древнетурецких рунических надписей в Средней Азии. М.–Л., 1936. С. 11). Бұл бейнеленген ит-құстың қаз бен сақ, яки қазақтың мифтік-тотемдік тегін интерпретациялау Руникалық концепциядан алынғандығы білінеді. Идеяны өнердің тіліне көшіріп, ойды заттандыру, тұтынатын құрал-сайманға, қару-жараққа, бұйымға, түрлі әшекейлерге эстетикалық тартымдылықпен әдемі бейнелеу – ежелгі ғұн, сақтардың аң стилі, көк төрүк дәуірінен бар әдіс-тәсіл. Осы өнер жыл санауымыздың I-ші ғасырынан Еуропаға кең тарала бастаған. Руникалық таңбаларды декоративтік стилизацияға түсіріп қолданудың ең басты екі себебі бар: біріншіден, идеяны трансформация жасауда астарындағы құпияны ұлттық мүдде тұрғысынан сақтау болса, екіншіден, ою-нақыш, орнамент үлгісінде көркемдік-эстетикалық талғаммен тиісті ақпарат беру ғылыми-әдістемесін сәтті пайдалану. Бұл ретте этномәдени бұйымдар мен киім-кешек, киіз үй мен түрлі құрал-сайман, қару-жарақ, саз аспаптары, тұрмыстық заттардың сыртқы пішініндегі, ою-өрнегіндегі, әшекейлеріндегі жасырылған сырды екінің бірі біле бермейді. Өйткені осы ілімнің құпиясын игерген қабілетті жандарға ғана тылсым сыры мәлім болып қала берген. Познаньдағы «Қаз үйі» – Полония Ғылым академиясы ғимаратының архитектуралық композициясы қазақ пен поляк арасындағы ежелгі ықпалдастықтың куәсіндей болып орнатылған ескерткіш екеніне рунолог Тайжан Досановпен бірігіп 3-4 ақпанда Слубица қаласында өтетін «XXI ғасырдағы Еуропа елдерінің ықпалдастығы» атты ғылыми конференцияға баяндама дайындадық. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі саясат мемлекеттік әкімшілік-аумақтық шекараны қайта межелеуге байланысты Слубица қаласы Полония еншісіне тиген Алманияға қарасты Майндағы Одер қаласының тең жартысы болып шықты. Майндағы Одер қаласымен Слубицаны қақ жарып Одер өзені ағады. Осы табиғи шекараны кейінгі мемлекеттік шекара бөлісі кезінде саясаткерлер өз мүддесіне сәтті пайдаланған екен. Конференция жұмысының пленарлық мәжілісі 3-ақпан күні сағат 10-да саясаттану ғылымының докторы, профессор, Познанның Адам Мицкевич атындағы университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Тадеуш Валастың кіріспе сөзімен ашылды. Беташар баяндаманы Еуродақтың бұрынғы төрағасы Гёнтерь Ферхеугень жасады. Ол: «Мен сіздермен бірге конференцияға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын, – деп бастап, – Еуродақтағы ішкі дағдарыспен бірге әлемдегі дағдарысты ажыратып алу керек. Мен 1940 жылы туғанмын. Менің балалық шағымда ішерге ас, киерге киім жоқ, елдің әбден дағдарысқа түскен қиын кезеңін бастан кешірдік. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы болатын. Қазіргі буын бұл қиыншылықты түсіне бермейді. Еуродақтың интеграциясы өте күрделі жүруде. Әрбір елдің өз ерекшелігі мен айрықша өзіне тән түрлі белгілері бар. Мұның ескерілуі үшін байыпты, жете зерттелуі тиіс... Біз еуропалықпыз дегенмен әркім көрпені өзіне тартып, мен полякпын, мен неміспін, т.т. деп бөлінеді. «Мен еуропалықпын» деген сана қалыптаспай, бұл саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық дағдарысқа негіз болатын алғышарт екені сөзсіз. Қазір Алманияда қоғамдық пікір «Еуродақтың пайдасы жоқ, себебі интеграцияның соңы неге ұрындыратыны белгісіз» деген үрей алаңдатады. Өйткені Еуродақтың бірігуінде бюрократтық көптеген кедергілер, әртүрлі даму деңгейіндегі елдерді теңестіру үшін дамыған елмен даму деңгейі төмен елдердің арасындағы әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін әділ шешіп, бұл елдерге тиімді жолдарын көрсетудің маңызды мәселелері шаш етектен, – деп қадау-қадау өзекті ойларын ортаға салды. Танымал тұлға – Саясат реальды экономиканың нәтижесімен санасуы тиіс. Бұл саясат – Еуродақ көлемінде үйлестіретін құрылымдық орталық болуы тиіс. Келесі жылы Еуродақтың төрағалығы Полонияға тиеді, мен сіздерге тілектестік білдіремін» деп аяқтады. Үзілістен соң пленарлық мәжіліс отырысын профессор Сасинска-Клаус Тереза пани жүргізді. Екі күнге созылған конференция жұмысында Еуропаның көптеген танымал ғалымдарының баяндамасын тыңдадық. Дидарласып, пікір алысудың реті келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің атынан барған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәкен Нұрбеков екеуміз екі бөлек секцияда баяндама жасадық. Конференцияның жұмыс тілі ағылшын, поляк, неміс, орыс тілінде болды. Регламент 7-10 минут, сұраққа жауап беру 2-3 минуттан аспау шарт. Кезек маған келгенде баяндаманың жазбаша мәтінін секцияға төрағалық етуші профессорға беріп, көрнекі құралмен ауызша 10 минутқа сыйғыздым. Бұл секциядағы ғалымдар негізінен орыс тіліне жетік еуропалықтар мен Украина, Молдавиядан келген өкілдер екен. Менің тақырыбым мен ғылыми-әдістемелік тәсілім тосын жаңалық болғанын аудиторияның зейін қойып, ұйып тыңдауынан аңғардым. Сұрақ қарша жауды. Көпшілігінің көкейіндегі «Бұл ғылыми-әдістемені бұған дейін неге білмей келдік? Адамзат қоғамына қосқан рухани қазынасын Қазақстан ғалымдары осыған дейін неге жарияламады? Қазақтың төлтума руника жазуы бола тұра, басқа графиканы неге қолданады?» деген сияқты ортақ сауалға жауап беруге тура келді. Регламентті бұзбайтын еуропалықтар қызыққаны сондай, менің бәріне жауап беруіме 8 минут берді. Тіпті секция жұмысы арасындағы үзіліс кезінде оңаша сөзге тартқан украиналық жас ғалым «Сізді тыңдай бастағанда «тарихшы шығар» деп қалдым, содан кейін «мәдениеттанушы болар» дедім, кейін «лингвист пе екен» деген ойға келдім. Сіздің мамандығыңыз кім? Жазған еңбектеріңізді қалай оқуға болады?» деді. Әлбетте, ғылымда әдістемелік қалыптасқан жүйеден шыға алмайтын ізденушілер қалыпқа сыймайтын тосын жаңалықты қабылдауға қабілеті жете бермейді. Жалпы ғалымның екі түрі бар: біріншісі – оқыған, тоқығаны арқылы ғалымдық атаққа ие болғандар. Олар белгілі әдістемелік қалыптың шеңберінен шыға алмайды. Ол ғылыми-әдістеме кімнің мүддесін көздейтіндігімен мүлдем ісі жоқ. Ондай мансап қуған ғалымдар қоғамды рухани дағдарысқа түсіреді. Солай бола тұра, бұлар қоғамда жетекші әлеуметтік пәрменді күш. Екіншісі – оқыған, тоқығанымен бірге бойында Тәңірдің берген сыйы – ғалымдық қабілеті бар жандар. Нағыз ғылымды жасайтын, тарихи ақиқатты орнықтыратын нақ осындай жандар. Бірақ мұндай ғалымдардың жолы қашанда ауыр. Познаньдағы «Қаз үйіне» қатысты ғылыми пайымдамамен танысып, пікірін білдіруге төрүктанушы, профессор Хенрик Янковскийге бердім. Профессор мырза бұл пікірге түбегейлі қарсылығын білдіріп, «қазақ пен поляк арасында бұрын мүлдем байланыс болмаған» деген түйін жасап, ойын ашық жазбаша білдірді. Ол: «Сіздің баяндамаңыз қате принципке құрылған. Барлық этимологияңыз қате, бұл ғылым емес, фонологияға да, лексикологияға да, тарихқа да негізделмеген. Халықтық этимология мен ойдан табылған ұқсастыққа сүйенгенсіз. Познань ғимаратындағы 3 жауынгер мүсінін төрүкке, қазаққа балаған идеяның өзі ешқандай негізсіз. Дүниеде ұқсастықтар көп, адамдардың екі қолы бар, құстардың екі қанаты, үйдің шатыры дегендей, бір кездері жебені қолданып, оның суретін салған ↑, → немесе садақты бейнелеген. Бірақ бұл қи­сынсыз нәрседен мағына іздеп, жоқтан барды байланыстыратын дәйек болуға тиісті емес. Ғафу етіңіз, сізге бұлай жазуға мен мәжбүр болдым. Сізден өтінетінім, бағдарламаңызға сәйкес пайдалы іспен айналысқаныңызды қалаймын. Мен соны ғана оқып және сондай шығармашылығыңызға қатысты баға бере аламын. Құрметпен Хенрик Янковский» деп жазыпты. Профессор мырза «поляктарда руни­калық жазба мүлдем болған жоқ» деп кесіп жауап берді. Профессор славяндардың руникалық концепциясынан бейхабар болып шықты. Әрине, «қазақтың шығу тегіне қатысты дерек Руникалық концепцияға сүйеніп, Полониядағы ғимарат архитектурасына трансформация жасалған» дейтін идеяға поляк түгіл қазақтың өзі күмәнмен қарары сөзсіз. Сондықтан Полонияны былай қойғанда, төрүк әлемі қабылдай алмай отырған ежелгі төрүк Руникалық концепциясын «профессор Хенрик Янковский түсінбеді екен» деп ренжуге біздің қақымыз жоқ. Бұл ғалымның интеллектуалдық өре деңгейіне, мемлекеттік мүддесі тұрғысынан көзқарас ұстанымына да байланысты. Осы пікір қайшылығы поляк-қазақ қатынасының тарихын тереңірек зерделеуге түрткі болды. Егер біз Еуропаға руна жазуын біздің жыл санауымыздан бұрынғы бірінші ғасырда Кас­пий жағалауындағы ру көсемі бастап алып барғандығы туралы хроникалық деректің (Мэнли Палмер Холл. Энциклопедическое изложение масонской, герметической, каббалистической и розенкрейцеровской символической философии. М.–С.–Петербург, 2003. С. 82-83; Медоуз К. Магия рун / Пер. с англ. К.А. Савельева. – М.: Агенство «ФАИР», 1997. С. 14.) сақталғандығын ескерсек, егер біз Еуропаға жөңкіле қоныс аударған сақ, ғұн дәуіріндегі Ұлы көшті еске алсақ, 441-453 жылдардағы Аттила әскерінің Еуропаға жасаған жорығын, Рим империясын құлатқан ерлігін, оның соңынан барғандардың кейін сол жерге сіңісіп кетуі – бұл ұлтаралық ықпалдастыққа негіз болғандығының айғағы. Әлбетте, екі құрлық арасындағы әр дәуірдегі тарихи ықпалдастық қарым-қатынасқа мысал жетерлік. Тарихтан белгілі дулат руының өкілі Қобрат қағанның баласы Аспарух қаған Қара теңіз жағалауындағы мекенінен бүкіл ордасымен Дунайға қоныс аударғаны. Сөйтіп, Аттила кезінен Еуропаны жерсінген қандас славян-дулебилермен бірігіп Бұлғар (қазіргі Болгария) мемлекетінің негізін қалады. Еуропаға шұбай көшкен екінші ірі толқын 552 жылғы Бумын қаған мен Істемі қаған жорығы. Күлтегін ескерткішінде Бумын қаған мен Істемі қаған жорығы туралы мынандай жолдар бар: «Төрт бұрыштағы [жаумен] соғысып, басы барын жүгіндірген, тізесі барын бүктірген, ілгері Қадырқан үстіртіне дейін, кері Темір Қақпаға дейін қондырды» (КТү., 1, 2.). Темір Қапығ–Темір Қақпа деп Қазар қағанатына қараған Дербентті айтады (Дебир+Темір+кент. О. Сүлейменов. Аз и Я. 1975). Профессор Хенрик Янковский «Аттила кезінен Еуропаны жерсінген қандас славян-дулебилер» дегенге де күдікпен қарап, «мүм­кін емес» дейді. Жатжұрттық жиһанкездер мен тарихшылар қазақтың этникалық ру атауларына тілі келмегендіктен түрліше құбылтып, бұрмалап жазғандары мәлім. Мысалы: дулат – дулеби [дуле+ебі=дулат үйі], дулу, тулу; беріш – брш, брс, берш, берс, т.т. Бұл транскрипциялық ерекшеліктерді – сол дәуірде қазақ тілінің бүгінгі орфографиялық заңдылығына сәйкес неге жазылмады деу ағаттық. Ғалымның білгірлігі тарихи құжаттардағы кемшілікті көрсетумен қатар, сырын ашып дәлелдеуде танылады. Қазақтың тарихына қатысты деректер бізбен араласқан алыс-жақын көршілер тарихында, сол дәуірлерден жеткен жылнамалар мен жиһанкездердің көзімен көрген оқиғаларын қағазға түсірген еңбектерінде үзіп-жұлып сипатталады. Әрине, бұл еңбек­тердегі деректер қаз-қалпында сипатталды дегенмен жатжұрттың саяси мүддесі тұр­ғысынан, мәдени-әлеуметтік көзқарасы мен таным-түсінігі, тіпті тілдік акустикалық-артикуляциялық заңдылығына сәйкес бұр­малаушылығы тайға таңба басқандай көзге оғаш көрініп тұрады. Солай бола тұра біздің тарихшы, лингвист ғалымдарымыз әлі күнге дейін өзгенің тілімізді бұрмалап, ұлыстың, жер-судың, тарихи тұлғалар есімдеріне байланысты атауларды ғылыми түсінік бермей қатені қайталап, ұлт мүддесіне қайшы ұстанымнан арыла алмай отыр. Бұл орайда кейбір «дуалы ауыздың» жөн-жосықсыз айта салғаны аксиома ретінде өзгелердің ғылыми тірек етер темірқазық бағдарына айналды. Мәселен, жоғарыдағы Темір Қапығ–Темір Қақпаны Кляшторный ешбір дәлелсіз Памир тауы деген түсінік береді. Осындай адастыратын қаңқу пікірге ерген профессор Хенрик Янковский де ешбір негізсіз «Темір Қапығ – Памир тауы» деген көзқараста. 1380 жылы Қият Мамай Литва князы болуға үлгермей қалып, Куликов шайқасында жеңіліп қалады. 1381 жылы генуезецтер Кафа қаласында (Феодосия) Мамайды өлтіреді. Сол жылы оның баласы Қият Мансұр Литва князьдігімен одақтасып, жеке князьдік құрады. 1392 жылы ол князьдік Литва князьдігінің құрамына енеді. Қият Мансұр князь православ дінін қабылдап, Глинский деген фамилияны алады. Глинскийлер – Қият Мамай тұқымы. Литва князьдігі Полония мемлекетінің құрамына енді. Сол дәуірдегі Беларусь казактары мен Полонияға қараған половец князьдігі Қият Мамайдың ұрпақтары және соған қосылған одақтас қазақ руларының өкілдері еді. XX ғасырдың 20-шы жылына дейін төрүк пен татар атауы бірінің орнына бірі қолданыла беретін синоним ретінде қатар жұмсалды. Орыс және Еуропа жылнамашылары мен тарихшыларының еңбектерінде төрүктекті ұлт пен ұлыстың бәрі ‘тюрки’ (түрүк) немесе ‘татар’ делінді. Бүгінгі Полония мемлекетінде тұратын татар этносының өкілдері – сол Қият Мамайдың соңына ерген қазақтардың ұрпақтары. Әлбетте, 7-8 ғасырға созылған уақыт кеңістігі аралығында өзінің этникалық ортасынан оқшауланып жырақта, жат елдің саяси-идеологиялық, мәдени-рухани ықпалы мен қоршауында өмір сүру – олардың ұлттық таным-түсінігі мен әдет-ғұрпына, наным-сенімі мен тіліне едәуір әсер етті, тіпті жарым-жартылай бөгде жұртқа жұтылып кетуі де заңды құбылыс. Профессор Хенрик Янковскиймен екеуара әңгіме барысында менің таңба мен руникалық белгінің ақпараттық тылсым сырына қызығушылығымды және оны еуропалық осы тәріздес рәміздік белгілермен салыстырмалы түрде зерттеу ниетімді құптады ма екен, әйтеуір менің өтінішімді ескеріп жеке кітапханасынан төрүктану саласына қатысты библиографиялық сирек кездесетін бірсыпыра әдебиеттермен танысуыма мүмкіндік жасады. Осы еңбектердің арасында менің көңілімді ерекше аударған «HERBSRZ RODZIN TATARSKICH W POLSCE opracowal STANISŁAW DZIADULEWICZ. Nakładem autora z zasiłkiem komitetu funduszu kultury narodowej. Wilno – 1929», яғни «Полониядағы татар рулық таңбалары [гербі]» аталатын кітап. Зерттеу еңбектің мұқаба бетіндегі безендірілуі саңылауы бар ізденуші үшін көп жайды аңғартып тұр. Ең әуелі қазақтың тарақты, жалайыр, табын, тама руларына ортақ таңба белгісі көзге оттай басылады. Таңбаның екі жағында қарулы сарбаз құрметті күзетте тұр. Қасиет тұтқан таңбаны қылыш пен садақ жебесі, көк сүңгілі штандарт ту қоршап, жоғарыдан Құт пен Ай қорғап тұр. Демек, еңбекті баспаға дайындап, ғылыми түсінігі мен генеалогиялық кестесін берген Станислав Дзидулевич таңбатану ілімінен мағлұматы барлығы байқалады. Станислав Дзидулевичтің кіріспе сөзімен ашылған еңбектің ғылыми құндылығы – дерек көздері мен сүйенген тарихи құжаттары, әсіресе XIII–XIV ғасырлардан бергі Литваны, Қара теңіз жағалауын, Қырымды, Еуропаны мекендеген мұсылман татарлардың метрикалары мен мұрағаттық айғақтардың сақталған түпнұсқасына тірек етілгендігі. «Полонияның құрамына енген татар руларының атақ-ла­уазымы мен таңбасына байланысты және кең таралған рулар туралы мәлімет беріл­ген. Бұлардың арасында бірінші орында Пу­­­­нис­кий және Остринский, екінші – Ұлан үйі, үшін­ші – Найман үйі, төртінші – Алшын үйі, бе­сінші – Үйсін үйі, алтыншы – Ловчискийлік-Богатыревич [Батырлар] үйі, жетінші – Клецци татарлары, сегізінші – Мшциславци татарлары. 1600 жылдан бастап Киердей [Кердері болар] руы, 1601 жылдан бастап ұлан, найман, кричинский яки кондратский [қоңырат], ялойыр, үйсін және ординский яки баринский атаулары құжаттарда жиі кездеседі. (Жалғасы бар)

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті АЛМАТЫ – ПознанЬ – АЛМАТЫ Арнайы «Ана тілі» газеті үшін.

 

3819 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8775

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7067

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4811

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4197

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4159

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4120

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3850

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3850

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы