• Қоғам
  • 19 Шілде, 2012

«Бешбармак» қазақтың сөзі емес!

«Қыз қылығы», «Наша казаша», «Наша правда», «Астарлы ақиқат» сынды көпшіліктің көңіліне шықпай, керісінше, осы бағдарламалары жастардың санасын улап, аға буынның наразылығын тудырған КТК телеарнасы жаңа бір телевизиялық шоудың дайындығына белсене кірісіпті. Халқымыздың нөмірі бірінші ұлттық асы – ет тағамының жасалу жолдарын көрсететін шоу ұйымдастырып жатыр-мыс. Шоу-бағдарлама жақын күндері көпшілік назарына «Бешбармақ-шоу» атауымен ұсынылмақшы. Эфирде жүріп жатқан «Бешбармак-шоуға» асығыңыздар» деген жарнамасынан да құлақ тұнады. Қолымызға еріксіз қалам алдырған да сол болды.

Хош делік. Телеарнаның ұлттық дәстүрімізді насихаттағаны – құптарлық, қуанарлық жәйт. Десе де, халқымыздың басты тағамы, ұлттық асымыздың «бешбармақ» атауымен телевизиялық бағдарламаға айналып отырғаны біздің шамымызға тиіп отыр. Қазақ деген халық жер бетінде пайда болғаннан бергі жылнамамызды, тарихи деректерді, әдеби шығармаларды парақтап қарасаңыз, еш жерде «бешбармак» сөзі кездеспейді. Барлық деректерде, шығармаларда «ет тағамы» немесе «ұлы тамақ», «ет» деген атау ғана қолданылған. Шынтуайтына келсек, халқымыздың лексиконында «бешбармак» ұғымы да, «бес бармақ» тіркесі де жоқ. Осы орайда біз бірқатар есімін ел танитын азаматтарға қоңырау шалып, аталған бағдарлама атауына қатысты пікірлерін білуді жөн көрген едік. Тіл жанашыры, Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы кез келген ұлттың өзінің салт-дәстүрінен мықты заң жоқ дегенді мысалға келтіріп, «Жазылмаған заң – қазақтың салт-дәстүрі. Ол кез келген заңнан жоғары тұру керек. Сол үшін қазақ халқын мазақ еткен атауды телеарнаға бағдарлама етіп алу – қазақ деген ұлттың салтын, дәстүрін, оның қасиетті, киелі салт-дәстүрін мойындамау. Ол – бізді «етті саусақпен жейді» деп мазақ еткендерге қосылғандық. Сондықтан өзінің дәстүрін білмейтін, өзінің салтымен мақтана алмайтын, өзінің қазақ екенін мойындай алмайтын КТК сияқты арналардың бағдарламаларына мұндай ат қоюына үзілді-кесілді қарсы болуымыз керек. Мұндай мазаққа біз жол бермеуіміз керек. Ондай бағдарламаны аштырмауымыз да керек» деп КТК телеарнасының бұл қылығына бейжай қарай алмайтынын жеткізді. Ал белгілі журналист Дүрәлі Дүйсебай ең алдымен телеарнаның атауын дұрыстап атаған жөн дейді. «Ең алдымен телеарнаның атауын дұрыстап алайық. Қазақ журналистері, дикторлары оның атауын дұрыс айтуды үйренуі керек. Қазақ КыТыКа деп дыбыстамайды, КіТіКі дейді. Алдымен осыдан бастау керек. Егер өз атын дұрыс айтып, дұрыс жаза алмаса, одан не үміт, не қайыр?» дейді Дүрәлі Дүйсебай. Алайда КТК телеарнасының басшылығы болса, шоу-бағдарламаның атауынан еш қолайсыздық көрер емес. «Бұл тағамның емес, шоудың атауы» деп міз бақпайтын телеарна басшылығының ұстанымы «ит үреді, керуен көшедіге» саяды екен. Олар үшін бұл атауда «қазақтың намысына тиетін ештеңе жоқ». Шоуда еліміздің 16 аймағынан өкілдер қатысып, ауылдан келген қатысушылар ауылдың әңгімесін, аңызын айтатын көрінеді. Ең қызығы да сол екен-мыс. Қала берді, бұл жоба КТК телеарнасының төл бағдарламасы да емес. Бұл франчайзинг жобасы ала шапанды өзбек ағайыннан сатып алыныпты. Нақтылап айтар болсақ, өзбектердің 15 жылдық тарихы бар «Палау-шоуының» көшірмесі. Байқағанымыздай өзбектер ұлттық тағамын төл атауымен атап отыр емес. КТК арнасы тым құрығанда осы жағынан ойланса болар еді. Атам заманнан келе жатқан ұлттық дә­міміз – ет тамағының бешбармак атанып, намысы бар ұлтжанды азаматтарымыздың ашу-ызасын оятқаны бүгін ғана емес. Астанамыз Алматыдан Арқаға көшкен кезінде бір кәсіпкер Елордадан мейрамхана ашып, атын бадырайтып тұрып «Бешбармак» деп қоймақшы болған. Сонда қалалық Тілдерді дамыту басқармасын басқарып отырған белгілі айтыскер ақын Қонысбай Әбілов ол атаумен келіспей, ақыры сотқа дейін барған екен. Бұл туралы ол «кезінде осы сөз үшін сотқа дейін бардық. Сонда осы сөз үшін қазақтардың өзі мені сотқа берді. Тәуелсіздіктің жиыр­ма жылдығы қарсаңында рекорд жасаймыз дегенде менен бір телеарна сұхбат алған еді. 200 кг етпен рекордқа кіреміз деу түк емес. Баяғыдағы Сағынайдың асындағы ет асқанды кіргізу керек еді. Өкініштісі, 30-40 жылдан кейін басқалар «бұл Гиннестің кітабына кірген, оның аты – бешбармак» деп өзімізбен дауласатын болады» деп қынжылды. Десек те, сол кезде марқұм Ақселеу Сейдімбек, ақын Фариза Оңғарсынова, профессор Қойшығара Сал­ғара да жақтасып, мейрамхананың атын өзгерттірген. Сонда Ақаңның: ««Бешбармак» – қазақты кемсітіп, қорлап айтылған сөз. Ата-бабамыз мұндай сөз айтпаған. Орыс отаршылары бізді «мәдениетсіз, қалай тамақ жеуді білмейді, көрсоқыр, надан» деп, етті қолмен жегеніміз үшін осылай келекелеп атаған. Мұндай отаршылар енгізген итаршы сөз Астананың төрінде тұрғаны – құлдықтың айқын белгісі» дегені еске түседі. Көкірегінде намыс оты бар ұлт­жанды азаматтарымыз Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Астанадағы «Ханшатырда» 20 тонна ет асып, Гиннес рекордына тіркелуді мақсат етушілермен де біраз тартысқаны есімізде. Себеп – тағамның «бешбармак» атауымен әлемдік аренаға шығуы болатын. Бұл бастаманы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «ҚазБренд» қоғамдық қоры өткізген еді. 200 келі етті асып, оны «Бешбармак» атауымен Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін акция ұйымдастырғанда ұлтжанды журналистер аталмыш Қоғамдық қор басшылығына қазақта «бешбармак» деген атаудың жоқ екенін, егер Қызыл кітапқа енгізуге ниетті болса «ет» атауын қолдануды ұсынғанда, «ҚазБренд» Қоғамдық қоры директоры Е.Рибалко «ойланып көреміз» деп уәде берген еді. Десе де, наурыз айында сол «ҚазБренд» қоғамдық қоры ұлттық асымыздың Гиннестер кітабына «Бешбармак» атауымен еніп кеткенін сүйіншілеп, жарияға жар салғанда жерге қарап едік. Енді, міне, «Бешбармак-шоу» дүниеге келгелі отыр. Ұлттың ұлылығын жоғалтпауын көксеп өткен Бауыржан Момышұлы көзі тірісінде «бешбармак» деген сөздің қазақты масқаралау мақсатында шыққанын ашына айтып еді. Алайда арада талай уақыт өтсе де сыйлы қонағымызға ұсынатын ұлттық асымыздың «бешбармак» аталып келе жатқаны қалай? Бейбітгүл ИСАЕВА АСТАНА

4449 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6363

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5794

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3535

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2917

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2878

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2857

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2587

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2572

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы